Жыр саңлағына арналған көрме

11.02.2016 4706
Қылқаламмен өрілген өлеңдер

Жауһар жырларымен жұртын сусындатқан ақиық ақын Мұқағали Мақатаев көзі тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. Қазақ поэзиясының нар қасқасын еске алу шаралары еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатыр. Жыр саңлағына арналған «Жазылар естеліктер мен туралы» атты дербес көрме Павлодар қаласында ұйымдастырылды.  

Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде  көкіректің тұңғиық сырын сыбызғы сазындай тербеген нар қасқа Мұқағали ақынның 85-жылдығына арналған «Жазылар естеліктер мен туралы» атты шара көрме өтті. Шараға Павлодар облысына белгілі қолөнер шебері, суретші Майса Ықыласованың Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арнаған жұмыстары қойылды. 

 

Көрменің ашылу салтанатында облыстық Мұқағали оқуларының жүлдегерлері жыр алыбының өлеңдерін оқыды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша шараның басты мақсаты халықтың ықыласына бөленіп, сүйіспеншілігіне ие болған ақын мұрасының өміршең екендігін, өлеңдерінің келер ұрпаққа да жалғаса беретінін көрсету.

 

– Сексенінші жылдардың ортасында Алматыда «Алатау» ұлттық арнасында қоюшы-суретші болып еңбек еттім, – дейді суретші апамыз Майса Ықыласова. – Сонда «Дариға-жүрек» атты ақынның балалық шағына арналған телевизиялық фильм түсірдік. Ақын шығармашылығына деген қызығушылық сол кезде басталды.   

Майса Ықыласова  кейін Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Болат Ұзақовтың режиссерлігімен С.Тұрғынбековтің «Мұқағали» атты поэтикалық қойылымының қоюшы-суретшісі болды.

«Бұл туынды Астана театрында әлі жүріп жатыр. Сахна декорациясы жылдам өзгеріп отырады. Соған лайықтап оны ақынның жыр дәптерінің парақшалары етіп бейнеледім. Ең соңында Мұқағали Хантәңіріне сіңіп, тауға айналып кетеді. Тамаша шешім болып шықты», – дейді ол.

Майса Ықыласова Мұқағали ақынның елуден астам өлеңдеріне сурет салды. «Ғашықпын», «Ей, өмір...», «Күрең күз», «Иек артқан теңізге», «Самал есті», т.б. туындылары, әсіресе киізден жасалғандары тіпті шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып отыр.

«Мен өз суреттерімді Мұқағали өлеңдерін оқи отырып бейнелеймін. Ақын шығармаларынан алатын шабытым бейнелеу өнерінің түрлі саласында жұмыс жасауға жол ашып отыр.  Бұл  көрменің тақырыбын «Жазылар естеліктер мен туралы» деп атауымның себебі осы» – дейді суретші апамыз Майса Ықыласова.

 

Көрменің ашылу салтанатына шаһардың ақын-жазушылары, суретшілері, қолөнер шеберлері, колледж және мектеп оқушылары қатысты.

Жиналған жұрт  ақынның отты жырларын тыңдап, поэзия мен сурет өнерінің егіз туындыға айналғанын тамашалады. Көрме залына шебердің графикалық кескіндемелері,  қыштан жасаған және батиктегі композициялары қойылды.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

 

 

Ұқсас материалдар