«Ұлттық құндылықтар – ұрпаққа аманат»

Этнодизайнер, қолөнер шебері, ұлттық саз аспаптарын жасаушы, суретші әрі зергер Мұстафаев Алмас Серікұлы туралы

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» – демекші, әр қазақтың төрінен орын алатын қасиетті қара домбыра мен қазақтың саз аспаптарын жасаушы, ұлттық құндылықты дәріптеп, ата аманатын абыроймен арқалап келе жатқан, он саусағынан өнері тамған қолөнер шебері, зергер әрі этнодизайнер, суретшілердің бірі – Алмас Мұстафаев. Осы орайда біз шебермен қолөнер жасаудың қыр-сыры, ағашты көркемдеп өңдеу, зергерлік және өзге де сұрақтар төңірегінде әңгімелескен болатынбыз.

(Суретте: Қолөнер шебері Алмас Серікұлы Мұстафаев)

Ағаштан түйін түйген...

Ұлттық аспаптарды жасап, шебер атанған сегіз қырлы, бір сырлы азамат Алмас Серікұлы бүгінгі таңда шеберлер арасында «Аlmaster» деген лақап атпен танылған. Қолөнер шебері 1987 жылы Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыжаз деген ауылда дүниеге келген. Туған ауылында балғын балалық шағы өтіп, орта мектепті аяқтап, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің көркем сурет факультетінің қолөнер бөліміне оқуға түседі. Суретші, ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Жолаушы Тұрдығұловтың саз аспаптар жасау, ағашты көркемдеп өңдеу шеберханасында білім алып, университетті тәмамдаған. Бүгінде Алмас Мұстафаев пен өзге де елімізге танымал қолөнер шеберлерін дайындаған ұстаз Жолаушы Тұрдығұлов 70 жасқа келді. Темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған бірден бір хас шебер ұлт аспаптарын жаңаша жаңғыртып, қазақ өнерін ұлықтап келе жатқан ардақты азаматтың шәкірттері шебердің жолын қуып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп келеді.

060343a5-28ac-4a96-abf3-543b4eba605c.jpg

– Бала кездегі арманым суретші болу еді. Ес біліп, екі-үш жасымнан бастап қалам ұстап, қағазға шимайлап сурет салатынмын. Кейін өсе келе кәсіби суретші болуды армандадым. Мектепте оқып жүргенде түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып жүрдім. Бас жүлдені иемденген кезден бастап, арманым мен мақсатым одан сайын нығая түсті. Оған ат салысқан ата-анам және Отарбаев Бахтияр деген ағайым мен Қазыбекова Күлипа деген апайым болатын. Сол кісілер мені суретшілік өнеріне бағыттап, баулыды, – деді қолөнер шебері Алмас Мұстафаев.

Бүгінде арманы орындалған Алмас Серікұлы – Қазақстан Суретшілері мен Шеберлері одағының мүшесі. Әлемнің 20-ға жуық елінде көрме өткізіп, топтық көрмелерге қатысып, алыс-жақын шет елдерде ұлттық аспаптарымызды танытып қайтқан азамат. Соның ішінде Түркменстан, Иран, Әзербайжан, Ресей, АҚШ-та да ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген. Қолөнер шебері Алмас Мұстафаев республикалық «Шабыт» конкурсының бас жүлдесін, президент кубогын иемденген .Одан бөлек «Шебер» деп аталатын байқаудың үш дүркін түрлі номинациясында жеңімпаз атанған.

Арманым мақсатыма айналды

Жоғары оқу орнына түскен кезден бастап, қолөнерге ерекше назар аударған Алмас Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің музейінде жұмыс істеп, содан кейін қабылдау комиссиясында отырып, қолөнер бөлімін таныстырған Қайыржан деген ағайының айтуымен Көркем сурет факультетіне оқуға түсіпті. Өзі негізі кескіндеме бөліміне оқуға түсемін деп келіп, алғашында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына, О.Тансықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің конкурстарына қатысыпты. Кейін өзі оқуға түскен Көркем сурет факультетінде болашақ шебер ағаш, тері, сүйек пен қышты көркемдеп өңдеуді үйренумен шыңдалады.

05be4eb8-31cf-40d1-9147-e47685d07b89.jpg

Ең алғаш маған қолдау көрсеткен атам болатын. Ол кісі мені қасына ертіп жүріп тарихи заттарды, ескі дүниелерді көп айтатын. Кейін әке-шешем де маған қолдау көрсетті. Қолөнерге керек заттарымды алып беріп отырды. Одан кейін мектептегі және жоғары оқу орнындағы ұстаздарымның да үлкен септігі тиді. Ең алдымен бұл қасиет тәңірдң қолдауы шығар деп ойлаймын. Ал шабытқа келер болсақ, мен таудан шабыттанамын. Егер де теңіздің жағасында тұрсам, теңізден шабыттанар едім. Біз таудың жағасында, кең-байтақ далада өскеннен кейін тауды медет көреміз, тауға арқа сүйейміз. Тау үнемі қасқайып тұрады. Ол сан мыңдаған ғасырлар бойы мелшиіп тұрады, бізге ештеңе айтпайды. Таулар ата-баларымыздың көзін көрген. Менің қиялым, шабытым барлығы осылай келеді. Тауларды бейнесіне қарап отырсаңыз өте сұлу. Жалпы табиғаттың таңғажайыбы болса да, таңырқатпай қоймас, – деді Алмас Мұстафаев.

Screenshot_20200615_174115.jpg

Ал зергерлік Алмасқа түп нағашыларынан дарыпты. Бүгінде ол түрлі бұйымдарды да жасайды.

– Ата-анам қолөнермен айналыспайды. Бірақ анам құрақ көрпе, кесте тігеді. Негізі менің ойымша, кесте тігу бұл қазақ әйелдерінің барлығы айналысатын тіршілік сияқты көрінеді. Ал зергерлік қанмен келген қасиет деп білемін. Менің арғы атам-бабаларым сөзге жақын, би болған және саудагер болған кісілер Олар басқа кәсіптен дәулет жинаған жандар, – деді Алмас Серікұлы.

Осы уақытқа дейін қолөнері шебері Алмас өз командасымен бірге 80-ге жуық аспаптың түрін жасапты. Ол аспаптардың ішінде қазақтың ұлттық аспаптары, славян халықтарының және өзге де түрлі шертпелі, ұрмалы және соқпалы музыкалық аспаптар болыпты. Шамамен 6000-7000-ға жуық саз аспапты жасап шыққан шебер Алмас Мұстафаевтың жеке жұмыс істей бастағанына 9 жыл уақыт болыпты. Оған дейінгі 6 жылда университет қабырғасында ұстазынан білім алған кездері де біраз тәжірибе жинап түрлі аспаптар жасаған. Алмастың бірінші алған мамандығы суретші, шебер болса, одан кейін білімін одан әрі шыңдау үшін педагог-психолог мамандығының магистратурасында да білім алыпты.

– Қазіргі кезде де педагогика мен психология саласына ден қойып жүрмін. Алдағы уақытта методикалық курс ұйымдастырып, академиялық шағын оқу орнын ашуды жоспарда бар,– деді Алмас Мұстафаев.

«Дала сазы» шеберханасының жұмысы

«Дала сазы» шеберханасын қолөнер шебері Алмас Мұстафаев 2011 жылы ашыпты. Биылғы жылы 9 жыл болған кәсібін шебер алдағы уақытта кеңейтіп, үлкен фабрикаға айналдыруды жоспарлап жүр.

Screenshot_20200615_173757.jpg

Ұлттық саз аспаптарын жасау үшін қолөнер шебері материалдар мен ағаштарды шет елден алады. Шебердің айтуынша, біздің елде саз аспаптарын жасауға пайдаланылатын ағаштардың саны өте аз екен.

– Біздің саз аспаптарымыз арнайы кәсіби мамандарға, оқушыларға ұлттық аспаптарды үйренгісі келетіндер мен үйреніп жүрген жалпы қызығушылар мен музейлерге арналып жасалынады. Жылына кем дегенде 500-600 инструмент шығарамыз. Қазір сұраныс өте көп. Кей кездері үлгермей жатамыз. Сондықтан шеберханамызды ұлғайтуды ойластырып жатырмыз. Өйткені оқып шығып жатқан шеберлер өте көп. Оның ішінде 9 жылда біз іс жүргізу мен басқарудан тәжірибе жинақтадық. Біздің аспаптарымыз Қайрат Байбосынов ағамыздан бастап, «Тұран» этно-фольклорлық аспаптары ансамблі, «Арқайым», «Хас-Сақ» дәстүрлі топтары ойнап жүр. Жаңа шығып жатқан күйшілерге де арнайы аспаптар жасап жүрміз. Өңірлерден Атырау, Қарағанды, Ақтөбеден де саз аспаптарға, оның ішінде домбыраға өте көп тапсырыс келеді. Бізде ең көп жасалатын аспап домбыра, прима қобыз және жетіген ең көп сұраныстағы аспапқа жатады. Аспаптарымыздың бағасы да сапасына байланысты. Балаларға арналған аспаптар 25000 теңгеден басталса, үлкендерге арналған аспаптар 40-50 мыңнан жоғары қарай бағаланады. Жалпы соммасы 1 млн-ға дейін аспаптарды сатып алушылар бар, – дейді кейіпкеріміз.

( Суретте: Алмас Мұстафаев ұстазы Жолаушы Тұрдықұловпен)

«Дала сазы» шеберханасында жасалған аспаптарды сонымен бірге этнофольклорлық топтар, Атыраудағы «Нарын» оркестрі, Қызылорда, Семей және Көкшетау өңірлік филормонияның оркестрлері тапсырыспен жасатқан екен.

– Бір рет аспап алғаннан кейін, ол аспап сізге 15-20 жыл қызмет етеді. Алдағы 4-5 жылда осы Алматыдағы оркестрлерге де арнайы ұлттық саз аспаптарын жасап қалатын шығармыз, – дейді қолөнер шебері.

Ұлттық аспаптарға деген сұраныс

Қазіргі күні ұлттық саз аспаптарға деген сұраныс артып келеді. Көбінесе жастардың көбі домбыра мен қобыздан басқа аспаптардың бар екенін біліп келеді. Оған дәлел ретінде көптеген этнофольклорлық ұлттық аспаптардан құралған топтарды айтуымызға болады.

IMG-20200615-WA0031.jpg

– Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық аспаптарға деген сұраныс өте жоғары. Соңғы жылдары домбыраны мектептегі бағдарламаға енгіземіз дегеннен бері еліміздегі барлық мектептерде үйірмелер ашылып жатыр. Олардың барлғына музыкалық аспаптар керек. Қазақстандағы музыканттардың саны өте көбейіп келеді. Соның арқасында ұлттық аспаптарды пайдаланушылардың да саны артты. Қазір соңғы 5-10 жылда жетіген деген аспап өте танымал болып шықты. Бұрын қобыз бен домбыраны білген жұрт, енді жетігенді де тани бастады. Қазір жетігенде ойнайтындардың саны өте көп. Жалпы қазақтың домбырасы 2005 жылдан бастап, әлемдік саз аспаптар тізіміне еніпті. ЮНЕСКО-да содан бері аспапты шет елде сатып алатындар көп екен. Оның үстіне электронды аспаптар, шет елдерге аспаптар шығару деген жақсы үрдіс болды. Канада, Астралия, Австрия, Чехия және өзге де мемлекеттерден тапсырыстар келеді, – деді ұлттық өнерімізді насихаттаушы Алмас Серікұлы.

Сұхбат барысында қолөнер шебері ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуға қатысты өзіндік пікірін де білдірді.

5858ea0e-2f60-4fb7-83dd-0f1bf6afdef6.jpg

– Ұлттық құндылықты сақтап қалу үшін халықтың санын көбейту керек. Халық аз болғаннан кейін, болашақта ұлттың өзіне де жоғалып кету қаупі төнеді. Ұлт жоғалғаннан кейін, құндылықтың сақталып-сақталмағаны маңызы жоқ деп ойлаймын. Сол үшін халықтың саны көп болса, ұлттық құндылық сақталады. Өз халқың мен ұлтыңның мәдениетін басқа ұлттарға сіңіре беруге болады. Бірақ ол дұрыс емес деп ойлаймын. Мысалы, гитара аспабын алайық. Гитараны дүниежүзінің халықтары біледі және сол аспапта ойнайды. Бірақ ол аспаптың қай ұлттың музыкалық аспабы екені белгісіз. Кейінгі буындар ол Мексиканың аспабы деп санасы, кейбіреулері испандықтардың аспабы деп айтып жүр. Негізі мексикандықтардың өзі Испаниядан шыққан. Сол сияқты ертеңгі күні біздің де аспаптарымыздың тарихы мен шығу тегі, түп-тамыры өзгеріп кетуі мүмкін. Сол себептен де ұлттық құндылықтарды сақтаған кезде халықтың саны да оған үлкен әсерін тигізетіндігін білгенміз жөн. Мысалы, Қытай мәдениеті бүкіл дүние жүзіне тарап жатыр. Әлем елдері де оларды жақсы қабылдап жатыр. Егер халық саны көп болатын болса, ол елдің мәдениеті де кең таралып, терең тамыр жаяды, – деп есептейді шебер Алмас Серікұлы.

Бүгінде Алмас Мұстафаевтың шеберханасында 6-7 шебер жұмыс істейді. Сонымен бірге шағын шеберханамен серіктестікте жұмыс істеп жатқан бірнеше шеберлері де бар екен. Ол шеберлер өз шеберханаларында «Дала сазы» шеберханасының тапсырысы бойынша жұмыс істейді. Одан бөлек, осы уақытқа дейін Алмас Мұстафаевтың шеберханасынан 70-ке жуық шебер аспап жасаудың қыр-сырын үйреніп шығыпты. Бүгінде олар өз шеберханаларында аспаптар жасаумен Алматының 10-ға жуық қолөнер шеберханасында жұмыс істеп келеді.

Қолөнер шеберінің жетістігі

«Қазақта шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ», – деген нақыл бар. Бүгінде қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттаушылар мен жасаушылар ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттырып, ата-бабаларымыздан жеткен рухани мұрамызды сақтап келеді.Жас болса да, үлкен бір саланы дөңгелетіп, дамытып отырған Алмас бүгінде өз ісінің шебері.

Screenshot_20200615_174029.jpg

– Мен осы қолөнер саласында, жеңіл өнеркәсіптің ішінде қайнай жүріп, оның қыр-сырын меңгердім деп айтсам болады. Алдағы уақытта аспаптан басқа да салаға қаражат тартып, адамдар санын көбейткім келеді. Ол болашақтың еншісінде, – деді қолөнер шебері.

Әлемді жаулаған індеттен карантиндегі жұмыс барысы көптеген салаларға өзінің кері әсерін тигізгені жасырын емес. Кейбір өнеркәсіп салалары жұмысын уақытша тоқтатса, екіншілері қиындыққа тап болды.

– Карантин кезінде жұмысымызға үлкен кедергі келтірілді. Тек біздің салаға ғана емес, бүкіл әлемге, елімізге қиындық тудырды. Біраз жоспарларымыз іске аспай, ойларымыз өзгерді. Шеберлеріміз жұмысқа келе алмады. Материалдан тапшылық болды. Енді қазір карантиннен кейінгі салдары материалдарың қымбаттап кетуі болып тұр. Барлық шет елден алатын заттар мен материалдардың бағасы шарықтап кеткен. Бұл қиындық та өтер. Халықпен бірге барлығын бірге жеңеміз деп ойлаймын, – деді Алмас Мұстафаев.

Screenshot_20200615_174059.jpg

Алмас Серікұлы – бүгінде тек қолөнершіліктің ішінде ағаш өңдеумен айналысып ғана қоймай, зергеліктің де қыр-сырын меңгерген азамат. Өз шеберханасында түрлі әшекей бұйымдарды жасайды.

– Зергерлікті мен кәсіп ретінде жасап жүргенім жоқ. Кей кездері тек жақындарымның тапсырыстарын жасап қоямын. Сосын шет елдегі көрмелерге шығу үшін әшекей жасайтын кездерім болады. Жылына 100-ге жуық өнім өндіремін. Ол зергер үшін аз. Жалпы жылына мыңдап зергерлік заттар шығаратын зергерлікті кәсіп еткен шеберлер бар. Бірақ алдағы уақытта зергерлікті де одан әрі дамытсам деген ойым бар, – деді шебер.

Суретші Алмастың туындылары

Өнер атаулының ішіндегі көркем де бейнелі руханият қазынасы, ұлт тәрбиесінің өзегі сурет өнері болып табылады. Ғасырлар бойы бүкіл әлем мен тіршілік тарихын жоғалтпай жеткізетін сурет салу өнері кез келгеннің қолынан келе бермейді. Алмас бүгінде өзінің осы бір ерекше қасиетін де дамытып келеді.

f907332a-35e4-4e2c-adaa-747c93f5ec39.jpg

– Менің кішкентай кезімнен суретші болу арманым еді. Суретші боламын деп қолөнерші болдық, одан зергер атандық. Одан қыш жасадық. Әйтеуір суретшіліктің айналасындағы кәсіптердің барлығын істеп жатырмыз. Ол маған үлкен тәжірибе болды. Қазір менің шеберханам үйімде. Биыл карнантин уақытында суретшілік өнеріме қатысты өте өнімді жұмыс жасадым. 20-ға жуық картина салдым. Карантиннің маған тигізген пайдасы осы болды. Құлазып еш жаққа шыға алмай жатқан кезде ішіңдегі күйзелісті шығару, карантиннен құтылудың бірен бір жолы сурет салу болды, – деді кейіпкеріміз.

126e892d-e036-4c4f-a814-434895042c61.jpg

Қолөнермен айналысқандықтан Алмастың сурет салуға уақыты көп бола бермейді екен. Суретшінің картина салудағы бағыты, реалистік декоративті сәндік өнер. Содан кейінгі туындылары графикаға бояумен, қарындашпен салады. Және де туындылары әр түрлі аралас техникалардан жасалған.

– Қазір үзбей сурет салып жүрмін. Бұрын тапсырыс, көрме болып уақыт табыла бермейтін. Бұйыртса биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы болады. Сол мерейтойда Абайдың қара сөздеріне арналған топтамам шығады. Дана Абайдың 45 қара сөзіне 45 картина дайындап жатырмын. Егер жылдың соңына дейін аяқтасам, көрме ұйымдастыру жоспарымда бар. Көрмені Алматыда, Абайдың туған жері Семей өңірінде өткізу жоспарда бар. Егер сұраныс болса, Нұр-Сұлтан қаласында да өтуі мүмкін. Көрменің өзіндік бір ерекшелігі бар. Ол біреудің қаражатына немесе мемлекеттік бағдарламаға қатысты жасалынып жатқан дүние емес. Менің ойымша, ұлы тұлға Абайға деген әр қазақтың құрметі мен қошеметі болуы керек деп есептеймін. Тәрбиелік, өнегелік дүниелерді жазғаны үшін ұлы ақынның негізгі қара сөзіндегі мағыналық дүниелер көп поэзиядан алдына шығып тұрады. Оның қара сөздерінің тәрбиелік мәні де ерекше. Сондықтан уақытында аяқтасам, суреттердің жинағы мен күнтізбе болып шығады. Бұйыртса алдағы уақытта көресіздер, – деді шебер.

e5a42be8-330e-4554-b61c-5922f62e64a2 (1).jpg

Әрбір істеген ісіне тыңғылықты, ерекше зейінмен, ұқыптылықпен қарайтын ұлттық құныдылықтарымызды дәріптеуші шебердің әрбір жасаған туындысы көз қуантады. Оның ұлттық аспаптары болсын, зергерлік бұйымдары, сурет салу өнеріндегі туындылары ерекше тақырыпта, терең мағыналы ретпен жасалынған қайталанбас туындылар болып табылады.

Ұлттық қолөнерді дамыту

Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды саласының бірі қолөнер болып табылады. Себебі бұл қасиетті өнердің өресі биік, өрісі кең. Қолөнер – халық қолөнерімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Қазіргі кезде сол ұлттық қолөнерді жас ұрпақтың бойына дарытатын, үйрететін, технология сабағы мен қолөнерге байланысты үйірмелер болып табылады. Өскелең ұрпақтың ойын тереңдетуде, шығармашылық қабілеттерін дамытуда, еңбекке қызығушылықтары мен ой-өрістерін кеңейтуде және сонымен қатар эстетикалық талғам деңгейлерін жоғарылату мақсатында – қолөнер үйірмелерінің орны ерекше. Осы орайда қолөнерді дамыту мен жетілдіруге қатысты шебер Алмас Мұстафаев былай деді:

Screenshot_20200615_174146.jpg

Қолөнерді дамыту үшін жекелеген шеберлер мықты болу керек. Тек бір ғана саланы ұстап жүрмей, өзі жетік меңгерген техниканы дамыту керек. Әлемдік өнердегі озық техникаларды, адамдардың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланылып, алдағы уақытта қолданылатын заттарды, бұрынғы ата-бабамыз пайдаланған нәрселерді ұмытып кетпей, қазіргі заманда да пайдалануға болады. Әлемге таныту емес, ол үшін белгілі бір мақсат болуы керек. Мысалы Димаш Құдарберген әлемге танылды, қазақ өнерін танытты. Ол қазір шоу бизнесте сұранысқа ие әншіге айналды. Әншілікпен қатар домбыраның құдіретін әлем елдеріне көрсете білді. Сол секілді құрақ көрпені танытамын десең, оның техникасын меңгеріп, көрмелерге апару керек. Арнайы мектеп қалыптастыру қажет. Және де оның ерекшелігін айқындап алу керек. Мысалы,Түрікменнің қалы кілемін бүгіне әлем елдері біледі. Түркменстан өзі кішкентай-ақ 4-5 млн халқы бар ел. Ал қалы кілемін дүниежүзі біледі. Олар ұлттық өнерлерін өз дәстүрлерімен ұштастырды, көркемдеді. Міне соның арқасында кілем танымал болды. Түрікменің бұл танымал кілемінің 5 облысының өз стилі бар. Дүние жүзі оны әлі күнге дейін алады. Бұл кәдімгідей жүйелі жұмыс істейтін нәрсе болып табылады. Шикізет бітетін шығар, бірақ қолөнер мәңгілікке қалады. Қазір Қазақстанда қолөнермен айналысатындардың саны күннен күнге қосылып, ақырындап көбейіп келеді. Өйткені қолөнер өнім болып табылады,– деді қолөнер шебері.

Алмас Мұстафаев өз шеберханасына қолөнердің үйренемін деп келушілердің көп екенін жасырмады. Бірақ әртүрлі жағдайларға байланысты қолөнер шебері барлық келгендерге бірдей шеберлікті үйрете алмайтындығын жеткізді. Болашақта үлкен мектеп ашып жатса, шебер барлық шеберлікті үйренмін деуші жандарға өзі меңгерген қолөнерді үйрететін болады.

Шәкіртсіз – ұстаз тұл

– Шәкірттеріміз өте көп. Кейбіреулері осы саланы оқып келсе, кейбірі қызығушылықты біздің шеберханаға келіп, аспап жасауды үйреніп тапқан. Егер адамның икемі болса, осы кәсіп өзінікі екенін түсінсе, кез келген шебер шыңдалса, өз саласының майталманы болып шығады. Танымал болған шеберлер бүгінде әр өңірде жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, өнер қолынан келіп тұрған адам жерде қалмайды. Ал үмітіңді ақтамай, қолөнерді үйреніп, тастап кетіп жатқан шәкірттер де бар, – деді қолөнер шебері.

505b19762cc7fb353d3bcf63c5554080.jpg

Алмастан өз саласының нағыз маманы болуы мен табысқа жетуінің сыры туралы да сұрадық,

– Кәсіп ашқан жақсы. Кез келген адам кәсіп ашып, жұмыс істеп көруі керек. Егер қабілетің жетпесе, біреумен серіктестікте істеуің керек. Ол болмаса, басқа салаға ауысып көру. Ең бастысы адам жалтақ, жасық болмауы керек. Табысқа жетудің сырына келер болсақ, қолыңнан не келетінін білу, келетін істен қаражат жасай алудың жолын қарастыру және адамдармен ашық болу. Тез тіл табысудың қыр-сыры өте көп. Ең бастысы табанды болсаңыз, кез келген істе табысқа жетуге болады. Бастаған істі аяғына дейін жеткізу табысқа жетудегі негізгі қадамдардың бірі болып саналады, – деп кеңес берді шебер.

Аспаптарды таңдау туралы

Аспап таңдағанда көп адамдар қателесіп жатады. Ең бастысы өте мұқият болу керек. Бүгінде аспаптарды жасайтын шеберлер өте көп. Сондықтан оны таңдау өте қиын. Кейбіреулер музыкалық аспаптың сыртын жылтыратып  қояды. Ал сатып алатын адам сол сыртқы бейнесіне қарап қателесуі мүмкін. Сондықтан домбыраны таңдаған кезде оны жасаған шебер туралы, серитфикаттары және тағы да басқа мәселелерге жете мән беру керек. Аспап жасау қолынан келмейтін, бірақ маркетинг жағын жақсы меңгергендер азаматтар да бар. Сіз саудагерлер қолына түссеңіз шеберді көрмейсіз. Сіздің қымбат деп алып жатқан аспабыңыз, өз бағасынан әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Сол себепті қолөнер шебері Алмас Мұстафаев аспаптарды арнайы тапсырыспен жасаған дұрыс деп есептейді. Себебі арнайы тапсырыспен жасалған аспап, ерекше үлгіде қайталанбастай, сапалы материалдан жасалады. Және де сізге көп уақыт қызмет етеді.

164ed9ca-9d26-4977-9b8e-c1a9cdd43635.jpg

– Славян халықтарының аспаптары мен қазақтың ұлттық аспаптарының ерекшеліктеріне келер болсақ, негізі олар екеуі бір аспап. Біздің де, олардың да бабалары сақтар болған. Тамыры бір, сол себептен де аспаптарымыз ұқсайды. Бірақ оларда еуропалықтарға еліктеу бар. Біздің аспаптар төменгі ішек малдың ішегінен жасалса, оларда аспаптың ішегі металлдан тағылған. Басты айырмашылығы осы ғана. Бізде үш ішекті домбыра бар. Ал оларда балалайка аспабы бар. Олардың негізінен формалары да ұқсайды, – деді шебер.

Қаншама ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлттық аспаптарымызды әлеуметтік желілер мен интернет дүкендері арқылы сататын жандар да бар. Ғаламтор дамыған жаһанданған дәуірде интернет дүкендерінен сапалы дүниелерді де табуға болады.

Screenshot_20200615_183303.jpg

– Мемлекетте арнайы бір қолөнер бұйымдарын экспортқа шығарайық деген заң болмағаннан кейін бүгінде бұйымдарды сыртқа шығару өте сирек кездеседі. Біздің елімізде көбінесе кәдесый бұйымдары мен тапсырыспен алатын заттар шығады және көрмеге барғанда сатып алынады. Қазақтың қолөнеріне дүниежүзінде сұраныс бар. Қанша дегенмен біздің бұйымдар экзотика болып саналады. Қолөнерді экспорттау үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама болуы керек. Мысалы, көрші қырғыздар өздерінің қолөнер өнімдерін өте көп экспорттайды. Дүние жүзіне шығарады. Сол сияқты бағдарлама болса, істеуге болады. Біздің шығаратын заттарды шет мемлекеттерге оңайлықпен жібере қоймайды. Бірақ сатып алушылылар өте көп болғанымен, құжат жасату деген бар. Тіпті бізден сатып алған заттарын алып кете алмай жүргендер бар. Бұл біздің мемлекеттің туризмге әлі икемделмегендігінің белгісі, – қолөнер шебері Алмас Мұстафаев.

Жалпы аспаптың сапасы оның материалына, яғни жасалынған ағашына байланысты. Және де сол аспапты шертіп көру арқылы оның үні мен әуенінен аспаптың сапасын анықтауға болады.

Осы уақытқа дейін жүзеге жуық көрмеге қатысқан шебер Алмас Мұстафаевтың әлі де алар асулары мен бағындырар белестері алда деп ойлаймыз. Қазақ қолөнерін насихаттап жүрген азаматқа сәттілік серік болсын!


(Суреттер: Алмас Мұстафаевтың жеке мұрағатынан алынды)

Ұқсас материалдар