Жаңалықтар

«Берекенің» берекесі

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау
«Берекенің» берекесі
16.03.2017 12:01 10540

Бұрын құрылыс саласында жұмыс істеген Мейірман Баязит, биыл мал шаруашылығымен айналыспақ. Дәлірегі ол өзі ашқан мал бордақылау алаңында елудей жылқы малын байлап отыр. Демалыс күні «El.kz» тілшісі шаруашылық басына барып, жұмыс барысымен танысып қайтқан еді.

Атқорадағы жылқылар арнаулы орынжайында топтастырылып ұсталады. Шағын шаруашылық болғандықтан, Мейірман бұл кәсіптің жай-жапсарын бес саусақтай біледі. Оның айтуынша, жылқыны ет үшін 1,5-2-жасқа дейін өсіреді, бұл кезеңде жылқының уылжыған жас еті дәмді, әрі сапалы болып келеді. Сондықтан да Павлодар маңындаңғы қыстақ, ауылдардан өңкей жабағы сатып әкелген.

Қоңы орташа жылқының бордақылауы – 60-70 күн. Жағдай келіп тұрса, 90 күнге дейін байлауға болады. Жылқы малын семірткенде негізінен қараңғы жерге байлап, жем-шөбін мол береді. Азықтандырудың түрлері көп. Соның ішінде қарапайымы, әрі тиімдісі – жарылған бидайды немесе жүгеріні бір қайнатып алып, азырақ тұз қосып беріп тұру. Сонымен бірге кепкен көк жоңышқаны алдынан үзбеу керек. Оның үстіне жас мал тез қоңданып, тез салмақ қосады. Бабы келісіп, балбырап тұрған бұл жылқылардың салмағы 180-200 келіге жуықтайды.

«Агробизнесті дамытуға арналған түрлі бағдарламаларды қарадық. Солардың ішінде ең тиімдісі – «ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» беретін «Береке» бағдарламасы болды. Бағдарлама талабы бойынша бизнес жоспар мен несие кепілі болу керек екен. Несие кепіліне өзіміздің үйімізді тапсырдық. Ал, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бір жұманың ішінде бизнес жоспар құрып берді» дейді шаруашылық басшысы Мейірман Баязит.

Ол 2016 жылы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 10 миллион теңге несие алған, бұйырса екі жарым жыл ішінде қарызын түгел өтеп тастамақ. Өйткені, жылдық пайызы төмен несие бағдарламасы кәсіпкерлер үшін өте тиімді екенін айтады.

Аталмыш бордақылау алаңының жалпы көлемі – 600 ш/м. Нысанды желден, аяздан қорғау, өрт қауіпсіздігін сақтау маңызды талаптардың бірі. Біз тұрған бордақылау алаңы Астанадан 15 километр қашықтықтағы Қаражар елді-мекенінде орналасқан. Географиялық маңызды орын нарық сұранысына сай таңдалып отыр. Кәсіпкердің сөзінше, Ақмола облысында жылқы етіне сұраныс жоғары. Жеке кәсіпкер болудың артықшылығы көп екенін айтқан ол, – тәуелсіз жұмыс істеу материалдық табысқа тез жетудің бірден-бір жолы, – дейді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқармасының төрағасы Жандар Омаровтың сөзінше, отбасылық мал бордақылау алаңдарын құру бойынша берілетін «Береке» бағдарламасының оң тұсы көп. Несие алушы алғашқы жарты жылдықта қарыз төлеуден уақытша босатылады. Мұндай жеңілдік шаруашылығын енді бастаған кәсіпкерді демеу мақсатында жасалып отыр.

«Бұл бағдарлама бойынша ерекше талаптар жоқ. Бағдарлама негізінен ауыл тұрғындарына арналған. Үйі бар, үйінде мал қорасы бар кез-келген ауыл тұрғынына несие кепіліне лайықты сомада қарыз беріледі. Несиенің жылдық өсімі 6 пайыз. Осы бағдарлама аясында ең кем дегенде 10-20 бас мал сатып алуға болады. Бордақылау мерзімі 6 ай. Шаруалар кооперативке бірігу арқылы бордақыдағы малдарын ары қарай сойып, сату ісін жеңілдетіп, бір жүйеге түсіре алады» дейді ол.

Басқарма төрағасының айтуынша, 2016 жылы қор қаржылық жоспарды асыра орындаған. Республика бойынша белсенді қарыз алушылардың саны 29 мыңнан 37 мыңға жеткен. Сонымен бірге қордың несиелік қоржыны 70 миллиардтан 83 миллиард теңгеге дейін толыққан.

«Былтыр 221 отбасылық сүтті-тауарлы фермаларын қаржыландырдық. 5 мыңнан астам отбасылық мал бордақылау алаңдары мен 37 сүт қабылдау бекеті үшін арнайы несиелер берілді. Одан бөлек 24 қарқынды алма бағы іске қосылды» дейді ол бізге берген сұхбатында.

Биыл қор агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысады. Бағдарлама аясында осы жылы 27,1 млрд теңге бөліну жоспарланған, оның 16,3 млрд теңгесі қор арқылы ауыл тұрғындарына шағын несиелеуге берілмек.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасында қойылған негізгі мақсаттардың бірі – ауылшаруашылық кооперативтерді дамыту. Ауылшаруашылық саласындағы барлық мемлекеттік қолдау, оның ішінде субсидиялар, осы мақсатта бөлінбек. Қор мәліметінше, 2017 жылы Ауыл шаруашылық министрлігі кооперативтік негізде 220 сүт қабылдау бекетін, 54 мал сою бекетін, 244 мың мал басына арналған отбасылық мал сою алаңдарын ашуды жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылық кооперативтерін дамыту мақсатында іске асырылып отырған несие бағдарламалары әр түрлі мақсатта беріледі. Мысалы, «Ынтымақ» бағдарламасы – ет, сүт, көгөніс, жеміс-жидек өнімдері мен мал  азығын дайындап, сату үшін беріледі. Ал, мал мен құс өсіргісі келетін кәсіпкерлерге «Игілік» несиесі ұсынылады. Егер отбасылық сүтті-тауарлы ферма ашқыңыз келсе – қор арқылы «Ырыс» несие бағдарламасын ала аласыз. Қазіргі күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» холдингі бірлесіп, несиелеумен айналысатын компаниялар арқылы аудан, ауыл тұрғындарына несие мен кооператив артықшылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қор филиалдары еліміздің барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Семей қалаларында жұмыс істейді. Агробизнесті кешенді дамытуға арналған бағдарламалардың тиімділігін әлі де естімей жатқандар баршылық. Өрістегі малымен күн көріп отырған ауылдағы ағайынға жақсылықтан шет қалмағайсыздар дегіміз келеді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы – «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйымы. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау жөніндегі агенттігінің банктік қарыздық операцияларды жүргізуге лицензиясы бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға