Жаңалықтар

Төрт метр торт керек пе?

Тәтті торттың шебері Диляфруз Бекболатова туралы
Төрт метр торт керек пе?
30.09.2017 16:06 15152

Туған күн мен мерекелік кештерді дәмі тіл үйірер тәтті тортсыз елестету мүмкін емес. Біздің кейіпкеріміз, шымкенттік Диляфруз Бекболатова – түрлі кейіптегі торт жасаудың шебері. Оның қолынан шыққан әрбір торттың өзіндік ерекшелігі бар, бір-бірін еш қайталамайды. Бір қызығы, ол бала кезінен бастап тәттіге аса құмар емес, оның туған күні тортсыз атап өтілетін. Бірақ тағдыр жолы оны кондитер саласымен тоғыстырды.

– Неге екенін білмеймін, есімді білген сәттен бастап өзгелер секілді тортты, тәтті тағамдарды жақсы көрмеймін. Тіпті жемейтінмін. Кейін ата-анам сол ақшаға туған күніме басқа сыйлық тарту ететін де, туған күнім тортсыз тойланатын. Өмір деген қызық ғой. Айналып келгенде торт жасайтын маман болып шықтым. Қазір де тапсырысты орындау барысында тортымның дәмі қандай болып жатқанын білу үшін қасықтың ұшымен ғана ауыз тимесем, әлі күнге дейін жемеймін, – дейді Диляфруз.

Оның бар арманы – дәрігер болу еді. Медицина саласында білім алып, дертіне ем іздеп жүрген жандардың жазылуына себепкер болуды ойлаған. Анасының ақылы оқу орнында оқыта алмайтынын біліп, салмақ салғысы келмеді. Шымкенттегі №53 орта мектептің 9-сыныбын  аяқтаған соң, кондитерлік цехтың есігін қағады. Бар ойы – анасына қолғабыс жасау, ақша табу. Бұрын-соңды түрлі тәтті пісіріп көрмеген. Десе де, бір айтқанды қағып алатын қағілездігіне, ептілігіне риза болған цех басшысы жұмысқа қабылдап, өзін жаңа қырынан дамытуға жол ашады. Диляфруз болса аз уақыттың ішінде тәттілер мен торттардың сан алуан түрін пісіруді тез-ақ меңгеріп кетеді.

– Әрине, алғашқыда бәрі қиын көрінген. Қолымнан келе ме, келмей ме, деп жүрексіндім. Қамырым дұрыс көтерілмей қалатын сәттер болды. Әр дұрыс жасамаған ісімнен сабақ алдым. Ең алғаш торт пісірудің түрлі құпиясы мен қыр-сырын үйреткен Назима Мансұрова мен Эленора Бексейітова еді. Оларға айтар алғысым шексіз. Биыл контитерлік салада жүргеніме 11 жылдан асты. Өзімнің жақсы көретін ісімді тапқаныма қуанамын. Адамдарға ерекше әсер сыйлап жүргенім үшін өзімді бақытты сезінемін. Жоғары оқу орнында білім алмадым, студент атанбадым деп еш өкінбеймін. Есесіне ізденісімнің арқасында өз ісімнің шебері атандым, – дейді ол.

Диляфрузға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, шет мемлекеттен тапсырыс жиі түседі. Тәтті торттың бағалары салмағына қарай 4500 теңгеден басталады. Ал үйлену тойына арналған торттар 60 мыңнан бастап 1 миллионға дейін барады. Ең биік торты 4 метрге дейін жеткен. Салмағы 300 келіні құраған тортты бес күнде дайындап шығыпты. Сондай-ақ, Испания, Ресей, Татарстан, тағы басқа елдерде тұрақты тұтынушылары бар. Оларды ұлттық нақышта дайындалған, домбыра, зергерлік бұйымдар кейпінде пісірілген тәттілер арқылы таңғалдырған. 

– Бізде әсіресе үйлену тойы кезінде жас жұбайларға арналған биік тортқа тапсырыс беретіндер көп. Шымкенттен бөлек, Астана, Алматыға жиі ұшамын. Торттың қатпар-қатпар бөліктерін пісіріп, бөлек-бөлек ыдысқа саламын. Тойханаға жеткен соң бір сағат мұздатқышқа қойып, екі сағаттың ішінде, сыртқы бөлігін әсемдеп, ерекше кейіпке келтіремін. Әр тортқа жеке өнер туындысы ретінде қараймын. Үлгінің қайталанбауына қатты мән беремін. Ол үшін шығармашылық ой-қиялың шексіз болуы керек, – дейді Диляфруз. 

Торт пісірудің күрделі технологиясын меңгерген аспаз 11 жыл ішінде 500-ден астам жанға бұл өнердің қыр-сырын үйретіп, шәкірттер тәрбиелеп шығарыпты. Жаңалыққа жаны құмар. Айналасына зер салып, торт пен тәттілерге бейнелейтін кескіндерді іздеп жүреді. 

– Тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін торттың әрбір бөлшегіне дейін креатив болғанын қалаймын. Тігін машинасы, бокс алаңшасы, фотоаппарат, өзге де сала мамандарына арналған торт пен тәтті тоқаштар ізденістің арқасында дүниеге келген. Қазір «Корж baking stock» кондитерлік цехында жұмыс істеймін. Цех Шымкент және Астана қаласында орналасқан. Яғни, яғни екі қаланың ортасында тыным таппай, шапқылап жүремін. Алтынай, Зарина есімді көмекші қыздарым бар. Күн-түн демей, жасаған жұмысымыз тапсырыс берушілер тарапынан алғысқа бөленіп жатса, бақыт деген сол емес пе?! Жұмысыма осы уақытқа дейін шағым айтып келген бірде-бір адам болған жоқ. Олар тапсырыс берген торттарын алғаш көргенде кескін-келбетіне таңғалады. Сосын дәмін көріп, тіпті алғысын жаудырады. «Ваниль», «Ладушки», «Мадлен» сияқты контитер желілеріндегі тәттілерден біздің торттардың дәмі мүлде бөлек. Өйткені, біз тортқа қажетті өнімді АҚШ пен Үндістаннан арнайы алдырамыз, – дейді Диляфруз.

Оған күніне кемінде бір тапсырыс, ал кей күндері үш-төрт тапсырыс қатар түседі. Ол ешкіммен жарыспайды. Ешкімді күндемейді. Ол өз ісінен қуат алады. «Тәтті торттың шебері» атанған Диляфруздың өмірі де тәтті болса екен. 

Фотосуреттер Диляфруз Бекболатованың жеке фотомұрағатынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға