Жаңалықтар

Керекудегі 7 керемет

Павлодар өңірінде болдыңыз ба?
Керекудегі 7 керемет
19.06.2017 16:27 16276

Кереку деп отырғанымыз – Павлодар өңірі. Бұл атау сонау қимақ дәуірінен бастау алады. Осы облыстың табиғатының ішінен бөліп жара 7 кереметті айтпас бұрын, сол тізімдегі шыңдар мен көлдер орналасқан Баянауылға ерекше тоқталып өтелік. Негізі, басты кереметтің өзі, осы – Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркі.

Парк табиғаты талайды тамсандырып, ерекше көңіл-күйге бөлейді. Мұндағы тау жартастары мен жоталар сұлулығымен, қайталанбастығымен дараланады. Ал сіз кездестіре бермейтін өсімдіктің алуан түрі міндетті түрде аталған паркке қайта сапар шеккізеді.

Баянауылда 40 түрлі сүтқоректілер, 70-ке жуық құс түрі, 244 түрлі өсімдіктер бар.  Парктың көлемі – 48,2 мың га. Мұнда қорғау-қорықтық, қорғау-реакреациялық және де реакреациялық-шаруашылық зоналары бар. Баянауылдағы таулар қолайлы табиғатына байланысты «шөлейттегі тау-орман оазисі» деген атауға ие болған. Таңғажайыпқа толы көріністер, көз жауын алар таулар мен жартастар, үңгірлер, таудан аққан мөлдір бұлақтар, қарағайлы орман, түрлі жеміс-жидектер сізді ертегілер әлеміне жетелейді.

Баянауылдың биік шыңы – Ақбет тауы болып есептеледі. Мұнда атаулары өзгеше таулар мен үстірттер, үңгірлер бар. Атап  айтар болсақ, Кемпіртас, Найзатас, Отбасы, Көгершін және т.б. Паркте жалпы 9 көл бар. Оның бірлі-екілісіне тоқталып өтеміз. Парк еліміздегі алғашқылардың бірі болып 1985 жылы Мемлекеттік статусына ие болған.

Кемпіртас шыңы

Саяхатшылардың көп легі келетін орын осы атауы ерекше объект. Тылсым табиғат оны бала кезден оқып өскен ертегілердегі Жалмауыз Кемпір кейіпіне дәлме-дәл ұқсатып жаратқандай. Аталған шың Торайғыр мен Жасыбай көлдерінің биіктегі нүктелерінен көрінеді.

Жасыбай көлі

Қазақ-жоңғар шапқыншылығында ерлік көрсеткен Жасыбай батырдың есімін алған көлдің айналасын тау қоршаған. Баянауылдағы танымалдығы жағынан бірінші көл. Сондай-ақ, көлде Махаббат аралы бар. Аталған орындар аңыз-әңгімелерге толы. Көл теңіз деңгейінен шамамен 400 метрдей биіктікте жатыр. Жасыбайда алабұға, шортан, тұқы секілді көптеген балықтар кездеседі. Құстардың да 50-ден аса түрі (қаз, үйрек, тырна, аққу, т.б.) мекен етеді.

Торайғыр көлі

Торайғыр көлі Баянауыл ауданына қарасты, осы аттас ауылдың солтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жердегі Ақбет тауының маңында орналасқан. Жалпы көлемі – 0,88 шаршы шақырымды құраса, ұзындығы – 1,8 шақырымға жетеді. Аталған көлде алабұға, мөңке секілді балықтардың біраз түрін кездестіре аласыз. Көл тектоникалық ойыстың әсерінен пайда болғандықтан жағалары тік, жартасты болып келеді.

Ертіс өзені

Еліміздегі ең ірі өзен болып табылады. Ертістің жалпы ұзындығы – 4248 шақырымды құрайды, ал Қазақстандағы ұзындығы болса, 1700 шақырым екен. Бастауын сонау Моңғол Алтайынан алады да, республикамыз арқылы өтіп, Ресейдегі Обь өзеніне барып құяды. «Ертіс» деген сөз – иір өзен дегеннен шыққан екен. Бұл өзеннің бойында тек Павлодар емес, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Семей секілді қалалар да орын тепкен.

Ақбет тауы 

Аталған тау Баянауыл тауларының ең биік сілемі. Биіктігі – 1026 метрге жетеді. Батыстан шығысқа қарай созылған таудың ұзындығы 17 шақырымды құрайды. Ал ені болса 5-7 км. Таудың табиғаты көз тарталық көркем, баурайында бірнеше көлдер мен бұлақтар орналасқан. Тау силур және девоно дәуірінің крисатлды гранит, сиенит, порфирит жыныстары түзілген. Беткейлерін тобылғы, арша, терек, қайың секілді талдар көмкерген.

 Маралды тұзды көлі

Аталған көл Павлодар облысының Шарбақты ауданына қарайды. Маралды көлінің шипалы батпағы көпшілікті осында келіп емделуіне ықпал етуде. Ол ревматизм мен бұлшықеттің бірнеше аураларына ем болып табылады. Көл түбінде көгілдір косметикалық батпақтар шоғыры бар. Осында мекендейтін аrtemiasalina шаяндары суға қызғылт өң сыйлайды. Бұл шаяндарды парфюмерлік және фармокологиялық өндірісте қолданады. Судың тұзды қалыңдығы адамды батырмай, су бетінде еркін ұстап тұрады.

Қызылтау мемлекеттік табиғи қорығы

Зоологиялық қорық Павлодардағы Баянауыл ауданының оңтүстік-батысында орналасқан. Алып жатқан аумағы – 60 мың гектар. Бұл қорық сирек кездесетін, жойылып бара жатқан жан-жануарларды қорғау мақсатында, оның ішінде арқарды көбейту үшін құрылған. Аталған аймақ шөлейтті ландшафты өлке. Мұнда гранитті тау шоқылары бар, сол сияқты күмбез тәрізді төбелер де жиі ұшырасады. Қызылтауда қасқыр, түлкі, қыр күзені секілді аңдар мен құрлардың бірлі-екілі түрі, бүркіттер мекен етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға