Қандастар Ассамблея

Жоғары білім сапасын арттыру қаншалықты өзекті?

06.05.2015 4198
Орта ғасырларда жоғары білім алу мәртебесіне тек феодалдар мен патшалардың ұл-қыздары ғана ие бола алатын болса, қазір кез келген адам тегін жоғары білім ала алады.

ХХ ғасыр түрлі оқиғаларға толы болды, олардың ішінде соғыс та бар, саяси қуғын-сүргіндер де бар. Осындай келеңсіз оқиғалармен қатар өткен ғасырдың жеткен ең үлкен жетістігі – ғылым саласындағы атышулы жаңалықтардың ашылуы. Ал осы ғылыми жаңалықтардың ашылуына себепкер болған, ықпалын тигізген жоғары білім болды. 70-жылдардағы ҒТР (ғылыми-техникалық-революция), интернеттің пайда болуы, космосты игеру және т.б. адамзаттың өміріндегі ең үлкен жаңалықтар осы білімнің, ғылымның берген жемісі болды. Адамдар рухани тұрғыдан байи келе, білімге, ғылымға қызыға түсті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы «қырғи-қабақ» соғысы жылдарында да әлемдегі ең мықты мемлекеттер білім жағынан да жарысты, нәтижесінде бәрімізге белгілі жоғары білім беру жақсы дамыды.

Жоғары білімнің тарихы өте ертеден басталғанымен, институционалды формада, бүкіл әлемде тек соңғы ғасырда пісіп-жетілді. Орта ғасырларда жоғары білім алу мәртебесіне тек феодалдар мен патшалардың ұл-қыздары ғана ие бола алатын болса, қазір кез келген адам тегін жоғары білім ала алады. Оған алғышарт болған оқиғалар да жоқ емес: халықаралық келісімдер, мемлекеттердің білімге беруге назар аударуы, әлеуметтік-экономикалық факторлар және т.б.

Жоғары білім саласын зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша, ХХ ғасырдағы ірі дағдарыстардың ішіндегі ең қауіптісі – білім дағдарысы. Білімнің әмбебаптығы мен кеңдігі жойылып, барған сайын қатаң прагматизм бой алдырып, зерттеудің тарылуы байқалады. Жоғары білімнің дифференциациясы нәтежесінде бұрынғы ірі ғылымдар ұсақталып бірнеше бөліктерге бөлінді. Ақпараттардың молдығы мен құрылымсыздығы білім сапасын қатты төмендетуге алып келетін ақпараттық аласапыранды жасап отыр. Осындай қиын жағдайда жоғары білім сапасын арттыру жөнінде түрлі пікірталастар болып, ұсыныстар да айтылып жатқан кезде жоғары білімді дамыту керек екендігі, соның ішінде білім процесіндегі оқытушы мен студенттің рөлін көтеру керек екендігі мойындалды.

Жыл өткен сайын жекеменшік жоғары оқу орындары санынының өсу тенденциясы байқалады, бұл процесс логикалық түрде оларды қаржыландыру, студенттерді барынша қызықтыру мәселелерін туғызады. Жоғары білімнің экономикалық жүйемен қатар өмір сүруі қажеттілігі күн санап өсіп жатты, кей елдер бұл ағымға үлгеріп жатса, кей елдер үлгере алмай, жекеменшік сектор өз-өзін ақтай алмай құрдымға кетіп, елдің заманға сай жоғары білімінің дамуына кедергі жасады.

 Дамыған елдер білім саласына әртүрлі жаңалықтар енгізіп, кейіннен оларды дамушы елдер сәтсіз қайталап жатты. Осы кезде белгілі бір елдің жоғары білім саласын дамыту үшін, алдымен оны зерттеу қажет болды. Осындай қадамдар жасаудың орнына Қазақстан сияқты дамушы елдер өзінің ішкі ерекшеліктерін ескерместен, халықаралық стандарттарды қабылдап, өзге елдердің білім жүйесіндегі модельдерін оңай қайталап жатты.

ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында жоғары білімнің әлемдік интеграциясы процесі басталды, әсіресе Еуропа бірігу жағынан ілгері жылжып кетті. «Болон үдерісінің» пайда болуы жоғары білім үшін жаңа дәуірдің бастамасы болды. Дегенмен әлемдік деңгейде интеграциялау түрлі қиындықтарға тап болды. Әр елдің білім жүйесі әртүрлі болып, жаңа талаптарға сіңісе алмады.

Көптеген дамушы елдерге тән жоғары білім проблемасы – коррупция. Сыбайлас жемқорлықпен күрес кез келген елдің негізгі проблемасы бола тұра, онымен күрес шаралары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Жемқорлықтың аса зиянды салдары әсіресе білім беру саласы үшін өте қауіпті, себебі білім жеміс беретін ағаштың тамыры болып табылады. Егер тамыр уланса, оның берген жемісін жеген адам қатты ауырады. Сол себепті коррупцияны жою мемлекеттің басты саясаты болуы тиіс, ал бұл саясатты іске асыру үшін білім саласын зерттеу өте маңызды.

Тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жылға жуық уақыт өтсе де, жас мемлекет ретінде заңнама жағынан толық дамуға жеткен жоқпыз. Жоғары білім саласында да осындай мәселелер кездесіп жатыр. Мемлекет бөлген гранттар мен оқығандар мемлекетке жұмыс істеуден бас тартады немес «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде оқып келген жастарымыз Отанына оралудан бас тартады. Осындай олқылықтарды болуына себепші болып отырған білім саласындағы заңның әлсіздігі.

Ғылыми атақ мақтану үшін, мәртебе үшін ғана қажет болып қалды, ғылымға ешқашан араласып көрмеген әкімдер, министрлер секілді үлкен көлемдегі шенеуніктер үшін ғылыми атақ ойыншыққа айналып кетті. Сонымен қатар, қатардағы мұғалімдер де докторлық атағын қорғап алғанша өте қатты еңбек етіп, қорғап болғаннан соң ғылым саласындағы белсенділігі төмендеп кетеді.

Саны бар сапасы жоқ жоғары оқу орындарының саны күннен күнге еселену процесі көптеген посткеңестік елдерде байқалып жатты. Мұндай маңызы жоқ оқу орындарының жоғары білім жүйесінде болуы білім сапасының төмендеуіне алып келді. Нәтижесінде диплом сатып алу, емтиханды ақшаға жабу секілді ұғымдар пайда болды.

Қазіргі таңда жоғары білім саласындағы басты мәселе түрлі зерттеулерге тапсырыс алып, оны іске асырып, нарыққа ену. Осы талапты орындау отандық оқу орындарына әлі де болса қиындау болып тұр. Бұл қызметті қоғамдағы жаппай білім берумен айналыспайтын институттар айналысып жатыр, осыдан шығатын жоғары білімнің басты міндеті – білім беру ғылымды ұштастыру.

Сонымен қатар жаңа ғасырда жоғары білімге қойылатын талаптар міндеттер де өзгерді:

-         Жас азаматтарға жүйелі, сапалы теориялық және тәжірибелік білім мен тәрбие беру;

-         Елдегі кадр тапшылығын қамтамасыз ету;

-         Ғылымды дамыту;

-         Мемлекеттің зерттеу саласындағы тапсырыстарын қанағаттандыру;

-         Қаржыландыру мәселесін барынша шешу.

Осы секілді жайттарды ескере келе, жоғары білім саласын зерттеу қажеттілігі айқындала түсті. Жоғары білім берудің өзектілігі ешқашан жойылмаған және жойылмайды да, жаңа ғасырда жоғары білім берудің өзін зерттеу өзектілігі туындап отыр, ондағы түрлі мәселелер, білім беру әдістерінің жаңаруы, заман ағымына сай сапалы өзгеру сияқты. Білім саласын дамытудағы кедергілерді жою үшін алдымен білім жүйесін зерттеу керек, одан кейін сараптамалық зерттеуден кейін ұсыныс айтылып, оны жүзеге асыру керек.


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар