Жаңалықтар

100 жыл бұрынғы баспасөз «Наурыз» мейрамы туралы не жазды?

Көнеден қалған асыл сөз
100 жыл бұрынғы баспасөз «Наурыз» мейрамы туралы не жазды?
15.03.2017 09:00 7414

Осыдан 4 жыл бұрын 100 жылдығын атап өткен «Қазақ» газеті танымдық дүниелерді ұдайы жариялап отырған. Соның ішінде Наурыз мерекесі туралы да айтылған. Газеттің бес жылда 265 нөмірі жарық көрген. Соның 255-сі бізде сақталған. Көне басылымды парақтап отырып, бабаларымыз жазған ұлыстың ұлы мерекесі – Наурыз хақындағы бірнеше материалды ұсынғанды жөн көрдік.  

Наурыз — қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже ішіп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгісі күнде жаңа жыл туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «іс жаңа жыл қайырлы болсын, жаңа бақыт кәсіп болсын» — деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді. Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді, біздің Жаңа жылымыз — Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерістерінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.

Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің Жаңа жыл — Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнінде басталады. Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз.

«Қазақ», 1913, № 15, 9 март

Оренбург 9 март

Бүгін жыл басы наурыз. Міне, «барыс» кетіп «қоян» келіп тұр. «Қоян» — халыққа жайсыз жылдың бірі. Осы мен төрт қоянды көрейін деп тұрмын. Бұл төртеуі де халыққа жайлы болған жоқ. «Қоян» жылы не малға, не жанға ауырмалдық түсірмей өткен емес. 1880 жылғы «қоян» жұт болып, қазақ малы қаты қырылды. Қар кеткенде жер жүзі өлексеге толып кетіп, ана жер, мына жерде көздерін қарға шоқып үңірейткен өлекселерді көріп, бала кезде шошығаным бар. Ол «қоянда» қатты ашаршылық болды. Пәлен жерде атқұлақтың басын үгіп, көже қылып ішті деп үлкендердің аңыз қып айтып отырғандары есімде бар. Қазақтан басқа жерге ол «қоян» қандай болғанын білмеймін.

1892 жылғы «қоянда» қазақтар жұтады, бүгін Россияда да ашаршылық болып көнек аурудан, обадан адамдар көп қырылды. Бұ «қоян» Оренбургта оқып жүрген кезімде болды. Тамағымыз аш деп инспекторға арыз еткенімізде сендердің бұл ішіп отырған тамақтарыңды таба алмай отырғандар көп, басқа жерде аштықтан мынаны нан қып жеп отыр деп, ала бұтаның үккен басын әкеліп көрсеткені есімде бар.

1904 жылғы «қоянда» қазақ жұтаған жоқ. Бірақ ауырмалдылығы адамға түскен сияқты. Россия мен Жапония арасында соғыс басталып, адам қырғыншылығы болды. Қазақ жұтамағанмен соғыс болған соң қалыптан тысқары шығындардан құр болған жоқ.

Мынау «қоян» дүниеде болмаған зор қырғын соғыстың үстіне келіп тұр. Адамға түскен ауырмалдық үстіне мал ауырмалдылығын қоспай өтсе, қазақтың бағы. Бұрынғы жұт «қояндардай» болып, малға да салмағын салса, қазақ жүгі көбейіп, көтеруге әлі келмес. Түндік ақша екі есе көбейіп тұр. Соғыс салағы түсейін деп тұр. Нәрсе қара қымбаттап тұр. Малдың еті мен сүтінен басқанын бәрін сатып алатын қазаққа бұ да жеңіл тимес. Құдай жұтқа ұшыратпасын. Жұтаса қазақ бұрыңғыдай тез оңала қоймас. Өткен жаздың шаруаға жайлы болғандығынан жұртта пішен мол, шаруаның іші шарбылы. Жаз өте жайсыз болмаса, «қоянның» қайпі мал жағынан онша зор бола қоймас еді деп, алдағы жаздан үміткерміз.

Наурызбен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз.

«Қазақ», 1915, № 110, 9 март

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға