Қандастар Ассамблея

Жуырда Қорғаста сауда маусымы басталады

12.08.2014 2536
Шетелдік капиталды тарту арқылы аймақтың экономикасын жандандыру мақсатында былтыр қазан айында алғаш рет «Қорғас» ШЫХО-ның аумағында «Қорғас арқылы Жібек Жолымен» атты 1-ші Қазақстан-Қытай сауда жәрмеңкесі өткізілді.

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын құру мәселесі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына 2002 жылы 22-25 желтоқсанында жасаған сапары кезінде көтерілген болатын. 2004 жылғы 24 қыркүйекте «Қорғас» ШЫХО-сын құру туралы келісім, 2005 жылы ҚХР-мен «Қорғас» ШЫХО қызметін реттеу туралы үкімет аралық келісімдер жасалды. Келісімге сәйкес «Қорғас» ШЫХО-сының аумағының қазақстандық бөлігі 120 га, ал Қытай тарапынан 343 га құрады. Кейін, 2011 жылы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылды.

Шетелдік капиталды тарту арқылы аймақтың экономикасын жандандыру мақсатында былтыр қазан айында алғаш рет «Қорғас» ШЫХО-ның аумағында «Қорғас арқылы Жібек Жолымен» атты 1-ші Қазақстан-Қытай сауда жәрмеңкесі өткізілді. Онда 500-дей қытайлық компания электроника, техника, киім-кешек, аяқ киім, көлік бөлшектері, шаруашылық заттар, ойыншықтар, спорттық тауарлар, перде мен аспашамдар, тондар мен былғары күртешелер және т.б. тауарларын келушілер назарына ұсынды. Ол жерге барғандардың дені алматылықтар болды. Тілін білмесе де, қытайлық саудагерлер келушіні күліп қарсы алып, жылы жерге отырғызып, шәй беріп, артынан ойға қонымсыз арзан бағалар ұсынып, әр клиентті құр қол қайтармады. Ал қазақстандық тарап әзірге сауда жағынан әлсіреп тұр. «Көш жүре түзеледі» демекші, бәлкім биылғы жәрмеңкеде отандық кәсіпкерлердің бағы жанып, саудасы жүрер. Бұл жерде ескерер басты мәселе сұраныс нарығын зерттеу.

Дәл осындай жәрмеңке үстіміздегі жылдың 20-25 тамыз аралығында өтетін болады. Оған төлқұжаты бар кез келген қазақстандық азамат 30 күнге дейін визасыз барып-келе алады. Бұл жәрмеңкенің артықшылығы адам басына құны 1500 еуродан, салмағы 50 келіден және үлкендігі 100х100 см аспайтын тауарға кедендік баж салығы салынбайды.

Жәрмеңкеде төрт сауда орталығы қызмет атқарады: «Су Синь», «Цзян Юань», «Чжун Кэ» және «Дунфан Цзиньсю». Қазақстан және Қытай компаниялары өз тауарларын алуан түрде ұсынады: электроника, техника, киім-кешек, автокөлік саймандары, галантериялық тауарлары, ойыншықтар, спорт тауарлары, перделер, аспашамдар, тондар және т.б.

Ұлы Жібек жолы бойында туризм, көлік және байланыс инфроқұрылымдарын дамытуды қамтитын халықаралық туризмді дамыту мақсатында құрылған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы екі жақты сауда-экономикалық қатынастар мен ғылыми-техникалық ынтымақтастығын кеңейтуде айрықша маңызды. 

Ұқсас материалдар