Көшпелі халықтың қолөнері туралы не білеміз?

Ұрпақтарға жалғасқан ұлттық мәдениет

Халқымыздың қолөнері – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас маңызды бөлігі саналады. Қолөнер түрлерінің өн бойында халықтың материалдық және рухани болмысы көрініс тапқан. Бұлай деуімізге басты себеп: халықтық қолөнер еліміздің тұрмыс жағдайынан, материалдық жай-күйінен ғана хабар бермей, эстетикалық талғамынан, тарихы мен таным-түсінігінен де мол мәліметке қанықтырады. Осындай ұлттық мәдениет үлгілерінің дәстүрлерін оқып-үйрену – кейінгі ұрпаққа мұра етіп сақтауға, сонымен қатар, бүгінгі тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайларға сай қолдана білуге үлкен мүмкіндіктер береді.

Материалдық өңдіріс пен рухани өмірдің бір-бірінен ажырамай, біртұтас берілуі қолөнердің синкретикалық өнер түріне жатуының себебі ретінде айтылады. Қазақ халқының ата-бабасынан мұраға қалған бұл қолөнер түрлеріне халықтың музыкалық аспаптарын жасау, ат әбзелдерін дайындау, киіз үй тігу, киіз басу, киіз үй ішін жабдықтау, қару-жарақ, саймандарды әзірлеу, кілем тоқу, зергерлік, ұсталық және тағы да өзге өнерді жатқызамыз.

Көшпенді халықтың киім тігуі де қолөнердің бір түрі болып саналады. Байырғы түркі-қыпшақ тайпасы киімдерінде ұлттық киім элементтерінің көрініс табуы – олардың шығу, даму тарихының тереңдігінен хабардар етеді. Өйткені халқымыздың ертеде мал, егін шаруашылығымен, аң аулаушылықпен, балық аулаумен айналысқаны белгілі. Осыған сәйкес ежелден дамыған қолданбалы-безендіру өнерінің материалдық негізі үй жан-жануарларының, төрт түлік малдың сүйектері мен терілерден, ағаш пен металдан жасалды.

Үй ішінде әзірленетін қолөнер жұмыстарын шаңырақтағы еңбекке жарамды, қолының ебі мен икемі бар кез келген адам өзі-ақ реттей білді. Қарапайым саналатын өндіріс пен қолөнер бұйымдарын күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ыңғайына қарай бейімдеп, белгілі бір қажеттіліктерге пайдаланды.

Көшпелі дала халқының дәстүрлі эстетикалық талғамы мен ұмтылысына сай әшекейлеу барысында қолданбалы-безендіру өнерінің түрлі жолдары мен әдістері пайда болды. Ол өзінің табиғи түрлік байлығымен, әсем де нақышты ою-өрнектерінің молдығымен ерекшеленді.

Халықтың тұрмыстық әрі көркемдік талаптарына толығымен жауап беретін қазақтардың үй ішілік кәсібі мен қолөнері жартылай көшпелі өмір жағдайында қалыптасты.

Егер күнделікті тұрмыстағы қолөнер мен ұсталықтың ара салмағын айтар болсақ, оның алғашқысы негізінен отбасыға қажетті тұрмыстық ұсақ заттар жасауға бағытталды да, екіншісі, ұсталық тек өз тұрмысы, жалпы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ғана емес, сонымен бірге әртүрлі тапсырыстар орындауға, базарға шығарып сататын бұйымдар жасауға да арналды.

Халықтық қолөнер мен кәсіпшілік ғасырлар бойында қалыптасып, жетіліп, ұлттық дәстүрлі мәдениеттің айрықша көрсеткіштерінің біріне айналды. Ерекше шеберлік пен ептілікті қажет ететін кәсіп түрлері атадан балаға қанмен беріліп, мирасқа қалатын киелі мұра болып саналды. Бұл тұрғыда «ата жолын ұстаған» сегіз қырлы, бір сырлы шеберлер ел ішінде зор құрметке бөленді.

623e158d74f79edf7640b01768607259.jpg

Ағаш өңдеу өнері

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ағаштан жасалған бұйымдар ежелден бері кеңінен қолданылып келеді. Оған ағаштың оңай табылатыны мен өңдеуге ыңғайлылығы ғана емес, көшпелі өмір салты үшін аса маңызды саналатын жеңілдігі де аз рөл атқарған жоқ.

Киіз үйдің ағаш сүйегін жасайтын шеберді қазақ халқы үйші деп атап, он саусағынан өнер тамған шеберлерге әрдайым құрмет көрсетті. Ұстаның ағаш өңдейтін өз шеберханасы болды және шеберхана ішіне уық пен керегеге жарамды сырғауыл ағаштарды булап, жұмсартатын – мөр, оны қалыпқа түсіретін – тез, тесетін құрылғы – үскі қойылды. Сонымен қатар шаппа шот, қашау, ара, егеу, пышақ секілді аспаптар да ұста жанынан әрқашан табылды. Ағаш шебері үйге жарамды ағаштарды өзі таңдап алып, киіз бөліктерінің барлығын, атап айтқанда кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық есігіне дейін өз қолымен жасап шығарды. Сондай-ақ ағаш ұсталары домбыра, сыбызғы, қобыз, даңғыра сияқты тағы да басқа музыкалық аспаптар, атқа салатын ер және астық бастыру үшін қажетті еңбек құралдары – айыр, аша, тырмақ, күрек тәрізді еңбек құралдарын дайындады. Бұлардың саптары көбінесе қайың, қарағаш, үйеңкі секілді қатты ағаштардан жонылды, ал Қазақстанның оңтүстік аудандарында тұт пен жаңғақ ағаштары пайдаланылды.

Қазақ шеберлері күнделікті тұтынатын күбі, астау, шара, тегене, тегеш, саптыаяқ, тостаған, ожау, шөміш, табақ сияқты ыдыс бұйымдарды тұтас, бүтін ағаштан ойып, сыртына түрлі ою салып, сүйек пен күміс қондырып, безендірді.

Айта кетсек, ағаш өрнектеу өнерінің де дәстүрі ертеден басталады. Тұтыну заттары мен сәндік-әшекей заттардың барлығына ағаш шеберлері арнайы ою түсірумен де шұғылданды. Осылайша киіз үй есіктері мен жақтауларына, музыкалық аспаптар мен ер-тұрман әбзелдеріне әртүрлі өрнектер салынды.

b944af56d261abfd482f553ef4d6b98d.png

Ұсталық пен зергерлік өнер

Халық арасындағы шебер қолдар өздерінің ұсталық өнерлері арқылы жұртшылыққа қажетті күнделікті тұтыну бұйымдарын жасады. Темірден түйін түйген мұндай шеберлерді халық арасында ұста деп атаса, он саусағынан өнер тамған зергерлік өнер шеберлерін зергер деп атады. Ұлттық мәдениет тарихында айрықша орын алатын қазақ зергерлік өнерінің тарихы мыңдаған жылдардан бастау алады. Қазақтың қолөнер-безендіру өнерінің басқа түрлеріне қарағанда зергерлік өнерде кәсібилік пен ерекше қабілеттің орны зор болды.

Темірден түйін түйетін ұсталардың арнайы шеберханалары ұстахана, дүкен деп аталып, онда негізгі құрал ретінде темір қыздыратын көрік саналды. Сонымен қатар төс, балға, түрлі, егеу, шапқы, бұрғы, біз секілді құрал-саймандар ұстахана ішінде ілулі тұрды. Бұл ретте қазақ зергерлері зергерлік істің күрделі әдіс-тәсілдерін түгелдей меңгерген еді. Зергерлер жасайтын бұйымдар ішінде әйелдердің әшекей заттары көп орын алды. Бұлай болу себебі оған тек эстетикалық талап-тілекке ғана емес, белгілі бір салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға да байланысты сұраныс көп болды. Әшекей бұйымдарға материал ретінде алтын, бірақ көбіне-көп күміс пайдаланылды. Өйткені қазақтың наным-түсінігінде күміс металдың тазартушы, сақтаушы қасиеті бар деп есептелген.

Зергерлер білезік, сырға, жүзік, алқа, күміспен қапталып, алтынмен апталған кемер белдік, бас киімнің әшекей бұйымдары, шашбау секілді әйелдерге арналған сәндік заттарды қалыпқа салып құйып, қақтап жасады. Жасалу жолдары жағынан білезіктердің ерекшеліктері өте көп. Оларды күміс тақтайшалардан кесіп алып, күміс сымдармен тоқып, үрлеу әдісімен жасады. Жүзікпен күміс бау арқылы жалғастырылған білезіктер де кең таралды. Әйелдердің сүйікті сәндік, әсемдік бұйымдарының бірі сырға болатын, оны қазақ қыздары мен әйелдерінің барлығы да тақты. Мереке күндері әйелдер үлкен әрі барынша сәнді сырға тағуды дәстүрге айналдырды, алайда, оның ауырлығы соншалық, сырғаның бір жағын шашына да байлап қоюға тура келетін еді. Сондай-ақ әртүрлі сақиналар мен жүзіктер де үлкен сұранысқа ие болды. Қаптырма, қапсырма, ілмек, түйме, тана сияқты т.б. киім-кешекке тағылатын сәндік бұйымдар да көп қолданылды. Қазақ ұсталары мен зергерлері ат әбзелдерін өрнектеуді де қапысыз меңгерді.

Зергерлер жалпақ бұйымға да өрнек салды, ерлерге арнап кісе белдік, әйелдерге арнап күміс белдік, кемер белдік соқты.

Күнделікті тұрмысқа қажетті күміс тарақтар мен күміс тіс шұқығыштар, сондай-ақ, алтыннан жасалған бұйымдар көптеп әзірленді. Алайда металдың қымбаттылығына байланысты алтын бұйымдар сирек кездесетін еді. Иесінің аты-жөні ойып жазылған жалпақ бетті сақина бағалы бұйымдардың қатарынан саналды.

Қазақ зергерлері күмісті отқа қақтап алтын жалату тәсілін де үйренді. Металл бұйымдар маржан тас, көгілдір ақық таспен, қызыл әйнек, тау хрусталімен көмкерілді.

Koloner.jpg

Тері илеу өнері

Қазақ қолөнерінде иленген мал терісі жиі қолданылды, өйткені теріден жасалған бұйымдар көшпенділер тұрмысында ұдайы пайдаланылатын заттардың бірі еді. Былғарыдан тігілген жылы да қолайлы киім киюге табиғаттың өзі мәжбүр етті. Теріден әртүрлі киімдер тіксе, былғары-көннен сүт өнімдерін алып жүру мен сақтауға арналған әрқилы қалыптағы ыдыс-аяқтар, белбеулер мен аяқ киімдер жасап, қамшы, ат әбзелдері мен ер-тұрмандарды қаптады.

Ал шикізат өңдеу технологиясы ғасырлар бойы жетілдірілді. Жас теріден былғары мен көн алу үшін әуелі теріні ет пен майдың қалдықтарынан тазартып, шелінен ажыратты, содан кейін барып өздері қалаған қалыпта сапалы да жұмсақ, су өтпейдіндей етіп жасау үшін әрі түр-түсін өзгерту мақсатында теріні түрлі қоспалар қосып иледі.

Жас теріні, әдетте, жүнін астына қарата жайып кептіреді, содан кейін бетіне ұн араласқан ашыған айран жағып, теріні қайта жинап бастырып тастайды, бірнеше күн өткеннен кейін жуып-шайып, тұзды суға салады. Тұзды суда біраз күн ұсталған соң теріні тағы да кептіріп, қалған шелдерді пышақпен қырып алып тастайды. Соңына қарай теріні қолмен илеп, табиғи бояулар қосып, қажетті түске бояп алады. Иленген терілердің түсі бояуға қолданылған шөптердің тамырына қарай сары, қызыл-қоңыр, қызғылт және күлгін түсті болып шығады.

Тері мен былғары өңдеумен әрбір отбасы, әсіресе ер адамдар айналысты. Әйелдер иленген дайын теріден біз бен түйе шудасынан өрілген шуда жіпті пайдаланып, киім-кешек тікті. Қой терісінен иленіп, тігілген тон мен сырма шалбарлар әркімнің-ақ үйінде болды. Қасқыр мен түлкінің немесе өзге де қымбат бағалы аң терісінен ішік тігіп киді.

Қолөнер шеберлері ер адамдарға арнап тіккен былғары етік пен әйелдерге арналған мәсі мен кебіске сұраныс жоғары болды. Етіктің тұмсығы мен қонышын сіңірден түтілген тарамыс жіппен тікті. Әйелдердің өзі де былғары мәсісі мен кебісіне тағы да былғарыдан ойылған өрнектер жапсырылып, сәндеді.

Былғарыдан тігілген тұрмыстық бұйымдар ішіндегі көлемі жағынан ең үлкені – саба. Қымыз дайындау және сақтау үшін жасалатын мұндай ыдысқа бір түйенің немесе бір жылқының терісі, кейде одан да көп тері жұмсалды. Қымызды былғары торсыққа, кейде ер-тұрманның жанына байланатын жанторсыққа құйып алып жүрді. Жылқы мен сиыр терісінен бие сауатын шелек жасады.

Тері өңдеу технологиясында теріге арнайы қалыптың көмегімен өрнек салу – ерекше өнердің бірінен саналады. Ол үшін екі жалпақ тақта таңдап алынды, біріншісіне өздеріне қажетті өрнекті ойып түсірсе, екіншісіне сол өрнекке кіріге кететіндей етіп тағы да дәл сондай өрнекті бұдыр жасады. Екі тақтаның ортасына бірнеше күн суға салынып жібітілген теріні қойып жинаған кезде ойық пен бұдыр өрнектің ізі теріге түседі. Үстіңгі тақтаның бетіне ауыр тастар қойылып, тері толық кепкенше тұрады. Бұдыр өрнекті былғарымен зат жинауға арналған сандықтың сыртын қаптады. Сондай-ақ ер адамдарға арналған кісе белдік пен оқ-дәріге арналған оқшантай жасалды. Қысып өрнектеуден өзге былғарыдан жасалған бұйымдар металл мен сүйектен жасалған әртүрлі заттармен әшекейленді.

1519120485_tos1.jpg

Сүйек өңдеу өнері

Сүйектен бұйым жасау адамдардың ежелден келе жатқан кәсіптерінің бірі. Көне замандардан бері сүйектен жасалған заттар қарапайым тұрмыстық заттар мен еңбек құралдарынан бастап, сән-салтанаттың белгісі мен көркем шығармашылық өнер саласына дейінгі аралықта қолданылып, әртүрлі мақсатқа жұмсалды.

Сүйек өңдеу үшін жан-жануарлардың жауырыны, жілігі, қабырғасы, омыртқасы, жылқы мен сиырдың жағы мен тұяғы дайын материалдар санатында болды. Сонымен қатар үй жануарлары мен жабайы жануарлардың мүйіздері де жақсы қолданылды. Семіз, күйлі малдардың сүйектері кесуге де жеңіл еді әрі олардың сүйектері әдемі табиғи сары түсті болып келетін еді.

Ал қанжар мен қамшы, сондай-ақ, пышақ сабы киіктің мүйізінен, насыбай шақша қошқар мүйізінен жасалды. Насыбай шақшаның жоғарғы ернеуі күміспен қапталып, түп жағына күміс ойық киізілді. Мұндай қымбат шақшалар ер адамдардың белбеуіне байланып, сән беріп тұрды. Сиыр сүйегінен қымыз сапыратын ожау, жалпақ мүйіздерден бір тісті кейде екі жағында да тістері бар тарақтар жасалды. Төсекағаш, кебеже, асадал, адалбақан, жүк аяқ, жастықағаш, сандық секілді сыртқы беті сүйекпен қапталған үй жиһаздары айрықша сәнділігімен ерекшеленіп, бүгінгі күнге дейін қолданыстан түспей келеді.

Байлардың киіз үйлерінің есігі – сықырлауығы да, уығы да, сағанағы да сүйекпен қапталып, өрнектелді. Кейде ыдыстар да сүйекпен қапталды, мысалы, қымыз дайындайтын піспектер, үлкен ағаш шара, тегене, тостағандар әсемдігімен көз тартты. Қазақ ұлттық әсемдік заттарында кейде сүйек пен ағаш өрнектер, металл мен қымбат бағалы тастар қатар қолданылып, әдемі үйлесімділік тапты.

Тас қашау

Тас қашау өнері негізінен сәулет өнерімен, оның ішінде де сан алуан құлпытас қашау өнерімен тығыз байланысты дамып келе жатқан қазақтың дәстүрлі өнерлерінің бірі. Қолөнердің бұл түрімен негізінен ата-бабасынан бері осы өнермен шұғылданып келе жатқан шеберлер айналысты. Қазақстанда тас қашау өнері кең қанат жайған өңірлерге Маңғыстау, Үстірт, Солтүстік Арал мен Каспий өңірлері жатады. Қазақ халқы құлпытастарды қошқартас, қойтас, сандықтас т.б. тұрпаттарда қашауды жақсы меңгерді.

Құлпытастарға шеберлер бірін-бірі қайталамайтын әртүрлі өрнектер салды. Тастың тегіс бетіне ойма өрнек салу әдісі мейлінше кең таралды. Сонымен қатар жан-жануарлар мен ағаш-өсімдік бедерлері де түсірілді. Ою-өрнектермен қатар, құлпытастарға араб әрпінде жазылған эпиграфикалар мен рулық таңба-белгілер, қолөнер шеберлерінің еңбек құралдары, әйелдердің әшекей заттары да бедерленді. Осылайша тас қашау әдісі әшекейлермен жақсы үйлесім тапты.

 

(Суреттер ашық интернет көздерінен алынды)

Ұқсас материалдар