Жаңалықтар

Қазақстандық қос фильм халықаралық фестивальде көрсетіледі

Қазақ киносының жетістігі
 Қазақстандық қос фильм халықаралық фестивальде көрсетіледі
10.01.2017 15:52 3635

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Аманат» және «Құнанбай»   12-29 қаңтар аралығында  Болгарияның София қаласында өтетін XIX халықаралық «MENAR» кинофестиваліне қатысады. Фильмдер фестивальдің «Фокус» бағдарламасы аясында көрсетілмекші.  

Қазақстан және Орта Азия елдерінен шыққан алғашқы тарихшы, көрнекті ғалым Ермұхан Бекмаханов туралы «Аманат» тарихи лентасы прокатқа өткен жылдың мамырында шыққан болатын.  «Аманаттың» режиссері әрі сценарий авторы – Сатыбалды Нарымбетов («Балалық шағымның Дон Кихоты» (1978 ж.), «Көзімнің қарасы» (1994 ж.), «Қызжылаған» (2002 ж.), «Мұстафа Шоқай» (2008 ж.).  Бұл картина «Оскар» премиясының «Ең үздік шет тілдегі фильм»  таңдалымына ұсынылды.

Ал, «Құнанбай» атты көркем фильмінің авторлары былтыр алғашқы ұлттық «Тұлпар» кинопремиясында үздік атанды. Атап айтқанда, басты рөлді сомдаған – Досхан Жолжақсынов «Үздік ер адам рөлі үшін» номинациясында жеңіске жетіп, Рустам Одинаев «Үздік қоюшы суретші», Төлеген Мұхамеджанов «Үздік композитор» атанды. Сондай-ақ, картина үздік сценарийі үшін де марапатталды. Сценарий авторлары – Таласбек Әсемқұлов және Досхан Жолжақсынов. 

Софиядағы «MENAR» халықаралық кинофестивалі Балқан түбегіндегі ең ірі мәдени оқиғалардың бірі болып саналады. Фестиваль жыл сайын көрермен қауымды мұсылман әлемінің дәстүрі мен мәдениетін паш ететін фильмдермен таныстырады. Фестивальдің бағдарламасы аясында Қиыр шығыста, Орта Азия елдері және Солтүстік Африкада түсірілген үздік көркем, деректі және қысқаметрлі фильмдер де көрсетіледі.

Қазақстандық картиналар 14 қаңтар күні «Еуро синема» кинотеатрында ағылшын тіліндегі субтитрлармен көрсетілетін болады.

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға