Жаңалықтар

Асылған етті «АСАТА» атасақ

Бешбармақ па бесбармақ па?
Асылған етті «АСАТА» атасақ
24.07.2017 16:41 6119

Бүгінде өзге ұлт өкілдеріне еріп, өзінің ұлттық ет тағамын «бешбармак», «бесбармак», «бесбармақ» деп жүрген қазақтар көп. Сонда, сол шіркіндердің бармақтары бесеу ме екен?! Бәрінің мутант болғаны ғой?!

Тіпті ақыл-есі қалыптасқан, елге ақыл айтар азаматтардан емес, санамақ жаттап жүрген кішкентай балаларынан сұрасаңыз, адам қолында бір бармақ пен төрт саусақ барын айтып береді. Оны қойыңызшы, кейбірі бақайларын, башпайларын аяғындағы саусақтары деп атайтындар бар екен...

Кешіріңіз, саусақты «бармақ», бақай, башпайды «саусақ» деп, дене мүшесіне ден қоя алмай жүрген ұлт – «топас мемлекет» құраушылар болып шығады сосын!.. (Сырт көз алдында, әрине).

Бірде «Жас Қазақ» газетінде біреудің «Бешбармак» емес, «Бесбармак» деп білгішсінген мақаласы шықты. Құдды, малдың етін емес, адамдардың бармағын кесіп алып, асып жегендей! Оған тағы біреуі «Бешбармак» та, «Бесбармак» та емес, дұрысы – Ас!» деген жауап жазды. Ал керек болса!

Түсінесіз бе, Ас дегеніміз жалпы ұғым. Не жесеңіз де, не ішсеңіз де, сізге "Ас болсын!" деген тілек айтады ғой. Көже іш мейлі, қуырдақ же мейлі. Сізге біреу "шай болсын", "қуырдақ болсын" дей ме? Бургер жесеңіз де айтарым "Ас болсын!". "Ас дәмді болсын", "Ас сіңімді болсын" тілектері таңнан кешке дейін күнде ет асып жейтін мешкейге ғана айтылатын тілек емес қой?!

«Ас – адамның арқауы» деп етті ғана айтпаған. «Бәленшенің бәлен жылдығына ас берілді» деген сөз – бабасының құрметіне тек ет асты дегенді меңзей алмайды ғой!

Сонда, біздің қасиетті ұлттық тағамымызды қалай атауымыз керек? Бұл сұрақтың нақты жауабын белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғалидан алған сияқтымыз. Қысқартып айтқанда, былай...

Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы:

-Иә, бүгінде қазақ, қырғыз, башқұрттың басты ет тағамы «бешбармак» аталып жүр. Мұны біреулер орыстарға дұрыс аудармаған тілмаштардан көрсе, енді біреулер өзіңіз сияқты кімнен көрерін білмей намыстанумен ғана келеді. Бірақ, бүгінге дейінгі қазақша ет тағамының ресмиленген тарихын әзірге таба қоймадық. Қырғыз, башқұрт бауырлар болса, соңғы 3-4 ғасыр бойы қазақпен қоңсылас болғандықтан және тарихи араластықтан да «бешбармактың» тағдырын бірге бөлісіп келеді. Қалай болғанда да, қазақтың бұл тағамының мойындалуы мен ресми әйгіленуі ХХ ғасырдағы жерімізге орыстардың сыналай келіп, олардың ішкі тұрмысымызға кіріге бастауымен тығыз байланыста.

Қона келгенде мал сою, ет тарту ең алдымен астың тағамдық құндылығыға емес, қонақжайлық, құрбандық, келген мейманына деген ишарасы. Сондықтан құрбандыққа сойылған малдың етінен қандай тамақ әзірлесеңіз де атауы жалпылама - ет. Садақаға сойылған малдың еті - ет, сол шараға шақыру - ет жеуге шақыру. Кейінгі жылдары, кеңестік кезеңде біздің дәстүріміз сырт елдерге таңсық болған шығар, олар біздің етті «қазақша ет» (мясо по-казахски) деп атаған. Дегенмен ол атау да сіңісе қоймады. Дегенмен біздің сөз еткен "бешбармағымыз" кеңінен таралып кетті. Қазақта ешқашан "бес бармақ" болған жоқ деп дәлелдесеңіз де, бұл атаудан құтылмайтын сияқтымыз. Түрлі айғақ-деректерді айтқанда бір тарихи көрініске мән беріңіз. Адамдар Жаратқанға құлшылық етіп құрбан шалып, тілеуін тілеп, алақандарын көкке жаяды. Ал мол дастархан, алдындағы "бешбармақ" асы Көктен алақанға түскен несібе емес пе? Ендеше «бешбармақ» – жай ғана ас емес, атаны (аруақты) құрмет тұтар ас! Бүгінгі қалыптасқан «бешбармақ» қазақтың танымына сәйкес үш түспен танылатын дәмді біріктірген: қызыл – ет, ақ – нан, көк – көкөніс. Бұған сорпаға қосылатын сүттік тағам – құртты қосыңыз. Аталық танымды бойына сыйғызған атамыздың асы ретінде барынша құрметтеуге лайық тағамды бес саусақпен әспеттеу қисынға сыйымсыз. Қазақы ет атауын лайықты түрде қалыптастыру үшін, оған әуелі барынша ғылыми логикалық негіздеме керек. Жоғарыда келтірілген аз-кем дәйек соның басы деуге болар. Бұл негіздеме әуелі әр жаққа тартатын қазақтардың, түркілердің пікірін бір жолға түсірмек. Аталмыш дәйек ет тағамының «астың атасы» мен «атаның асы» екенін білдіретініне көз жеткізеді. Одан әрі бар болғаны еттің басты маңызын білдіретін «асата» сөзін қалыптастыру ғана қалады. Бұл сөз аталған тіркестердің сығындысы ғана: ас – ата. Ата сөзіне келер болсақ, бұл тек адамға қатысты айтылатын сөз емес, "Атамекен", "атажұрт" сияқты сөздердің лингистикалық қалыптасу тәсіліне назар аударсаңыз, екі зат есімнің бірігуімен жасалған. Мәселен "атажұрт" атаңыздың жұрты емес, ата бабаңыз қоныс тепкен, кінік қаны тамып, туып өскен жұрты емес пе? Сол сияқты "асата" да атасының асы немесе астың атасынан гөрі "астың тегі, мәртебесіне" 

Ал, «ата» сөзі – адамның шығу тегін ғана білдірмейді. Ол – барлық жоғарғы танымдар мен дәстүрлердің тоғысын білдіретін ұғым. Сондықтан «асата» сөзін сол күйінде кез келген тілде өзгеріссіз жазып, айтуға болады. Лингвистикалық жасау жолына тоқталсақ, ол «атамекен», «атажұрт» секілді аталы сөздердің ізімен, қос зат есімнің кірігуі арқылы жасалып тұр. Мәселен, ол сөздер сәйкес түрде «атаның мекені», «ханның шатыры» деген қарабайыр ұғымнан барынша терең «аталық мәртебелі мекен», «аталық маңызды орын»,  «хандық дәрежелі шатыр» деген мазмұнды береді ғой?!. Сол секілді «асата» да «астың атасы» дегеннен гөрі, «астың тегі, мәртебесі» деген ұғымды меңзейді.

Енді атақты асымыздың сипатына келсек,бұл тағамға асты қолмен жеу ғана тән емес. Керек десеңіз, Еуразия даласынан бастап, сонау Үнді түбегіне дейінгі аумақтағы жұрттың барлығы дерлік қою тамақты қолмен қылғытады. Тіпті, үнділер де асты қолмен жейді. Айтпақшы, олардың негізгі асы да шелпек секілді нан екенін кинодан көріп жүрміз. Ал, қасиетті асты құралмен емес, қолмен жеу адамзаттың бәріне ортақ деуге болады. Орыстар да садақа асы жайылған дастарқанға шанышқы жолатпайды.

Енді, еніп кеткен «бешбармактан» қалай құтыламыз десек, әуелі «бешбармакты» жақшалап, ал сыртына «асатаны» жазу арқылы және оны барлық отандық мейрамханаларды қоғамдық түрде бақылаумен қалыптастыруға әбден болады. Оның үстіне, тарихы мен мағынасын ашып жазып тарату арқылы, уикипедия секілді ашық энциклопедияға түзету енгізіп, башқұрт, қырғыз бауырлармен келісу шаралары керек-ақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға