Жаңалықтар

Ауаның ластануы қаншалықты қауіпті?

Эко-белсенділер не дейді?
Ауаның ластануы қаншалықты қауіпті?
12.03.2019 17:43 9644

Қазақстанның қай өңірлерінде ауа қатты ластанған? Бұл проблеманы шешу бойынша мемлекет қандай жұмыстар жасауда? Халықаралық ұйымдар не дейді? Әлемдік тәжірибе қандай? Ауаның ластануы адам денсаулығына қалай әсер етеді? PaperLab дискуссиялық клубы ұйымдастырған шараға жиналған эко-белсенділер осы сұрақтарға жауап іздеді.

“Қазақстан қалаларының ластануымен қалай күресеміз?”. Осылай аталған шараға Астананың көптеген эко-белсендісі жиналды. Түрлі өңірлерден келген қатысушылар да аз емес. Кездесудің модераторы Серік Бейсенбаев спикерлерге сөз берер алдында Бүкіләлемдік денсаулық ұйымының дерегін келтіріп өтті. Әлемдік статистикаға сенсек, ауаның ластануынан қайтыс болатын адамдардың саны темекінің кесірінен көз жұматындардан әлдеқайда көп екен. Соңғы дерек бойынша, темекі зияны 6 миллионға жуық адамның өліміне әкелсе, лас ауа 7 миллиондай адамның өмірін жалмаған.

Бұл статистика жан түршіктірмей қоймайды, әрине. Ал басқа да деректермен таныспаққа Бүкіләлемдік денсаулық ұйымының сайтына кірсеңіз, лас ауаны неліктен “The Silent Killer” (Үнсіз киллер) деп атайтынын түсінесіз. Ұйымның зерттеуі бойынша, әлемдегі 10 адамның 9-ы ластанған ауамен дем алады. Көзге көрінбейтін зиянды заттар адам ағзасына кіріп, түрлі жүрек және өкпе ауруларына әкелетін көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, әр елдің үкіметі бұл проблемаға бейжай қарамай, оны шешу жолдарын қарастыруды қолға алуы тиіс. Ал бірінші жол - халықты ақпараттандыру.

Олай болса, Қазақстанда экологиялық ақпарат қаншалықты қолжетімді? Бұл сұраққа Энергетика министрлігі жанындағы Қоршаған ортаны қорғау ақпараттық-талдау орталығына қарасты Экологиялық ақпаратты талдау басқармасының жетекшісі Тәуекелова Мадина жауап берді. Оның айтуынша, 2009 жылдан бері орталық Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорының жұмысын жүргізеді. Бүгінгі күні қор экология бойынша 40 түрлі ақпарат ұсынады. Кез келген Қазақстан азаматы қордан өзін қызықтырған ақпаратты сұрастыра алады.

“Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорының жұмысы Экологиялық кодекстің 161 бабы негізінде жүргізіледі. Мақсаты - жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік мекемелерге экологиялық жағдай мен қоршаған ортаны қорғауға байланысты ақпарат беру”, - дейді Мадина.

Сондай-ақ бұл қорда 1991 жылдан бергі экологиялық ақпарат сақталған көрінеді. Ал 2011 жылдан Ақпараттық-талдау орталығы Қоршаған ортаның жай-күйі туралы және Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұлттық баяндама шығарады. Ұлттық баяндамада Экологиялық кодекске сай, қоршаған ортаның жағдайы туралы сипаттама, антропогендік әсер, өңірлердегі экологиялық ахуал мен табиғатты қорғау бойынша жасалып жатқан мемлекеттік саясат бойынша ақпарат ұсынылған. Баяндаманы әзірлеуде мемлекеттік мекемелердің, Қазгидромет пен Халықаралық ұйымдардың деректері қолданылады. Қоршаған ортаның жай-күйі жайлы ақпарат көпшілікке барынша қолжетімді болу үшін Энергетика министрлігі Ұлттық баяндаманың электронды нұсқасын әзірлеген екен. Сондай-ақ ұялы телефонға арналған бағдарлама да бар. Десе де барлық дерек әлі толық енбеген.

Мадинаның айтуынша, Ұлттық баяндамаға сәйкес ауасы ең лас өңірлердің көшін Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары бастап тұр. Бұл осы аймақтардағы өндірістік қуаттың көптігіне байланысты. “Егер атмосфералық ауаның сапасы жайлы жалпы айтар болсақ, қазіргі динамика орташа”, - дейді ол.

Ал Өскеменнен келген Экологиялық қауіпсіздік орталығының бас маманы Елена Полянцева Шығыс Қазақстанның экологиялық жағдайын баяндады. “Өскемендегі атмосфералық ауа сапасына кері әсер ететін себептер көп. Негізгі себеп - қаланың орналасқан жері. Тау-тастың арасында тұрғандықтан қалада көп күн жел болмауы мүмкін. Мұндай күндері ауаның жерге жақын қабатында зиянды заттар көбейеді. Ал екінші себеп - қала орталығына жақын жердегі үлкен өндірістік кәсіпорындар. “Бұл фактордың атмосфералық ауаға тигізетін әсерін білу үшін, осы кәсіпорындар қолданатын немесе шығаратын зиянды заттарды тізіп шығу жеткілікті. Олар: хлор, берилий, уран, күкірт қышқылы, қорғасын мен мырыш және т.б. Аталған себептердің қатарына газдандырудың бір жолға қойылмағанын, Қаражыра кенінен әкелінетін көмір мен автокөліктерге арналған жанармай сапасының төмендігін (300 мың халқы бар қалада 100 мыңға жуық көлік бар) қосуға болады. Осы аталғандар себебінен Өскемен мемлекет бақылауындағы 49 қаланың бірінші ондығына “жайғасты”, - дейді Елена.
2011 жылға дейін Өскемендегі атмосфералық ауаның сапасын өлшеу қолмен жүргізілген. Күніне төрт рет жасалатын өлшемнің нәтижесі тек келесі күні белгілі болатын. Бұл халыққа техногенді процестерге “бай” қаланың тұрғындарына экологиялық жағдай туралы жедел әрі нақты ақпарат беруге кедергі келтірген. Соның кесірінен қала тұрғындарының арасында ауаның ластануына қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер де көбейген көрінеді. Сондықтан осы мәселені шешу үшін 2011 жылы Өскеменде экологиялық бақылаудың өңірлік автоматтандырылған өлшеуші жүйесі іске қосылды. Бүгінгі күні бұл осылай қызмет ететін Қазақстандағы жалғыз жүйе.
Еленаның айтуынша, жүйе ұсынатын экологиялық ақпарат бәріне ашық. Кез келген адам қалалық сайттардан қаладағы атмосфералық ауаның сапасын біліп, өз күнін жоспарлай алады. Сондай-ақ жүйе мемлекеттік мекемелердің қоршаған ортаның жағдайына байланысты жедел шешім қабылдауына мүмкіндік береді. “Бұл жүйенің жұмысына басқа қалалардың басқарушы органдары ғана емес, шет елден де қызығатындар бар”, - дейді Елена.
Экологиялық қауіпсіздік орталығы жүйенің жұмысын жүргізіп, техникалық қызметін жасайды. Алынған деректерді талдап, соның негізінде қаладағы ауаның ластануын төмендететін шараларды ұйымдастырады. Сонымен қатар азаматтық қоғамды экологиялық проблемаларды шешуге талпындыру мақсатында 2017 жылы “Экологиялық патруль” жобасын бастаған екен. Ол үшін Whatsapp желісінде аккаунт ашылып, қала тұрғындары экологияға зиян келтіретін іс-әрекетті немесе құбылысты байқап қалса, фотоға түсіріп жібере бастаған. Жоба барысында барлығы 620 шақты өтініш қаралып, көптеген рұқсатсыз төгілген қоқыс орындары жинастырылған. “Бұл өз кезегінде жергілікті биліктің қоқыс төгілген жерді тауып, жинауына мүмкіндік беріп қана қоймай, қаланы абаттандыру жоспарын қайта қарауға түрткі болды. Сондықтан бұл жобаны жақсы нәтижеге әкелген жақсы бастама деуге толық негіз бар”, - дейді эколог.

Ауаның ластануы тек содан зардап шегіп отырған елдердің ғана емес, әлемдік прблема. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, атмосфералық ауа қатты лас аумақтарға Таяу Шығыс пен Орта теңіз және Оңтүстік Шығыс Азия елдері жатады. Ал дамыған елдердің тәжірибесі қандай? АҚШ Мемлекеттік департаментінің Орта Азиядағы экологиялық бөлімінің басшысы Константин Дубровский америкалықтардың бұл проблемамен қалай күрескенін айтып берді.

Константиннің айтуынша, Америкада бұл проблемаға 1970 жылдан бері мән беріле бастаған. Дәл осы жылы Қоршаған ортаны қорғау агенттігі құрылып, экологиялық жағдайды, оның ішінде атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға бағытталған заң жобасы қабылданған. Заңда барлық штаттар ұстану тиіс нормативтер көрсетілген. “Агенттік кінәлілерді емес, проблеманы шешу жолдарын іздеді”, - дейді ол, - “Олар барлық штат басшылығымен тығыз жұмыс жасайды. Агенттіктің бюджеті 8 миллиард долларды құраса, оның жартысы барлық штатардағы экологиялық ұйымдарға грант ретінде бөлінеді”.

2011 жылғы дерек бойынша, 1970 жылдан бері Америкадағы ауаның сапасы 70 %-ға жақсарып, жалпы ішкі өнім 250 %-ға жеткен. “Экологиялық пробемамен күрес экономикалық өсімді тоқтатп

ады”, - дейді Константин. Оның айтуынша, проблеманы шешудің ең бірінші қағидасы - ашық әрі сенімді дереккөз. Экологиялық зерттеулер тек мемлекет тарапынан емес, тәуелсіз институттар мен ұйымдардың көмегімен жүргізіледі. Ал оның нәтижесі мелекеттің осы салада жүргізетін саясатына әсер етеді. Өткен жылы 526 америкалық компания заң бұзғандарын мойындап, 25 миллион айыппұл төлеген екен. “Неге? Өйткені ешкім лас ауамен дем алғысы келмейді”, - дейді Константин. Сондай-ақ ол бұл проблеманың әлемдік маңызын атап өтті:

“Біріншіден, бірегей экологиялық проблема жоқ. “Біздегі проблема ешбір елде жоқ” деп айтатын адамдарды жиі көремін. Бірақ әлемнің біраз елдері осы тектес проблемалармен күресуде, сәтті кейстер де жоқ емес.

Екіншіден, экология бірден шешілмейтін проблема. Өңірлерді газдандырса, барлығы орнына келетіндей сөйлейтін бар. Бірақ бір шешімнен экологиясы жақсарып кеткен ел жоқ.

Үшіншіден, лас ауаның құны қымбат. Өткен жылы Дүниежүзілік банк жариялаған есеп бойынша, 2013 жылы ұйым атмосфералық ауаның ластануымен күреске 5 триллион доллар жұмсаған”.

Қалалық жерде ауа ластанғанын әдетте тұманды түтінге (смог) қарап білеміз. Ал оның денсаулыққа тигізер зияны қандай? Тұманды түтін тыныс алу жолдарын бітеп, жүрек-қан-тамыр жүйесіне зиянын тигізеді. Бұл өз кезегінде жүрек ауруларына, бронх қабынуы мен демікпе дертіне әкелуі мүмкін. Эксперттер оның “қауіпсіз деңгейі” болмайтынын айтады.

Жердің сыртқы қабатында түзілген озон көз, мұрын мен тамақты тітіркендіріп, олардың қорғаныш қабатын қабындыруы мүмкін. Бұл адам ағзасының инфекциямен күресуіне кедергі келтіреді. Сондықтан мұндай аймақтарда тұратын адамдар аллергияға жиі шалдығады екен.

Жақында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жаңа Экологиялық кодекс әзірленіп жатқанын мәлімдеген болатын. Жиынға жиналған эко-белсенділер алдағы уақытта аталған заңнамалық құжатқа өз ескертулерін ұсынатын болып тарқасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға