Жаңалықтар

Ұлттың рухани ренессансы – музыка

Қазақ халық музыка мәдениетiнiң өркендеуi
Ұлттың рухани ренессансы – музыка
24.11.2020 19:37 7928

«Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай...»

Ежелгі дәуірден бастап күні бүгінге дейін әуен-саз бен ән айтудың табиғи емес, тылсым түрдегі шығу тегі хақында қазақтың халық аңызы сақталған. Ол көшпелі қазақтардың ұлы даласын шарлап, аспанда биікке көтерілген құдіретті ән өте төмен түскенін, сондықтан да оны естіген халық табиғатынан үлкен музыкалық дарын мен қабілетке ие болғанын айтады. Сондай-ақ ел арасында: «Жаратқан әрбір қазақтың жанына оның дүниеге келген сәтінен бастап күй бөлшегін салған», - дейтін сөз де бар.

XVIII-XIX ғасырларда қазақтардың өмірі мен тұрмысын бақылаған шетелдік зерттеушілер халықтың шығармашылыққа деген өте таңқаларлық қабілетін, жылдам музыкалық-поэтикалық импровизацияны, бүкіл халықтың, яғни еңбектеген сәбиден бастап еңкейген қарттарға дейін ән өнеріне аса ден қойғанын үлкен таңданыспен атап өткен шығар. Айтқанымыздың дәлелі ретінде қазақтың әдебиеті мен ән өнерін зерттеген орыс ғалымы Григорий Потаниннің «Бүкіл қазақ даласы маған ән салып тұрғандай көрінеді» дегенін сөзсіз алға тарта аламыз.

Шаруашылықтың көшпелi және жартылай көшпелi түрлерi халқымыздың салт-дәстүрiне, күнделiктi тiршiлiгiне ғана емес, халық аспаптары мен музыкалық дәстүрдiң даму сатыларына да айрықша ықпал еттi. Қазақ музыкалық мәдениетiнiң өзiне тән ерекшелiктерiнiң бiрi – оның қазақ қоғамы тұрмысымен, өмiрiмен астасып жатуында, сонымен қатар, көркем шығармашылық формаларымен ажырамас бiрлiкте екенiн айқын көрсетедi.

Халқымыздың өркендеу дәуiрiнде дүниеге келген аса үлкен көлемдi аңыз-дастандар эпосқа тән дәстүрдi сақтаушы жыршылар арқылы орындалып, әуел баста ата-бабаларға табыну және әскери-жауынгерлiк салт жоралармен байланысты болуымен ерекшелендi. Әрбiрi мыңдаған поэтикалық жолдан тұратын жүзден аса аңыз-әңгiмелер әлi де халық есiнде сақтаулы. Олар негiзiнен жылқының екi құйрық қылы керiлген ысқымен ойналатын музыкалық аспап – қылқобызбен және шертпелi домбыра аспабының сүйемелдеуi арқылы орындалатын. Қазақтың төл ой iзденiсiнiң ең сүйiктi жанрларының бiрi болып есептелетiн – «Ер Тарғын» жыры, «Қыз Жiбек» дастаны, «Қобыланды батыр» жыры, «Қамбар батыр» эпосы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлiк-Кебек» лиро-эпостары мен тағы да өзге қаһармандық әрі тұрмыстық-эпостық аңыз-жырлар халқымыздың қалыптасуына дейiнгi, сонымен қатар, қазақтың өз тарихында орын алған оқиғаларды жас ұрпаққа аңыз, миф түрiнде жеткiзiп, таныта бiлген.

Кейiнiрек пайда болған халықтың аспаптық музыкасының архаикалық үлгiлерi – күйлер өзiнiң қалыптасу сатысында дәл сондай қызмет атқарған болатын. Эпикалық және аспаптық екi дәстүрдiң де пайда болуы халық санасы мен хикаяларында ең алғашқы жырау мен бақсы, «күй атасы» және қылқобыз атты музыкалық аспапты шығарушы, аты аңызға айналған әулие – Қорқыт есiмiмен тығыз байланысты болды. Қорқыт өзiнен кейiнгi ұрпаққа бөлшектерiнiң құрылысы мен атауы шамандық дүниетанымға сай Ғаламның жоғарғы, ортаңғы және астыңғы әлем болып бөлiнетiн үш деңгейлiк моделiн бейнелейтiн қобыздан басқа да зор мұра қалдырып кеттi. Бұл – қобызбен орындалатын «Қорқыт», киелi түйе аты «Желмая», «Тарғыл тана», «Елiм-ай», «Ұшардың ұлуы» сияқты тағы да өзге күйлерi. Бұлардың кейбiреулерi тiрi табиғаттың үнiн танытып, дыбыс бейнелеуiштiк сипаттағы күйлер болып табылса, өзгелерi – өмiр мен өлiм, өмiрдiң мәнi жайында философиялық ойларды танытатын туындылар болатын. Оның барлық дерлiк туындыларынан бiр күйден екiншiсiне ауысатын және талай мәрте қайталанатын музыкалық әуендердi айқын аңғаруға болады.

Домбыра және сыбызғы аспаптары дәстүрiнiң даму тарихы да ғасырлар тереңiне барады. Домбыра аспабының көнеден қалған көз екенiн археологиялық қазбалар айғақтайды. Мысалы, көне Хорезм елiнде жүргiзiлген қазба жұмыстарының барысында екiiшектi шертпелi музыкалық құралмен өнер көрсетiп тұрған терракоталы мүсiншелер табылды. Ғалымдардың зерттеуiнше, екi-екi жарым мың жыл бұрын пайдаланылған хорезмдiк екiiшектi аспаптар типологиялық жағынан қазақ домбырасына өте ұқсас келедi екен.

Домбыра және сыбызғы әуендерiнiң ең архаикалық үлгiлерiне «Аққу», «Нар» деген сияқты құс пен жан-жануарлар атауын бiлдiретiн күй-аңыздар, «Ақсақ құлан», сондай-ақ, «Ақсақ қыз» атты жан-жануарлар мен сәтсiз аңшылық өнер жайында күйлер, «Жетiм қыз» бен «Жорға аю» сияқты суға батып кеткен адам баласы және аң төлi хақындағы жоқтау-күйлер жатады. Бұлардың барлығында да дiн, табынушылық және халықтың тотемдiк танымының белгiлерi сақталған.

ХIХ ғасырда қазақ музыкасы өз алдына құнды көркем шығармашылық ретiнде жанданаком бастайды. Бұл кезең шын мәнiнде ұлттың рухани ренессансына айналады: аспаптық, әндiк, ақындық сияқты халық музыкасының негiзгi дәстүрлерi өркендейдi. Еліміздің байтақ жерiнде жергiлiктi кәсiби сазгерлік және ән айтушылық мектептер қалыптасады, сондай-ақ, әрбiр өңiр нақты бiр дәстүр дамуын көздеп, арнайы бағытты ұстанады. Мысалы, еліміздің батыс өңiрi төкпе күйдiң орталығына айналса, Сарыарқа, яғни, Орталық Қазақстан – кәсiби ән орталығы, оңтүстiк-батыс өңiрi – эпикалық аңыз дәстүрiн, ал Жетiсу – суырып салма ақындар өнерiн – айтыс дәстүрiн сақтап, әрi қарай дамытушы өңiрге айналады. Т.Қазанғапұлы, Қ.Сағырбайұлы, Д.Шығайұлы, Д.Нұрпейісова, Б.Қожағұлұлы, А.Қорамсаұлы, Ж.Байжанұлы, Ы.Сандыбайұлы, А.Құнанбайұлының есiмдерi еліміздің тарихында ғана болмай, сонымен бiрге, әлемнiң музыкалық мәдениетiнде де өзiндiк орын алды. Бұл тұлғалардың өзiндiк айқын стилiмен, бейнелiлiгiмен, мәнерлiлiгiмен ерекшеленетiн туындылары халықтық саз мәдениетiнiң классикалық үлгiсiн құрайды. Олар үлкен өнер қалыптастыру мен қарапайым адамдарды музыкаға тарту жолында зор құрметке бөленiп, әрдайым ықылас пен қамқорлық ортасында болды. Iшiндегi ең мықтылары халық тарапынан сал және серi деген құрметтi атаққа ие болған. ХIХ ғасырдағы кәсiби музыканттардың шығармашылығы тек орындаушылықпен және сазгерлікпен шектелмей, суырып салма, шешендiк өнер, жетiлген вокалдық техника, саз аспабында аса жоғары шеберлiкпен ойнау, театр және цирк өнерiнiң элеметтерiн игеру деген сияқты көркемөнер салаларымен де астасып жатты.

ХХ ғасырда қазақтың музыкалық мәдениетi музыка ойнау мен жанрлардың жаңа түрлерiмен байыды. Аз уақыт iшiнде республика көпдауысты және классикалық еуропалық музыканың: опера, симфония, балет, аспаптық концерт, кантата, оратория, ансамбль, оркестр және хормен орындалатын формалары сияқты жаңа жанр түрлерiн игерiп алды, шығармашылықтың жазбаша түрiне негiзделетiн жаңа кәсiби сазгерлік мектеп құрды.

Ұлттық мазмұн мен еуропалық форманың синтезi негiзiнде ХХ ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары қазақ опера өнерiнiң классикалық туындылары саналатын Евгений Брусиловскийдiң «Қыз Жiбегi», Ахмет Жұбанұлы мен Латиф Хамидидiң «Абайы», Мұқан Төлебаевтің «Бiржан-Сарасы» жарық көрдi. Олардың саздық, сондай-ақ, драматургиялық негiзiн қалаған қазақ фольклоры мен ауызша кәсiби музыканың сарқылмас байлығын құрады. Опера театрының сахнасы ежелгi үйлену салты мен ХХ ғасыр айтыскерлері Бiржан сал мен Сара Тастанбекқызының өнерін тамашалауға болатын, ХIХ ғасырдың қаһарманы, ұлт-азаттық көтеріліс көшбасшысы, жыршы әрі күйшi Махамбеттiң өршiл рухты өлендерi мен мұңға толы жоқтау өлеңiн естуге болатын алаңға айналды.

1960-1970 жылдары республикада еуропалық аспаптық музыканың ең бiр күрделi жанры – симфония жанры өркендей түседi. Осы уақытта формасы жағынан классикалық үлгiлерге жақын – Ғазиза Жұбанованың, Құддыс Қожамияровтың симфониялары сияқты композициялар пайда болды. Сондай-ақ жаңа жанрлық синтез – симфониялық саз да туындады. Халық әуендерiнiң оркестр мен хорда орындалған бұрын болмаған интерпретациясы ұлттық тыңдарман арасында зор iлтипатқа бөлендi. Әсiресе, фольклортанушы және музыка аспаптарын жинаушы Болат Шамғалиұлы Сарыбай қайта тірілткен қазақтың ескi саз аспаптарынан тұратын Нұрғиса Тілендиев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі кеңiнен танылды. «Отырар сазы» оркестрінiң орындауындағы күйде көрiнiс тапқан алып батырлар образының күш-қуаты, бәйгедегi ат шабысының екпiндiлiгi, ұлан-ғайыр ұлы даласы, халық мейрамдарының шаттық, зор қуанышы тыңдаушыға үлкен әсер қалдыратын. Сондай-ақ бұл ұжымның қайталанбас келбетiн ұжым басшысы әрі дирижер, композитор, сонымен қатар, домбырашы Нұрғиса Тiлендиев қалыптастырды. Қазiргi уақытта елуден астам қазақ ұлттық аспаптарының түрi белгiлi болып отыр. Әрбiр аспап өзiндiк дыбыс шығару, ерекше түрi, тамаша ою-өрнектерi мен дәстүрлi орындау тәсiлдерi арқылы дараланады. Ұлттық музыкалық аспаптардың жасалуында ағаш, қамыс, құрақ, терi, сүйек, мүйiз, жылқы қылы пайдаланылған. Аталған музыкалық аспаптар бiрнеше топқа бөлiнедi.

Без имени-1.jpg

Қазақтың ұлттық аспап түрлерi

Домбыра – халық арасында ең кең тараған аспап, тұтас ағаштан жасалады, көбiнесе екiiшектi болып келедi. Домбыра тарту барысында iшектi шертудiң негiзiнен екi түрлi тәсiлi қолданылады. Бiрi қара қағыс, екiншiсi шертпе қағыс деп аталады. Күйдiң немесе әннiң сарыны мен ырғағына қарай iшектi iлiп тарту тәсiлi де пайдаланылады.

Домбыра халық музыканттарының сүйікті аспабы болды. Бұрын домбыра ішектерін ешкі ішегінен жасайтын. Сонымен қатар домбыраның жұмсақ әуезділігі, барқыттай сонорлығы көпшілікке белгілі. Оны халықтың көшпелі өмір салтында еш қиындықсыз жасап және қолдана алды.

Қазақтардың дәстүрлі халық музыкасында, домбырада ойнауы, сондай-ақ, күйдің шығу тегі мен мазмұны туралы талай аңыз-әңгімелер болған. Домбыра аспабының шығу тарихы ғасырлар бойына кетеді. Ежелгі Хорезм, сонымен қатар Пазырық обалары мен Қазақстан аумағындағы тағы басқа археологиялық ашылулардың мәліметтеріне сәйкес, домбыра мен қобыздың ерте көшпенділердің кең тараған музыкалық аспабы болғанын біле аламыз. Домбыраның бір ерекшелігі – аспапта жеке орындаушылық. Бұл өнер әртүрлі тарихи дәуірлерде көрнекті тұлғалардың танылуына үлес қосты. Халық күй арқылы Кет-Бұға, Асан-Қайғы, Қарт-Ноғай, Байжігіт, Бежен, Тәттімбет, Қазанғап, Сейтек, Құрманғазы, Дина Нұрпейісова және тағы басқа күйшілердің есімін бүгінгі күнге дейін жеткізді. Олардың әрбірінің өнері жеке даралықпен, орындау мәнерімен, күй мұрасымен ерекшеленді.

Қобыз – ысқымен тартылатын қазақтың кең таралған, ежелгi екі iшектi күйге арналған аспабы. Қобызды ең алғаш жасап шығарған аңыз кейіпкері – Қорқыт ата. Бұл туралы XVIII-XIX ғасырларда жинақталған, оғыз-қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы «Қорқыт ата кітабында» айтылады. Қобызды әртүрлі ағаштан ойып және жылқының қыл ішектерінен дайындайды. Осы себепті қылқобыз деп аталады. Қылқобызды бақсылар мен халық орындаушылары қолданған.

Жүз төрт жылқының қылынан тұратын қылқобыздың екі ішегі ысқышқа тиген кезде барлық дыбысты шығарады. Аспап сарынының бояуы көбінесе ысқыштың жанасу күшіне, сонымен бірге, саздың кейде мұрынмен, кейде сықырлаған, кейде барқыттай қалың, әуезді дыбысталуына байланысты болды.

Қобызды пайдалану тарихы бақсылардың діни және сиқырлы рәсімдерінен бастау алады. Бізге жеткен түрлі аңыз бойынша бақсылар мен әруақтар арасындағы байланыс құралы қызметін қобыз атқарған. Сонымен қатар қобызда ойнау тек ғұрыптық сипатқа тән емес, көшпелі ортада көрнекті орындардың бірін иеленген әнші-жыраулардың эпикалық шығармашылығымен байланысты. Жырау, әдетте, хандар мен батырлардың ерлік істерін мадақтап, әскери және саяси кеңесші бола отырып, хандардың қасында болған.

Қобыз күйлерінде көбінесе қасқырдың ұлығаны, аққудың сұңқылы, аттың шабысы, жебенің атылған дауысын салу кездеседі. Қобызды жасау адамзат тарихындағы музыкалық аспаптарды жасаудың ежелгі әдістерінің бірі.

Шертер – домбырадан гөрi қобызға ұқсас, екi не үш iшектi шертiп тартатын көне саз аспабының бiрi. Оның шанақ бөлігі терiмен қапталады әрі көбiнесе төрт түлік бағатын бақташылар қолданатын болған.

Жетiген – жылқы қылынан тағылған жетi iшектi музыкалық аспап, ағаштан жасалған сырты тiкбұрышты болып келетін, арфаға ұқсас музыкалық аспап. Классикалық жетігенде жеті ішек болса, қазіргі қалпына келтірілген түрінде он бес ішек бар.

Аспап бүгінгі таңда халық оркестрi мен ансамблiнiң жеке және сүйемелдеу аспабы ретiнде қолданылады. Сонымен қатар жетіген өзінің жұмсақ, әуезді үнімен ерекшеленеді.

Үрмелi аспаптар:

Керней – труба.

Сырнай – қамыстан және мүйiзден жасалатын флейта.

Сазсырнай – саз балшықтан жасалған үрмелі аспап. Бұл аспап ежелгі Отырар қалашығын қазу кезінде Қазақстан аумағында табылған. Оның өзіне тән «мөлдір, тұнық» тембрі бар. Ертеде сазсырнай балалар мен жасөспірімдер ортасында көп таралған аспап болған.

Үскiрiк – саз балшықтан күйдiрiлетiн, саусақтармен басып ойнап, үрлегенде әдемі әуен естілетін, үш тесікті, үрмелі аспап.

Тастауық та үскірік сияқты жасалған үрмелi саз аспабы. Оның дыбыс шығару үшiн жасалған жетi ойығы бар.

Сыбызғы – халық музыкасында жиi қолданылатын аспаптың бiрi. Қурай өсімдігінің қуыс сабағынан, қамыстан, ағаштан және сирек те болса металдан жасалады. Бұл – iшi қуыс жақтарын жiппен бекiткен екi ағаш науашық түрiнде келетiн, үрлеу арқылы ойналатын, бармақпен басатын үш тесігі бар ескi саз аспабы. Аспапты үрлегенде отыздан асатын дыбыс түрлерi туындайды. Материалдың қарапайым формасы мен қол жетімділігі оның қазақстандық музыканттар арасында танымал болуына ықпал етті. Тембрдің бояуы жағынан сыбызғы флейтаның биік дыбыстарына ұқсайтын, үрейленіп, толқып тұрғандай, дірілдейтін әуен шығарады. Көшпелі халық тұрмысында сыбызғы үні жазғы жайылымдарда, үйлену тойларында, бала туылғанда, құрметті қонақтың келуінде естілді.

Сыбызғы сазындағы кейіпкерлер ежелгі дәуірден сыр шертеді. Оған бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан күй шежірелері, соның ішінде «Көк бұқа» – аспан бұқасы, «Желмая» – аңызға айналған Асан қайғы түйесінің аты, «Бозінген» – қасиетті түйе жануары туралы туындылар жатады.

Ертеректе Құрызбай, Қанғожа, Тұлақ, Сырмалай, Ысқақ, Мұса деген атақты сыбызғышылар тарихта қалса, ХХ ғасырда Оспанғали Қожабергенов, Мүйімсат Оңғаров, Шанақ Ауғанбаевтардың есімі танымал болды.

Адырна – қазақ халқының ежелгi үрлеп тартатын аспабы. Оның дыбысы өте қатты болады. Ертеде соғыс жорықтары кезiнде, сондай-ақ, құс пен аңдардың дауысын келтiрiп, оларды қызықтыру үшiн аңшылықта қолданылған.

Тілшікті аспаптар:

Шаңқобыз – ағаш таспаларын өңдеп жасайтын, өзін-өзі дыбыстайтын тілдік ескі саз аспабы. Ортасында сүйiр тiлше болады. Аспап айтып кеткеніміздей, ағаштардан я болмаса металдан дайындалады. Оған жiп байлап, байланған жiптi серпiп созып тiлше тербелiске келтiрiлген соң, дауыс шығарады. Бұл аспапты көбiнесе қыз-келіншектер көп ойнап, қолданатын болған.

Ойнай отырып, шаңқобызды тіспен немесе ерінмен қысып, ауызбен үрлейді. Ауыз артикуляциясын және тыныс алуды өзгерту аспаптың тембрін өзгертуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дыбыстағы жаңа реңктер диафрагма жағдайының өзгеруімен, көптеген жұтқыншақ, көмей, тіл, ерін және басқа дыбыс шығару әдістерімен енгізіледі.

Соқпалы аспаптар:

Даңғыраның шеңберi бiр жағынан ғана терiмен қапталады. Бұл – ұрып ойнайтын музыкалық аспап. Оның iшкi бетiне металдан жасалған сылдырмақ теңгелер iлiнедi. Әрбiр қозғалыс сайын олар қосымша дыбыс шығарып тұрады. Бұрын бұл аспаптың көлемi әртүрлi етiп жасалатын да оны бақсылар жиi пайдаланылатын.

Дауылпаз қазанға ұқсас келедi, ағаштан жасалған сырты екi жағынан да терiмен қапталады. Бұл аспап қамшымен немесе қолымен ұрып ойналады. Ертеде әскери дабыл соғу және аңшылықта белгiлi бiр дыбыс шығару мақсатында қолданылған.

Дабыл – қазақтың ұлттық шертпелі аспабы, тұтқасы екі жағымен былғарымен қапталған, алыстан сабы бар қуырғыш табаға ұқсайды. Бұл өте қатты қатты дыбысы бар құрал және бұрын шабуылдау сигналы сияқты әскери белгі беру үшін қолданылған.

Дабылдың ағаш шеңберi екi жағынан да терiмен қапталады. Шеңбердiң жанына тұтқа немесе былғарыдан бау тағады. Бұл аспап қолмен немесе ағаш таяқпен ұрып ойналады.

Ертеде дабыл, дауылпаз және шыңдауыл сияқты ұрмалы аспаптар қазақтардың өмірінде кең қолданыста болған. Ұрмалы аспаптардың қатты дауыстары жаудың жақындағаны туралы белгі берді, айдалатын аң аулау үшін пайдаланылды, тұрғындарды аң аулауға, діни жоралғыларды жасауға шақырды, алдағы қоныс аударулар туралы жариялады және жауға шабуыл жасағанда қорқыту қызметін атқарды.

Асатаяқ – қазақ халқының және түркі халықтарының соқпалы музыкалық аспабының жетiлдiрiлген түрi. Аспаптың пішіні ою-өрнектермен және металл сақиналармен, сылдырмақтармен безендірілген, жалпақ басы бар таяқша тәріздес. Биiктiгi бiр метрден асатын ағаш таяқ – бақсылардың ең негiзгi құралдарының бiрi саналады. Асатаяқтың басына әртүрлi формадағы сылдырмақ теңгелер iлiнген. Ал бұрынғы үлгiлерiнде бұл сылдырмақ теңгелердің орнына шанақтың сыртында iлiнетiн алты қоңырауы болған. Асатаяқ ашық және қатаң дыбыс шығарады. Аспаптың дыбысын күшейту үшін бақсылар асатаяқтың басына байланған қоңырауларды пайдаланған. Аспап шайқалғанда қоңырау мен басындағы түрлі заттар сылдырлап дыбысты толықтырды.

Шыңдауыл – мыстан жасалған, үстінен сауыт терімен қапталған қазақтың көне ұрмалы аспабы.

Қоңырау – сыртын жұқалап алтынмен, күмiспен жалатылған, жеңiл таяқпен ұрып ойналатын музыка аспабы.

2020_02_17_20180919212502.jpg

Қазақ халық күйшілері мен сазгерлері

Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) – данышпан күйші композитор, қазақ халық аспаптық музыкасының классигі. Күйші Бөкей Ордасы аумағындағы Жиделі қаласында туған. Кедей ортадан шыққанына қарамастан, Құрманғазы жас кезінен музыкалық талантын көрсете білген. Домбырада ойнауды үйреткен алғашқы ұстазы Ханбазар болса, ал негізгі күй өнерін меңгерткен кісі Ұзақ күйші екен.

Құрманғазы Баламайсаң, Бай-жұма, Соқыр Есжан сияқты басқа да халық таланттарынан дәріс алған. Күйшіліктің кәсіби жолына түскен Құрманғазы өзінің халық тағдырына деген сезімін, азаттық қозғалысына деген табандылығы мен адалдығын бейнелейтін шығармаларын біртіндеп өмірге әкеле бастады. Ұлы күйшінің бүкіл өмірі әлеуметтік әділетсіздік пен биліктегі озбырлыққа қарсы күресте өтті. Алайда қудалау оның сағын сындыра алмады. Халық әңгімелеріне сүйенсек, оның алғашқы күйі «Кішкентай» ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі Исатай Тайманұлына арналған. Күйшінің асқақ арманы, ойлары, болашаққа деген сенімі оның «Ақбай», «Ақсақ киік», «Көбік Шашқан», «Кісен ашқан», «Адай», «Түрмеден қашқан» күйлерінен көрінсе, «Сарыарқа» күйінен халықтың бостандық пен азаттыққа ұмтылысын, туған жер, байтақ даланы еркін кезгісі келетін сағынышты байқауға болады. Бүгінде алпыстан астам күйлері сақталған Құрманғазы Сағырбайұлының қазақ мәдениетіне қосқан үлесі орасан зор.

Дина Нұрпейісова (1861-1955) – дәстүрлі күй өнерінің көрнекті өкілі, композитор және күйші, ұлы Құрманғазының шәкірті, Қазақ КСР халық әртісі. Ол домбыра тартуды әкесінен үйренген. Кейіннен Құрманғазы Сағырбайұлынан дәріс алады. Динаның шығармашылығы өткенді бүгінмен ұштастырады. Бұл тұрғыда оның шығармашылық жолы өтпелі кезеңнің бір белгісі, өткен мен қазіргі заманғы домбыра күйінің байланыстырушысы іспетті. Бұл өтпелі кезең күрделілік пен қарама-қайшылық тұрғысынан сипатталады, ол халықтың қоғамдық-саяси өміріндегі ірі оқиғалармен, атап айтсақ, 1916 жылғы азаттық қозғалыс, революция, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі қалпына келтіру кезеңімен сипатталады. Дина өзінің қызметін сүйікті мұғалімдері мен тәлімгерлерінің қасында бастағаннан кейін, осы сынақтардың барлығынан өтті, сонымен қатар, соғыстан кейінгі бейбіт уақытта, домбыра өнері классиктерінің қол жеткізген керемет жетістігін келесі ұрпаққа жеткізе білді. Күйші өзінің шығармаларында күйдің тақырыбын, оның барлық ерекшелігін дәл сақтаумен қатар, барлық музыкалық образдарды драматургиялап, күйлерді өзіне тән жарқын, психологиялық қарқынды орындап, күйлерге тән тепе-теңдікті бұзып, оларды ырғақты, шыңдалған, дамыған түрде дүниеге әкелген. Қиын кезеңде тіршілік еткен Дина бір ғасырға жуық өмір сүрді. Алайда осы бір тәкаппар да батыл әйелді ешқандай қиындықтар сындыра алмады. Қиындықтарға қарамастан, Дина өзінің «ескі досы» – домбыраны ешқашан тастаған емес. Өмір бойы ол өзінің өнерін жетілдіріп, ең жоғары шеберлікке қол жеткізген. Осылайша Дина Нұрпейісованың шығармалары қазақ музыкасының классикасына айналды. Оның халық арасына кең тараған «Бұлбұл», «Көген түп», «Байжұма», «Он алты жыл», «Әсем қоңыр», «Той бастар», «Ана бұйрығы», «Сауыншы», «8 наурыз» және тағы да өзге күйлері бар.

Дәулеткерей Шығайұлы (1820-1887) – ұлы күйші-композитор, домбыра музыкасындағы лирикалық бағыттың негізін қалаушы. Дәулеткерей ақсүйектер әулетінен шыққанн Алайда оның өзіндік көзқарасының қалыптасуына 1836-1838 жылдары болған Бөкей Ордасындағы көтеріліс айрықша әсер етті. Дәулеткерей жас кезінен ерекше музыкалық дарынымен, зеректігімен және кең дүниетанымымен ерекшеленді.

Күйші 1859 жылы құрметті қазақ депутаттарының құрамында Ресейдің Орынбор, Санкт-Петербург, Төменгі Новгород, Мәскеу қалаларына барып, ондағы көрнекті жерлерімен танысты. Бұл оның қазақ даласында күйші-композитор ретінде кең танымалдыққа ие кезеңі еді.

Дәулеткерей сазы композицияны меңгеруімен, өзіне ғана тән нақышымен және жан толғандыратын терең әсерімен таң қалдырады. Композитор «Қос-алқа», «Қыз-Ақжелең», «Құдаша», «Жеңгем сүйер», «Ақбала-қыз», «Жұмабике», «Керкем-ханым» күйлерінде нәзік психологиялық әйел портреттерін жасады. Домбырашының нәзік сезімдері мен ойлары оның «Қоңыр», «Топан» күйлерінде де жақсы жеткізілген. Мысалы, «Салық өлген» күйі сияқты қайғылы туындылары бар. Дәулеткерей Шығайұлы жаңашыл күйші ретінде қазақ музыкасының әуезін бұзбай, орыс күйлеріндегі музыкалық тақырыптарды және кейбір күйлерде түрікмен музыкасының элементтерін қолданды. Композитордың қырыққа жуық күйлері белгілі. Әлікей, Макар, Тұрып, сонымен қатар, ұлы Салауаткерей сияқты Дәулеткерейдің ізбасарлары, күйшінің шығармаларын мүлтіксіз орындап, халыққа кеңінен таратты.

Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) – қазақ халқының көрнекті күйші-композиторы, XIX ғасырдағы классикалық домбыра музыкасының негізін қалаушылардың бірі, теңдессіз автор және шертпе күйлерді орындаушы. Тәттімбет қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының аумағында туып-өскен, Орта жүздің Қаракесек руынан шыққан. Ол домбыра тарту өнерін өзінің ата-бабаларынан және Орталық Қазақстанның талантты күйшілерінен үйренген. Ұстаздарының бірі – ағасы Әли болатын. Тәттімбет музыка мен поэзияны, сонымен қатар, шешендік өнерді бағалайтын ортада өсті, оның балада тәрбиеленген ежелгі мәдениетке деген сүйіспеншілігі оның музыкалық қызығушылықтарына да әсер етті.

Тәттімбеттің көптеген күйлері аспаптық музыканың дәстүрлі жанрының дамуына үлес қосып, күйлердің классикалық үлгілерін құрастырды. Оның «Қосбасар», «Терісқақпай», «Балбырауын». «Боз айғыр» «Бозторғай», «Алшағыр», «Сарыжайлау», «Сылқылдақ», «Былқылдақ», «Көкей-кесті» және тағы көптеген күйлері қазақтың аспаптық музыкасының ең жақсы туындылары саналды.

Тәттімбет – табиғаттың тамаша музыкалық суреттерінің, лирикалық шығармалардың және күй-толғаныстардың авторы. Оның күйлерінде өмірдің әсемдігі мен үйлесімділігіне деген ұмтылыс, үміт күту, тағдырдың тауқыметі, өмір қайшылықтары бейнеленген. Кейбір шығармаларда әлеуметтік уәждер де естіледі. Мысалы, «Бес төре» күйінде халықтың үстінен қараған адамдардың билігі айыпталады. Бізге жеткен дерек бойынша 1855 жылы Тәттімбет Петербургке аттанып, домбырада ойнаған. Бүгінде Тәттімбет Қазанғапұлының отыздан астам күйі сақталып отыр. Оның талантты ізбасарлары ретінде XIX ғасырдың аяғындағы көрнекті композиторлар Ықылас, Тоқа есімдері аталады.

Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) – күйші-композитор, қобызшы. Оның талантын шабыттандырған әкесі Дүкен еді. Күй өнеріне қызығушылығының арқасында аз уақыт ішінде бала әкесі орындаған күй аңыздарын жетік меңгерді. XIX ғасырдың ортасына қарай қобыз музыканттармен қатар, бақсы-емшілердің де ауруды жазу үшін пайдаланатын аспабына айналған. Осылайша қобыздың басты музыкалық қызметі кейін қарай ысырылып, артта қала бастады. Осы кезеңде Ықылас Дүкенұлы VIII ғасырда пайда болып, Қорқыт музыкасынан бастау алатын қобыздың бай музыкалық дәстүрін қайта қалпына келтірді, өлшеусіз үлес қосты.

Ықылас халық арасында кеңінен танымал болған, аңыздар мен эпостарды қамтыған «Жез киік», «Қамбар», «Қазан», «Шыңырау» сияқты күйлерді шығарды. Орта ғасырлардан бастау алған аспаптық музыканың дәстүрлі жалғасы іспетті «Қоңыр», «Кертолғау», «Айрауықтың ащы күйі» күйлері дүниеге келді. Сонымен бірге оның өмірге деген терең толғаныстары «Ықыластың күйі» композициясында көрініс тапқан. Ал «Жарым патша» күйінде композитор ел ісіне араласуға лайық емес шенеуніктер мен билеушілерді мазақ етеді. Қобызда ойнау техникасын байыта отырып, Ықылас Дүкенұлы, ғасырлар бойы қалыптасқан қобыз музыкасының қағидаларын сақтап қалды. Оның шығармалары тыңдаушыны қатты толғандырды. Ықыластың ізбасарлары көп, оның ішінде «Қорқыт» күйінің орындаушысы ретінде танылған ұлы Жүсіпбек те әке жолын жалғаған.

Жаяу Мұса Байжанұлы (1835-1929) – көрнекті халық композиторы, Баянауыл тауларындағы Жасыбай көлінің жағасында дүниеге келген. Жаяу Мұсаның талантын оның «Ақ сиса», «Хәулау», «Баянауыл», «Сұрша қыз», «Көгершін», «Гауһар қыз», «Толғау», «Шорман ұлына» атты керемет әндері көрсетеді. Сонымен қатар Жаяу Мұса Байжанұлының шығармалары дәстүрлі әндермен қоса, жаңашыл ерекшеліктерді де қамтыды.

Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897) – қазақ халқының көрнекті композиторы, әнші және ақыны. Ол Көкшетау облысының өте кедей отбасында дүниеге келген. Жас кезінен музыка мен әнге құмартып өскен өнер иесі, жиырма жасынан бастап халық арасында кеңінен танымал болған әндерді жазып шығарды. Оның композиторлық талантын қалыптастыруға 1865 жылы жас Абаймен кездесуі үлкен әсер еткен.

Композитордың алғашқы әндерінің бірі – «Біржан сал» деп аталды. Біржан шығармашылығы әншінің талантын ұштаған қоғамдық және әлеуметтік ортаны бейнелейді. Өнер иесі әлеуметтік мәселелерді, адамгершілік тұжырымдамаларын, жеке адамдардың тағдырын қозғайды. Біржан өзінің әнімен шындықты жақтап келе, алдау мен озбырлықты айыптады. Біржанның «Жанбота», «Адасқақ» әндері билік басындағылардың іс-әрекетіне ашуын білдірді. Сонымен қатар Біржанның махаббат лирикасына арналған бірқатар әндері бар. Оның «Біржан сал», «Айтбай», «Ләйлім шырақ», «Жамбас сипар» және тағы өзге туындылары ғашықтық әндердің бірден-бір керемет үлгісі саналады.

Біржан сал Қожағұлұлы, сонымен бірге дарынды айтыскер ақын болған. Оның Сара Тастанбекқызымен айтысы халық арасында кеңінен танымал. Біржанның айналасында оның өнеріне тәнті талантты жастар топтасып, үлгі тұтты. Өнер иесінің ізбасарлары арасында талантты композиторлар Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды танымал тұлғалар бар. Бүгінгі күнге дейін бізге Біржан салдың қырыққа жуық әні жеткен.

Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913) – көрнекті композитор, әнші. Ол Көкшетау облысының Үлкен Қоскөл көлінің жағасында дүниеге келген. Сазгер жастайынан құрбы-құрдастарының арасында музыка мен поэзияға деген қызығушылығымен ерекшеленді. Оның түрлі жарыстар мен байқауларға үнемі қатысуы оған сері атын берді. Он алты-он жеті жасынан бастап шығармашылықпен айналысқан Ақан серінің композиторлық талантын қалыптастыруға ең алдымен қазақтың халық музыкасы әсер етті. Сондай-ақ серіге музыкалық дәстүрлер де бөтен емес еді. Ақанның «Құлагер», «Маңмаңгер», «Мақпал», «Балқадиша», «Көкжендет», «Сырымбет» сияқты көрнекті туындылары музыкалық қазыналары арасында айрықша орын алды.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға