Жаңалықтар

25 қазан кинопремьералары

Аптаның  үздік кинопремьерасында 2 қазақстандық картина бар
25 қазан кинопремьералары
25.10.2018 21:16 8265

Бүгін прокатта: Ерке Есмаханның кафедегі махаббаты, аю-адамның қолынан тәлім алған бала туралы аниме, Жанна Исабаеваның авторлық картинасы, Киану Ривз түскен ғылыми-фантастикалық триллер, йетилер туралы мультфильм және Ресей киносының бірнеше өнімі.

 

 

«Махаббат» кафесi - әнші Ерке Есмаханның кинодағы үлкен дебюті. Үлкен деуіміз – алғаш рет басты рөлде ойнап, әрі жобаға алғаш рет продюсер болып отыр. Фильмге режиссерлік еткен Асқар Ұзабаев, актерлерден Шәріп Серік пен Әбунасыр Серіков бар.

Сюжетінде қалалық жігіт Шыңғыс бандиттерден қашып жүріп ауылға келеді. Бұл жерде жол бойындағы кафеге аспаз болып орналасады. Кафенің иесі мен оның қызы Шыңғысты жақсы қабылдайды. Алайда өткен өмірден құтылу оңай емес. Бұның салдары кейіпкердің жақындасып кеткен адамдарына да кері әсерін тигізуі мүмкін.

 

 

«Ученик чудовища» (Bakemono no Ko) – жапонның белгілі мультипликаторы Мамору Хосоданың жаңа жұмысы. Анимациялық картинаның әлемдік премьерасы 2015 жылы өтті.

Сюжеті: Токиода жоғалып кеткен Киюта есімді бала балама әлемге тап болады. Бұл жерде оны адам-аю тәрбиелеп шығады. Ол көп жылдар бойы баланы төбелес өнеріне үйретеді.

 

 

«Отвергнутые» - Қазақстанның тәуелсіз режиссері Жанна Исабаеваның картинасы. Әлеуметтік драма шектеулі прокатпен Chaplin кинотеатрлар желісінде ғана көрсетіледі.

Сюжет бойынша көп балалы отбасыдан шыққан 25 жасар Айғаным біраз уақыттан соң туған үйіне оралады. 7 жыл бұрын білім алу үшін Алматыға кетіп, сол жақта бір жігітпен танысқан болатын. Алдымен үйленемін деп алдап алып, Айғанымды екіқабат күйінде тастап кетеді. Отбасы қыздан және оның некесіз туған ұлынан бас тартады. Алайда туыстарын сағынған ол ауылына келеді. Келіншек қол үзіп қалған отбасыға қайта сіңісіп, солардың бірі болғысы келеді.

 

 

«Репродукция» (Replicas) - Киану Ривз түскен ғылыми-фантастикалық триллер. Әлемдік премьерасы қыркүйекте Торонто кинофестивалінде өтті.

Фильмде автокөлік апатының кесірінен отбасынан айырылған биолог-ғалым туралы баяндалады. Ол қайғыдан ақылға сыймайтын әрекетке барады – ғалым әйелі мен балаларын клондап өмірге қайтармақшы болады. Алайда билікке бұл ақпарат жеткеннен кейін оның ізіне түседі.

 

 

«Смолфут» (Smallfoot) – испан қаламгері Серджо Паблостың шығармасына негізделген комедия мультфильм.

Картинада қар адамы аталып жүрген жұмбақ тіршілік иелерінің басынан кешкен қызықтары айтылады. Жас йети адамдардың бар екеніне сенбейтін. Алайда күндердің күнінде ол адамды кездестіреді. «Смолфут» туралы жаңалық оған танымалдық алып келеді. Сондай-ақ йетилер мекенінде осыдан кейін абыр-сабыр басталады.

 

 

«Несокрушимый» - ресейлік әскери драма. Фильмге «КВ-1» танк экипажының өмірде болған ерлігі арқау болған.

Тарихи деректер Семен Коновалов басқарған жалғыз экипаж күші басым жауға төтеп беріп, 16 танкты, 2 бронемашинаны және жауынгерлер мінген 8 автомашинаны жойған. Оқиға Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ростов облысында болды. Фильмде осы қаһарман сарбаздардың ерлігі көрсетіледі.

 

 

«Ремнант: Всё ещё вижу тебя» (I Still See You) – Бэлла Торнның қатысуымен түсірілген мистикалық триллер.
Фильмде көп адамның өмірін жалмаған тылсым құбылыс туралы баяндалады. 10 жыл бұрын бір тылсым оқиға болып, салдарынан талай адам көз жұмады. Рони есімді қыздың жақындары да сол оқиғаның құрбаны болған. Бұл тылсымның құпиясын ашқысы келген Рони басқа дүниенің есігін ашады.

 

 

«Ведьмы» (Hagazussa) – жұмбақ отбасы туралы австро-неміс хорроры.

Оқиғасы XV ғасырда өрбиді. Анасы мен қызы ауылдан алыс жердегі орманда тұрады. Жергілікті тұрғындар олардан қорқады, оларды мыстандар деп ойлайды. Бір күні анасы біртүрлі сырқатқа шалдығады.

 

 

«Два билета домой» - әке мен қыздың қарым-қатынасына арналған ресейлік драма.

Сюжетте Люба есімді қыз туралы айтылады. Ол интернатта тұрады, жетім өскен. Қыз оқуын аяқтап, тезірек Санкт-Петербургке кеткісі келеді. Оның арманы – жаңа өмір бастап, стюардесса болу. Алайда түлектер кешінде өзінің жетім емес екенін біледі. Сөйтсе Любаның әкесі бар екен. Ол тезірек әкесін іздеп таппақ болады.

 

 

«СуперБобровы. Народные мстители» - 2016 жылғы «СуперБобровы» деген ресейлік комедияның жалғасы. Қазақстандық актер Владимир Толоконниковтың соңғы рөлі.

Бірінші фильмде метеорит құлағаннан кейін ерекше қабілетке ие болған отбасы туралы айтылып еді. Жалғасында Бобровтар отбасы үкіметтен қашып Таиландқа тап болады. Олар өз халық алдында қабілеттерін көрсетіп, циркте жұмыс істейді. Әлбетте бұндай тірлік отбасы мүшелерінің ешқайсысына ұнамайды, олар үйге қайтқысы келеді. Бұл олардың қарым-қатынасына де кері әсер етеді.

 

 

«Только не они» - бұл да Ресейде түсірілген фантастикалық комедия.

Сюжетте күнін сауық-сайранмен өткізетін бір топ жас ұл-қыздар туралы баяндалады. Кезекті көңілді кештен кейін олар ешбір тұрғыны жоқ қалада оянады. Көп кешікпей олардың соңына әлдебір зұлымдар түседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға