Жаңалықтар

14 маусым кинопремьералары

Аптаның үздік кинопремьералары
14 маусым кинопремьералары
14.06.2018 10:35 4557

Pixar студиясының әйгілі мультфильмінің сиквелі, Пабло Эскобар туралы испан картинасы, Тим Рот пен Ума Турманның тандемі, Джеймс Франконың актерлік һәм режиссерлік жұмысы және ресейлік хоррор.

«Суперсемейка 2» («Incredibles 2») - Disney/Pixar студиясы өндірген 2004 жылғы отбасылық мультфильмнің жалғасы. Суперқаһармандар отбасы туралы анимациялық картина кезінде көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Екіншіні де Брэд Бёрд түсіріп, сценариін жазды.

Бірінші бөлімдегі оқиғадан кейін суперотбасы көпшіліктен назарынан түспейді. Сөйтсе Миссис Айрықша Мистер Айрықшаға қарағанда теледидар экранында жақсы көрінеді екен. Сондықтан отағасы балаларға қарап үйде отырады. Алайда отбасы мәселесін ысыра тура келеді, өйткені жаңадан пайда болған күшті жау суперотбасының тыныштығына қауіп төндіреді.

Бұл мульфильм қазақ тіліне дубляждалды. Сондықтан киноға барғанда кестеден қазақша сеансына назар аудара жүргейсіз.

«Эскобар» («Loving Pablo») – испан режиссері Фернандо Леон Де Араноаның өмірбаян драмасы. Фильм Пабло Эскобардың көңілдесі болған Вирджиния Вальехоның мемуарына негізделген.

Картина наркобарон Пабло Эскобардың өмірі туралы, оның империясының құрылуы жайында. Сондай-ақ Эскобар мен журналист қыз арасындағы қарым-қатынас та сюжетке арқау болады. Басты рөлде ерлі-зайыпты актерлер Хавьер Бардем мен Пенелопа Крус ойнайды.

«Аферисты поневоле» («The Con Is On») – Америка-Ұлыбритания қылмыстық комедиясы. Басты рөлдерде Ума Турман, Тим Рот, София Вергара, Криспин Гловер, Элис Ив, Стивен Фрай, Паркер Поузи және Мэгги Кью.

Сюжет бойынша қауіпті мафиозиге көп ақша берешек болып қалған британдық жұп Лос-Анджелеске қашып кетеді. Олар қарыздан құтылу үшін тонаумен айналыспақ.

«Мир будущего» («Future World») – атмосферасы «Безумный Макс» секілді дизельпанк фильмдерді еске түсіретін фантастикалық картина. Түсірген екі режиссердің бірі Джеймс Франко, ол актерлік және продюсерлік міндетті де атқарды. Одан бөлек Люси Лью, Милла Йовович, Снуп Догг, т.б. жұлдыздар бар.

Фильмде постапокалипсис әлемде тұратын жас жігіт сырқат анасына дәрі табу үшін қауіпті аймаққа саяхатқа аттанады.

«Фото на память» – ресейлік үрейлі фильм. Басты рөлдердің бірін қазақ актері Санжар Мәди ойнайды.

Сюжет бойынша жолда апатқа ұшыраған бір топ адам ескі үйге бұрылып, сол жерден ескі фотосуреттерді табады. Солардың арасынан олар өздерінің қираған автомобилінің де фотосын көреді. Бөлмелердің бірінен ескі фотоаппарат табылады. Кейіпкерлер өлімнің тұзағына түскендей болады...

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға