Зира Наурызбаева: "Қазақтың 1000 күйі жарыққа шықты, соның ішінде 40-тан астамы Таласбектің орындауында"

29.05.2015 2286
Жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұловтыңшығармашылығын жете танымайтындар көп.

(Осыдан бір жыл бұрын жазушы, күйші Таласбек Әсемқұловтың зайыбы, мифология маманы Зира Наурызбаевамен блиц-сұхбат жасаған едім. Бүгін, яғни 2014 жылдың 26 қыркүйегінде Таласбек Әсемқұлов ағамыз 59 жасында дүниеден өтіпті. Сол себепті сұхбатты қайта жариялауды қажет деп таптық).

Жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұловтыңшығармашылығын жете танымайтындар көп. Жазушылығын бір білсе журналистер мен әдебиеттің басы-қасында жүргендер білер. Ал, Таласбектің күйшілік өнерінен хабар адамдар некен-саяқ. 
Жақында otuken.kz сайтынан Таласбек Әсемқұловтың орындауындағы күйлерді көшіріп алып, барлығын тыңдап шықтым. Дәстүрлі музыкадан, домбыра аспабынан хабарым болмағандықтан, орындау шеберлігіне, кәсібилігіне іштей тәнті болып, өзімше Т.Әсемқұлов расында да дәулескер күйші екен деген ойға келдім. Бірақ, оның дәстүрлі, не әуесқой күйші екендігін біз қайдан білеміз? Сол себепті, бұл сұрақтың жауабын Таласбек Әсемқұловтың зайыбы, мифология маманы Зира Наурызбаевадан сұрап көрдім.


– Таласбек ағаның күйшілігіне байланысты біраз көкейдегі сауалдарым бар еді. Таласбек Әсемқұлов кәсіби күйші ме, әлде әуесқой ма?
– Ол дәстүрлі күйші. Бұл басқа ұғым. Еуропада классикалық музыка болса, бізде ауызша дәстүрлі музыка болды. Кішкентайынан шалдардан үйреніп, бас ұстазы болған нағашы атасы көз жұмар алдында консерваторияда оқуға тыйым салған. Себебі, дәстүрлі музыканы бұзады деген. Бұл кеңінен талқылауды қажет ететін тақырып. 
– Таласбек Әсемқұловтың кәсіби күйші екендігіне уақыт өте тереңінен тоқталармыз. Ол кісінің басқа күйшілерден басты ерекшелігі тек дәстүрді бұзбай келе жатқандығында ма?
– Солай десе де болады. Қазақтың 1000 күйі жарыққа шыққанынан хабардар боларсыз. Сол жердегі 40-тан астам күй Таласбектің орындауында. Басқа күйшілер Таласбектің орындауындағы 40 күйді орындай алмайды. Өйткені, ол күйлер тек дәстүрлі күйшіні қажет етеді. Күйді тыңдаған адамға қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ техникасын алатын болсақ, өте қиын.
– Мәселен, қазақтың бірнеше күйлерін құлаққа сіңіріп, тарихынан хабардар болғанмен, орындау шеберлігіне баға бере алмаймыз. Жалпы, бізде күйшілерге баға беретін сарапшылар бар ма? Сын айтыла ма? 
– Бізде еш салада сын жоқ. Өздері бір-бірінің бағасын біледі. Бірақ, казір «домбырашылардың» көбі кеңестік жүйеде білім алады, оларды оркестр үшін дайындайды. Әйтеуір нотамен ойнап шықса жарайды дейтін болса керек. Ондай күйшілерді өз орталарында «автоматчик» дейді. Сол «автоматчиктер» біле білсеңіз, дәстүрлі күйді мойындамайды, тіпті ұнатпайды десе де болады. 
– Таласбек ағаның шәкірттері бар ма? 
– Таласбектың Рүстем Нуркенов дейтін шәкірті бар, қазір академияда магистрант, оның да пікірін сұрауға болады. 
– Таласбек аға жазумен қатар күй өнерін қатар алып жүрген жан. Күйшілік өнерін әлі күнге дейін пысықтап отыра ма?
– Казір домбыраны қолға сирек алады. Бірақ туғанынан күйші болып тарбиеленді. Сондықтан, жазушылық болсын, кинодраматургия болсын - бұл күйшінің жазғаны екендігін байқайсыз. Керек десең жазғандарының барлығы күй құрылымына жақын. Қазақтың дәстүрлі күй өнерін керек болса қаламымен, домбырасымен дәлелдеп жүр.
– Әңгімеңізге рахмет!

Ұқсас материалдар