Жаңалықтар

ТОП-10: Қиындықтарға қарамай табысқа жеткендер

 Олардың жемісті жолы қалай басталған?
ТОП-10: Қиындықтарға қарамай табысқа жеткендер
05.01.2020 10:37 29922

Ян Кум

Кум Киевте дүниеге келген. Бірақ, өткен ғасырдың 90-жылдары анасымен бірге Калифорнияға қоныс аударады. Онда Ян азық-түлік дүкенінде тазалаушы боп жұмыс жасайды. Анасы екеуі кей уақыттары тағамдық талондармен де күн көріпті. Кум 18 жасында бағдарламалауға қызығып, өздігінен үйрене бастайды. Ал 19 жасында w00w00 хакерлер тобына қосылады да, бағдарламашы ісіне қадам басады. Yahoo да аз-кем уақыт қызмет жасаған ол өзінің жеке стартабын бастайды. Алғашында WhatsApp-қа оның жақын достары ғана қосылып, жақсы қарқын алып кете алмайды. Бұл желіні тастап кетуді ойлаған Кумды достары қолдап, «бастаған ісін аяғына дейін апаруды» сұрайды. Ал қазір WhatsApp-тың қаншалықты танымал екенін біз бен сіз жақсы білеміз.

Бетани Хэмилтон

Бетани серфингпен бала кезінен айналыса бастаған. 13 жасында акуланың шабуылына ұшыраған ол сол қолсыз қалады. Қиындықтарға қарамай қайсар қыз сүйікті ісімен айналысуды жалғастыра береді. Су жыртқышынан зардап шеккеніне екі жыл толған Бетани NSSA ұлттық чемпионатының Explorer қыздар дивизионында бірінші орыннан көрінеді. 2009 жылы жасөспірімдер арасындағы әлемдік бәсекеде Хэмилтонның алдын орайтын жан табылмапты. Қазірде ол жазушылықпен айналысып жүр. Ал оның акула тістеп алған тақтасы серфингке арналған Калифорния музейінде тұр.

Бенджамин Франклин

Франклиннің әкесі  баласын білімсіз қалдырмауды қатты қалағанымен, оның ақшасы мектептің екі жылын төлеуге ғана жетіпті. Бірақ Бенджаминнің ғылымға деген тартылысына ештеңе кедергі келтіре алмаған. Ол көп өтпей найзағай тартқыш пен биофакалды көзілдірік ойлап табады және Американың негізін қалаушылардың біріне айналды.

Джим Керри

Джимнің анасы әнші, әкесі музыкантшы болады. Алайда, талантты отбасының хал-ахуалы тым нашар еді. Төрт баланың кенжесі болған Джим 15 жасында мектепті тастап кетуге тура келген. Себеп – әкесіне қолғабыс ету. Болашақ әзілкеш  «Титанды дөңгелек» фабрикасының дәретханасын да жуған. Тіпті Керри жанұясы баспанасыз қалып, микроавтобуста күнелткен екен. Осыншама қиындықтарға қарамай Джим әрдайым көңілді жүріп, айналасындағыларға әзілмен тамаша көңіл-күй сыйлайтын болған. Баласының талантын байқаған әке-шешесі де оны түрлі шоуға қатысуға итермелеп, қолдау білдірген. Алайда, Джимнің алғашқы сахнаға шығуы сәтсіз болады. Тек екі жылды араға салып әртіс өзінің жұлдызды күнін басынан өткерген.

Стивен Кинг

Кингтің алғашқы романын 30 мәрте кері қайтарған. Әбден ашуға булыққан Стивен оны алып қоқыс жәшігіне лақтыра салады. Бір күні шығарманы тауып алған әйелі Табита күйеуінен романды аяқтап, баспаға жіберуін өтінеді. Бұл жазушыға 200 мың доллар (қазіргімен салыстырғанда 2 миллион)  табыс әкелген туындының аты «Кэрри» еді. Қазіргі күнге дейін Стивен Кинг туындыларының 350 миллион данасы таратылған. Оны «қорқыныш жанрының әкесі» деп атайды. 

Джоан Роулинг

Жалғызбасты ана Джоан клиникалық депрессияны бастан өткеріп жүргенде әлеуметтік жәрдемақы ғана оны аштан қалудан сақтаған. Ол өзінің бір сөзінде кедейліктің ең шегінде болғандығын айтады. Осындай күндері ол суицид туралы да ойлағанын жасырмайды. Гарри туралы бірінші романды аяқтағанда бір жылдың ішінде 12 баспа оны шығарудан бас тартқан. Алайда, «Гарри Потер» қазіргі күні қандай танымал туынды екенін жақсы білеміз. Ал Джоан Роулинг әлемдегі бай жазушылардың қатарына кіреді. Жазушы бір сөзінде сол бір сәтсіздікке толы күндер оның барлық күш-жігерін кітапты аяқтауға жұмсауға итермелегенін айтады. Егер тағы бір алданатын шаруасы не жұмысы болғанда ешқашан да осындай туындыны өмірге әкелмес едім дейді.

Майкл Джордан

Баскетбол фанаттары ғана емес Майкл Джордан есімін күллі спорт сүйер қауым жақсы біледі. Ал бірақ, бұл атақ-абыройға Майклдың өзі оңай жетпегенін айтудан жалыққан емес. Расында да... Оны мектеп құрамасынан шеттетіп, колледжде баскетбол құрамасына алмай қойыпты. Дегенмен, бұл қиындықтар спортшыны одан әрмен шыныға беруге итермелейді. Өз сөзінде спортшы: «Мен барлық спорттық мансабымда тоғыз мыңнан аса соққыны жіберіп алдым, 300 ойында жеңіліс таптым. Сонымен қатар, маған 26 соңғы лақтырысты бергенде, мүлт кеткенмін. Өмірімде сәтсіздіктерді бірінен соң бірін бастан өткердім. Сол себепті де мен осындай табысқа жетіп отырмын» дейді.

Томас Эдисон

Шам мен фонографты ойлап тапқан Томас Эдисон бала кезде аурушаң болған. Ал ұстаздары оның сабақ үлгеріміне көңілдері толмапты. Мектепті аяқтамаған Эдисонға анасы үйде білім береді. Ғалымның алғаш ойлап тапқан парламенттегі дауысты есептегіші мен биржа курсындағы жазбаларды автоматты түрде есептейтін құрылғы ешкімге керек болмаған. Бірақ, кейінірек телеграфтау жүйесін нью-йорктік компания 40 мың долларға сатып алады. Жалпы, өімірнде ғалым төрт мың патенттің иесі атанған. Эдисон электрлік лампаны жасау үшін мыңдаған прототиптерін қолданып көріпті. «Мен сәтсіздікке ұшыраған адам емеспін, тек жасамайтын он мың нұсқаны көрдім, ендігі жасайтын біреуін табу ғана қалды» дейді. 

Ричард Брэнсон

Адвокат пен стюардессаның отбасында дүниеге келген Брэнсонның сабақ үлгерімі нашар болыпты: ежіктеп оқып, ылғи төмен бағалар алған, емтихандарды тапсыруда қиындықтарға ұшыраған. Оқуда жолы болмаған Ричард бәрін қойып, кәсіппен айналысуға көшеді. Ол дыбыс жазатын компания ашып, аяқтан тұрғанша қаржыны барлық жағынан үнемдеген. Пластинкаларды көлігімен тасып, керек еткен нүктелерге өзі жеткізіп жүріпті. 20 жасында өз кәсібі болған, ал 22 жасында дүкендер желісінің иесі атаныпты.

Ал қазір Брэнсон өзінің Virgin компаниясының арқасында Ұлыбританияның бай тұрғындарының қатарына кіреді.

Илон Маск

Қазірде Маск тегі төрткүл дүниеге танымал. Он электромобилдер жасап, зымырандар шығарып, табиғат ресурстарын үнемдеу жолында жаңа технологиялар ойлап тауып келеді. Бірақ миллиардердің барлық жобасы сәтті шықты деп айтуға келмейді. Оның компаниясы қаншалықты үлкен болса, сәтсіздіктері де соншалықты көп болған.

Ол іс жүзінде PayPal компаниясымен тақырға отырып, CEO PayPal мен Tesla-дағы қызметінен алынған. Бірінші SpaceX зымыранын космосқа ұшыру старты үш рет сәтсіз болған. Тек Маск барлық жиған-терген қаржысын құйып, төртінші рет көкке жібергенде ғана сәтті шығып, компания гүлденіп шыға келеді.  

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға