Жаңалықтар

Бәсекеге қабілетті бизнес: сұранысқа ие салалар

Келешегі зор кәсіп қандай?  
Бәсекеге қабілетті бизнес: сұранысқа ие салалар
29.08.2018 15:44 10398

Өңірлерде шағын және орта бизнестің даму көрсеткішіне көз жүгіртер болсақ, Астана көш бастап тұр. Республика бойынша шағын және орта бизнестің үлесі 27%-ды құраса, бас қалада бұл көрсеткіш 45%-ға тең. Елорданың экономикалық әлеуеті жайлы Астана әкімдігінің кәсіпкерлермен кездесуінде сөз болды.

Жиын барысында Стратегиялық бастамалар орталығының жоба жөніндегі директоры Бахытжан Саркеев кәсіпкерлерге бизнес жасауға тиімді салалар жайлы баяндап берді. Оның айтуынша, болашағы зор бизнес бағыттар келесідей:

Туризм. Астана шетелдік туристерді, оның ішінде іскер туристерді қатты қызықтырады. Олардың сұранысына сай сапасы мен бағасы үйлесетін қызмет түрлері әлі де аздық етеді. Елордада осы бағыттағы кәсіптің келешегі зор.

Құрылыс материалдарын өндіру. Астанада құрылыс индустриясы жақсы дамыған. Қалада әкімшілік және тұрғын үй ғимараттары көптеп салынуда. Демек, құрылысқа қажетті заттарға да сұраныс үлкен.

ІТ саласы. Елордада IT компаниялардың дамуына жақсы жағдай жасалуда. Алда Астананы ақпараттық технологиялар саласындағы үздіктердің ордасына айналдыру мақсаты тұр. Ол үшін бұл саладағы бизнес бастамаларды көбейту қажет.

Энергетика. Әлемдік эксперттер алдағы бірнеше жылдың ішінде электроэнергияға деген сұраныстың жоғарылайтынын айтады. Бұл тұрғыда Астананың энергетикалық әлеуетін, әсіресе жел электростанцияларының әлеуетін пайдаланып, осы сала бойынша бизнесті дамыту мүмкіндігі бар.



Бақытжан Сәркеев Астана қаласы шағын және орта бизнес бойынша топ бастап тұрса да, бұл көрсеткіштің әлі де төмен екенін айтады. “Біз үнемі АҚШ долларына немесе рубльге тәуелді болуымыздың себебі неде? Бұның бәрі ел экономикасының тұрақсыздығын байқатады. Ал экономикамызды тұрақты еткіміз келсе, бизнеске көп көңіл бөлу қажет”, - дейді ол.

Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Бауыржан Тұрлыбеков бизнесті қолдау бойынша мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат берді. Ол кісінің айтуынша, кәсіпкерлердің көбі мемлекеттің кәсіпті дамытуға бағытталған іс-шаралар туралы толыққанды ақпарат алмайтындарын айтты. “Биыл Кеден және салық туралы кодексіке өзгертулер енгізілді. Сондай-ақ бизнесті жүргізу бойынша біраз түзетулер болды. Қазір инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта қаржылай қолдау мен жеңілдіктер бойынша өзгерістер болуы мүмкін. Кәсіпкерлерді бизнес саласындағы барлық жаңалықтармен құлағдар етіп отыруға тырысамыз”, - деп атап өтті. 


Астана қаласы инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Абдықадыров алдағы уақытта қала экономикасы екі есе өсетінін айтады. “Біз 2025 жылға қарай қалада тағы да 300 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп болжап отырмыз, себебі Астанаға қоныс аударып жатқан адамдардың саны артып келеді. Оған қоса халық санының табиғи өсімімі бар. Бұған сәйкес салық та көп түсетін болмақ. Осы мақсатта бизнесті жағдайын жақсарту қажет», - дейді спикер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға