Жаңалықтар

«Шектен шыққан» шығармашылық дағдылар

Дарынды жазушы күй талғамайды деп ойлайсыз ба? Онда оқыңыз...
«Шектен шыққан» шығармашылық дағдылар
20.01.2018 16:19 9085

Жазу жүрек түйсінген сезім мен ойлардың қағазға құйылуы дейді. Алайда осы үрдістің өзі де әртүрлі қаламгерде әр алуан түс алып жатады екен. Жазуға деген жан қалауы біреуде ауа-райына, мерзімге байланысты болса, енді біреуде автордың айрықша орта мен жағдайды қажет етуінен көрінеді. Ал тағы бір жазушылар өз ойындағы шығармасын жазуда мүлдем байыбына бармас ерсі әрекеттерге де барып жатады екен. Бәріне бірдей тән болмағанымен, басым көп санды шығармашылық иесінің өзіндік жазу қалпы мен әдет-дағдылары бар болса керек. Осы ерекшеліктер жазушының мінез-болмыс және басқа да қасиеттерінен хабар беріп тұрғандай. Төменде кейбір қаламгерлердің таныс та бейтаныс шығармашылық дағдыларын атап өткім келеді.

Тағамның  таңғажайып әсері

Кейбір қаламгерлердің шығармашылығына дәмді тағамдар мен иістің ықпалы аз емес. Агата Кристи осы айтқанымыздың айқын мысалы бола алар еді. Айталық, оның шығармаларындағы кейіпкерлер – Марпл бикеш пен ізкесер Пуаро мырзаның шай мәзірінен көрініс табатын кремді тоқашы, шынтуайтында, Агата Кристидің өзінің сүйіп жейтін дессерті болатын.

Жазушы Агата Кристи жұмыс үстінде

Ол жазумен айналысқанда үнемі крем қосылған тоқашты жазу машинкасының жанына қойып, соның тәтті дәмінен шабыт алған деседі.  

Қаламгердің немересі бір естелігінде Агата Кристидің үлкен кеседен крем жейтінін айтады. Өзінің шамадан тыс көп жеуін тежеу үшін кесенің сыртына «ашқарақтануға болмайды!» деп жазып қоятынын еске алады немересі.

Кремнен бөлек, Агатаның шығармашылықтағы тағы бір дағдысы – ваннада жатып алма жеу. Ол бір жағы алма жей отырып, детективтерінің шытырман сюжеттерін ойластырады екен. Жазушы өзінің бұл әдетін сондай-ақ шығармасындағы ізкесер Пуароның қасында бірге іс жүргізетін Оливер ханымның бойынан да көрсетеді (бәлкім автор бұл кейіпкерді өзінің прототипі ретінде сомдап, сол арқылы өз болмыстарын сіңірген де болар).   

Туындыларының дүниеге келуін тағам және иіспен байланыстырған Агата детектив әңгімелерін жазуды ас әзірлеумен ұқсатады. Оның  ойынша, «детектив жазу - соус әзірлеумен бірдей. Барлық керекті материалдардың бабын келтіріп араластырсаң болғаны».

Қағазға деген айрықша талап

Жазумен, шығармашылықпен айналысатын қаламгерлер үшін қағаз ең қажетті құрал. Сондықтан оған деген талап та алабөтен. Тіпті бұл тұрғыда кейбір жазушыларды кірпияз деген сипатпен де байланыстыруға болатын тәрізді. Мысалы, «Лужин қорғанысы», «Өшкен алау» қатарлы классикалық  туындыларды өмірге әкелген Владимир Набоковты осы санатқа жатқызуға болар еді. Ол жазбасын төртбұрыш  картотекаларға жазатын болған. Бұл оған кейбір оқиғалар мен суреттеулерді хронологиялық ретін сақтамай-ақ жазып қалдыра беруге көп мүмкіндіктер беретін. Ал соңынан жазбаларды өзінің еркі бойынша қайтадан  тәртіптей алатын-ды. Владимир Набоков сонымен бірге көлік ішінде отырып жазғанды ұнатыпты. Қаңтарулы тұрған машина ішінде кітап оқу немесе қалам түрту оны өзге ортадан алшақтатып, жанына жайлылық сыйлайтын тәрізді.

Владимир Набоков кезекті шедеврін жазу үстінде

Тағы да айталық, «Бавари ханым» туындысымен атын әйгілеген француз жазушысы Флобердің қағазға қояр талабы мүлдем ерекше. Шығарма жазарда ол он жолдық қағаздың тек бірінші жолын ғана қарындашпен жазып, қалған тоғыз жолын бос тастайды екен. Сол жылдары шығармашылықта Флоберден үлгі алып, одан өрнек іздеген Мопассан жазушыдан қағазды неге соншама обалды ететінін білмек болады. Сонда Флобер: «менің ылғи да ұстанатын бір дағдым бар: бір қағаздың бірінші жолына ғана жазып, қалған тоғыз жолын түзетуге қалдырамын»,– деген екен.

Мұндай мысалдардан тағы бірін келтірсек, француздың романтизм бағытында қалам тербеген жазушысы Дюма да өзі жазатын қағазына елден ерекше көзбен қарапты. Ол прозалық шығармаларын көк түсті қағазға, өлеңдерін сары түстіге, ал мақалаларын күлгін түсті қағазға жазған екен. Бірде сапарлап жүргенінде көк түсті қағазы таусылып қалғандықтан, шығармасын ақсары түстес қағазға жазыпты. Нәтижесінде кейіннен сол әңгімесінің аңысы тым шіркін-ай болмағанға ұқсайды. Бұл жайт оның қағазға деген өз ұстанымын бекіте түсті деседі.

Оғаш сенімдер

Кей-кейде қаламгерлер қисыны жоқ, оғаш әрекеттерді жазушылық дағдыға айналдырып жатады. Оған мысалды неміс әдебиетінің көрнекті өкілі  Шиллерден табуға болады.

Әйгілі жазушы Шиллер жайлы Гете бірде оның үйіне барғанын, алайда ол үйіне әлі келе қоймағандықтан жазушының жазу бөлмесінде оны күте тұрмақшы болғанын айтады. Арада бірер сәттен кейін  Гете жайсызданып, басы айнала бастағанын сезінеді. Сөйтсе Шиллер шкаф суырмаларының бірінде шіріген алма сақтайды екен.  Шіріген алманың «ерекше» иісі арқылы ол өзіне шығармашылық шыбыт алса керек.  

Шиллер сияқты ұшқары дағдысы болмаса да, жазушылықта өзіндік наным ұстанатын қаламгердің  бірі – Трумен Капоте. Көптеген голливудтық фильмдердің сценарисі Капотеде өзіндік ұстанатын ережелер бар екен.  Ол жұма күні ешқашан туындысының жаңа тарауын бастамайтын және аяқтамайтын болған. Сондай-ақ қонақ үйге қонғанда берілген бөлменің  немесе телефон нөмірінің қай-қайсысында 13 цифры кездесетін болса, басқа бөлмеге ауыстырады екен. Оған қоса күлсалғыш ішіндегі темекі тұқылын 3-тен асырмайтын болған. Алда-жалда аса қалса, онда тұқылды киім қалтасына сала салудан тайынбайды екен.

Ырымшыл Трумен Капоте

Егер сіз Чарльз Диккенстің шығармашылық әдетін естігеніңізде жоғарыдағы шірік алманың иісін сезбей де қалар ма едіңіз. Англияның аты мәшһүр әйгілі жазушысы былайғы өмірде кісі түсініп болмайтын шығармашылық әдеттерге ие деседі. Оның да себептері жоқ емес екен. Жазушы мейлі қайда ұйықтасын төсегінің басын солтүстікке қарататын болған. Ондағысы темірқазық бағытына қарауы оның шабытын шалықтата түссе керек. Мецмель гипнозын қолданғанды жақсы көреді екен әрі  оны дос-жарандарына эксперимент ретінде жасайтын  деседі. Сонған қоса жазушы шаштарының ұйпаланып қалғанын жек көріпті. Сол үшін тарағын көзінен таса, қолынан жырақ қылмайды деседі. Мұның бәрінен де қызығы қаламгер некрофилияға бейім болып, бейіттерге барғысы келіп тұрады екен.  Өзі айтты дегенге илансақ, Парижде болғанында өзі баруды ойламаса да, көзге көрінбейтін бір тылсым күш еріксіз бейіт пен мазарларға жетектейтін көрінеді.

Портрет, бюст және айна немесе ұстаздар мен бақталастар

Ағылшын жазушысы, журналист Себастьян Фолкс өзінің әрбір кітабының «қорғаушысы» бар деп есептейді. Өйткені ол жазуға отырғанда қарсы қабырғада Толстой мен Чарльз Диккенстің бюсттері және Джордж Оруэллдің портреті тұрады екен. Ол шығармашылықпен осы қаламгерлердің «көз алдында» шұғылдануды жөн санапты.

Сондай-ақ осыған тектес әдет ағылшын ақыны, жазушы, драматург Дилан Томаста да кездеседі. Оның шығармашылық бөлмесінде Уолт Уитмен, Луис Макнис және Уистен Оден қатарлы ақындардың фотосуреттері ілініп тұратын болған.

Жазушы Томас Диланның кабинеті

Норвег драматургі Генрик Ибсен Швед драматургі Август Стриндбергті өзінің ең үлкен бақталасы санапты. Және ең қызығы Генрик жазуға отырғанда үстелінің үстіне осы бақталасының портретін қойып қояды екен. Ол осылай жазғанда ғана тамаша туынды жарата алам деп сеніпті.

Ромен Ролланның жазу үстелінде айна тұрады екен. Ол осы айнадан өзінің бет әлпетіндегі өзгерістерді мұқият бақылай отырып, шығармашылықпен айналысыпты.

Әлдебір затты керексіну

Ағылшынның әйгілі ақын, романист жазушысы Роберт Грейвс жазу кабинетіне тек қолдан жасалған бұйымдарды ғана қоятын болған. Оның пікірінше, жазу бөлмесінде қолөнер бұйымдарынан тыс өзге жасанды дүниелердің болуы оңашада ойға шомып, шабыттың келуіне кедергі келтіретінге ұқсайды.

Мұндай әдет Николас Мослидан да кездеседі. Оның жазу үстелінен әлемнің әр елінен жиналған ұлттық бұйымдар коллекциясы орын алыпты. Ал нобель сыйлығының лауреаты, америкалық  жазушы Джон Стейнбектің жазу үстелінде ұдайы өткір ұшталған 12 қарындаш тұратын болған. Жазумен көп шұғылданатыны соншалық онымен жұмыс жасаушы агенттік редакторы  саусағы мүйізгектеніп кетпес үшін оған 6 бүйірлі қарындашты емес, дөңгелек қарындашты дайындап береді екен.

Жазушы Джон Стейнбек

Жатып жазғаннан жан рахатын тапқан

Ирландиялық ақын әрі жазушы Джеймс Джойс соңғы кездерінде еңбектерін үстіне ақ жамылғы жамылып, төсегінде етпеттеп жатып жазатын болған. Соңғы романы "Финнеганды еске алуды"  («Finnegans Wake») балауыз қарындашпен картонға жазыпты. Әрине, бұл оның тамаша туынды жаратудағы ойлап тапқан тосын тәсілі емес, керісінше мұқтаждығынан жасалған амалсыз қадамы еді. Не жазып отырғанын анық көру үшін жазушы үлкен балауыз қарындашпен жазған. Себебі қаламгердің көру қабілеті нашарлап кеткен-ді. Ал ақ жамылғы қараңғы түнде жарықты жақсы қайтарады деп түйсінген.

Бұл мезетте Трумен Капотені жұмыс жасап жатыр дегеніне сену қиын)

Алдында атап өткен жазушы Трумен Капотенің тағы бір ерекшелігі – ол   шығармаларын жатып жазған. «Мен тек жатып жазғанда ғана тың ойларыммен қауышамын» деген ол төсекте не диванда жатып қалам тербеген. Тек темекісі мен кофесі міндетті түрде жанынан табылуы керек.

Пулицер сыйлығының иегері, жазушы Эдит Уортон те  төсегінде жатып жазғанды жаны сүйіпті.

Тұрып жазуға дағдыланғандар  

Британия модернизм әдеби бағытының көрнекті өкілі, жазушы  Вирджиния Вулф тұрып жазғанды жақсы көріпті. Оның үш жарым ағылшын мильіндей биік жазу үстелі қазіргімен салыстырсақ баяндама жасайтын трибуна биіктігімен шамалас болар еді. Жазушы бұл дағдысын өзінің Ванесса атты әпкесінен алған екен. Өйткені әпкесі суретші болғандықтан оның тұрып сурет салатынына қызыққан Вирджиния да шығармашылықпен тұрып айналысатын әдет қалыптастырыпты.

Егер жолыңыз түсіп Уильям Вордсворттың мұражай үйіне бара қалсаңыз бұл романтик ақынның да туындыларын тұрып жазушылар қатарынан екенін байқайсыз. Себебі оның үйінің қай бөлмесінен де жазу үстелін көзіңіз шалмайды. Ақын шығармаларын көбіне терезенің жақтауында Кесвик өзеніне көз тастап тұрып жазған екен.

Ал тұрып жазу әдеті, сонымен бірге, әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйге де тән. Қаламгер шкафының үстіне жазу машинкасын қойып, өзі тұрып жазады екен. Жазушы тіпті жұмсақ төсекті жақтырмайды екен. Жазушы тек машинкамен емес, қарындашпен де жазатын болған. Аса өнімді күндері жазушы 7 қарындашқа дейін тауысқан екен. 

Хемингуэйдің жұмыс бөлмесінде орындық болмаған деседі  

Сонымен бірге Американың атақты ақыны Уоллес Стивенс те осы қатардан табылады. Ол өлеңдерін серуендеп жүріп шығарады екен. Онысын дереу қағазға түсіріп, кейін хатшысына теруге беретін болған.

Үйшікте қалам тербеген

Джордж Бернард Шоу жазумен алаңсыз айналысу үшін Хартфордширдағы үйінің бақшасында арнайы ағаштан үйшік жасатады. «Мен адамдардың мені мазалауынан мезі болып, олардан бойымды аулаққа салғым келгенде осы үйшікке келемін» дейді қаламгер. Бұл шағын жазу орнын өзі «Лондон» деп атапты. Сонымен оны іздеп келушілер қаламгерді қайда кетті деп сұрағанда «Лондонға» кетті деген жауап әдемі тойтарыс болғ аны анық.

 

Бернард Шоудың атақты үйшігі осы

«Чарли және шоколад фабрикасы» еңбегінің авторы Роальд Дальдің де үйінің ауласында жазумен айналысуға арналған үйшігі болыпты. Оның ішінде қаламгер өзінің әртүрлі жеке коллекцияларын сақтаған екен. Ағылшын жазушысы Дилан Томас шығармаларын гаражда отырып жазаыпты. Оның ойынша гараж оған шабыт сыйлап, тың идеялар береді.

Туындысын қонақ үйде жазғандар

Америкалық жазушы Майя Энджелоу шығармаларын қонақ үйде жазғанды ұнатады екен. Сонымен бірге  әңгіме жанрының алыбы Томас Вулф, жазушы Джек Керуак, Артур Миллер қатарлы жазушылар да Нью Йорктың әйгілі Челси қонақ үйінде жазумен шұғылданыпты.

Әйгілі Chelsea отелі. Нью-Йорк

Ваннадан  шабыт іздеген

Жазушы, сценарист Далтон Трамбо кешкі жуынатын уақытта шығарма жазуды ұнатқан екен. Актер Кирк Дуглас сыйлаған тотықұсын алып, ваннада жатып, шығарма жазғанды жаны қалапты. Сондай-ақ Род Мак-Кюэн де ваннада жатып әнге сөз жазған. Есімі бұдан өзге де жерде аталған Агата Кристи де осы ваннада шығармашылығының кілтін тапқандар қатарында. Оның жуынатын бөлмесіндегі ванна виктория үлгісіндегі үлкен  еді дейді көз көргендер.

Қалыптан тыс «нормалар»

«Оскар» жүлдесінің 4 мәрте иегері, жазушы Вуди Аллен жас кезінде шығармаларын метрода жазса, ағылшын ақыны  Эдит Ситуэлл беті ашық табытта жатып қалам тербепті. Ал Виктор Гюго «Париж Құдай-ана соборы» шығармасын жазғанда далаға шықпау үшін киімдерін тықтыртып тастап, тек желбегей жамылғымен қалып, өзін мәжбүрлеу арқылы жазған екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға