Жаңалықтар

Әлемді шарлаған Алтын адам

Шетелдің 12 музейінде  болған қазақтың жәдігері 
Әлемді шарлаған Алтын адам
19.12.2019 18:11 4932

Елдегі музейлер  арғы ата-бабаларымыздың  тарихы мен этнографиясын, мәдениеті мен өнерін кезең-кезеңімен көрсетумен қатар, күллі әлемге паш ету бағытында да еңбек етіп келеді. Соның бір дәлелі ретінде  2017 жылдан бастап дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруін» айтуға болады.

Қазақстанның символына айналған «Алтын адам» соңғы үш жыл ішінде әлемнің 12 елінде көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, негізгі экспонат ретінде алынған алтын жапсырмалармен тігілген киімдегі «адам»  Белорусь-Минск, Қытай – Сиань, Польша – Данск, Солтүстік Македония – Эфиопия елдерінде болып, бұған қызығушылық танытқан ондағы мектеп оқушысынан бастап ересектерге Қазақстанның тарихы, мәдениеті және қайталанбас бай  өнері кеңінен таныстырылды.

Әр елде шамамен бір айдан аса уақытқа қойылған көрмеге келушілер  қазақтың атбегілік өнерінің қалыптасуы, сақ кезіндегі аң стилінің даму ерекшеліктері сынды дала өркениетінімен танысқан еді.

Биылғы халықаралық шеру Татарстанның «Қазан Кремлі» атты музей-қорығының «Манеж» көрме залынан бастау алды. Одан әрмен Өзбекстан, Түркия, Малайзия, Солтүстік Македония, Грекия сынды  елдердің жетекші музейлерінде шеруін жалғастырды.

Ташкенттегі Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Файзиева Қазақстан аумағында мекендеген халықтардың салт-дәстүрінен ақпар беретін көрмеге бір айда шамамен 10 мыңнан аса адам келгенін айтады.

(Фотода: Васила Файзиева)

- Ташкент қаласында өткізілген мұндай  көрме тек ғылыми және шығармашылық қауым өкілдері үшін ғана емес, қарапайым халықтың да қызығушылығын арттырды. Көрмеге келушілер қазақ халқы жайында көптеген мағлұмат алғанына сенімдімін. Әсіресе  өзбек халқының жастары арехологиялық қазбалардан табылған қазақтың  өнеріне тәнті болды, - дейді Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры  В.Файзиева.

Сонымен қоса, Васила Салихқызы қос елдің салт-дәстүрлерін осындай көрмелер арқылы алдағы уақытта да кеңінен насихаттап тұру керектігін айтады. Бұл өз кезегінде бауырлас екі ел арасындағы өзара мәдени қатынастарды нығайтуға өз септігін тигізбек.

Ал қазан айында Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен көрмеге табиғи тарих музейі директоры Фаризавати бинти Сабри 21 мыңнан астам адам барғанын тілге тиек етті. Айтуынша көптеген мемлекеттерде қойылып келе жатқан көрме бұл қалада да  сәтті өткен. Жалпы бұл көрме балабақша жасындағы баладан, жоғары оқу орындарында білім алатындарға дейін түрлі жастағы адамдардың басын бір алаңға қосқан екен.

(Фотода: Әйгілі жауынгер киімінің жаңғыртпасы. Елеке Сазы Б.з.д. VIII-VII  ғғ)

Жалпы айтқанда, зергерлік өнер жауһарлары әр елде көрмені тамашалауға келген халықтардың жүрегінде рухани естелік қалдырғаны сөзсіз. Бір жыл бойы әлемді шарлаған «Алтын адам» экспозициясы қазіргі кезде елордадағы Ұлттық музейге әкелінген. Ашылғанына бес жыл болған музейдің өкілдері күллі әлемге қазақ елін танытатын әлемдік деңгейдегі мұндай шеру өткізуді  алдағы уақытта да жалғастырмақ. Сонымен қоса, жақында ашылған «Қазақ Алтайының қазынасы» атты көрмеде 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы  «Елеке Сазы» қорғанынан табылған кезекті «Алтын адам» жәдігері  көпшілікке ұсынылған. Бұл археологиялық экспедиция тарих ғылымдарының докторы әрі профессор Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен жүргізілген. Осымен жетінші «Алтын адамның» ғылыми реконструкциясын елордада тұрғызылған музейде алғаш рет таныстырған болатын.

(Фотода: Ақан Оңғарұлы)

- 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен өңірлік бағдарламаның негізінде Тарбағатай ауданындағы Тарбағатай тауының басынан кезекті алтын киімді адам табылған болатын. Бұл олжаның бір ерекшелігі - 1969 жылы табылған Алтын киімді адамынан  кейінгі орында сақталған әрі тонаушылыққа ұшырамаған үлкен олжа болуы. Дегенмен де қос обада екі адам жерленген. Бірі 17-18 жастағы ер жігіт, бірі 13-14 жастағы қыз бала. Олардың туыстық қарым-қатынастары жайында қазіргі кезде генетикалық зерттеулер жасалынып жатыр. Бірақ әйел адам жатқан жер өз заманында толығымен тоналған. Ал ер адам жатқан жер тастың астына бастырылып қалуына байланысты бәрі сол қалпында сақталған. Сонысымен ерекше құнды болып есептеледі, - дейді ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының басшысы әрі тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы.

Мұнда келушілер археолог-ғалымның экспедициялық тобы қорғаннан олжалап қайтқан  ертедегі сақ мәдениетінің алтын бұйымдарын өз көздерімен тамашалай алады. Бұл олжалар шамамен біздің заманымызға дейінгі VIII-VII ғасырмен белгіленген.

Ашылғанына бар-жоғы бес жыл болған  музей өте бай қорымен ерекшеленеді. Мұнда қазақстандықтармен қоса, жыл сайын әлемнің көптеген елдерінен туристер ағылып келіп жатыр.

- Мәселен, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде музейге  шамамен 700 мыңдай адам келді. Бұл жаңа әрі жас музей үшін өте жоғары көрсеткіш. Себебі бұл ұлттық музей ЭКСПО кезінде жоғары дәрежелерде көрмелер өткізген болатын. Сол көрмелердің есебінен әрі экспозицияларды жаңартып отырғанның арқасында келушілер саны артты деп ойлаймын, - дейді музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс.

Нұрсерік Жолбарыс елімізде түрлі бағыттағы музейлерде бай қорымыз болғанымен, соларды насихаттаумен айналысатын  маркетингтік жағын  барынша дамыту керектігін айтады.

- Бас қалада бой көтерген ұлттық музей жас музей екені белгілі. Мұнда менеджмент мәселесі біртіндеп бірізділікке қойылып келе жатыр. Жалпы аяқ алысы жаман емес. Өзге де шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып жатыр. Алдағы уақытта бұл сала бір тұрақты түрде жолға қойылады деп ойлаймын. Әлбетте, оны бір жолға қойып қана отырмау қажет. Үздіксіз дамыта беру керек. Оған қоса,әр музей өзінің бейініне тақырыбына қарай шетелдердегі музейлермен байланыс орнатса, нәтижелі жұмыс болады деп ойлаймын, - дейді музейтанушы.

Еліміздегі музейлер ұлтымыздың бай тарихи жәдігерлері жұртшылық арасында кеңінен насихатталса, әлемдік топ музейлердің қатарына қосылатынымыз сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға