Қандастар Ассамблея

«Ақындық қасиет анамнан дарыған»

Ақын Назгүл Бердіқожамен сұхбат

Қазіргі буынғы ақындар мен эстраданың жарық жұлдыздарына Назгүл Бердіқожа есімі ерекше ыстық. Ақындар өздерінің замандастарының қатарында дауысы қоңыраудай сыңғырлап тұратын үні әуезді, өлеңдерін оқып отырып, ішіне сүңгіп кететін Назгүлдің шығармашылығынан хабардар. Ал халықтың алдында жүрген әншілер болса, шырқалған әндерінің бірі Назгүлдің сөзіне жазылса, жерде қалмайтынын жақсы біледі.

Назгүл ақын республикалық Арал күндері қарсаңында өткізілген жыр мүшәйрасының бас жүлдегері. «Өлең мен сені аялап өтемін» атты Фариза Оңғарсынованың 70 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының бас жүлдесін және Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында өткен республикалық Мұқағали Мақатаевқа арналған жыр мүшәйрасының бас жүлдесін иеленген. Облыстық «Сыр үміті» сыйлығының иегері. 2010 жылғы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты.

Талантты әнші, ерте өмірден озған марқұм Нәби Аймұратовтың «Мүмкін емес» әніне сөз жазған Назгүл одан кейін де талай хитменнің бағын ашты. Ендеше жүректі тербететін өлеңдерімен өмірін өрнектеген ақын қыздарыңызды оқырманға жақыннан таныстыруды жөн көрдік.

4b1152fc-f1b7-4e2b-8696-ec3eaab08902.jpg

Өлең жазуға құлшынысым 9-сыныпта оянды

Назгүл Бердіқожа Қызылорда облысы Арал ауданы Шижаға елдімекенінде дүниеге келген. Кішкентайынан өлең-жырға, әнге, термеге құштар болып өскен қыз Арал ауданындағы №64 мектептің орта мектептің түлегі. Жастайынан бірнеше үйірмелерге қатысқан. Ақын қыздың қиялы бүлдіршін кезден жүйрік болған. Олай дейтініміз бала күнінде өзге қатарластарынан дараланған Назгүл ұшқыш болуды арман етіпті. Оны әлі күнге дейін ешкімге айтпапты да. Балалық шақта аспанда кетіп бара жатқан ұшақтарға қарап, күндердің бір күнінде сол ұшақты меңгеруді қатты қалаған көрінеді. Бірақ өсе келе, өлең жазғаннан кейін сол аспанға жыр айдынындағы қиялмен де баруға болатынын ұғынған.

Нәзік дауысты Назгүл өлеңді бес-алты жасынан бастап жазған. Өзінің айтуынша, ол кездегі ұйқасы жоқ шимай-шатпағын анасына оқып беріп, жанынан қалмай жүреді екен. Кейін бастауыш сыныптарда оқып, сөзін түзеген соң, арнау өлеңдер жаза бастаған. «Анама», «Әкеме», «Әжеме», «Ақ мысығым» сынды тырнақалды туындылары есінде қалыпты. Ал өлең жазуға деген үлкен талпынысы, құштарлығы 9-сыныпта оянған. Оған себеп болған мына жағдайды ақынның өз аузынан естідік.

- Мектепте Желтоқсан оқиғасына қатысты кеш өтті. Сол кездесуге арнайы қонақ ретінде шақырылған кісінің айтқаны маған ерекше әсер қалдырды. «...Сол қыстың ызғарлы күндерінде өздеріңдей өрімдей қыздардың шашынан сүйреп, аппақ қардың үстінде сол қыздардың бала армандары тапталып жатты» деген сөздері әлі күнге дейін құлағымнан кетер емес. Әлгі кісінің әсерлі әңгімелерінен кейін «Желтоқсан – жырым менің» деген өлең жаздым, - дейді Назгүл.

Оның өмірдегі де, өнердегі де ұстазы, бағыт берген адамы, жанашыры – ол өзінің анасы. Ән, терме, ақындық жағынан өнер нағашыларынан дарыған. Назгүлдің анасы да ақын. Анасы мектепте бірнеше жыл мұғалім болған, Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі. Кішкентайынан жетелеп, өнерге баулыған анасының үміті бүгінде ақталды. Қызын халықтың алдынан көргісі келген ардақты жанның Назгүл қызы талай сахнада уытты жырларымен қалың көпшілікті ерекше күйге бөледі. Назгүлдің дамуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген анасы әдеби кітаптар оқуға кеңес беріп, мәнерлеп көркем сөз оқуға да баулыған. Ең алғаш осы ақындық әлемге бет бұруына да анасы Малика Нұралиева себепкер болған.

Халықтың жүрегіне жеткен ән

Марқұм белгілі әнші Нәби Аймұратов өмірінің соңғы жылдарында «Мүмкін емес» әнін орындады. Бұл әннің сөзін біздің бүгінгі кейіпкеріміз Назгүл Бердіқожақызы жазған. Оған дейін «Гүлімсің», «Мектептегі махаббат» деген секілді әндерімен халықтың ерке баласына айналған Нәбидің орындауындағы кезекті «Мүмкін емес» әнін халық ерекше ықыласпен қабыл алды. Назгүл өзінің осыған дейінгі бір сұхбатында: «Индира Елубаеваға Нәбидің өмірінің соңында осындай ауыр әнді орындағанына іштей қиналып жүрмін. Бұдан кейін бұл әнді ешкім орындамасыншы. Бұл бір бағы жанбаған ән болды», - депті. Алайда халықтың жүрегіне жеткен ән қанша уақыт өтсе де, жаңа тыңдармандарымен толығып отыратыны белгілі.

Жоғарыда айтқандай, Назгүлдің өмірінде 9-сыныпта өлең жазуға деген үлкен серпіліс пайда болған. Сол уақытта Төлегенше толғанып, Фаризаша армандап, Мұқағалиша сүйікті болу деген секілді қиялдарға ерік берген. «Мүмкін емес» әнінің тарихына тоқталған Назгүл бұл әннің қайырмасы 10-сыныптарда шыққан дейді.

- Сол кезеңдерде жазған өлеңдерімді күнделікке жазу «сән» болатын. Сондай өлеңдерім жазылған күнделік бір күні композитор Индира Елубаеваның қолына түсті. Ол оған ән жазды. Кейін бұны Нәби де көріп, ұнатты. Қалған шумақтарын жазуға ұсыныс тастады, мен қабыл алдым. Осылайша өмірге жаңа ән келген еді, - деп еске алған Назгүл сөзін былайша жалғады:

- Әннің де, өлеңнің де адам тағдырына әсері бар деп ойлаймын. Кезінде осы әнге қатысты сөзі өте ауыр деген сын естідім. Әннің сөзі поэзияға қарағанда жеңіл болуы керек дегенді де айтты. Маған қатты ауыр тиді. Бірақ ойланып қарасам, халықтың жүрегінен орын алған ән өміршең болады екен. Өйткені бұл әнді «Музарт» тобы да нақышына келтіріп орындады. Одан кейін «Заман» тобының орындауында да үлкен әсерге бөледі. Жұпар Садақбаева пен Айсәуле Қияс секілді сіңлілеріміз де орындап жүр. Оның өзі халық әлі күнге сүйсініп тыңдайтын ән екенін көрсетеді. Мұның өзі мен үшін үлкен бір қуаныш. Алдағы уақытта «Мүмкін емес» сияқты хит жазу ойда бар. 

Жеке жыр жинағымды шығару жоспарда бар

Назгүл Бердіқожа композитор Индира Елубаевамен шығармашылық тұрғыда жақын. Индираны өзі өлең болып, саз болып туылған қыз деп бағалайды. Әндерінің барлығы жүрекке тиетінін жұртшылық жақсы біледі. Назгүл Индирамен бірігіп, бірнеше әнге сөз жазған. Еркін Нұржановтың орындауындағы «Сені сүйді менің жүрегім», сондай-ақ, «Қорланның қоштасуы», «Өкініш тамшылары» деген әндерге сөз жазған.

Бір айта кетерлігі, Назгүл Бердіқожа жазба ақын. Осы уақытқа дейін талай топты жарып, мүшәйралардан бас бәйгені алған. Алайда осы уақытқа дейін мүшәйраларға қатысқан ақындар «арнау ақындары, сарай ақындары» деген теріс пікір алады екен. Алайда Назгүл Фариза Оңғарсынованың 70 жылдығына қатысқанда, болмаса Аралдың тойына «Арал әке» өлеңімен барғанда да, Шардараның су қоймасының 40 жылдығына қатысқан «Құмдағы аспан» өлеңін оқығанда да мақтау, мадақ үшін қатыспаған. Ол мүшәйраға нағыз халықтың жүрегінде қалатындай өлең апаруға талпынған. Дегенмен Назгүлге мүшәйраға өлең жазу лирикадан айырылып қалатындай әсер қалдырған. Мөлдіреген лирика жазу қиынға соғып кеткен. Сөйтіп, кейіннен мүшәйраға қатысуды да азайтқан екен.

Осы уақытқа дейін небір жүректі тулататын өлеңдерді өмірге әкелген ақынның жыр жинағы жарық көрмеген.

- Өлеңге келгенде селқос қарайтын адаммын, жартысы есімде, жартысы есімде жоқ. Өлеңді жаттау арқылы білетінмін. Қағазға жазған өлеңдерімді ұмытып қалдым, жоғалтып алдым. Әрі кетсе елуден аспайтын өлеңдерімді ғана жинақтап үлгерем. Мемлекет тарапынан, жеке кәсіпкерлер тарапынан да жыр жинағыңды шығарып берейік деген ұсыныстар болды. Көп болды. Менде соған дегенде немқұрайдылық болды немесе шығарайын деп ниеттенгенде екі мың жол болуы керек, мынанша өлең, баспа табаққа енгізген кезде ол өлең асып кеткен, шектеліп кеткен жағдайлар болды. Бірақ кейін қазіргі таңда қарасам ақынға керегі жинақ екен. Ол да қасыңдағы сәбиің секілді болады екен. Қазіргі таңда жыр жинақ шығару жоспарда бар.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлеген. Бұл кездесуге 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент мерекесі күні әкімдікте өлең оқығаны себеп болыпты. Сол өлеңді есептің артына тіркеп, министрлікке жіберген соң, өлең ұнап, арнайы шақырту алған. Республикалық деңгейдегі шараға барғанда өлеңге, дауыс мәнеріне өзге де критерийлерге ерекше мән беріп дайындалғанмен, талай мүшәйраға қатысып бұлай толқымаған Назгүл сол кезде дауысында діріл пайда болғанын жасырмады. Алайда кейін сахнаға шығып оқығанда, Елбасының жүзінің жылылығын көріп, бойындағы қорқынышы сейілген. Сол жерде өзінің ғана емес, Сыр елінің де атынан сөйлеп, ел сәлемін жеткізіпті.

«Алматының көшелері, Алатауы өзіңе өлең оқып тұрғандай әсер береді»

«Жалпы ақынды мақтау өсіреді де, өшіреді де. Егер ол ақын сынды қабылдаса, өседі. Қабылдамаса уақыт өзі-ақ өшіреді». Назгүл Бердіқожа осындай пікірде.

Назгүл ақындық өнерге келгеннен кейін жақсы пікірлер естіп, халық мойындаған ақындардан бата алған. Оның алғашқысы – өзінің анасы. Одан кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген мұғалімі, Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ерғали Абдуллаев деген ағайы. Ол кісі Абай, Шәкәрім оқуларына кетіп бара жатқанымда «орын алып кел» деп батасын берген. Одан кейін Сыр еліндегі ұстаздары санайтын, өлеңдерін биік бағалайтын Шәкизада Әбдікәрімова, Қатира Жәленова, Дүйсенбек Аяшұлы секілді ақындар қадамына сәттілік тілеген.

Назгүл танымал адамдармен шығармашылық байланыста. Асыра мақтағанымыз емес, нәзік үнімен, бірінен кейін бірі төгіліп тұратын жыр шумақтарымен елдің алдында жүр. Кеңінен танылуына Қызылордада тұрғаны кедергі келтірмей ме, мәселен негізгі шығармашылық орта Алматыда дегендей деп өз пікірін тыңдаған болатынбыз.

- Әрине, шығармашылық орта, шығармашылықтың қайнаған қазаны – Алматы қаласы. Оңтүстік астанаға жарысқа барып жүргенімде, Қызылорданы, оның шаңын сағынып қайтуға асығып тұратынмын. Алматы табиғатының өзі өлең ғой. Оның көшелері, Алатауы өзіңе өлең оқып тұрғандай әсер береді. Тұрмыс-тіршілігінен, Қызылордадан кете алмағаннан кейін шығармашылығыңа әсер етеді. Бірақ «Нағыз талант тасты да жарып шығады» дейді. Мәселе, Қызылордада, Алматыда, басқа қалада, шетелде тұратындығыңда емес. Ең бастысы – өлеңді жүрекпен жазып, халықтың көңілінен шығатын жыр жазсау, ақын үшін үлкен бақыт сол.

Назгүл Роза Әлқожамен әпкелі-сіңлідей жақын. Ол кісі де өнерді сүйетін адам. Өзі де өнерлі. Ақын, әнші, сазгер. Сонымен қатар жылт еткен сәуле көрсе соны жарыққа шығармайынша тыным таппайды екен. Ол жалғыз Назгүлмен ғана рухани жақындықта емес екен, жүрегінде сәулесі бар, бойында дарыны бар жас таланттардың барлығын қанатының астына алып жүретін жан дейді. Сондықтан да Назгүл Роза әпкесімен рухани жақындықпен қатар, туған әпкесіндей жақын қарым-қатынаста.

Назгүл Бердіқожа «Мүмкін еместен» кейін де әншілермен шығармашылық байланысын үзбеген. Атап айтсақ, Роза Әлқожаның, Жанель Нұржанованың, Заттыбек Көпбосынұлының, Қайрат Нұртастың, Ерлан мен Баянның орындауындағы біршама әндерге сөз жазған.

Ақындар шабытты тек мұңнан алмайды

Назгүл Бердіқожа бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде оқытушы. Ақындықпен қатар, ғылыммен айналысуға да ден қойған. Зерттеу жұмысының тақырыбы ақындық әлемінен алыс емес. Туған жері Арал ауданынан шыққан, түйеден құлап майып болған, бірақ өмірінің соңына дейін өмірін поэзияға арнған Зейнолла Шүкіровтің шығармашылығы жөніндегі докторлық диссертациясын әлі де зерттеу үстінде.

Назгүлдің ең танымал өлеңдерінің бірі – «Менің өмірім – мұңнан тұрғызған мұнара» өлеңі. Осы ретте біз Назгүлден «ақындардың көбі мұңға жақын келеді, сонда шабытты мұңнан ала ма?» деп сұрап көрген едік.

- Ақынның жаны мұңға жақын келеді, әрине. Сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрсеге көңіліміз түседі. Кішкене біреу көңілге тиетін сөз айтса, жалғызсырап қаламыз. Бірақ мұңмен жүреді деп айта алмаймын. Көңілді сәттерім де бар. Екі қызымның өсіп келе жатқанына, олардағы әдемілікке қарап, шабыт аламын. Табиғатқа қарап та шабыттанасың. Жаным күзге жақын. Сап-сары жапырақтардың жерде жатқанына, оларды менің басып келе жатқандығымның өзі шабыт. Жапырақтың өзінен әсер алып, өлең жазуым мүмкін. Қазіргі уақытта шығармашылыққа көңіл бөлу үстіндемін. Өлеңді жазайын деп жазбайсың, өлең өзі келеді.

Кезінде Премьер-FM радиосында «Өмір-өлең» бағдарламасын тізгіндеген еді. Сол радиода ақындар өлеңін оқыған, бірнеше жыл жұмыс істеген. Өлең оқуға деген дауысын реттеп, үнін танытқан осы радио екен. Кейін осы бағдарламаны жергілікті «Қызылорда» телеарнасында жалғаған.

Назгүл бүгінде біраз ақындармен шығармашылық байланыста. Ерлан Жүніс, Танакөз Толқынқызы, Бақыткүл Бабаш, Ақберен Елгезек, Айнұр Төлеу мен Жадыра Байболанованың өлеңдерін іздеп жүріп оқитын көрінеді. Бүгінде өзінің де оқырмандары көбейіп, жыр әлемінде атын қалыптастырып үлгерген Назгүл Бердіқожа туралы әлі талай айтыла беретіні сөзсіз.

Ұқсас материалдар