Жаңалықтар

Балжан Тәңірберген: Айына 40-50 шақты сөмкені жалғыз өзім тігемін

600 мың теңгемен бизнес бастаған елордалық кәсіпкер
Балжан Тәңірберген: Айына 40-50 шақты сөмкені жалғыз өзім тігемін
06.03.2022 12:43 28794

«Бастау бизнес» жобасы аясында соңғы бес жыл ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық бітірген. Бүгінде олар сауатты кәсіпкер атанып, өз істерін әр салада табысты жүргізіп, кәсібін дөңгелетіп жатыр. Қазіргі кезде сол кәсіпті нәсіп етіп отырған іскер арулардың бірі Балжан Тәңірбергенмен сұқбаттасудың сәті түсті.  

Әлемге таралған жұқпалы індет ешкімге кедергі емес. Өйткені сол уақытта еліміздегі біраз белсенді қыз-келіншек өзінің ұнатқан ісін тапты. Солардың бірі – елордалық Балжан Тәңірберген. Ол бұрын үй шаруасындағы әйел болса, қазір сөмке жасайтын шеберхананың иесі. Ісмер келіншек сөмкелер тігумен шұғылдануды карантин уақытында бастағанын айтады.

– Жас кезімнен сөмкелерге әуес болдым. Әрдайым ерекше әрі ешкімде жоғын іздеп жүретінмін. Тіпті құрбыларым тек сөмке сыйлайтын. Уақыт өте келе өзге декреттегі аналар секілді әр түрлі курстарға барып, өзімнің сүйікті ісімді іздедім. Әр саланың артықшылығы мен кемшілігін тізіп шықтым. Бір байқағаным, көбі қамзол, шапан, көйлек, сәукеле тігіп жатыр. Бірақ сөмке тігіп жатқан ешкім жоқ. Содан фермуарлы сөмкелерді ғаламтор арқылы зерттей бастадым. Себебі фермуарлы сөмке нәзік әрі ерекше көрінеді, - дейді Балжан Тәңірберген.

Балжан Тәңірберген: Айына 40-50 шақты сөмкені жалғыз өзім тігемін

Ол өзінің алғашқы жұмыстарын әлеуметтік желілерге жүктеген. Оның қолынан шыққан заттары көпшілікке ұнағаны соншалық табыс әкеле бастаған. Бірақ Балжанның айтуынша сол уақытта хоббиді кәсіпке айналдыру туралы ой болмаған. Сатылымға шығару үшін тігілетін сөмке түрлерінің санын арттыру қажет болған. Ол үшін арнайы аппарат сатып алуға қомақты қаржы керек.

– Сөмкелердің сыртын көздің жауын алатын түрлі оюмен безендіру үшін арнайы құрылғы керек болды. Сондай-ақ кәсіби бизнес тұрғысынан білімімді жетілдіргім келді әрі бизнес-жоспар құруды үйренгім келді. Сондықтан «Бастау Бизнес» бағдарламасымен оқуға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бардым. Мұнда өз жобамды таныстырып, соңында грант ұттым. Бұл қаржыға кәсіпті бастауға қажет ең маңызды заттарды сатып алдым, - дейді кәсіпкер келіншек.

Балжан Тәңірберген: Айына 40-50 шақты сөмкені жалғыз өзім тігемін

Оның негізгі мамандығы – эпидемиолог. Осы қызметке өмірінің бес жылын арнаған. Бір айта кетерлігі, ол бұрын тігін машинасында тігуді білмеген. Тіпті бұған аса қызығушылық танытпаған.

Балжанға тігін машинасында  тігуді жолдасы үйреткен екен.

– Алғаш тіккен сөмкелерді қос анам мен қос әжеме сыйға тарттым. Ол кісілердің ақ батасы мені одан сайын шабыттандырды. Бірінші тапсырыс берушім – құрбым. Ал осы еңбегімнің табыс әкелгенін көргенде ерекше сезімге бөлендім, - дейді ол.

Балжан Тәңірберген: Айына 40-50 шақты сөмкені жалғыз өзім тігемін

Кәсіпкер келіншектің айтуынша «Бизнес Бастау» туралы бұрыннан естіген.

– Бұл мен үшін қол жетпес  арман әрі қиын дүние болып көрінетін. «Бизнес жоспар»  деген сөздің өзі мен үшін сол уақытта қорқынышты болатын. Осы бағдарлама жайында сұрастыра келе тапсыратын құжаттар тізімі аз және оқудың тегін екенін білдім. Бір Аллаға сиынып, тәуекел етіп, құжаттарымды тапсырдым. Бірақ дәл оқу басталар тұста қызыммен ауруханаға түсіп қалдық. Адам сүйікті ісіңе қалай да уақыт табады емес пе? Мен бизнес-жоспарды басынан аяғына дейін  сол жақта жазып шықтым.  Ал біздің бизнес-тренеріміз әрқайсысымызбен жеке-жеке бейнебайланысқа шығып, бағыт-бағдарын айтып отырды. Бүгінгі күнге дейін білген ақыл-кеңестерімен  бөлісіп келеді, - дейді Балжан Тәңірберген.

Сөмке тігуге қажетті материалдарды Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан сатып алады. Сондай-ақ  ол көрші Ресейден де тапсырыспен алдырады екен.

Негізі сөмке тігу аса қиын емес. Бастысы бұл іске қызығушылық болуы қажет. Мәселен, менің көмекшім жоқ. Айына 40-50 шақты сөмкені жалғыз өзім тігемін. Ал үлгермей жатқан уақытта жолдасым  көмекке келеді. Сөмкелерді тігуге  барқыт, эко тері және т.б. маталарды қолданамын. Көбінесе мен күнделікті өмірде ұстайтын,  кешкі отырыстарға  арналған және т.б. сөмке түрлерін тігемін, - дейді ол.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырады. Сол жәрмеңкелер кезінде  Балжан тауарларын сатылымға шығарып, жұртшылықтың назарына ұсынып жүр.  

– Көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысудың пайдасы мол. Еліміздің түкпір-түкпірінен елордаға келген меймандар мен  шет ел азаматтары  менің жұмыстарымды танып біле бастады. Ұнатқанын сатып алады. Тіпті тапсырыс беріп жатады. Тағы бір айта кетерлігі, тауарларды сатылымға шығару арқылы тұтынушылармен кері байланыс орнатамыз, - дейді Балжан Тәңірберген.

Алдағы уақытта Балжан тауарларын шет елге экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

Балжан Тәңірберген: Айына 40-50 шақты сөмкені жалғыз өзім тігемін

Кәсіпкер келіншек  шамамен алты жүз мың теңгеге бизнес бастау мүмкін емес деген стереотипті бұзған адам деуге болады.

– Көбісі «500-600 мыңға қандай кәсіп бастауға болады? Бұл аз қаржы ғой» - дейді. Иә, келісемін. Бұл аз сома. Бірақ мақсаты айқын адамға  бұл қаржы  бизнесті бастауға кедергі емес. Бұл бизнесті бастауға қажетті негізгі жабдықтарды алуға жетеді деп ойлаймын. Басқа елдермен салыстырғанда елімізде кәсіп бастауға жағдай жасалған. Бос жатқан нишалар көп. Мемлекеттің ұсынып отырған осындай мүмкіндіктерін пайдалана білу керек. Бастысы әрекет ету керек, - дейді Балжан Тәңірберген.

Сөз соңында іскер елордалық келіншек алдағы жоспары жайында айтты. Сондай-ақ ол  алдағы уақытта бизнес ашуды жоспарлап жүргендерге де  пайдалы кеңестерін айтты.

– Мақсатым – қазіргі шеберханамды кеңейтіп, декреттегі аналарды жұмыспен қамту. Алдағы уақытта кәсіп ашуды ойластырып жүрген азаматтарға айтар кеңесім – қорықпаңыз. Бұл бағдарлама үлкен мүмкіндік әрі қолдау деп есептеймін, - деп сөзін түйіндеді кәсіпкер Балжан Тәңірберген. 

(Суреттер Балжан Тәңірбергеннің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға