Жаңалықтар

Астана қаласын жобалауда жапон сәулетшісі неден қателесті?

Астанаға 20 жыл 
Астана қаласын жобалауда жапон сәулетшісі неден қателесті?
05.07.2018 11:31 8216

Ажарлы Астананың арқа төсінде қанатын жайғанына биыл 20 жыл. Күллі бір мемлекеттің бас шаһары ретінде, оның құрылу тарихы үшін 20 жас өте аз әрине. Алайда азғана уақыттың ішінде Астананың келбеті ерекше түрленіп, ажарлана түсті. Бүгінде Астана – әлем елдерінің назарын аударған, талайдың таңдайын қақтырып, тамсандырған әсем шаһарға айналды. Сәні мен салтанаты келіскен жас қаланың сәулетіне еріксіз көз сүйсінеді. Мереке қарсаңында Қазақстанның құрметті сәулетшісі, профессор, «Мемқалақұрылыскадастры» РМК Бас директорының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сәулет кеңесінің мүшесі, сондай-ақ Назарбаев Университеті Инженерия мектебі Құрылыс кафедрасы Консультативті кеңесінің мүшесі Аманжол Чиканаевты әңгімеге тарттық.

– Әуелі алғаш ел астанасын Сарыарқа төсіне көшіру туралы тарихи шешім қабылданған сәтке оралсақ. Қандай міндеттер жүктелген еді?

– Ең алғаш осы жаңалықты 1996 жылы Алматыда жүріп естідім. Жора-жолдастарымызбен жиналған болатынбыз, қарасам сәулетші достарым бір қаланың бас жобасының сызбанұсқасын жасап жатыр екен. Шекесіндегі Ақмола қаласының бас жобасы деген жазу көзіме оттай басылды. Осылайша алдымен бас қаланың эскизін жасау үшін қазақстандық сәулетшілердің арасында байқау өткізілді. Конкурсқа өз жұмыстарын ұсынған 17 шығармашылық ұжымның ішінде Алматы және Целиноград қалалаларынан  қатысқан екі топ жеңіске жетті. Алайда, үздік деп таңдалған жобалар Елбасының көңілінен шыққан жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының пікірінше жоба ХХІ ғасырдың талаптарына жауап бермейтін болды. Президент халықаралық байқау жариялап, әлемге әйгілі сәулетшілерге өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік жасады. Ал бізге ел астанасын орталық өңірге көшіру үшін дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Біз жергілікті құрылыстың жобасын әзірлеуге кірістік. Ол – жекелеген кварталдар, мөлтек аудандарды қайта ұйымдастыру жұмыстары еді. Жергілікті сәулетшілерге бос жатқан аумақтарға қол тигізбей-ақ министрліктер мен ведомостволарды орналастыру жөнінде нақты тапсырма берілді. Ал, бос кеңістіккке халықаралық байқауда топ жарған үздік сәулетшілердің жобасы салынатын болды.

Екі жыл көлемінде біз шаһардың орталық бөлігін жетілдірумен шұғылдандық. Ғимараттарды артық шығынсыз кәдеге жаратуды көздедік.  Астанаға қоныс аударған мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін орналастырумен айналыстық. Сол жылдары қаладағы мәдени-тұрмыстық нысандар ондағы қызмет көрсету сын көтермейтін күйде еді. Мүлде талапқа сай емес болды. Сенсеңіздер мемлекеттік қызметкерлер мен қала құрылысын дамытуға келген сәулетшілер үшін тіпті түскі ас ішетін мекемелер болған жоқ. Олар күніне 18-20 сағат жұмыс істейтін. Қайта негізгі жұмыс күшінің жергілікті адамдардан құралғаны біз үшін тиімді болды. Ол уақытта инженерлік-архитектуралық және аграрлық-техникалық екі университет жұмыс істеді.

– Халықаралық байқау қалай өтті, сәулетшілерге қандай талаптар қойылды?

– Байқауға 47 шығармашылық ұжым қатысты. Мен ұйымдастыру комитетінің құрамына ендім. Жоба жұмыстарын сондай-ақ шетелден келген эксперттер де бағалады. Байқаудың финалында 3 үздік жоба таңдалды. Бірінші эскиздің авторы – әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, екінші жоба – қазақстандық сәулетшілер, үшінші жобаның авторлары – ресейлік мамандар еді. Осы үш үздік жобаның ең мықтысын Елбасы өзі таңдады.

– Мемлекет басшысы қандай ерекшеліктері үшін жапон сәулетшісінің жобасын үздік деп таныды?

– Себебі Курокаваның жобасында өте мықты концептуалды идея бар. Оның негізгі ұстанымы – ХХІ ғасырдың қалалары жаңа философиялық доктринаға сай салыну керек дегенге саяды. Қаланың жобасы симбиотикалық және метаболистік бағытқа сай жасалды. Жапон сәулетшісі ұсынған концепцияның ерекшелігі осында. Қарапайым тілмен айтар болсақ, тек сәулет өнерін ғана дамыту емес, табиғи құндылық, табиғи байлықтарды  қатар жетілдіру. Яғни шаһардың өзін сондай-ақ  қала  маңын көгалдандыру, жасыл өнімді ұлғайту, ауаның таза болуына жағдай жасау. Қала құрылысы мен табиғатты қатар дамыту керектігін ұсынды. Ал, отандық сәулетшілердің жобасы бойынша қала Есіл өзенінің екі жағалауына қарай қоныс теуіп, қаз-қатар тізілген биік үйлер салынуы керек еді. Сонда жапон сәулетшісі: «Барша Сарыарқа өңірінің негізі қан тамыры іспеттес Есіл өзенін неге сіздер басты нысанға алып отырсыздар? Бұл жоба 2-3 жылда өзенді құртады», – деген пікір айтты. Ол шынымен де осы идеясы арқылы өте орынды философиялық тұжырым ұсынды. Елбасы осы мәселеге қатты мән берді. Мемлекет басшысының шешімімен елорданың бас жобасын жасау құқығын Кисе Курокава иеленді. Ол жоба жұмысымен екі жыл айналысты.  2001 жылы 15 тамызда құжат үкімет тарапынан мақұлданып, қабылданды.  

Кисе Курокава 2030 жылы Астанадағы халықтың саны 1 миллион болады деп жобалады. Алайда, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек қазіргі таңда елорда халқының саны 1 миллионнан әлдеқашан асып кетті.

– Аманжол Шәймерденұлы, сіздер кейінірек Кисе Курокаваның жобасына түзетулер енгізгендеріңізді білеміз. Сонда жапон сәулетшісі неден қателесті?

– Кисе Курокава халық санының өсімін жобалаудан қателесті. Бұл – өте маңызды әрі өзекті мәселе. Шаһардың бас жобасында халық санына байланысты базалық көрсеткіш болады. Дәл ос көрсеткішке сүйеніп, болашақтағы өсімге болжам жасалады. Сіз өзіңізді Курокаваның орынына қойып көріңіз. Ол әлемдегі ең ірі, ең бай, ең қуатты жеті елдің қатарында жүретін Жапониядан келді. Жапония – жоғары технологиялық индустриалды үлкен держава. Ал, 1998 жылғы Астананы көзіңізге елестетіңіз. Тап-тары әрі сұрғылттанған көшелер, оның бойымен жылжыған ескі маркалы автокөліктер, қаладағы халықтың саны небәрі 270 мың ғана. Ол қандай болжам жасауы керек еді? Бірінші базалық көрсеткіш – тікелей халықтың санымен байланыстырылады. Сосын барып қанша үй, қанша балабақша, қанша мектеп салу керектігі болжанады. Мен осы мәселелер шешілетін тұста жобаға куә болдым. Кисе Курокава 2030 жылы Астанадағы халықтың саны 1 миллион болады деп жобалады. Ең қызығы оның голландық әріптесі: «Қайдағы миллион, ондай ешқашан болмайды. Әрі кетсе 800 мың болуы мүмкін», – деген пікір айтты. Нәтижесінде осы тоқтам мақұлданып, 2030 жылы елорда тұрғындарының саны 800 мыңға жуықтайды деп жобаланды. Тағы бір айта кетерлігі Курокава 2010 жылы халық саны 400 мың болуы мүмкін деп болжады. Алайда 2002 жылы Астана тұрғындарының саны 500 мыңнан асып жығылды. Мәселен, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек қазіргі таңда елорда халқының саны 1 миллионнан асып кетті. Сол себепті шаһардың бас жобасына өзгертулер енгіздік. Қала азғантай уақыттың ішінде ерекше қарқынмен дами түсті. 1999 жылы бізге Юнесконың назары ауып, «Бейбітшілік қаласы» атағын берді.

– Қаланың бас жобасында айтылған жапон сәулетшісінің концепциясы толық жүзеге асты деп айтуға негіз бар ма?

– Әрине Астананың бүгінгі жетістігі де сол. Астана біртіндеп орманды алқапқа айналып келеді. 1997 жылдан бері отырғызыла басталған Астана қаласы жасыл аймағының алқабы осы күні 75,1 мың гектарға жетті.  Оның ішінде 155 га алқапты алып жатқан ағаш тұқымының плантациясында 50 мың дана ағашты-бұталы тұқымдардың 61 түрi бар. 2002 жылы «Ақ қайың» орман тұқымбағы аумағында арборетум құрылған болатын. Оған 115 түрлi ағаштың тұқымы мен бұтақтардың тұқымы жиналды. Жасыл аймақ құру елорда төңiрегiнде жабайы жануарлардың көбеюiне ықпал еттi. Бүгінде марал, бұлан, елiк, суыр, дала қарсақтары, ондатр, қоян және кiшкентай тышқандар мекен етедi. Ал құстардан балқарағай торғайы, сұр шiл, сұр сандуғаш, көк қарға, жасымық, шиқылдақ, мәскеу торғайы мен қырғауыл бар. Бұның бәрі Елбасының тікелей тапсырмасына сай, қолдауымен жүзеге асып отыр.

– Бүгін Астанаға не жетіспейді? Сәулетші ретінде қандай ұсыныс айтар едіңіз?

–  Тек Астана үшін ғана емес, өзге де ірі шаһарлар үшін ортақ бір мәселе бар. Ол – транспорт проблемасы. Қалай айтсақ та доктор Курокава ұлы сәулетші. Алайда ол қаланың сәулет құрылысы бойынша емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалаудан қателесті. Ол қаланың сұлбасын жасау барысында шаһардың тамыры іспеттес көшелердегі транспорт жүйесін, төселетін жолдардың ені мен ұзындығын сол уақыттағы қала санына және олардың өсімі туралы болжамға сай жасады. Бірақ уақыт көрсеткендей, арада 2-3 жыл өткеннен кейін жылдам қарқынмен өскен халықтың саны, көшелердегі көлік қозғалысы, көліктердің тығыздығы сәулетшінің қателескенін көрсетіп берді. Қаладағы транспорт жүйесі мәселесін реттеу, шешу үшін «Мемқалақұрылыскадастры» РМК барынша жұмыстар атқаруда. Мәселен, былтыр Астананың кейбір көшелері бір бағытқа ауыстырылды. Есесіне жаяу жүргіншілерді тасымалдайтын қоғамдық көліктер үшін екі бағытта да қатынауға мүмкіндік жасалды. Автобустарға арналған арнайы жолақтар пайда болды. Бұл жұмыстардың бәрі осы транспорт мәселесін шешуге бағыттталып отыр.   

Бүгін де Астана барлық облыс орталықтарына үлгі боларлық ірі шаһарға айналды. Астана – біз зор мақтанышпен еліміздің астанасы, жүрегі деп толғанатын әсем қала. 

Менің жеке пікірімше, Астанаға диснейленд жетіспейді. Ханшатырдың артқы жағында бос жатқан аумаққа диснейленд салуға болады. Сол маңда бір емес бірнеше көлшіктер бар. Өкінішке орай қазір сол аумаққа біртіндеп тұрғын үйлер салынып жатыр. Сәулетші ретінде тұрғын үй кешендерінен гөрі ботаникалық бақ, зоопарк, диснейленд салған оңтайлы деп ойлаймын. Осы табиғи көлдердің айналасында бұлақтар бар. Сол бұлақтардың көзін ашып, айналасын тазалап, ботаникалық бақ  жасайтын болса кез-келген өсімдік жайқалып шыға келер еді. Тірі табиғаттың мүмкіншілігін орынымен пайдаланып, табиғаты тамылжыған тамаша демалыс орындарын жасау керек. Ең бастысы қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалуға, саяхаттауға қолайлы мекен жасауға болады.

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Биік белестерден көріне беріңіз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға