Жаңалықтар

Классикалық музыканың пайдасы

Классикалық музыканың сиқырын білесіз бе?
Классикалық музыканың пайдасы
Фото: www.kazakhquartet.kz сайтынан алынды 06.10.2017 10:00 14012

Моцарт, Бетховен, Штраус, Шуберт есімдерін ойға алғанда бірден көз алдымызға фортепианоның келуі заңдылық. Заманының заңғар композиторлары жер-жаһан тіршілігін тоқтатқанша талай ұрпақ орындап өтетін ғажап туындылар қалдырған. Пианино, скрипка, альт, контрабасс, виолончель, флейта, т.б. музыкалық аспаптардың тілін түсінген адамның жаны бір сәтке болсын байыз таппақ.

«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деген данышпан Абайдың нақылы бүгінде өз мәнін еш жоймаған. Есті әндердің қатарына ең алдымен классикалық әуендерді жатқызсақ ешкім дау айта қоймас. Өйткені, бүгінгі медицина ғылымы сан ғасырдан бері бір нотасы өзгермеген классикалық туындылардың тыңдарманға ерекше көңіл күй, жан дүниесіне тыныштық сыйлайтынын дәлелдеп отыр. Әсіресе, дәрігерлер қала тұрғындарына классикалық музыканы көп тыңдауға кеңес береді. Себебі, таза аспапта ойналған әрі сөзі жоқ музыкада табиғаттың дыбысына ұқсас элементтер кездеседі. Ал, бұл өз кезегінде игі әсерін тигізіп, кең ойланып, кез келген істе дұрыс шешім шығаруға сеп болады екен.

Классикалық музыка қазаққа жат емес!

Насихаты аз демесеңіз, әлемдік классикамен қатар қазақ фольклорының мол мұрасын шекті аспаптарға салып, симфониялық музыкамен ел, жер шарлап жүрген Ғазиза Жұбанова атындағы квартеті дүниежүзіне танылған. Аталмыш квартеттің жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, виолончельші Ернар Мыңтаев классикалық музыка жөнінде былай дейді:

-Жалпы классикалық музыканы тыңдауға қазақ халқының өресі жетпейді деу сандырақ. Себебі қазақ ұлты өте дарынды, таза келеді. Генетикалық тұрғыдан саф алтындай мөп-мөлдір ғой шіркін! Мұндай ұлтқа кез келген өнер тастай батып, судай сіңеді. Мен бұл жерде Америка ашып отырған жоқпын. Шындық осы. Элиталық өнер, мен оны түсінбеймін деушілер – құлықсыздар. Тыңдап отырып ұйықтап қаламын деушілер – тынығушылар. Осының аражігін ажыратып алғанымыз дұрыс. Мысалы, медицинада музыка терапия деген бар. Бұл классикалық музыкамен емдеу тәсілі. Жүйкені тынықтырады. Көңіл күйді көтереді. Жан дүниені тазартады. Осылайша күйзеліске түскен бейбақты депрессиядан алып шығады. Сондықтан тыңдап отырып ұйықтап қалу да – табиғи қажеттілік.  Осы тұрғыда менің айтқым келетіні: классикалық музыкадан қорықпау керек. Опера, мейлі симфония, мейлі камералық музыка болсын!

Қауіптен құтқаратын музыка

Әдетте психологтар пациенттерінің жағдайын қандай әуендерді тыңдайтынына қарап біліп отырады. Тіпті, адамның мінез-құлығын да қандай музыкаға жақын екеніне қарап анықтайтын мамандар бар. Мәселен, көбіне даңғырлаған әуенге әуес адамдар қызуқанды келеді және жол ережесін көп бұзады екен. Керісінше, жібектей жұмсақ симфонияның тыңдармандары биязы қалпынан таймай, кез келген жағдайға сабырмен қарайды. Пианиноның пернесі, скрипканың сыңғыры, флейтаның қоңыр үні жүрек соғысын қалыпқа келтіріп, қан айналымын жақсартады және жүйкені тыныштандырады дейді дәрігер-мамандар. Дүниеде денсаулығыңызға тиетін зардаптан асқан қауіп жоқ шығар. Демек, үлкен қауіптің алдын алуға классикалық музыканың пайдасы ұшан-теңіз десек қателеспейміз. Әрине, үнемі плейерден тыңдай бермей, концерттерге барып, камералық залда тыңдағанның жөні бөлек. Көпшілік «ұйықтап қаламыз» деген сылтауды желеу етуі мүмкін. Алайда, жоғарыда кәнігі музыка маманы Ернар Мыңтаев айтқандай, симфониялық туындылардың концертінде ұйықтап қалудың өзі әуеннің әсерінен болса керек.

ТҮЙІН: Классикалық музыка – ешқашан мәнін және тыңдарманын жоғалтпайтын бірден-бір өнер саласы. Әсіресе, симфониялық туындыларды тыңдау жаныңызға да, тәніңізге де тек қана пайдасын тигізеді. Түсінбеймін деу де қателік екені айтылды. Демек, классикалық музыканың тұрақты тыңдарманына айналу үшін оның маманы болу, арнайы білім алу міндетті емес. Бастысы, орындалып жатқан шығарманың қысқаша тарихымен танысып алсаңыз болғаны. Қалғаны музыканттың шеберлігіне байланысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға