Жаңалықтар

«Aitys online» – заманауи өнердің жаңа тынысы

Ұлттық жоба жалпыхалықтық сипатқа ие болса...
«Aitys online» – заманауи өнердің жаңа тынысы
24.04.2019 11:26 5889

Ақпараттандыру үдерісінің жойқын жылдамдықпен дамуы электронды желілердің көмегімен бір тетікті басып, барлық нәрсеге қол жеткізуге болатынын дәлелдеп келеді. Соның бір көрінісі – «Aitys online» ұлттық жобасы. Қазақ халқының мұрасы, ұлттық құндылық саналатын, журналистиканың бір жанры – айтыс өнері бүгінде жаңаша бағытта, жаңаша қарқынмен даму үстінде. Атадан мирас болған дәстүрімізді дәріптеуге ғаламтордың ықпалы өте зор болып отыр.

«Aitys online» дегеніміз не? Иә, аты айтып тұрғандай бұл айтыс өнерінің ендігі кезекте онлайн түрде, тікелей интернет желісі арқылы жүргізілуі. Осы жобаның хедлайнері  атақты айтыскер – Ринат Заитовтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жаңашылдықтың ерекшелігі сол,  айтыскерлер ешқайда шықпай, өз қаласында отырып-ақ қарсыласына қоңырау шалу арқылы сайысқа түсе алады.

Ринат Заитов: «Aitys online-ға» Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас, болашағынан үміт күттіретін, жалынды ақындар қатысып жатыр. Келер күні осы балалар елдің жүрегінде қалатындай, үлкен қадамға жолашар бастама болсын деген ниеттемін», – дейді.   

Жалпы, «Aitys online» жобасының ережесі бойынша қатысушы ақындар «А» және «Б» тобы болып екіге бөлінеді. Барлығы 8 айтыскер бір-бірімен бейнеқоңырау арқылы сайысқа түседі. Алдын-ала дайындықсыз, өз импровизациясымен әдемі әзіл, салмақты ой айту арқылы өзара мықтыны анықтайды. Топтарында ең көп ұпай жинап бірінші орын алған екі  қарсылас финалда өнер көрсетеді. Барлық шығарылымда үздіктерді көрермендер анықтайтын болады. Яғни, желі пайдаланушылары тікелей эфирде жүргізілген видеоның төменгі тұсына өз пікірлерін жазу арқылы дауыс береді. Оның уақыты бір аптаға созылады. Жобаның жүлде қоры – 1 миллион теңге.

Ең алғаш жобаны бастаған жұп – қызылордалық Нұрзат Қару мен нұр-сұлтандық Нартай Тілеуқұл болды. Одан кейін ақтаулық Мағжан Жұмабай мен шымкенттік Бекжан Базарбек айтысты жалғастырды. Келесі болып Семей өңірінен Манарбек Сатыбалдин мен петропавлдық Дәулет Құрмаш өз өнерлерін көрсетсе, кезекті жұп алматылық Алтынбек Ибрагим және оның қарсыласы Анкарадан Нұрқанат Қайрат болды.

2019 жылдың 9 ақпанынан бері екі айға жуық уақытқа созылған бұл жобаның қатысушылары бірінші және екінші айналым бойынша өзара сайысқа түскен-тін. Қазір көпшілікке жеңімпаздардың есімі белгілі болып отыр. Ал дәл қазіргі уақытта іріктеу кезеңінің үшінші айналымы өтуде. Әр турда айтыскер ақындар өзара жұп алмасып, өнерлерін ортаға салып, жарысты одан әрі жалғастырып келеді. Бірнеше жұптың айтысынан кейін үшінші айналым да өз мәресіне жетпек. Соның нәтижесі бойынша финалистер белгілі болады. Осылайша, жалғасын тауып келе жатқан дүбірлі додада кімнің жеңімпаз атанарына алдағы күндері барлығымыз куә болатын боламыз. Бұл жобадағы бас-аяғы 30 минутқа созылатын айтыскерлердің тартысты сайысының толық нұсқасын «You Tube» желісі бойынша «Aitysonline» парақшасынан тамашалауға болады. Ал қысқаша видеоүзінділер мен соңғы жаңалықтарды, алдын-ала берілетін жарнамалар мен анонстарды жіберіп алмас үшін «Instagram» желісіндегі «Aitys4g» парақшасына тіркеліп, көріп отырыңыз.

14 шығарылымнан тұратын «Aitys online» жобасының әрбір шығарылымынан кейін «Айтыс шолу» болып тұрады. Онда Ринат Заитов халыққа танылған белгілі айтыскерлермен сарапшы ретінде әрбір қатысушының сөз саптауын, кемшіліктері мен жұтаң тұстарын немесе өте ұтымды шыққан сөздік қолданыстарын талдап, саралап, ортаға салады. Бұның пайдалы жағы өте көп, маңыздылығы да жоғары. Себебі есімдері жұртқа белгілі, айтыс өнерінің майталманына айналған атақты да елеулі айтыскерлердің әрбір сөздері, жас ақынның қай-қайсысын болмасын шыңдай түсері хақ. Кез-келген айтыскерге өзіне қарата айтылған сыни пікірлер, мақтау сөздер оның одан әрі өсуіне, қайралуына, түзелуіне және де шығармашылық дамуына себепші.  

Жас ерекшелігі бойынша «Aitys online» ұлттық жобасына шамамен 17-25 аралығындағы жас ақындар қатысуда. Желідегі көрермендердің онлайн айтысқа деген қызығушылығы мен белсенділігі көпшілікті қуантты. Оған дәлел, екінші айналымда қызылордалық Нұрзат Қару мен қызылжарлық Дәулет Құрмаштың айтысқан сәттегі дауыс беру нәтижесі бойынша жобаданың алғашқы рекорды орнатылған болатын. Дәулет – 1189 дауыс жинаса, Нұрзат –  1334 ұпаймен алға шықты. Бұл дегеніміз – қазақ жастарының, айтыссүйер қауымның айтыс өнерінің жаңа жанрына бей-жай қарамауы.    

Фото: «Aitys online-ға» қатысушылар

Жеңіске жетемін деген үмітпен Петропавл қаласы атынан бағын сынап, дүйім жұрттың ықыласына бөленіп үлгерген жас ақын,  18 жастағы Дәулет Құрмаш: «Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Бұрын-соңды болмаған бұл айтыс түрі заманға сай ерекше форматта болды дер едім. Онсызда уақытының көп бөлігінің желіде өткізетін қазақ жастарының арасында ғаламторды тиімді қолданып, пайдалы дүниелер көруіне аз да болса септігін тигізетін, мейлінше рухани сусындап, баюына жақсы мүмкіндік бере білген жоба болды деп үміттенемін. Сондықтан, алдағы күндері мұнымен тоқтап қалмай, өз жалғасын табады деген ниет бар», – деді. ол әзірге жоғары оқу орнында тегін білім алып жүр. Дәулет ақысыз оқуының себебін сөз сайысы, жыр жарысы – айтыспен байланыстырды. Мектеп табалдырығында жүргенде-ақ, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік униветситетінде өткен айтыс жарысына қатысып, бас жүлдеге берілген грантты жеңіп алған екен.

Жалпы қазақ ауыз әдебиетінде айтыстың түрлері көп болған. Жіктелуіне қарай «Түре айтыс» түріне бір-бір ауыз өлеңмен қайырылатын «Бәдік» айтысы, «Жар-жар» сияқты айтыстар кірсе, «Сүре айтыс» түріне «Ақындар» айтысы, «Қыз бен жігіт» айтысы жатқызылады. Ал әрі қарай мазмұндық сипаты мен тақырып аясына байланысты жүйеленіп, жіктеле береді. «Өтірік өлең» айтысы, «Жұмбақ», «Мадақ» айтысы және тағы да басқа көптеген түрлерін кездестіруге болады. Бұл тізімдер қатарын енді «Онлай» айтыс түрі толықтырып отыр. Салт-дәстүріміз бен ұлттық өнерімізді жастар арасында ғаламтор арқылы насихаттаудан ұтылмасымыз анық.

Айтыс – халық арасында бір-біріне ақпарат тарату функциясын атқарып, ұлтымыздың ежелден еркін пікір алмасу мен сөз бостандығының құралы болған. Ғаламтордың қауқары мен әлеуетін ескере отырып, тек айтыс өнерін ғана емес, қазақ халқының барлық құнды жәдігерлерін осы виртуалды әлемге енуіне жол ашып, ел болашағы үшін қызмет етуіне қолдау білдіргеніміз жөн іспетті.

Дәл осы жастар арасындағы «Aitys online» жобасы кең көлемде, әлемдік деңгейде өткізілсе, дүниежүзіне танылудың тағы бір ұтымды жолы болмақ. Онлайн айтысудың ерекшелігі де сол – дүниенің кез-келген бөлігінде байланысты орната сала, кең аудитория жинап, дауыс беріп, тікелей эфирде қайталанбас шоуға куә болу. Желі арқылы тікелей онлайндық пікір таластыру өзара тілдесіп, көрермендердің де сұранысын қанағаттандыруға жол ашады. 

Тақырыпқа қосымша. Жалпы айтысты тек әдебиетпен ғана емес, журналистика жанрларымен де тығыз байланыстыруға болады. Біріншіден, айтыскерлер біріне-бірі сұрақ-жауап алмасып, кері байланыс орнатуынан сұқбат жанрын, яғни интервьюді көруге болады. Екіншіден, болған оқиғаны баяндап, жеткізуінен – репортажды және әзіл мен қалжың араластығынан – сатира жанры байқалады. Ал болған жағдайларды сараптап-талдау тұрғысынан қарағанда аналитикалық жанр ситап алады.

Айтыс қай заманда да өз биігінен түскен емес. Оны дүйім жұрт ақындардың суырып салмалылығын бағалау үшін, шешендігіне тамсанып, ұтымды ой мен тапқырлығына байланысты тамашалайды. «Aitys online» да сол биіктен көрініп, қалың көрерменнің көңілінен шығып, әрі қарай да жалғасын табады деп үміттенеміз. Айтыс өнері қазақ халқының қанына сіңген қасиетті өнер. 

(Суреттер «Aitys online-ның» facebook.com парақшасынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға