Жаңалықтар

Елімізде қандай музейлер бар?

Қазақстандағы музейлер несімен ерекшеленеді?
Елімізде қандай музейлер бар?
30.04.2019 22:41 35074

Әлемде музей күні 1977 жылдан бері аталып келеді. Осы қырық жыл аралығында  жер-жерде тарихи, көркем өнер, әдеби, техникалық секілді түрлі бағыттағы көптеген музейлер ашыла бастады. Солардың ішінде біз Қазақстандағы музейлерге мәдени серуен жасамақпыз.

 

ҚР Тұңғыш Президент музейі

Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елордадағы алғашқы резиденциясы болған орын. Елбасының ескі жұмыс ғимараты 4 қабаттан тұрады. Аумағы шамамен 12 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда келушілер тарих қойнауына сапар шегеді. Алдымен, олар дәліз қабырғаларында ілінген оқушы Нұрсұлтан, жас жұмысшы-металлург пен Елбасының өмірінен сыр шертетін өзге де тың суреттерді тамашалай алады. Музейден Елбасының  маңызды құжаттары мен бағалы сыйлықтарын, ата-анасының жеке портреттерін көре аласыз. Сондай-ақ, экспозицияларды аралап жүріп, жанұясының күнделікті тұрмыста пайдаланған заттарын да кездестіруге болады. Мұнда анасының тігін машинкасы, жіп иірген ұршығы, өзі пайдаланған тостаған мен әкесінің ұстарасы мен бәкісін де көруге болады.  

Ал екінші қабатқа көтерілгенде елбасының бұрынғы жеке кабинетіне жол тартасыз. Алғашқы кабинетінде жеті жылдай қызмет еткен орнында кезінде өзі қолданған заттары сол қалпында сақталып тұр. Дәліздегі үстелде тұрған ескі телефондар көзге ерекше көрінеді. Бұлар арқылы Елбасы кезінде парламент мүшелері және шетелдік әріптестерсімен байланыста болған.

Сондай-ақ, президентке сыйға тартылған қару-жарақтардан жиналған экспозициялар кабинетін де аралау таптырмас мүмкіндік. Мұнда қылыштар мен мылтықтардың түр-түрін кездестіруге болады.

Тіпті мұнда келген қонақтар елбасының тамақ ішкен ас бөлмесін де өз көздерімен тамашалай алады.

Жиырма жыл бұрын күзеті мықты болған мұнда қазір келушілер саны  өскен.   Мұражайға айналған  Нұрсұлтан Назарбаевтың  бұрынғы жұмыс орнын көруге қызыққандар саны еселеп артып келеді.

Орналасқан мекен-жайы:  Нұр-сұлтан қаласы Абай даңғылы, 11.

 

Халықтық музыкалық аспаптар музейі

Бұл – іші ән мен жырға толы сән-салтанаты жарасқан ғимарат. Мұнда кірген адам өзін күй шерткен Ықылас, Құрманғазының заманына саяхат жасайды.  1980 жылы ашылған бұл музей ішінде 40-тан аса қазақтың халықтық музыкалық аспаптары бар. Олардың қатарында домбыра, қобыз, даңғыра, сылдырмақ және орыс, ұйғыр, дүнген және өзге де ұлт өкілдерінің аспаптарын да тамашалауға болады.

Алматы қаласында бой көтерген музей ғимараты ел тарихында маңызды ескерткіш болып есептеледі.  Көненің көзі болып табылатын орын XIX-XX ғасырларда атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлының құрметіне орай аталған.

Рухани  азық іздеп келушілер бұл жерден  кезінде Абай және Біржан салдың өздері тартқан домбырасы мен халық ақыны Шашубай Қошқарбаевтың сырнайын өз көздерімен көріп қайтуға таптырмас мүмкіндік. Хакім Абайдың домбырасын немересі  музейге әкеліп тапсырған екен.

Ал мұнда қаз-қатар тізілген жетіген, адырна, дулыға сынды ұлттық аспаптар  шеберлердің этнографиялық сипаттаулары бойынша қалпына келтірілген.

Мұнда бас-аяғы 7 экспозициялық зал  келушілерге арналған. Атап айтқанда, музыкалық және әлем жұртының аспаптары, археология, үрмелі аспаптар және тағы басқа залдар.

Көненің көзіне айналған атақты ақын-жыраулар ұстаған аспаптарды тамашалағыңыз келсе, қазақ халқының музыкалық аспаптар музейіне асығыңыз!

Орналасқан мекен-жайы: Алматы қаласы Зенкова көшесі,  24а.

 

 «АЛЖИР» мемориалды-музей кешені

Музей елордадан  жарты сағаттық уақытта жететін  Малиновка деген жерде орналасқан.  2007 жылы мамыр айында  ашылған нысан  саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған. Кеңес Одағы кезінде коммунистердің саясаты салдарынан жазықсыз миллиондаған адам жапа шекті.

Мұнда жансыз мүсіндер түрғанымен, осыдан қаншама жыл бұрын жазықсыз темір торға түскендердің тартқан азабы мен мұң-шері сезіліп тұр. Елде 1920-жылдары қуғын-сүргін басталған кезде вагондармен жазықсыз мыңдаған адамды осында алып келген. Еңбектеген сәбиден бастап, еңкейген қартқа дейін вагондармен Қазақстанға жеткізілген.

Репрессия құрбаны болғандардың өздері тұтқындалып, атылып қана қоймай, олардың жұбайы мен балалары да қиыншылық көрген. Қатал саясаттың кесірінен олардың тартқан  зұлматтарын қазіргі кезде барлығы осы жерден көріп, сезіне алады.

Қазіргі кезде мемориалды кешен құнды жәдігерлермен толыққан. Елде жыл сайын 31 мамыр –  Саяси-қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі.
Орналасқан мекен-жайы: Ақмола облысы  Малиновка селосы.

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі

Елорданың Тәуелсіздік алаңында орналасқан музей осыдан бес жыл бұрын яғни 2014 жылы  ашылған. Бас қаладағы бірегей музей кешені 74 мың шаршы метрді құрайды. Көркіне көз тоймайтын нысан 14 залдан  тұрады.  Олар Астана, Алтын, Тәуелсіздік, Тарих, Этнография, Ежелгі және орта ғасыр тарихы, Қазіргі заманғы өнер залдары мен Ұлттық қазынаны зерделеу  жөніндегі музей құрылымы ғылыми-зерттеу институтынан тұрады.

Сондай-ақ, балаларға арналған шығармашылық орталықтармен ғылыми кітапханалар,  мәжіліс және оқу залдарын да табуға болады.

Ашылғанына аз уақыт болған музей дүниежүзілік стандарттарға сай қажетті заттармен жабдықталған. Мұнда келушілер қазіргі бас қаланың макеті жайында мағлұматтарды үш тілде ала алады.

Бас қаланың орталығынан бой көтерген ұлттық музей қазіргі замнға сай ел  шежіресімен жақынырақ танысуға арналған мәдени орын.

Орналасқан мекен-жайы: Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 54.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі

Орталық Азия елдеріндегі ең ірі музейлердің біріне Алматыдағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі жатады. Бір қызығы мұнда қойылған алғашқы коллекциялар XIX ғасырдың 30 жылдарында «Орынбор өлкесін музейінен жинақталыпты. Кейіннен қор өзге де әскери музейлердің коллекцияларымен толыққан.

Қазір музейде жеті экспозициялық зал жұмыс істейді.  Мұнда келуші қонақтар республикамыздың архелогиялық орындарынан табылған артефактілерді өз көздерімен көре алады. Сондай-ақ, Ұлы отан соғысынан бастап тәуелсіздік алғанға дейін уақытты кезең-кезеңімен көруге саяхат жасайды.

Алғашқы зал палеонтология және археология кешендерінен тұрады. Мұнда Қазақстанның 300-ден аса орындарынан табылған артефактілер, миллиондаған жылдар бұрынғы түрлі жәндіктер мен балықтардың іздері, тасқа айналған ағаш діндерінің фрагменттері қойылған.

Ал екінші залдан музейге қызығушылығы бар жастар қазақ мәдениеті мен тұрмысы және  шаруашылығына қажетті заттарды көре алады. Мәселен, XVII-XIX ғасырларға жататын қару-жарақтар, зергерлік әшекей-бұйымдар, ұлттық нақышта жабдықталған киіз үйлерімен қоса, жауынгер сауыттарының коллекцяларын да осы жерден табуға болады.

Бір айта кетерлігі кезінде  Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің  келіншегі Фатима ханшаның киген бешпетін және Арыстан сұлтанның киелі Құран аяттарымен әсемделген сарбаздың сауыт-саймандарын ерекше атап өтуге болады.

Ал үшінші зал еліміздегі этникалық диаспоралардың тарихы мен этнографиясын дүйім жұртқа паш етуге арналған. Арнайы сөрелерде  қаз-қатар орыс, неміс, ингуш, күрд, түрік, корей, ұйғыр және тағы басқа халықтардың фотолары, маңызды құжаттары, тұрмыстық күнделікті қолданған заттары тізілген. Бұл залдың басты ерекшелігі – келушілер соңғы технологиялардың көмегімен әр ұлтпен виртуалды түрде жақынырақ таныса алады.

Төртінші зал тәуелсіздік алғаннан бастап осы күнге дейін ел шежіресін суреттейді. Мұнда мемлекеттік рәміздеріміз – елтаңба, ту, әнұран, валюта, денсаулық, білім, ғылым, мәдениет және спорт жайында құнды материалдар жинақталған. Сондай-ақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа шетелдік меймандардың тарту еткен сыйлықтары да осында  қойылған.

Ал елімізден табылған археологиялық жәдігерлерді музейдің бесінші залына орналастырған. Мұнда б.з.д. VII-VI ғасырдағы Шілікті, Тарасу, б.з.д. V ғасырдағы Покровка сынды өзге де қорымдарда табылған сармат, сақ, қаңлы, үйсін тайпаларының алтын әшекей-бұйымдарының түпнұсқаларын көруге болады. Сонымен қоса, Отырар мәдениетінің ескерткіштерімен де таныса аласыз.

Алғашқы адамдардың өмірін білгіңіз келсе, онда антропологияға яғни алтыншы залға барыңыз. Мұнда тұрған экспозициялар сізге кезең-кезеңімен барлығын бүге-шегесіне дейін түсіндіріп, тарих қойнауындаға оқиғалармен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Әсіресе, адамзат баласының қалыптасуын, қазіргі адамдардың даму үрдісін және барлық жер бетінде таралуы  осы залда жан-жақты баяндалады.

Соңғы зал мәдениет пен өнерге арналған. Мұнда өнерсүйер жандар  Қазақстанға келген орыстың суретшісі, өлкетанушы, орыс географиялық қоғамының Жетісу бөлімін құрушы Николай Гаврилович Хлудовтың еңбектерімен таныса алады. Оның  бай шығармашылығында қазақ ұлтының дәстүрлі мәдениеті мен табиғат өлкесінің түрлі қырлары жан-жақты бейнеленген. Жұмыстары айрықша орын алатын оның мұраларының көбісі осы музей қорында сақталып тұр.

Орналасқан мекен-жайы: Алматы қаласы, Самал шағын ауданы 1.

 

Елордадағы Сәкен Сейфуллин мұражайы

Ашылғанына отыз жылдан асқан бұл мұражай өмірін тар жол, тайғақ кешумен өткізген Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеп, оны жұртқа насихаттаумен айналысады.

Атақты ақын әрі революционерге арналған бұл мұражайда барлығы 8 зал бар. Келушілер ақынның жатын бөлмесі, қоғамдық, педагогикалық қызметіне арналған залдар мен жұмыс кабинетіндегі заттарды көріп, тамашалай алады.

Мұнда ақынның өміріне қызығушылық танытқандар көпшілікке көп көрсетіле бермеген фотосуреттер мен құжаттарының көшірме нұсқаларын келіп көре алады. Сондай-ақ, жалынды жазушының сирек кездесетін кітаптарын оқып,  кезінде өзі қолданған заттарын көзбен көруге де ерекше мүмкіндік бар.

Жалпы мұражай қос ғимараттан тұрады. Бұл таза сүргіленген бөрене ағаштарынан жасалған. Әсіресе шаһарда мұндай нысандар  көп сақталмаған.

Бір қызығы мұражай бұрын Казанцев деген көпестің әкімшілік үйі болған деседі. Кеңес өкіметі кезінде мұнда түрлі кеңселер ашылған. Алайда 1920 жылдан бастап аталмыш ғимаратта редакция болыпты. Осы редакцияда қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин де қызмет еткен.

Ал екінші ғимаратта әкімшілік қызметкерлері  жұмыс істеген.  Ал кейін мұнда жазушының досы әрі дәрігер Благовещенский тұрыпты. Бірақ көп ұзамай ғимарат арнайы бухгалтерлік мектеп болып ауысқан.

Орналасқан мекен-жайы: Нұр-Сұлтан қаласы, М.Әуезов көшесі 20.

 

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға