Жаңалықтар

Орта Азиядағы ең биік аттракцион – Алматы шаһарында

Саяхат
Орта Азиядағы ең биік аттракцион – Алматы шаһарында
09.01.2017 12:59 6191

Алып шаһарды енді тек Көктөбеден ғана емес, жақында ғана іске қосылған Орта Азия құрлығындағы ең биік әткеншектен де тамашалауға болады. Мега ойын-сауық орталығының қасынан бой көтерген бұл аттракционның биіктігі 60 метрді құрайды. 

Ал адамдарды отырғызуға арналған орын саны 208. Жаңа нысанның әрбір кабиналарында Алматы қаласының көрнекті жерлері жайлы үш тілде ақпарат беретін аудиогид орнатылған. Дөңгелекті безендіру мақсатында жарықдиодты шырақтар қолданылған екен. Олар күндіз-түні жарқырап, алып нысанның көркін еселеуде.

Бүгінде әткеншек саябақтарда емес, қала ландшафтына үйлестіре орналастыру – урбанизацияның заманауи бағытына айналды. Бұл ірі мегаполиспен танысуға келген туристердің қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Аталмыш жобаға тартылған инвестиция құны 1,6 млрд теңгені құрайды. Ал  өзін-өзі ақтау мерзімі шамамен бес-алты жыл деген болжам бар. Салмағы 360 тонналық дөңгелектің фундаментін құю үшін 857 тонна бетон қажет болды. Жаңа нысан барлық техникалық талаптарға сай тұрғызылып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Ал дөңгелекке отырып ең алғаш айналып шыққан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек болды. Қала көркіне биіктен сұқтанып, Іле Алатауының баурайындағы әсем табиғатты тамашалағысы келетіндер әрине көп. Онсыз да халқы үзілмейтін бұл ойын-сауық орталығының алдында енді жұрттың қарасы тіптен көбейетін болады. Сондықтан да, құс қанатында отырып, көкте қалықтағандай ерекше әсер алғыңыз келсе 1200 теңгеңізді қиып, 16 минут саяхаттап келуіңізге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға