Жаңалықтар

Қазақ қаламгерлерінің шабыт көзі

Қазақ қаламгерлерінің шығармашылық дағдысы қандай? Олар неден шабыт алған?
Қазақ қаламгерлерінің шабыт көзі
08.02.2018 19:00 12486

Осыдан біраз бұрын шетел қаламгерлерінің түрлі шығармашылық табиғатын сөз етіп едік. Одан кейін қазақ қаламгерлерінің жазу машығы мен шығармаларының туу тарихына қатысты қызығушылық танытқан сауалдар қойылып жатты. Шетелдік қаламгерлер сияқты мола кезіп, «иіспен» шабыт шақырмаса да, біздің ақын-жазушыларымыздың да өзіне тән қалам ұстау бабы мен туындыларының түрліше өмірге келу тарихы бар екен. Төменде өздеріңізбен осы туралы бөліскенді жөн көріп отырмыз.

Time management

Қазақ ақын-жазушылары арасында ең өнімді және жүйелі жұмыс жасаған қаламгердің бірі ол – Қадыр Мырзалиев десек қателесе қоймаймыз. Бұл жайлы ақын өзінің «Иірім» атты эссе кітабында да тоқталып өтеді. «Ол кезде менің өзім жасап алған темірдей тәртібім бар еді»,– деп жазады автор,– сонымен жатып, сонымен тұратынмын. Жұмыс аяқталар-аяқталмастан үйіме жетуге тырысатынмын. Жеңіл-желпі тамақтанып алып, бірер сағат қалғығанға үйренгенмін. Содан түннің бір уағына дейін қозғалмай жазу үстелінде отыратынмын». Осындай қатаң жұмыс тәртібінің арқасында өнімді еңбек еткенімен, көптеген жиын-той, қызық-думаннан қағылғаны рас. Елішілік, шетелдік сапарлардан өз еркімен бас тартқан Қадыр Ғинаятұлы естелігінде жастық танытып, арнайы шақырған Сәбит Мұқанұлының тойына бармай қалғанына өкініш білдіреді. Десе де, ақынның «Ой орманы» мен «Дала дидары» жинақтары осындай темір тізгінінің арқасында дүниеге келген-ді.

Әрине, мұндай қатал тәртіппен жұмыс жасауға ерік-жігердің керек екені анық. Дегенмен одан да маңыздысы шығармашылыққа қажетті мотивация болса керек. Көз көргендердің айтуынша, Қадыр ақын жұмыс кабинетінің қабырғасына құмырсқаның үлкен суретін іліп қояды екен. Сол суретке қарап, еңбеккерлік пен қажырлылықты әмісе өзіне ескертіп отыратын көрінеді.   

Мүлгіген тыныштық

Расул Ғамзатовтың «Егер мені елсіз аралға тастаса, тіпті жақсы дүниелер жазуым мүмкін-ақ» деген сөзі бар-ды. Бұл жазушының жан қалауы –  тыныштық пен оңаша болуды меңзегені болса керек. У-шудан ада,  тіпті, өзіне жайлы ортадан да алыс кетіп, көкейіндегісін қағазға түсіру басым көп жазушыға ортақ үрдіс. Бұл қатарда өнегелі жазушымыздың бірі – Әкім Тарази.

Қаламгер «Бұлтқа салған ұясын» деген бірінші романын жазғанда телефонын айырып, есікті жауып, сыртқа шықпастан 102 күн дегенде бітіріпті. Кілемнің үстіне етпетінен жатып жазған бұл туындысында жазушы өзін аямағанға ұқсайды. Тіпті, кей күндері тәулігіне 16 сағаттан жұмыс жасап, өзіне босаңсуға еш мүмкіндік бермеген.

Әкім Ұртайұлының «Жазушы» баспасынан жарық көрен «Мұстафа Шоқай» еңбегі де осындай оңаша, тыныштықта жазылған туындының бірі. «Бір күні таңертең төсегімнен «Мұстафа, Мұстафа» деп ояндым»,– дейді жазушы сұхбатының бірінде. Содан үш ай оңаша пәтер жалдап, бас алмастан жазып шығыпты.

Шабыттың да deadline-ы бар

Кей-кейде ақын-жазушыларымыз шабыт деген айрықша құбылысқа арқа  сүйеп жатады. Мұндайда уақыт пен кеңістікті ұмытатын олар лақылдап келіп, көмейге тығылған сөзді қағазға түсіріп үлгере алмай да қалса керек. «Жазу үстінде көкейдегіме қолым ілесе алмағанда алдағы эпизодтық, диалогтық фрагменттерді күні ілгері қосымша қағазға түртіп қойып отырамын. Кейіпкеріммен іштей сөйлесіп отырамын»,– дейді жазушы Қалихан Ысқақ. Суреткердің «Қоңыр күз еді» туындысы, міне, осындай шабытта 1959 жылдың сәуір айында дүниеге келіпті. Автор бұл шығармасын тапжылмай отырып бір тәулікте жазып бітірген. Бірақ бір жыл бойы көкейінде жатталып жүріпті. Бұл қатарға сондай-ақ Мағжан Жұмабаевтың әйгілі «Батыр баян» поэмасын да қосуға болады. Бұл туынды да Ташкентте бір түнде жазылған еді дейді естеліктер.

Сайын Мұратбековтың «Басында Үшқараның» атты хикаяты да бар-жоғы 2-3 күнде өмірге келген екен.

Кіндігі ұзақ кесілген шығармалар

Бір әңгіме өте тез бітсе, керісінше қаламын суытып алған қаламгерлер кейбір туындысын соңына шығар алмай пұшайман болады. Немесе тағы бір шығармалар әу бастағы көлем-қуатынан асып, автордың өзіне де ырық бермей әуреге салады. Мәселен, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы – жазушының 25 жыл ғұмырын алған шығарма. Бұл жағынан «Қызыл жебе» «Тынық Донымен» «түйдей құрдас». Себебі Шолохов та «Тынық Донды» 25 жылда жазып бітірген екен. Ал Рақымжан Отарбаевтың «Бас» атты романы мен Сайын Мұратбековтың «Біреу» атты туындысы 10 жыл бойына жазылған шығармалар екен.

Тезиспен жұмыс жасау

Ф.Достоевский ойға алған әрбір романын жазбас бұрын әуелі оны бірнеше дәптер етіп конспекті түрінде жасап алады екен. Ал Г.Флобер, керісінше, шығармасына ешқандай дайындықсыз бірден отырғанды құп санапты. Алайда ол бір бет проза жазуға кейде апта, кейде тіпті айға жуық уақытын сарп ететін болған. Қашан дәл мағынасын беретін сөзді ойлап тапқанша бір адым ілгері баспай қояды екен. Ол «прозаға жан бітіретін бір ғана анықтауыш, бір ғана етістік болуы керек» деп есептеген. Сол сияқты әр абзац, әр сөйлем үнемі бір сөзбен, кейде тіпті бір әріппен басталмасын дегенді де алға тартқан.

«Ертіс Мұхитқа құяды», «Біз құлмыз ба, кімбіз?» қатарлы туындылар сыйлаған Рамазан Тоқтаров та көп жылдар бойы осы әдісті пайдаланыпты. «Әуелі романның жалпы контуры, одан соң мазмұны, кейіпкерлері, ең соңғы дәптерге олардың сөйлейтін сөздері, диалогтары өзінінен-өзі құралып шыға бастайды»,– дейді жазушы. Осы тәсілмен автор «Ғасыр наны», «Сусамыр»,  «Таңбалы жарғақтың құпиясы» қатарлы романдарын жазыпты.

Әйгілі Бейімбет Майлин де көрген-білгендерін, ойына түскен ұзақ оқиғалардың қысқаша тезисін көбінесе қағазға түсіріп қояды екен. Бұл туралы көнекөз ақсақал Асылбек 1932 жылы Бейімбеттің жазып жүрген конспектісін көргенін, онда «қайқы мұрын қара қатын, қара камзол, қызыл көйлек, ақсақ  тарғыл ит, сынық мүйіз қара сиыр» деген жазу бар екенін айтады. «Бұл жазудан не түсіндік?» деп сұрап едім,– дейді Асекең,– «келешек ұзақ әңгіменің қысқаша тезисі ғой, осыны оқығанда барлық оқиға еске түседі»,– деп жауап беріпті Бейімбет.

Бір қызығы бұл естелікті қалдырған Асекең өзі де Майлин шығармасының кейіпкеріне айналған екен. Жазушының «Біздің жігіттер» атты пьесасында Хасен мен Асылбек атты пысық жігіттер болады. Естелік қалдырушы Асекең сол Асылбектің дәл өзі. Өмірде екеуі де Бейімбеттің құрдастары болған екен.    

Мансап vs шығармашылық

Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» очеркі, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы, Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасынан кейін Ақан тұлғасын сомдаған кесекті туынды Сәкен Жүнісовке тиесілі.  «Ақан сері» аталатын қос томдық еңбекті жазуды автор көптен жоспарласа керек. Ол үшін сөз зергері Ғабеңнің алдынан өтіп,  рұқсатын алыпты. Десе де, қаламгердің өзі «егер Мағжан тірі болса, Ақан туралы романды сол жазуға тиіс еді» деп есептейді. Жазушы осы туындысын жазу үшін  «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторлығынан бас тартып, партияға өтуді де кейінге ысырған екен. Осылайша, 1970 жылы, әуелі, Қара теңіз бойындағы Гаграда, одан кейін Мәскеуде романның бірінші кітабын жазып бітіреді.

 Қарындашпен жазу

Қарындашпен жазу қазақ жазушыларының арасында Ғабит Мүсіреповке қатысты жиі айтылады. Жазушы көбіне-көп қарындашпен жазып, үстінен өңдегенді ұнатқан екен. Сондай-ақ Ғабең ағаш бұтақтарын жонғанды да жаны қалапты. Дегенмен қарындашпен жазу туралы осынау бір машықты сөз еткенімізде Сәбит Мұқанұлының Қадыр Мырзалиевке айтқан мына бір естелігін атап өткен оң секілді: «Сендер мақтай беретін Әуезов пен Мүсіреповтеріңнің өзі осы Жүсіпбек шапанынан шыққандар. Бұлар жазып жүрген бүгінгі драмалардағы ақ өлеңді Мұхтар мен Ғабит ойлап тапқан жоқ! Оның төркіні шешендік сөздерде және Аймауытовта! Қарындашпен жазудың өзін Ғабит сол ағасынан үйренген. Жүсіпбектің әйелі қырым татары болатын... Сол жеңгеміз үнемі біздей ғып қарындаш ұштап отыратын, жарықтық...».

Күй талғамайтын жазушы

«Бейімбеттің кеңседегі кабинетіне, пәтеріндегі жұмыс бөлмесіне ерте бар, кеш бар, оны үнемі жазу үстінде жолықтырар ең. Ол қоңыр өңді, жиі бұжырлы, көзінің үстіңгі еті томпақ, таңқы мұрны қайқылау, төменгі ерні салпылау, кескінсіздеу жігіт болатын. Тістері сарғылттау да, оны «көп тартатын шылымның ысынан» дейтін. Шашы көмірдей қара және бұйралау болатын. Оны дударландыра, ұзын ғып өсіретін. Жазумен шұғылданған шақтарында Бейімбет қаламды оң қолымен жүргізіп, сол қолымен маңдай шашын бұрап отыратын. Шылымды үздіксіз тартып, бірінен соң бірін тұтататын. Пәтерінде жазып отырғанда стаканға құйған сыраны әлсін-әлсін ұрттай беретін. Басқа бап тілемейтін».

Жазушы туралы көп айтылған естеліктерде Бейімбеттің болмыс-бітімі осылай суреттелер еді. Әсіресе, Майлин қалам тербеп отырып, ой шүңетіне батса, шығарма кейіпкерлерінің образдарын ширата түсуге ниеттенсе ұдайы сол жақ сұқ саусағымен маңдайындағы ұзындау шашын дамылсыз бұрап отырады екен. Осы әдеті оған кейіпкерлерінің болмысын ашуға көмектессе керек.

Күй талғамайтын жазушыға қатысты естеліктердің көбі оның өте шапшаң жазатынына, еңбекқорлығына саяды. Редакторлық жұмыстары керемет көп бола тұра, Бейімбет баспаханаға да күніне әлденеше рет барады екен. «Серуендеп  жүріп, түн ортасы, таңға жақын, таң атқанда пәтерінің қасынан өте берсең, терезесінен шамның жарығы жылтырап тұратын. Бейімбеттің қай уақытта ұйықтайтынын білу қиын еді»,– деп таң қалысады замандастары. Ара-тұра мызғып алғанда немесе тамақ ішкенде болмаса, уақытының көбін жазуға жұмсап, күні-түні отыра беруге ерінбейді екен.

Майлиннің күй талғамайтын ғажайып талант иесі екенін Қажым Жұмалиев те өз естелігінде атап өтеді. Қызылорда астана болып тұрғанында автор бірде вокзалға келсе, қалың қара нөпір халық ортасында бір адам у-шуға да құлақ түрместен алдына чемоданын қойып, оның үстіне жайған қағаздан бас көтерместен жазып жатады. Сөйтсе сол көргені Бейімбет екен. «Менің Бейімбетті алғаш көруім» осылай болып еді деп еске алады автор.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға