Қандастар Ассамблея

Қазақ киносының «анасы» - Әмина

Аңыз адам 

Қазақ киносының анасы атанған Әмина Өмірзақова өзінің туған күнін білмеген. Анасы да «Қызылдар кетіп, ақтар келген уақыт, есімдегісі бұл көктем кезі болатын» дейді екен қызының туған күнін сұрағандарға.

Аңыз адам Әминаның күйеуі Камаси де жетімдер үйінде өскен, сондықтан болар, ол да туған күнін білмейтін болып шығады. Осылайша, ол өзінің туған күнін 23 ақпан, ал әйелі Әминаның туған күнін 8 наурыз деп жаздыртып алады. Әмина Өмірзақова 1919 жылы дүинеге келген.


Әмина нағыз қазақ әйелінің бейнесін кинотуындыларда ғана сомдамады. Ол шынайы өмірде де асқан қайсар, қайратты, батыр әйел болатын. Оның күйеуі Камаси де актер, алайда, ол өмірден ерте озады. Үш баламен жесір қалған Әмина екінші қайтара тұрмысқа шығуға қанша ұсыныс болғанымен, балаларын жәутеңдетпеймін деп, ешкімнің етегінен ұстамайды. «Балаларын ертең өсіп кетеді, сен жалғыз қаласың ғой, тұрмысқа шықсаңшы» деп жаны ашығандарға «былжырамашы» деп жауап береді екен.

Ол кішкентайынан аса батыл болып өседі. Отызыншы жылдардағы ашаршылық кезеңде отбасына көмектесіп, базарда нәпақа айырды. Әмина отбасында он екі ағайынды болған. Ол базарға ұрланып барып, ауылдан келген ат арбалардан астық, картоп, балық секілді азықтарды шалбарының қалтасына тығып алып келетін болған.

Мектеп қабырғасында да белсенді болып, өнер үйірмелеріне қатысады. Ленинградтық театр институтының өкілдері Қазақстанға актерлік факультеттің ұлттық бөліміне талант іздеп келіп, он бес жастағы Әминаны табады. Әмина өзін оқуға жібермейді деп қорыққаннан үй-ішіне сол күні Ленинградқа оқуға қабылданғаны туралы тіс жармайды. Алайда, ертеңіне Әмина мен оның құрбысы Бикешке оларды оқуға қабылдауды жүргізген Халел есімді жігіт билет сатып алып қойғанын, жолға дайындалу керектігін ескертеді. Мұны естіген Әмина ағасының жұмыс орнына жүгіріп барып, өзінің Ленинградқа әртіс оқуына кететіндігін айтады. Ағасы Әминаның сөзіне мән бере қоймайды. «Аға, мен кетемін деймін» дейді ол тағы да. Ағасының тағы да үндемегеніне қарап, оның жанындағы жұмыстастары «Ерғожин, қарындасыңның айтқанына құлақ салсаңшы» дейді. Сол кезде ғана алдындағы қағаздан бас көтерген ағасы: «Үйге қайт» дейді жай ғана.


Әминаның Ленинградқа оқуға кетемін деген «хабарын» анасы да шошына қарсы алады. Ал кешкілік жұмыстан үйге қайтқан ағасы болса, табалдырықтан аттай бере, анасына: «Апа, сенің қызың есінен адасқан» деп дүрсе қоя береді.

Алайда, екінші ағасы Әминаға болысып, оның оқуға баруын қолдайды. Әминаның жеңгелері де оның ел, жер көргенін қалап, анасы мен үлкен ағасын азғыра бастайды. Ақыры Әминаны барлық ауыл болып жолға дайындайды.

Осылайша, орыс тілінде “здравствуй”, “дай хлеба” деген екі-үш ауыз-ақ сөз білетін қазақ қызы шабаданын арқалап, Ленинградқа жолға шығады.


Ол институтқа келгенінде оған кейін актерлік шеберліктен дәріс берген Василий Меркурьев Әминаның кішкентайлығына қарап, «бұл жерді балабақшаға айналдырғандарың не?» дейді қабылдау комиссиясына. Оның өзіне қатысты қатқылдау бірнәрсе айтқанын Меркурьевтің көзқарасынан анық түсінген Әмина ауылына қайтарып жібереді екен деп ойлап жылап жібереді. Қорқып кеткен Меркурьев қызды жұбатуға тырысады: «Болар енді, болар... Бізге этюд көрсетші. Мысалы, сен үйге қайтып келе жатырсын, ал ол болса отқа оранып жатыр, өрт ішінде анаң қалып қойған» дейді. Аудармашы аударып үлгеремін дегенше, «этюд» деген сөздің өзін алғаш рет естіген Әмина терезеге жанұшыра жүгіріп келіп «Апа!» деп айқай салады. Меркурьев оны әрең дегенде ұстап қалады, әйтпесе қыздың екпіні терезеден секіріп кететіндей болған еді.

Оның бір сәттік кейіпкер кейпіне енуі Меркурьевті таң-тамаша қалдырып, тәнті еткені соншалық, ол бірден «Сен қабылдандың» дейді. Осы сәттен бастап Әминаны Меркурьев те, оның әйелі Ирина Мейерхольд та өз қыздарындай қамқорлап, жиі үйлеріне қонаққа шақыратын болады.


Әминаның отбасына деген қамқорлығы мен жанашырлығы ерекше болатын. Ленинградта оқып жүрген алғашқы айлардың бірінде үлкен ағасы Қаптағайдың тұтқындалғаны туралы хабар келеді. Қайғыны көтере алмаған екінші ағасы Садыр төсек тартып жатып қалады. Осы уақытта жасы он бестегі, орыс тілінде әрең сөйлейтін Әмина «бүкілодақтық староста» Михаил Калининнің қабылдауына Мәскеуге жол тартып кетеді. Ол Мәскеуге келіп қорғаушы жалдап, Калининнің қабылдауында кезек тосып отырады. Олар туралы Калининге телефон арқылы хабарлаған хатшы қыз Қазақстаннан бір кішкентай қыздың адвокатпен келіп отырғанын айтады. Калинин кішкентай қыздың өзі ғана кірсін дейді. Кейін бұл туралы Әмина апай өз естеліктерінде баяндап береді. Әмина апайдың айтуынша, Калинин оны орнынан тұрып қарсы алады. Калининнің жылыұшырағаны соншалық, Әмина жүгіріп барып оны құшақтап жылап жібереді. Аңтарылып қалған Калинин болса, кішкене қызды қалай жұбатарға білмей, мән-жайға қаныққан соң ағасын босатуға уәде береді. Кейін шын мәнінде Әминаның ағасы Қаптағай көп ұзамай, үйіне оралады. Алайда, Қаптағай түрмеден тапқан науқасының арқасында ұзақ жасай алмай, өмірден ерте өтеді. Бауырының қайғысынан қан жұтып төсек тартып қалған екінші ағасы Садыр да оның артынан көпке ұзамай, көз жұмады.

Әминаның өмірде көрген тұрмыстық қиындақтары оның кинода кез-келген рөлді шынайы ойнауына себеп болды. Әмина апай кинода үнемі өзін ойнап жүргендей болатын. «Абай әндері» фильміндегі Ажар рөлінде, «Ана туралы аңыздағы» Толғанай рөлінде, «Тақиялы періштедегі» ана рөлінде ол өзінің жақындарына деген сүйіспеншілігін, жанашырлығын, алаңын кейіпкер арқылы беруге тырысты. Және бұл оның қолынан келді де.

1938 жылы Ленинградта оқып жүрген кезінде қазақ курсы Шымкент қаласына жіберіледі. Студенттермен бірге олардың оқытушысы Василий Меркурьев те аттанады. Ленинград театр институтының түлектері Шекспирдің «Зұлымдық пен махаббат» спектаклін дипломдық жұмыс ретінде таңдаған болатын. Әмина бұл спектакльде жетекші рөл – Луизаны сомдайды.

1940 жылы Әмина мен оның күйеуі Камаси Өмірзақов Алматыға көшіп келіп, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа тұрады. Соғыстың алғашқы жылдарында-ақ, театрда қысқарту жүргізіле бастайды. Әмина өзінің тік әрі еркін мінезі үшін жұмыстан бірінші болып шығарылады.

Күйеуі майданға аттанады. Ал Әмина болса, кішкентай қызын асырау үшін сол уақытта Алматыға көшіп келген Орталық біріктірілген киностудияға монтажердің шәкірті болып жұмысқа тұрады.

Оның монтажды шебер игергені соншалық, алтыншы разрядқа ие болады. 1945 жылы Григорий Рошаль Алматыда «Абай әндерін» түсіре бастайды. Басты роль Ажарды сомдауға қазақтың түрлі сұлу қыздары шақырылады. Олардың арасында биші Шара Жиенқұлова да болған. Әмина бұл қыздардың жанында аса әдемі де көрінбеген. Алайда, оның киностудияда жұмыс жасауы бірде Рошальмен кездейсоқ кездесіп қалуына себеп болады. Рошаль Әминаны да фотобайқауға қатысуға шақырады. Әмина өзінің фотосын Рошальдың сценарийдің авторларының бірі Мұхтар Әуезовқа көрсетіп жатқанын байқап қалады. Классикке Әминаның пұшық мұрыны ұнамайды. Алайда, Рошаль «маған оның жанып тұрған көздері керек» деп қоймайды. Рошаль фотоның астынғы жағын алақанымен жауып, оның көздерін көрсетеді: «Мұрын болады, маған оның көздері керек» дейді. Шын мәнінде түсірілім кезінде оның мұрнын гумустан жабыстырып жасайды. Оған түсірілім кезінде ашығуға тура келді, себебі қолдан жасалған мұрын тамақ жегенде және қатты сөйлегенде жарылып кететін.

Әминаның бұл уақытта аяғы ауыр болатын. Олар күйеуі екеуі ұлды болуды қалаған еді. Әмина киноға қайтып оралғысы келеді, сондықтан режиссерден өзінің жүкті екенін жасырып қалады. Бірде түсірілім кезінде аттың аяғы шұңқырға кіріп кетіп, ат үстіндегі Әмина ұшып түседі, ал ат болса оның үстінен секіріп өтеді. Құдай сақтады деген осы.

Абайдың шәкірттерінің бірін ойнаған Шәкен Айманов «ертең Әмина жұмысқа шықпайтын болар, барлығымыз демалыс жасайық, мен баламды сүндеттейін» дейді. Алайда, ертеңіне таңертең Шәкеннен өзгелердің барлығының тіпті Әминаның да түсірілім алаңына жиналғаны туралы хабар келеді. Баланы Шәкенсіз сүндеттеуге тура келеді. «Біз екеуміз бір оқпен екі қоянды аттық. Эпизодты түсірдік, баланы сүндеттедік. Жарайсың пұшық қыз!» деп күледі Айманов.

Түсірілім аяқталғаннан кейін де Әмина киностудияда монтажер болып жұмысын жалғастыра берді. Наталия Сац ТЮЗ-ді ашқан уақыта Әмина біріншілердің қатарында сол жерге жұмысқа қабылданады. Шекспирдің «Два веронец» спектаклінің қойылымында Джулияның рөліне актриса таба алмайды. Камаси Наталия Ильиничке тақап келіп, «менің әйелімді байқап көріңізші» дейді.


Әмина «Жауыздық мен махаббаттан» фрагмент ойнап көрсеткенде, Сац оны бірден труппаға қабылдайды. Әмина өмірінің соңына дейін осы жерде жұмыс жасайды.

«Бастысы менің жүрегім жас, ал кинода 100 жастағы кемпірлерді де ойнай аламын» деп күлетін Әмина апай. Сондықтан болар, ол өзі кәрі болмаса да, «Тақиялы періштедегі» ана рөлін өте сәтті сомдап шықты. Оның кинодағы әріптесі Әлімғазы Райымбеков Талдықорған облысының колхоз жүргізушісі болатын. Ол кино әлемінен мүлдем бейхабар болғанына қарамастан, Әминаның кәсібилігі мен шынайылығының арқасында өзін оның баласы сезінгені соншалық, кинотуынды шын өмірдегідей сәтті шықты.

Әминаның адамдарға сенімділік сыйлайтын ерекше дарыны болды. Оның туған ұлы Талас жасөспірім шағында Юлия Карасиктің «жабайы ит немесе алғашқы махаббат туралы повесть» фильмінде нанай баласы Фильканың рөлін сомдап, сол үшін Венециан кинофестивалінің бас жүлдесіне ие болады. Аяқ астынан атақты болып шыға келген жасөспірімге «Сенімен дос болғым келеді» деген хаттар Мәскеуден, Ленинградтан, Балтықтан, Кавказдан, Моңғолиядан, Қытайдан, Франциядан, Англиядан қарша борап келіп жатты.

«Мен де, анаң да еңбегі сіңген әртістерміз, бірақ сен біздің екеумізді де басып оздың. Кинодағы каръераң басталмай тұрып, мұншама марапатқа ие болып үлгердің» деп күлетін әкесі. Атақты баланың көтере алмайтыны анық еді. Ол түзу жолдан бұрыс кетіп, шалт басты. Ал әкесі өмірден өткеннен кейін, тіпті ішімдікке әуестенеді. Сол уақытта баласының қылығына налыған Әмина апай: «Балам, өміріңді қайта баста, мені де, әкеңнің әруағын да қор қылма... немесе кет... біржола өмірден» дейді. Талас анасының осы сөздерінен кейін арақты қайта аузына алмайды. Әке-шешесіне лайықты ұл болуға тырысады.

Әмина 45 жасында ерте жесір қалады. Камаси Өмірзақов кешкілік спектакльге қатысады, ал таңертең өкпе артериясының жарылып кетуінен көз жұмады.

Талантты, атақты, халықтың сүйіктісі болған Әминаның тұрмысқа шығуына да болатын еді. Оған балаларын жалғыз өзі аяғынан тұрғызу оңайға соқпады. Алайда, ол күйеуінің өлімінен кейін өзі үшін әйел бақыты тек бір ғана мәрте болады деп шешті.

Ол театр, кино, телевизия, радиода тіпті қоғамдық жұмыстарға да үлгеріп жүретін. Әмина қалалық мәслихат депутаты болған. «Сен өзгелер үшін бізге жасағаннан да көп жақсылық жасайсың» деп ренжіген балаларына «Сендер өздерің де кез-келген қиындықтан шыға аласыңдар, ал оларға көмектесетін ешкім жоқ» деп жауап беретін.

Жылдар өтіп жатты. Бір кездердегі қайратты да мықты Әмина апай ауру-сырқауы көп қарт адамға айналды. Оның айналасында болған жақындары Әмина апайдың сол кездері полиартрит, диабет, қан қысымы, жүрек ауруларымен ауырғанын айтады. Алайда, ол ешқашан ауырдым деп те мойыған емес. «Бейшара болып көрінгім келмейді. Мен қол қусырып қарап отыр деп ойласаңдар – қателесесіңдер. Ал менің ұлымды кім тамақтандырады? Келінім таңертең жұмысқа ерте кетіп, кеш келеді. Мен асүйге кірген бойда, түскі асқа, кешкі асқа не пісірсем екен деп ойлаймын» дейтін ол.

Ол 2006 жылдың қыркүйек айында өмірден өтті. «Кешкілік мені жанына шақырып, басымнан құшақтады. «Барлығы жақсы болады. Барып ұйықта, ертең жұмысқа баруың керек» деді. Ал таңертең оның бөлмесіне кіргенімде, оның тыныс алуының жәйлап баяулап бара жатқанын аңғардым. «Апа демалшы» деп айқайладым. Ол қабағын жәй ғана көтеріп «Енді, болды...» деді», - дейді анасы туралы естелік сұқбатында Талас Өмірзақов.


Камаси мен Әмина өте әдемі жұп болатын. Әминаны жұбайы жұмыста жүргенде де еркелетіп жүретін.

Әмина апайды театрда өмір сүрді десе де болады. Ол өз өмірін киносыз елестете алмайтын. Ол ауырып төсек тартып жатып қалған кезде де театрдағы актерлердің қым-қуыт тірлігі туралы телефон арқылы шәкірттерінен біліп отыратын.

Әмина Өмірзақова 1996 жылдан бастап киноға түсуді тоқтатты. Алайда, ол зейнетке шықса да, қоғамда аса белсенді болды. Түрлі телебағдарламаларға түсіп, журналистерге сұқбаттар беруден бас тартпайтын. 1999 жылы Отан орденімен марапатталды, ал 2001 жылы Тарлан премиясының лауреаты атанды.

1996 жылы Әмина Өмірзақова өзінің ұлы, режиссер Талас Өмірзақовтың «Әмина» деген алғашқы фильмінде өзін өзі ойнайды.

Әмина Өмірзақова тек киноға түсіп қана қойған жоқ, ол күллі халықтың сүйіспеншілігіне бөленді, көрерменіне асқан жылылық пен аналық махаббат сыйлады, сезіндірді.

Ұқсас материалдар