Жаңалықтар

Астананың мәдени өмірі және «Астана ақшамы» газеті

Мәдени өмірдің жаршысы 
Астананың мәдени өмірі және «Астана ақшамы» газеті
09.09.2017 10:25 7679

Елорда әкімдігінің республикаға таралатын бірден-бір қазақ тілді басылымы – «Астана ақшамы» газетінің жарыққа шыққанына жиырма жеті жыл толады. Осы ширек ғасыр ішінде ол өсу-өркендеу кезеңдерінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды.

Бүгінде басылым бетінде мәдени-рухани дүниелермен қатар, саяси, тарихи, танымдық мақалалар қатары көбейіп келеді. Оқырмандарын сүйсіндіріп келе жатқан газеттің қалыптасу жылдарына көз жүгіртсек, 1990 жылдың 13 қазанынан бастап алғашында «Ақмола ақиқаты» деген атпен аптасына бір рет жарық көрген.  Орталық өңірдің белді басылымы болған газет  1998 жылдың қаңтарында – «Ақмола ақшамы» болып өзгеріп, кейін «Астана ақшамы» болып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды.

Патша көңілді оқырманның  ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын басылымның қол жеткізген жетістіктері де бір төбе. Соның бір дәлелі – 2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Бірнеше журналисі халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты болды.

Осы жылдарда газеттің танымалдығы артып, таралымы көбейді. Ақмола өңіріне ғана қатысты емес, республикалық мәдени, рухани маңызы бар мәселелер басылым бетінде тұрақты түрде жарық көруі қалыпты жайтқа айналды. Бүгінгі Астана бұрынғы Ақмола атанып тұрған, өңір халқының басым бөлігін өзге ұлыс өкілдері құраған кезеңде де газет қазақ мәдениетінің, салт-дәстүрінің, әдебиетінің жоқтаушысы, насихатшысы бола білді. Оған ұжымда әр жылдарда еңбек еткен бүгінгі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, журналист Жанболат Әлиханұлы, бүгінде өмірден озған танымал жазушы Дидахмет Әшімханұлы,  ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, белгілі журналист, филология ғылымдарының докторы  Бауыржан Омарұлы, «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының вице-президенті Ғалым Омарханов сияқты елімізге кеңінен танымал азаматтардың ықпалы аз болған жоқ. Сондай-ақ, газетті әр жылдары басқарған Кенже Жұмағұлов, Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханов, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қаменов  сияқты бас редакторлардың да еңбегі бір төбе. Басылымға басшылық жасаған осы азаматтардың қай-қайсысы да мәдениет пен руханият саласының өкілдері, осы тақырыпта ұзақ жылдар өнімді еңбек еткен азаматтар болатын.

Ақпарат кеңістігінде өзіндік салмағы бар бас қаланың айнасы іспетті басылым қазір жаңа құрылымдық өзгерістермен қатар, шығармашылық ізденістермен болашаққа  жаңа міндеттер белгілеп отыр.   Тарих үшін жиырма бес жыл көп уақыт болмауы мүмкін, алайда, қазақ елінің тарихы мен мәдениетін, руханиятын, мемлекеттің саясатын жүзеге асыруда бас қаланың кескін-келбетін, тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін бұқараға бүкпесіз жеткізуде аянбай тер төгіп жүрген шығармашылық ұжым үшін жаңа бір белес болмақ.

Бас қаланың ресми басылымы ретінде, шаһардың мәдени тыныс-тіршілігіне қатысты оқиғалардың барлығы газеттің назарынан тыс қалмайды. Газет бетінде осы тақырыпта көрініс тапқан материалдарды екіге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші, Астананың әріден басталатын тарихы, ел көлемінде ғана емес, ауқымы одан да кеңірек шараларға қатысты мәдени-танымдық материалдар. Мысалы, «Алаштың алтын ордасы» (22.08.2012 ж. Авторы Күләш Ілиясова), «Ежелден қоныс Есіл жұрт» (15.04.2003 ж. Асхат Райқұл), «Ұлы жолдың Арқада бар сорабы» (08.07.2013 ж. Сейітқали Дүйсен), «Ақмола бекінісі» (18.04.2014 ж.), «Тылдағы Ақмола» (21.02.2014 ж. Дүйсен Сейітқали), «Соғысқа қатысқан Ақмолалық дивизиялар» (17.01.2015 ж. Қ.Еңсенов), «Есімде жаңғырған ерекше күн» (09.12.2014 ж. Нұрғожа Ораз) сынды зерттеу мақалалар мен публицистикалық дүниелерді атап өтуге болады. Аталмыш материалдарда өңірдегі Қоянды базары, Қараөткел жәрмеңкесі, тарихи маңызы бар сәулет нысандары, ежелгі қалалар, өнер адамдары туралы кең көлемде мәлімет берілген. Мәриям Жәгорқызы, Шашубай Қошқарбайұлы, Иса Байзақов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы сынды тұлғаларға қатысты тарихи оқиғалар, олардың өмірі мен өнері, шығармашылығы хақында баяндалады.

Астана қаласында орналасқан көненің көзіндей болған ескі ғимараттар туралы жазылған «Көпестің үйі», «Сәкен Сейфуллин мұражайы», «Тың игерушілер сарайы», «Пионерлер сарайы» сынды сәулет нысандары, Сәкен Сейфуллин, Абай Құнанбаев, Әлия Молдағұлова ескерткіштері туралы мақалаларды да осы топқа жатқызуға болады.

Астана ақшамы» газетінің қыркүйек айындағы нөмірлерінде «Қараөткел мешіттері» деген тақырыппен мақалалар циклы жариялана бастады. Авторы тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев. Аталмыш мақалада белгілі тарихшы Қараөткел өңірінде болған, ежелгі сәулет өнерінің қыр-сырынан, өңірдегі діннің дамуы мен атқаратын рөлінен сыр шертетін мешіт ғимараттары туралы баяндайды. Оның айтуынша, Қараөткел ешқашан дін орталығы болған емес, бірақ қазақ заманында мешіттер мен намазханалар болмаса керек. Оның негізгі себебі біреу: бұл қоныс ежелден Ұлы даладағы үлкен сауда орталығы, тоғыз жолдың торабы, оның үстіне Есілдің осы тұсы даланың ұлы билеушілерінің тақ орнатқан жері.

Қараөткелдің өз басынан табылмағанымен, оған іргелес Қорғалжындағы Бытығай, Жәнібек, Шалқар, Атбасардағы Ормамбет ордасы, Күйгенжардағы Тәуке ордасында мешіттер болған. Өкінішке қарай, олардың әрқайсысын түбегейлі зерттеу жұмыстарының қарқыны әлсіз, мүмкіндік шектеулі. Тарихшы һәм археологтың өзі бастаған өлкетану экспедициялары Астана маңынан толып жатқан ескілікті мәдениет ошақтарының іздерін тапқан. Астана құрылысы күннен күнге қарқын алып келе жатқан қазіргі уақытта сол ошақтарды алдын ала зерттей беру керек. Бұл мақаланың авторы журналист немесе публицист емес, тарихшы, археолог болғандықтан, тілі жұтаң. Көркемдік бояусыз құрғақ деректер оқырманды жалықтырып жіберетін тұстары да бар. Есесіне, ондағы айтылған деректер осы өлкенің тарихы мен мәдениетін танимын деушілер үшін аса құнды деген сенімдеміз.

Енді салыстыра отырып талдау үшін, осы мақаламен қатар «Ежелден қоныс Есіл жұрт» атты кезекті мақалаға үңілейік. Материалдың авторы басылымның белді тілшісі Асхат Райқұл. Кәсіби журналистің қаламынан туған дүние екенін көркем тақырыбынан-ақ көрінеді. Материалда айтылатын зерттеу нысандарына байланысты «Тайтөбеде қамал салған Ғұн бабам», «Байтақ даланы күзеткен Бытығай», «Батыс пен Шығысты жалғаған Бозоқ» сынды тақырыпшаларға бөлінген.

Мақалада тарихи деректер көркем тілмен кестеленіп, оқырман санасына жеңіл баяндалады: «Франция королі IX Людвигтің тапсырмасымен 1253-1255 жылдары фламанд саяхатшысы Рубрик Виллем қазақ даласына аттаныпты. Ол Ұлы даланы әбден шарлап қайтқан соң, IX Людвигке көрген-білгенін баяндайды ғой. Ертіс, Есіл, Нұра, Кеңгір, Сарысу, Қорғалжын, Балқаш секілді өзен-көлдердің дала халқы үшін аса маңызды екенін мәлімдейді ол. Анжатам, Болған ана, Жұбан ана қалаларын суреттеп береді. Дәл осындай деректерді Испан короліне 1271-1295 жылдары қазақ жері арқылы Қытайға өткен атақты саяхатшы Марко Поло да жеткізеді. Аталған саяхатшылардың көрген-білгендері Италияға да белгілі болған сияқты. Өйткені, олардың деректері 1375 жылы Италияда құрастырылған «Каталон картасында» молынан пайдаланылған. Карта Италиядан Дешті Қыпшақ жеріне саудамен келген көпестердің жолбастар құнды құралы болыпты-мыс.

Сондай-ақ, 1459 жылы Венецияда италияндық картогроф, монах ди Мурандо Фра-Маураның картасы жарық көреді. 1742 жылы Францияда өңделіп, тың деректермен байытылып шығарылады. Соның бәрінде Солтүстік және Орталық Қазақстан назарға алынған. Сарай, Сүзгентұра, Қашлық, Ақтоғай, Іскер, Қайнақ, Ханыкей, Бытығай қалаларының географиялық орналасу реті, халқы туралы мәліметтер мол. Ежелгі Қараөткел – Ақмола дүниенің төр бұрышына осылай мәлім болыпты».

Сонымен қатар, басылым бетінде республикаға танымал өнер иелерімен сұхбаттар жарияланып тұрады: «Аманат арқалап жүрмін» (Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановпен сұхбат, 10.04.2014 ж.), «Саксафоншы сары қыз» (саксафоншы Нина Моисеевамен сұхбат 21.02.2014 ж.), «Көрерменнің сауатын көтеруіміз керек» (әнші Қадырғали Көбентаймен сұхбат, 7.02.2013 ж.), «жазда өз фильмімді түсіремін» (Түркиядағы қазақ актері бахадыр Хакіммен сұхбат, 10.01.2014 ж.), «Баққан малым да, еккен егінім де, кәсібім де, нәсібім де – өнер» (ҚР Халық әртісі Талғат Теменовпен сұхбат, 20.11.2014 ж.), «Әр қазақ ән айтса артық емес» (Әнші Тамара Асармен сұхбат, 30.10.2014 ж.), «Ән үшін жаралғандаймын» (Дәстүрлі әнші Гүлмира Саринамен сұхбат, 25.10.2013 ж.), «Әлем Барысы – Түйе балуандар жарысы» («Қазақстан бары» қазақ күресін дамыту қорының президенті Арман Шораевпен сұхбат, 25.09.2014 ж.), «Әлі күнге қазақтың алақанындамын» (Надежда Лушниковамен сұхбат, 10.01.2013 ж.), «Күй деген бір иман ғой» (Күйші Жанғали Жүзбаевпен сұхбат, 02.06.2012 ж.)...

Екінші, Астананың қазіргі мәдени һәм рухани тыныс-тіршілігін насихаттайтын материалдар. 1998 жылы «Ақмола ақшамы» аталған газет көп ұзамай шаһар елорда мәртебесін иеленгеннен кейін «Астана ақшамы» болып өзгерді. Содан бергі аралықта басылым елорда әкімшілігі мұрындық болған игі істерді, сондай-ақ бас қалада өтіп жатқан мәдени шаралардың барлығына жуығын халыққа насихаттауға зор үлес қосып келе жатыр.

Артықшылығы, басылым Астанадағы айтулы шараларды насихаттауға кешенді түрде көңіл бөледі. Мәселен, жыл сайын Астана күніне байланысты шаралардың барлығына жуығы газет бетінде көрініс табады. Әрі мәдени шаралар өтіп кеткенде емес, қала тұрғындары мен қонақтарын құлақтандыру үшін алдын ала жазылады. Кез келген жылғы «Астана ақшамының» номерлерін парақтап отырсаңыз, дәстүрлі түрде маусым айынан-ақ бас қала тойына қатысты айқара беттер дайындалғанын көресіз. Мәселен, 2010 жылғы жарияланымдарды мысалға келтірелік. «Астана күні» деген арнайы эмблемамен «Тойбастар» айдары шығып жүрді. Қала күніне арнап қай театр қандай премьералар қоймақшы, оның басты ерекшелігі неде? деген сауалдардың жауабын тауып, оқырмандардың ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыру үшін сол шараларға тікелей жауапты режиссер, театр директорлерін сөзге тартады.

Сондай-ақ, журналистер жыл сайын елорда тойына орай алыс-жақын шет елдерден өнер майталмандары келіп арнайы өз бағдарламарын ұсынатыны белгілі. «Кім келе жатыр? Ол туралы не білеміз? Қандай шығармаларын орындайды?» дегендейін сұрақтарға жауап іздейді. Айталық, 15 маусымда «Майталман Денис Мацуев» атты бір беттік мақала жарияланды. «Астаналықтарға қала күніне орай арысы Моцарттан бастап, берісі Рахманиновтың шығармаларын сыйлайтын Денис Мацуев туралы не білеміз?» дей келе оның өмір жолын баяндайды.

Яғни, жанрлық жағынан алғанда, бірінші кезекте ақпараттық хабарламаларға көп орын беріледі. Оның біріншіден, тұрғындар үшін анықтамалық маңызы зор. Қандай шаралар өтеді? Қай күні және қай жерде? Шаралардың тартымдылығы, қандай жастағы адамдарға арналған? Осы тектес сауалдарға ақпараттық хабарламалар толықтай жауап береді. Алайда бұл хабарламалар қысқа хана хабар-ошар секілді анонс емес, көлемі жағынан әлдеқайда ауқымды, өткелі отырған мәдени шараларды бүге-шегесіне дейін түсіндіріп барынша кең мағлұмат береді. («Әлем әртісінің Астанаға тартуы», «Серовтың саз кеші», «Еуразияның төріндегі толағай той», «Есілдегі ерекше фестиваль», «Ғасырларды тоғыстырған ғажап той»...)

Қала күнінен тыс, басқа да айтулы шараларға кешенді түрде көңіл бөлу «Астана ақшамының» қолтаңбасына тән құбылыс. Осыған орай бір мысалды алға тартайық. Биылғы жылы елордада «МузТВ-2015. Гравитация» шарасы өтті. Осы шараға орай басылымның бірнеше нөмірінде түрлі жанрдағы толымды материалдар жарық көрді: «Қазақстандық жыл әртісі кім болады?» (02.06.2015 ж., ақпарат), «Қамкөңіл жандарды қуанту – бір бақыт» (04.06.2015 ж., сұхбат), «Елордалықтарға – жұлдызды пантус» (06.06.2015 ж., ақпарат), «Сарыарқа сахнасында самсаған жұлдыздар» (06.06.2015 ж. ақпараттық репортаж)...

Тағы бір айта кетерлігі, Астана ақшамы газетінің мерекелік сандарында ақпараттық хабарламалармен қатар, арнайы анықтамалық кесте жарияланады. Бұл басылым тиражын арттыру үшін де тиімді деген ойдамыз.

«Қазақфильм» студиясы өнімдерінің премьераларынан кейін басылымда іле-шала рецензиялар жарық көреді. Алысқа бармай-ақ, үстіміздегі жылдың соңғы бірнеше айында «Aманат», «Құнанбай», «Кенже» фильмдері туралы кинорецензияар жарық көрді. Бір айта кетерлігі, аталмыш рецензиялардың мазмұндық сапасы әр түрлі. Мысалы, журналист Айдана Жақсылықованың «Amanat» (04 маусым 2015 ж.) атты материалын мазмұндық жағынан мақтай алмаймыз.

Тақырыптағы фильмнің атауы неліктен латын әріптерімен берілгені түсініксіз. Материалда рецензияға тән режиссерлік шешім, сценарийдің тартымдылығы, операторлық шеберлік, актерлік ойын туралы ештеңе айтылмайды. Материалдың басым бөлігі фильмнің түсірілу тарыхына арналған. Сонымен қатар, фильмнің сюжетін суреттеумен шектелген. Егер «Аманат» фильмі әлі жалпы прокатқа шықпағанын, ескерсек, фильмнің оқиғасы туралы алдын-ала хабарлау да рецензияның этикасына қайшы. Материалда автор «спойлер» туралы оқырманға ескерту жасауды да жөн деп таппапты.

Ал Астанада тұсауы кесілген фильм туралы «Құндылығы басым «Құнанбай» (09.05.2015 ж., авторы Ырысбек Дәбей) атты фильмге жазылған рецензия кәсіби тұрғыда біршама деңгейі биік материал дей аламыз. Автор алдыңғы материал сияқты «спойлерге» жол бермейді. Фильмге көркем туынды ретінде баға беруге ұмтылады. Кинотуындының оқырманға берер пайдасы туралы ой қорытады. Сонымен қатар, басты рөлдерді сомдаған актерлердің кәсіби шеберлігіне, атап айтқанда Зере рөліндегі Нұрсифат Салықова, Досхан Жолжақсыноваларға баға береді. Және бір айта кетерлігі, фильмге қатысты қаламгер Әбіш Кекілбаевтың «.....Үлкен тақырыпты, үлкен желіні індетіп қаза білгені, жеріне жеткізе толғана білгені, тебірене білгені – бұл фильмнің негізгі табысы болып есептеледі. Кино көңілімнен шықты» деген бір ауыз пікірін ұсыну арқылы халыққа фильмді жақсы қырынан насихаттауға тырысқан.

Ағымдағы жылы 2 сәуірдегі нөмірде «Кенженің» тұсауы кесілді» атты ақпараттық материал жарық көрді. Автор фильмге кәсіби тұрғыда баға беруге тырыспайды, себебі материалдың жанрлық мазмұны оны қажет етпейді. Автор оқырманға молырақ мағлұмат беруге ғана ұмтылады. Алдымен, фильмді түсіру жұмыстары қай елдерде жүргізілгені туралы қысқаша ақпарат беріп өтеді. Одан соң кинотуындыны өмірге әкелуге не түрткі болғанын режиссердің сөзімен жеткізеді: «Келін» – тау, «Шал» – дала, «Кенже» – қала. «Келін» – арғы тарихымыз, «Шал» – бүгініміз, яғни, өз даласында адасып жүрген отандастарымыз. Егер шалдар туған топырағында тура жолды таба алмаса, көрсете алмаса, болашағымыз – бұлдыр. Ал «Кенже» – келешегіміз. Ауылдан шыққан баланың бет алған бағыты қандай? Алдында не күтіп тұр? Мені осы мазалайды».

Автор премьераға өз тарапынан баға бермеген. Тек кинотуындының режиссерінің айтқандарын штрих ретінде пайдалана отырып, көрермендердің тарапынан қандай баға берілуі мүмкін, кәсіби киногерлердің тарапынан қандай сыни немесе жоғарғы баға күтіп тұр деген сауалдарға жауап іздейді.

Бас қаланың ресми басылымы ретінде, шаһардың мәдени тыныс-тіршілігіне қатысты оқиғалардың басым көпшілігі газеттің назарынан тыс қалмайды. Олардың жанрлық және сапалық ерекшеліктері әртүрлі.

 «Астана ақшамы» газетінде Елорданың рухани көкжиегін кеңейтіп, төл тарихында әлдеқашан таңбаланып қалған мәдени шаралар бар. Олардың өту барысы толығымен бақыланады. Журналистер бір күнін де қалдырмай қатысып, қала мәдени өмірінің шежіресін жазады.

Мәселен, «Жас қанат» республикалық ән байқауы туралы 5 сәуірде былай делінсе:

«11 сәуірде жас орындаушылардың «Жас қанат» байқауы басталады.  Ән додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген  үміткерлер бақ сынамақ.

Байқау шарты бойынша бұл сайысқа ұлты мен біліміне, тұрғылықты жеріне қарамастан, 15 жастан 28 жасқа дейінгі кез келген ниет білдірген өнерпаз қатыса алады. Биылғы сынға 100-ге тарта үміткер өтініш білдіріпті. Қазылар алқасы талантымен суырылып шыққан 14 өнерпазды таңдап алды. Енді үш күн бойы Астана аспанын әнге бөлейтін таланттылар мен талаптылар «Жас қанаттың» алтын, күмiс, қола қанаты үшін барын ортаға салатын болады», 15 сәуірде «Жерлесіміз – «Жас қанат» жеңімпазы» деген хабар жарияланады:

«Бұрнағы күні «Жас қанат» жас орындаушылар байқауының нағыз тартысты, соңғы кезеңі өтті. Үш күнге созылған дүбірлі додада еліміздің барлық аймақтарынан келген 15 пен 30 жас аралығындағы өнерпаздар өз қабілеттерін үлкен сахнада сынады. Алғашқы күні үміткерлер орындаған әндер олардың шеберліктерін айшықтап, Бейбітшілік және келісім сарайын әуелеген әсем әуенге бөледі.

Сайыстың екінші күні  жеңіске деген құлшыныс қатысушылардың жігерін жанып, конкурстың көрігін одан сайын қыздыра түсті. Жарыстың соңғы күні көрермен көзайымына айналған жас өнерпаздар тартысының жөні тіптен бөлек!

Ол күні қазыларға бас жүлдені сарапқа салуға іріктеліп алынған 6 үміткердің ішінен  ең үздік өнерпаздарды таңдау оңайға соқпады. Бәрі бірінен бірі өткен мықты. Дауыс ырғақтары тамаша. Сахнада өздерін ұстау мәнерлерінде де мін жоқ. Бірақ, сайыстың аты – сайыс! Жанкүйерлердің шыдамын сарқып, қазылар алқасын да қинаған соңғы сын аяқталды.  Сонымен, уайым, қорқыныш, қобалжудың барлығы артта қалып, барлық сыннан сүрінбей өткен үздік үштік анықталды. Атап айтқанда, «Алтын қанатты» астаналық Эльдар Омаров иеленді.  Арнайы музыкалық білімі болмаса да, талантты жас өзгелерден оқ бойы озып шықты. «Алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, бұл жеңіс мен үшін күтпеген сый болды. Мен бақыттымын! Мені қолдаған туған-туыстарым мен достарыма алғысымды білдіремін! «Жас қанат» байқауы – мені үлкен өнерге апаратын жол. Болашақта міндетті түрде оқуға түсіп, білім аламын. Өз ісімнің майталманы болатыныма кәміл сенемін» дейді ол.

Қазылар алқасының мүшесі Бақыт Шадаева болса, «Маған Эльдар алғашқы күннен бастап ұнады. Оның дауысы таза әрі сахнада өзін жақсы ұстайды. Менің ойымша, нағыз эстрада әншісі осындай болуы керек»,- деп ағынан жарылды.

Эльдар Омаровтың негізгі мамандығы – қаржыгер. Өміріне өнерді серік еткен ол Астана қаласындағы мейрамханалардың бірінде ән салады. Ал,  «Күміс қанатты» Оралдан келген  Нұрсұлтан Қарабалин, «Қола қанатты» астаналық Бағдат Батыржан алды. Үш жеңімпаздың да қуаныштарында шек жоқ. Алға қойған мақсаттарына жетіп, армандарының орындалғанына разы.

Байқауға қатысқан өзге де өнерпаздар ескерусіз қалған жоқ. «Жас қанат» байқауы демеушілерінің атынан оларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.  Сондай-ақ, Астана қаласы әкімінің мың доллар көлеміндегі сыйақысын Ақтөбеден келген Данияр Жәутіков пен Айқын Мағауияұлы, талдықорғандық «Хан Тәңірі» дуэті өзара бөлісті».

«Жас қанат» республикалық байқауы 2010-2014 жылдар аралығында дәл осындай түрмен, яғни заметка ретінде жазылды. «Заметка дегеніміз – ең шағын және оперативті жанр. Ол өмір шындығының нақты фактілері, құбылыстары туралы дәлме-дәл тұжырымды хабарлайды. Заметканың негізінде бір оқиға, бір құбылыс, бір объект ғана жатады. Заметканың авторы өз пікірін байыптау мен қорытынды жасамайды. Тек бір мәселені немесе құбылыс пен бір жақсы бастама, не бір аяқталған жақсы іс туралы  үн  қатады.  Заметка – үгіт-насихатты тек фактімен жүргізудің бірден-бір құралы».

Сонымен бірге газетте Астананың мәдени кеңістігінде өз орнын қалыптастырып үлгерген «Шабыт» фестивалі, Ұлттық Дельфилік ойындар, «Сахнадан сәлем» театрлар фестивалі, «Аялаған Астана» конкурсы, «Аstana Рiano Рassion» жас пианистердің халықаралық додасы,  Тілдер фестивалі, «Дала дауысы» радиофестивалі сынды жыл сайын назарға алынатын бірнеше міндетті тапсырмалар бар.

 Журналистер осы дәстүрлі іс-шаралардың дайындығынан бастап, қорытындысына дейінгі барлық қызықты сәттерді, ерекше фактілерді оқырмандарға егжей-тегжейлі ұсынады.

Қаладағы мәдени нысандардың бағдарламасы да басылым бетінде жиі көрініс табады. Қалалық әкімдікпен тығыз байланыс орнатып, басшылықпен сұхбаттар тұрақты түрде жарияланады.

Мәселен, қалалық әкімдіктің мәдениет саласына жауапты тұлғаларының материалдары. Жалпы, басылым бетінде шаһар әкімдігіндегі мәдениетке және басқа да салаларына қатысты тұлғалардың берген сұхбаттарын, олардың мақалаларын тұрақты түрде жариялау дәстүрге айналған.

Осы мақсатта «Тікелей тілдесу» атты арнайы айдар ашылған. Тұрғындар телефон желісі арқылы қалалық басқарма басшыларымен тілдесіп, қаланың қандай да бір саласы бойынша алдағы жоспарын біліп, маңызды жаңалықтарды, өздерін мазалаған сұрақтарды қойып, өтініш-тілектерін білдіру мақсатында тікелей тілдесуге шығады.

Тақырыбымызға сәйкес нақты мысалға жүгінейік. «Болат Мажағұлов, Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы: Мәдени өрісіміз кеңейіп келеді» (06.09.2014). Газетке мәтіндік нұсқасын Гүлбаршын Өкешқызы дайындаған. Оқырмандар тарапынан «Горький атындағы орыс драма театры қайта жөнделе ме? Жергілікті әртістер биыл қай жерлерде өнер көрсетті? Мәдениет және демалыс саябағындағы күрделі жөндеу қашан аяқталады? Тәуелсіздік мерекесінде Астана тұрғындарына қандай қызықты көпшілік шаралар ұйымдастырылады? Биыл Астанада қандай жаңа мәдени нысандар пайдалануға беріледі? Астанада ардагерлерге концерт билеттерін сатып алуда жеңілдіктер қарастырылған ба? Мәдениет басқармасының алдағы жоспарларымен бөліссеңіз?»,- деген сұрақтар қойылған.

Бұл – ақпараттық жанрға жататын сұхбаттың хабарлама түрі. Оның ішінде сұхбат-диалог. Мұндай сұхбат билік пен халықтың арасын жақындастырады, әкімдіктің жұмысын көпшілікке жария етеді. Сол арқылы нәтижелілігі де жоғары. Өйткені, көпшілікке мәлім болған күн тәртібіндегі шаруалардың жылдамырақ орындалуына септігін тигізеді.

Басылымның 2014 жылдың 6 ақпанында жарық көрген нөмірінде «Әлем мәдениетімен әлі-ақ иық теңестіреміз» атты мақала жарияланды. Материал авторы Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов. Аталған мақалада қаланың мәдениет саласына қатысты біраз мәселенің басы ашылған. Болат Мажағұловтың айтуынша, Елбасының 2014 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы халық арасында үлкен өрлеу тудырды. Президент онда мәдениетке мол қамқорлық жасалатынын баса айтып, жалпы қазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беруді, бәсекеге қабілетті мәдени ментальді қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керектігін атап өтті.

Жолдау жолдары мәдениетімізді әлемдік деңгейге көтеруге айрықша назар аударылғанын айғақтайды. Сол үшін елімізде, сондай-ақ астанадаа жаңа мәдени бағдарлама қалыптастыру қажет. Өйткені, қала аудандарында жаңа мәдени ошақтар құру, мәдениет орындарын дамыту, кадрлар ісін жақсарту, қызметкерлердің жалақыларын көтеру мәселелері қажеттілікке айналып отыр. Бұл бағытта бүгінге дейін атқарылған шаруалар да аз емес. Мәселен, «Астана-Опера» театрының ашылуы, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы, саладағы басқа да ірі жетістіктер өзге халықтар алдындағы абыройымызды әспеттейді.

Осы сұхбатта Астананың Мәдениет саласына жауапты тұлға елордадағы атқарылған ұмыстардың барысы туралы баяндайды. Жеке-жеке тарқатып айтсақ, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде басқарма басшылығы ұйымдастырған алқалы жиынға мәдениет ұйымдарының жетекшілері, «Нұр Отан» партиясының Астана филиалы және БАҚ өкілдері қатысып, ілгерілеуге жетелер ізгі ойлары мен ұсыныстарын ортаға салған. Сәкен Сейфуллин мұражайы Астана күнінің құрметіне «Мәңгілік ел – ұлт мұраты» деген атпен республикалық жыр мүшәйрасы өткізілген.

  Астана – ел тәуелсіздігінің айғағы, жас мемлекетіміздің тұрақтылығы мен экономикалық дамуының символы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы да парасатты саясатының нәтижесінде қысқа мерзім ішінде Астана Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразиялық кеңістіктің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің ошағына айналды. Мәдениетке қатысты басылымдарды зерттеп жүрген ғалым Елена Дудинова мәдениет, өнер, әдебиет тақырыптарын көтеретін басылымдарды:

1. бұқаралық, оған қоғамдық-саяси басылымдардан бастап ойын-сауықтық басылымдар жатады;

2. мәдениет және өнер салаларындағы әртүрлі проблемаларды қарайтын салалық басылымдар;

3. белгілі бір өнер түріне арналған, кәсіби мамандарға арналған арнаулы басылымдар»,- деп 3-ке бөледі.

Бүгін Астана әлемдік саяси көшбасшылардың, серіктестер мен инвес-торлардың, түрлі конфессиялар мен діндер, мәдениет пен өнер өкілдерінің кездесетін орны болып табылады. Ол – әлемдік құрылыстың жаңа идеяларына негізделген ең батыл сәулет жобаларының іске асатын шаһары. Бұл күндері жас Астана бүкіл елді нық жетелеп, жаңа өзгерістердің қозғаушысы, барлық жолдардың түйіскен орталығы болып, жаңа Қазақстанның басты брендіне айналды. Ал «Астана ақшамы» бас қаланың жаршысына пара-пар.

«Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газеті мәдениеттің барлық саласын қамтып отырады. 2010-2014 жылдардағы газет бетіне үңілсек, ұмыт болған қайнар көздерімізді қайта жаңғырту, руханиятты сауықтыру, ұлт мәдениетін ұлықтау мәселелері күн тәртібіне қойылған. Руханият күретамыры әдебиет те назардан тыс қалмайды. Осы тақырыптар аясындағы мақалаларды сарапқа салып көрсек, өнер және әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен сұхбатқа көбірек орын берілген. Көп көрген, талайды кешкен қазыналы қариялардың әңгімелері жарияланды. Роза Бағланова, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Гүлфайрус Исмайлова, Әмен Хайдаров, Қадыр Мырза Әли сынды тұлғалардың әңгімелері тасқа басылды. Өйткені, аудиторияны әлемдегі уақиғалар ғана емес, сол уақиғаға тікелей қатысушылардың тұлғалық ерекшеліктері де қызықтырады. Әр тұлғаның көрген-білгені, мінезі, өзіне тән дүниетанымдық көзқарасы, айрықша қабілеті, кәсіби дағдылары бар. Журналистің тұлғаның қасиетіне қатысты сөз өрбітуі  интервью түрінде болса, оның қандай да бір құбылыс жөнінде өзі хабарлағанынан сұхбаттасушының әңгімелеп бергені әлдеқайда әсерлі шығатыны белгілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға