Жаңалықтар

Қазақстанның танымал рок-топтар

Қазақстанда емес, шетелде танымал топтар
Қазақстанның танымал рок-топтар
Фото: Суреттер ғаламтордан алынды. 28.04.2019 17:48 12393

Қазақстандық музыка өмірін айтқанда алдымен сөз болатыны той-бизнес. Әрине, бұл салада тыңдарман да, қаражат та, "хит" те көп. Дегенмен елімізде өзгеше бағытта, өзіндік сарында дамып жатқан жанр бар. Ол - рок музыка. Рок музыка өзгеше бір әлем. Оның тілі, мәдениеті мен тыңдаушылары бөлек. Ол ұлтқа, жасқа, жынысқа бөлінбейді. Рок музыка жалындаған жастардың музыкасы деген түсінік қалыптасқанымен, өмір бойы осы ағымның фанаты болған қарт музыканттар да, рок фестивальдерден қалмайтын тыңдаушылар да жеткілікті. Рок музыка үшін шекара, тіл жоқ. Отандық рок музыканы сіз радиодан, музыкалық телеарналардан естімеуіңіз мүмкін. Дегенмен біздің қазақстандық рок топтардың шетелде де тыңдармандары көп. Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал рок-топтарға тоқталайық. 

Motor-Roller 
Қазақстандағы рок-группалардың ақсақалы деуге болады. Топ 1993 жылы құрылған. Топтың негізін қалаушы әрі лидері Ильяс Аутов. Ильяс барлық дерлік өлеңдердің сөзі мен әнін жазды. Команданың шығармашылық жолында түрлі әншілер, музыканттар болды, олардың әрқайсы топтың танылуына өз үлесін қосты. Motor-Roller тобы 7 альбом жазды, 10 астам клип түсірді, олар жақын және алыс шет елдердің телеканалдарында көрсетілді. 2004, 2005, 2007 және 2011 жылдары команда «Старый Новый Рок» және «На волне» (Ресей, Екатеринбург қ.) халықаралық фестивальдеріне қатысты. 2005 жылы Ильяс аутов фестивальдің үздік вокалисі атағын алды. Ал команданың композициялары фестивальдің  үздік CD-жинақтарына енгізілді. 2013 жылдың көктемінде Tusovka халықаралық фестивалінде (Финляндия, Хельсинки) өнер көрсетті. 2014, 2017 жылдары К!nRock фестиваліне (Ресей, Калининград), 2015 жылы  Rock-Line фестиваліне (Ресей, Пермь) қатысты. 2006 жылы Motor-Roller «Чайф» тобының солисі Владимир Шахринмен бірге «Утро в деревне» әнін жазып, кейінірек клип түсірді. Ал сәл кейінірек жазылған «Песня о войне» Рунетті біраз уақыт дүрілдетті.  
Motor-Roller тобының шығармашылығынан The Beatles, Pink Floyd, Led Zeppelin сияқты түрлі орындаушылардың әсерін байқауға болады. Топ музыкасында хард рок та, софт рок та кездеседі. Баспасөздегі пікірерге құлақ салсақ, топ ең марғау тыңдаушының өзін "жандырып" жібере алады. Топ әндерін тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де сүйіп тыңдайды. 
 
Ulytau 
"Ulytau" этно-рок тобы 2001 жылы құрылған. Топтың продюсері Қыдырәлі Болманов. Топ электрогитара, домбыра және скрипканың симбиозы арқылы ұлттық композицияларға жаңаша әуез береді. Музыканттар этникалық музыканы хард және поп-рок өңдеуде орындайды. Қазақстанда мұндай музыкалық бірлестік аналогтары жоқ. Олар тек рок әуендерді ғана емес, классикалық музыканы да ерекше драйвпен орындайды, топ репертуарында Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Н.Тілендиев, Бах, Вивальди, Паганини шығармалары бар. "Ulytau" шығармашылығында батыс және шығыс мәдениеті үйлесім тауып, рок-музыка негізіндегі аранжировкада орындалады. Домбыра, скрипка және гитараның триосы қазақтың ұлттық әуенін әлемге паш етуде. Голливудта (АҚШ) 2001 жылы қазан айында өткен бүкіл әлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында "Ulytau" Гран-При мен алтын медальді жеңіп алды. Бұл байқауға 86 елдің өкілі қатысқан еді. "Ulytau" заманауи инструментал музыкадағы бетке ұстар топтың бірі. Хард және поп-рок өңдеуде этниканы мұндай энтузиазм мен драйвпен орындайтын өзге топтарды айту қиын. Топ мүшелері: Алуа Мақанова (скрипка), Максим Кичигин (соло-гитара), Серик Сансызбаев (бас гитара), Роман Адонин (клавиша), Ержан Әлімбетов (домбыра), Арсланов Рафаэль (соқпалы аспапта). 
 

Фото: "Ulytau" этно-рок тобы​.
Holy Dragons  
Holy Dragons Алматы қаласында 1992 жылы құрылған топ. Топты  жергілікті King Speed тобында ойнаған гитарист Юрген Сандерсон (Jurgen Thunderson)  "Акцент" тобының солисі Олег «Хольгер» Комаровпен бірлесіп hard rock және heavy metal стилінде музыка жасау мақсатында құрған болатын. Ол кездері топ Axcess деп аталған еді. 
Топтың негізгі мүшелері ағайынды Владимир және Олег Тарновскийлер жергілікті рок-клубтың ең танымал "бандалары" еді. Оларды музыкаға әуестендірген әкесі Юрий Тарановский еді. Ол кісінің бір өлеңіне 60-жылдардың соңында Лаки Кесоглу ән жазып айтқан екен. Сол кездері көршілерге дейін жүгіріп келіп "қазір әкелеріңнің әні шырақалады" дейтін. Кейін теледидардан "Шетелдік эстраданың мелодиялары мен ритмдері" бағдарламасын көріп екі жасөспірім қолдарына сыпырғыш ұстап алып, музыкант болып ойнайтын. Кейін екеуі фортепьяно класында оқыды, алғашқы гитарасын әкесі алып беріп рок музыкаға баулыды. Әкесі геолог болатын. Мектепте оқып жүргенде-ақ бозбалалар "Досмұқасан" репетиция жасаған Қазақ минералды шикізат ғылыми-зерттеу институтындағы шағын бөлмеде дайындалатын еді. Алғашқы концертін 1981 жылы Офицерлер үйінде беріпті. Олег Тарановский әскерде "Сарыөзек" полигонына ауысып, оркестрге алындым дейді "Караван" газетіне берген сұхбатында.  
Топ жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарындағы стилистиканы ұстанатын хеви-метал бағытында ойнайды. Сонымен қатар топ шығармашылығында speed metal, power metal, hard rock, techno thrash және басқа да бірқатар бағыттар стилін аңғаруға болады. Топтың алғашқы толыққанды альбомы 1998 жылы жазылды (Dragon Steel). 2003 жылдан бері топ Metalism Records дыбыс жазатын ресейлік лейблмен жұмыс жасап келеді. Кей альбомдары Студия Союз, Metal Agen, Sound Age студияларымен бірлесіп жазылған. 2009 жылы тегін таратылатын интернет-релиз форматында  «Железный Рассудок» альбомы шықты. Қазіргі уақытта топ Кипрде орналасқан Pitch Black Records лейблымен қызметтестік етеді. Қазіргі уақытта Holy Dragons 17 студиялық альбом жазды. Жақын арадағы концерті 2019 жылдың маусым айының ортасында Қапшағай қаласында өтетін байк-фестте болады деп жоспарлануда. 

Субкультура
1992 жылы Өскемен қаласында құрылған топ. Топты поэт, композитор Евгений Ковтун достары Константин Райдер және Павел Дайнекомен бірге құрыған. Бастапқыда пәтерлерде, аулаларда, подъездерде ойнағанбыз деп еске алады Евгений Ковтун. Сол 1992 жылы Өскемен қаласындағы ең үздік музыкалық студияның иесі Виктор Сычукпен танысады. Осылайша алғашқы альбом дүниеге келген еді. Топ талай қиындықтан өтіп, өзгеріске ұшырады. Топтың мүшелері ауысты, бірақ концерттер үздіксіз болатын еді. Топ танымалдығы арта берді. 2007 жылы Субкультура Юрий Адамовичпен ("ЛОМО" тобы, Мәскеу қ.) бірлесіп "Небо, Земля, Небо" компакт дискін шығарды. Ал олардың "Гореть" композициясы "Наше радио" ротациясына түсті. 2008 жылы топ құрамы едәуір өзгеріске ұшырады. Музыкасына да бұл әсер етті. Енді топ фолк-рокқа көбірек бейім бере бастады. Бұрынғы естен тандырарлық концерттерге үйреніп қалған жастар екпінді қайтаруын талап етсе, ересек аудитория сапалы музыка мен ғажап әуездерді жоғары бағалады.

Фото: "Субкультура" тобы.

Қазір Субкультура түрлі бағыттағы музыканы ойнайды, олардың репуртуарында этно, фолк, рок, тіпті баяу әуезді композициялар да бар. Тек Қазақстан қалаларында ғана емес, Ресейде де көп гастрольмен жүреді. Агата Кристи, Браво, ЧайФ, Animal ДжаZ, «Телевизор», «Lumen» сияқты танымал топтармен бірге өнер көрсетеді. Бұл топтың 20 жуық альбомы бар. Топ құрамы: Евгений Ковтун (әндер авторы, вокал, акустикалық гитара, семплер), Светлана Русакова (вокал, бэк-вокал, блок-флейта, тамбурин), Виктор Жуков (электрогитара), Антон Данчев (бас-гитара, бэк-вокал), Владислав Яборов ( соққы аспаптары, перкуссия). Журналистер Субкультураның терең мағыналы мәтіндерін орыс рогының мэтрлері Чайф, Алиса, ДДТ топтарының шығармашылығымен салыстырады, ал өлеңдер өзектілігі мен заманауилығы жағын "Звери", Земфиралармен теңестіреді.    

Эклектика 
Эмоцияға толы гитараның музыкасы. Топ мүшелері өз шығармашылығын  дәл осылай сипаттайды. «Эклектика» өз тыңдармандарын 2001 жылдан бастап қуантып келеді. Топ өз шығармашылығында гранж бен брит-попты ұштастырады. Сезімге қанық композияциялар және талантты музыканттар бір де бір тыңдарманды бей-жай қалдырмайды. Қазақстандық андеграун уақыт өткен сайын жинақы, заманауи, сабырлы, зиялы, таза әрі мағыналы болып келеді. Топ құрамы: Ален Шафигов (перкуссия, вокал), Евгений Шокарев (бас гитара), Ануар Балғымбаев (гитара), Дмитрий Щеголихин (гитара, клавиштер, вокал),
Виктор Кочетков (гитара), Филипп Гребенников (соққы аспаптары). 

FUGAWZ
Бұл топ басқаларымен салыстырғанда әлдеқайда жас. FUGAWZ 2009 жылы құрылған. Бастапқыда F'uhgawz деп аталатын топ 2012 жылы екі музыкантпен толығып FUGAWZ аталды.  Жастығына қарамастан топ ТМД елдеріне кеңінен танымал. Fugawz  екі альбомын жазды.

Фото: FUGAWZ тобы.
«Один» 2012 жылы  және «Музыка» 2015 жылы. Музыка альбомын топ екі жыл бойы жазды. Топтың екі видеоклипі бар.  FUGAWZ музыкалық стилі — топ қатысушыларының әрқайсының жеке талғамымен араласқан альтернатив рок. Топ музыканттары: Валерий Минеев (вокал, гитара, мәтін), Борис Лихарев (гитара, клавиштер, перкуссия, бэк-вокал), Кирилл Садыков (бас-гитара, клавиштер, бэк-вокал) және Андрей Кирилов (барабан).

Cardio Beat 
Топ солисі Владимир Золотухин Cardio Beat-ті 2009 жылы құрды. Бүгінге топ композицияларын "Наше радио" және "Маяк" радиоларының эфирінен тыңдай аласыз. Музыканттардың айтуынша олардың музыкасын клубтан естіп драйв ала аласыз, ал плеерден тыңдасаңыз ой тұңғиығына батуыңыз әбден мүмкін. Коллектив Алматы және Мәскеу қалаларының музыканттарынан құралған. Бұл топтың жанрын дәп басып айту мүмкін емес. Музыка тым әртүрлі, бірнеше бағытты үйлестірген. Біреулер олар поп-рок айтады десе, біреулер индиге ұқсатады, енді біреулер орыс тілді брит-рок деседі. Cardio Beat музыканттары ешқайсынан да бас тартпайды, олар сонымен қатар «intelligent rock» ойнайтынын айтады. Олар терең мәтін мен эмоционалды музыкадан құралған композицияларды орындайды. Бұл екі құраманы бағалайтындар топ шығармашылығынан ләззат алары анық.     
 
Кукумбер 
Нағыз драйв рок-группасы 2008 жылы құрылды. Осы уақытқа дейін екі альбом жазды. «Кукумбера» өлеңдері сізге позитив беріп, буындарыңызды "құтыртуы" мүмкін. Топ концерттерінде ешқашан мұғайып, қайғы ойлауыңыз мүмкін емес. Топ солисі Владимир Рябцев "біз бәрі көңілді болуы үшін барымызды саламыз, ал қалған жағдайдар дәл қазір маңызды емес" дейді. 2014 жылы «Кукумбер» тобы қазақстандық ірі рок-жоба «На вершине Тенгри» байқауына қатысып жартылай финалға дейін жетті.  

LampЫ Orchestra  
LampЫ Orchestra  тобы 2014 жылы құрылған. Құрыла сала екі айдан соң  «На вершине Тенгри» рок-жобасының жартылай финалында екінші орынды иеленді. Топ репетуары өте бай -  рок-н-ролл, альтернатив  рок, хард-рок, поп-рок, фолк-рок. Музыканттар танымал хиттерге кавер орындайды, сонымен қоса өз авторлық шығармалары да жетерлік. Лампалардың тыңдармандарын ешкімге ұқсамайтын орындауы, тамаша вокал мен мағыналы әндері ғана емес, сахнадағы жүріс-тұрысы, биі, тіпті киген киімдерінің өзі қызықтырады. Бұл топты сахнадан көруіңіз міндет.  Топ мүшелері: Виктор Ким (вокал, өлеңдер авторы), Виталий Штода (тромбон, труба, дудук, вокал), Михаил Герасименко (соққы аспаптары),  Дмитрий Иванов (бас-гитара), Павел Казачьев (гитара), Иван Гладилин (клавиштер), Сергей Кулаков (дыбыс).  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға