Жаңалықтар

Жылына 50-60 тонна лимон өсіретін отбасы

Тонналап лимон өсіріп отырған отандасымыз кім?
Жылына 50-60 тонна лимон өсіретін отбасы
08.09.2021 11:40 28564

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Бағыс ауылы Өзбекстанның шекарасымен жапсарлас ауыл. Бұл ауылда 10 жылдан бері жылыжайда лимон өсіріп, күтіп-баптап, ел тұрғындарын тропикалық жеміспен қамтамасыз етіп отырған Манатәлі мен Оспанәлі Таңсықбаевтардың үйін іздеп келеміз. Жаңбырдан кейін топырақтың шаңы басылып, ауа тазарып қалыпты. Жолай кездескен ауыл адамдарынан жөн сұрап жүріп, Манатәлі ағаның үйін тез-ақ тауып алдық. Қыстың қамын ойлап, жылыжайға жағатын камаз-камаз көмір түсіріп жүр екен. Қарсы алып, жол бастады.

Жылыжайдың ішіне ендік. Ағаштар иіліп, сарғайып, пісіп тұрған лимонды әрең көтеріп тұр. Манатәлі аға әңгімесін әріден сабақтады.

Жылына 50-60 тонна лимон өсіретін отбасы

«2008 жылы отбасымызбен жылыжай құрып, оған қияр мен қызанақ егіп, жұмыс бастаған едік. Жақсы өнім берді. Бірақ көп өтпей ол жерге нематода деген ауру келді. Яғни, ұзын құрт қияр мен қызанақтың тамырына еніп алады да, тамырдың қанат жаюына мүмкіндік бермейді, оны жоятын дәрісі тым қымбат, онымен күресу де қиын екен. Оның үстіне бұрын бір газель көкөністі базарға апарып, 15-20 минутта сатып қайтатын болсақ, қияр, қызанақ егетін жылыжайлар көбейген соң, сату жағы да қиындай бастады. Бізге бағытты өзгерту керек болды. Інім екеуміз нарықты зерттеп, 60 соттық жерге жылыжай соғып, лимон көшетін отырғызуды жөн деп таптық. Лимон ағашы нематода ауруынан қорықпайды» - дейді Манатәлі аға.

Лимон көшетін отырғызбастан бұрын, Ташкентке барып біраз жылдан бері циртусты жеміс өсіріп, осы істің қыр-сырына қанық мамандармен кеңесіп, дәріс алады. Сосын 2012 жылы «меир» деген сортынан 20-30 см боп өскен 640 көшет әкеліп, көшетханада 2-3 жыл баптайды. Ол лимон мен апельсиннің будандастырылған түрі, дәмді әрі қымбат. Сосын 60 соттықты құрайтын бірнеше жылыжайға бөліп отырғызады. Бүгінде бұл ағаштардың жапырақ жайып, өсіп тұрғанына 8-9 жыл болды. Әңгіме ауаны лимон ағаштарын күтіп-баптауға ауысты.

Жылына 50-60 тонна лимон өсіретін отбасы

«Бірден 60 соттыққа лимон көшетін отырғызу қаржы жағынан қиындық тудырды. Сол үшін біз 2-3 жыл көшетханада ұстап, өсіріп алдық. Лимон ағашы алғашқы үш жыл өнім бермейді. Шығынға жұмыс істейсің. Ал күтімі оңай. Лимон теріліп, артық бұтағы кесіліп болғаннан кейін ағаштар ұйқы фазасына кіреді. Олар оянып кетпеуі және суық ұрмау үшін жылыжай ішін +5 градуста ұстап отырамыз. Мысалы, қияр мен қызанаққа +18-20 градус керек болса, лимонның өсуіне +5 градус жылылық жетеді. Ал қысы суық, солтүстік жақтың адамдары жердің астын қазып, жылыжай істеп, ексе болады. Бір жағынан темір метал, күленкі, жылу жағынан да үнем болар еді. Лимон ағашы жылына 4 рет гүлдейді. Бірақ бір рет өнім аламыз. Қазір гүлдеп жатқандары ендігі жылы қазан айында өнім береді. Наурыздың аяғында гүлдегендері қараша айында салады. Мамырда гүлдегендері желтоқсанда піседі. Піссе, сарғайса, бірден үзіп алып, сатса болады. Біз бәрінің бірдей уақытта піскенін күтіп, бір-ақ тереміз. Негізі лимонға да зиянкестер келеді. Бірақ уақытында барлық профилактиканы жасап, жазда шомылдырып, жуындырып, «тамағын» уақтылы беріп, қарап тұрсаң ол аурулар жоламайды. Келсе де, емдеп алуға болады. Қиын емес. Сосын алма, алмұрт ағаштарының артық бұтақтарын қырыққандай, лимонды да жылына екі рет қырқып тұрамыз. Бірақ басқаша кесіледі. Желтоқсанда теріліп болса, артынша бәрін қырқып шығамын. Сосын мамыр айының соңы мен маусым айының басында қырқылады. Жаздың күні аптасына екі рет, ал күз бен көктемде он күнде бір рет суғарамыз. Ал қыста мүлдем суғармаймыз. Лимон ағаштары сегіз ай су ішпесе де тұра береді» - дейді Манатәлі аға.

Жылына 50-60 тонна лимон өсіретін отбасы

Таңсықбаевтар отбасы елімізде алғашқылардың бірі болып, лимон жылыжайын құрған. Сондықтан мұндағы ағаштар жасы бойынша еліміздегі ең үлкен ағаш болып саналады. Ақпарат пен лимон өсірудің жай-күйін білетін мамандар бізде жоқ болғандықтан бәрін өздері басынан бастауға тура келді. Ташкентке барып «қандай дәрі береді?», «артық ағаш бұтағын қалай кеседі?», «қалай қарайды?» осы сұрақтардың жауабын іздеді. Он маманға барса, әрқайсысынан бір нәрсе үйренуге тырысты. Түркиядан мамандар шақыртты.

Жылына 50-60 тонна лимон өсіретін отбасы

«Білетін маман жоқ болғаннан кейін бәрін өзіміз 0-ден бастап құрдық ғой. Іздендік, білім алдық, жан-жақтан ақпарат жинадық, тәжірибе жасадық. Үйрену үшін осылайша біраз жыл уақытымды арнадым. Ал қазір менде бар жинаған білімімнен құрылған арнайы бағдарлама бар. Егер үйренемін, лимон өсіремін деген адамдар болса, бар білгеніммен бөлісемін. Ертең ол бәсекелес болады деп қызғанып, жасырып қалу деген жоқ. Қайта көбейіп, басқа елдерге экспортқа шығарып жатсақ қанеки? Тамаша болар еді. Ақшаның өз елімізде қалғаны жақсы ғой. Мысалы, қазір үш фураға лимон артатын болсам, оның бір фурасы толмай қалса, басқа бағбандарға хабарласамын. Нарықты зерттеп қарасақ, шеттен келетін цитрус жеміс ең кемі 1 доллардан келеді. Біздегі лимондар Аргентина, Түркия, Қытай, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келеді. Біздің ақшамыздың барлығын солар әкетіп жатыр. Қазір Қазақстанда 20-30 гектар лимон бағы өсіп қалды. Көбейтсек, ақшамыз өз елімізде қалады» - дейді Манатәлі аға.

Жылына 50-60 тонна лимон өсіретін отбасы  

Бүгінде жылыжайдағы әр түп лимон ағашы кемі 100-150 кг өнім береді. Алдағы уақытта 300-400 кг дейін өнім алуға жоспар құрып отыр. Ал жалпы жылыжайда 640 түп ағаш бар. Сонда жыл сайын Таңсықбаевтар отбасы 50-60 тонна өнімді еліміздің әр қаласы мен Ресейге жөнелтіп отыр.

«Лимонды сату жағынан ешқандай мәселе жоқ. Өзге қалалардан келіп алып кететін алыпсатарлар бар. Немесе Алматыға барып өзім сатып келемін. Қайбір жылы Алматыға 5 қаңтар күні бір фура лимон апардым. Таңнан кешке дейін 20 тонна сатып тастадым. Одан кейінгі жылы 30 тонна апарып, бір апта саттым. Мысалы Өзбекстаннан келгендер 1 кг 700 теңгеден сатса, мен 650 теңгеден беремін. Мен – диқанмын. Маған базар бағасынан 50 теңге төмен бергенім қалтама әсер етпейді. Ал адамдар қашанда 5-10 теңге болсын арзан алғысы келеді. Бірақ көбі бізде, өз елімізде лимон өсіп жатқанына сенгісі келмейді. Қолына ары-бері ұстап көріп, таңғалып қарайды. Тіпті қазір қысы суық саналатын Өскеменнің өзінде Николай Земляной мен оның жұбайы Людмила жылыжайда лимон, анар, банан, ананас, мандарин, құрма секілді экзотикалық жемістер өсіріп жатыр. Көзін тапсаң, қызығушылығың болса, бізде кез келген нәрсені өсіруге болады. Бірақ бір нәрсені ескеру керек. Лимон өсіру – ұзақ мерзімді бизнес. Одан 3 жылға дейін еш пайда көрмейсің. Тек шығынға жұмыс істейсің. Үш жыл қыста жағатын көмірің бар, әр жыртылған сайын ауыстыратын күленкің бар, дәрі-дәрмегің бар, жұмысшыларға беретін еңбекақың бар, бәрі-бәрі шығынға батырған сайын, қолыңды бір сілтеп тастап кеткің келеді. Бізде де сондай ой болғаны рас. Інім екеуміз көлігімізді саттық, есік алдындағы барлық малды саттық. Жағатын көмір жетпей қалған кезде көшеден бала-шағамызбен бірге тезек тердік, күл-қоқысқа тасталған аяқ киім, отын тердік. Әйтеуір қиындықтардан жол табуға тырыстық. Үшінші жылы 20 кг өнім алдық. Ол жұмысшылардың еңбекақысын ақтайды. Осылай жыл сайын өнім өсіп тұрады. Сол үшін лимон егіп, бизнес бастағысы келетіндер кемі 3 жыл қиындыққа шыдау керек. Сол сәттен өтіп алса, ары қарай жемісін жейді. Бізде лимон еккісі келетіндер көп. Бірақ сол бастапқы жылдары шығынды өтей алмай, қолын бір сілтеп тастап кетеді. Егер Үкіметтен арнайы бір субсидия беріліп тұрса, лимон егетіндер көбейер еді. Қазір бізде лимоншылардың тобы бар. Бір-бірімізге көмек береміз. Қолдаймыз, кеңес айтамыз. Қазір Алматы, Өскемен, Ақтау, Атырау, Тараз, яғни еліміздің біраз қаласында лимон өсіріліп жатыр. Жақында, Қызылордаға көшет жібердік. Біз көшетін де дайындап, сатып жатырмыз. Бір көшет 3 мың теңгеден басталады. Қазір екі жылдық көшетті сатып алып, ексеңіз келесі жылы өнім береді. Бірінші, екінші жылы гүлдеріп теріп алып тастап, ауырлық қылмай, ағашты өсіріп алу керек. Осы әдістен кейін үшінші жылы көшет 20 келі, төртінші жылы 50 келі беріп, бірте-бірте жылдар өткен сайын алатын өнім де молая береді», - дейді Манатәлі аға.

Өзбекстан мамандарының айтуынша бір лимон ағашы 45-50 жыл өмір сүреді. Ал 2015 жылы Манатәлі ағаның жылыжайында қонақта болған түркиялық мамандар лимон ағашын атасының атасы 1903 жылы еккенін, міне, содан бері 112 жылдан бері гүлдеп, өнім беріп келе жатқанын жеткізген.

Жылына 50-60 тонна лимон өсіретін отбасы

Лимонның адам денсаулығына пайдасы орасан. Манатәлі аға бізге тағы бір құпия сырды ашты. «Лимон гүлдеген кезде оның иісі керемет болады. Жан-жақтың бәрі жұпар шашып, бүкіл ауылға жайылады. Бұрын қан қысымым жиі көтеріліп кететін. Осы лимон шаруашылығын қалай қолға алдық, солай қан қысымын мүлдем ұмыттым. Егер қан-қысымы жоғары адамдар болса, гүлдеген кезде екі сағат жылыжай ішінде отырса, бір жылға дейін қан қысымы мазаламайды. Мұның пайдасын білетін ауылдың адамдары немесе сырттан естігендер келіп, күш-қуат алып кетеді. Біз бұл бизнесті інімнің отбасы, менің отбасым, бала-шағаларымызбен жабылып атқарамыз ғой. Ал лимон терімі кезінде үлгермейтін болғандықтан екі айға 10-20 адамды жұмысқа тартамыз. Сол жұмысшыларға жұмысқа кіріспес бұрын, науат, бал қосып шай беремін. Өйткені, иммунитетті нығайтпаса, сәл лимон тергеннен кейін қан қысымдары түсіп кетеді. Тіпті, лимон жапырағының өзін шайдың орнына демдеп ішсе, де пайдалы, оның өзі қан қысымын реттейді» - дейді Манатәлі аға.

Жылына 50-60 тонна лимон өсіретін отбасы

Манатәлі ағаның ата-анасы бұл күнде қалада өсіп, кетпен-күрек ұстамаған екі ұлының жылыжай ісін дөңгелетіп, кәсіп жасап отырғанына дән риза. Үнемі ақ батасын беріп, тілеуін тілеп отырады.

«Бұл ауылға Өзбекстаннан көшіп келгенімізге де 20 жылдан асты. Зейнеткерлікке шыққан соң ағайын-туыстың ортасына жақындайын дедік. Басында қиын болды. Ауылда жұмыс жоқ. Екі ұл да Шыршық қаласында өскен соң, ауылдың тірлігінен тым алыс. Жер аударып көрмеген ғой. Апталап, айлап, үй бетін көрмей, Алматыға барып, табылған жұмысты істеп жүрді. Бір күні ауылға келді де, жылыжаймен айналысамыз, қияр, қызанақ егеміз деді. Ол кезде жылыжай ісімен айналысатындар көп емес. Анда-мында барып үйренді. Екті. Табыс тапты. Бірақ ауру пайда болған соң, лимонға көшті. Шығынға батса да, барлығын сатса да, мойымады. Әр күленкісі желмен жыртылған сайын жүрегім ауыратын. Ал қазір сол қиындықтың бәрі ұмытылып, табысты отбасыға айналды. Мемлекетке алақан жаймады, өз еңбектерімен, күштерімен жасады. Қазір тәжірибесін басқалармен бөлісіп жүр. Жастарға айтарым, тек қана еңбек етіңдер, қиындықтан қашпаңдар, қимылдасаңдар Жер-Ана сыйын аямайды» - дейді ақ жаулықты ана Нұржамал Тәжмағамбетқызы.

Фотосуреттерді түсірген автор

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға