Қандастар Ассамблея

Жеңістің 70 жылдығына арналып «Мұрағаттар сөйлейді» деген кітап жазылуда

10.03.2015 5024
Ұлы Жеңіске 70 жыл толу мерекесі қарсаңында Астана қаласының Мем­­лекеттік мұрағаты соғыс ардагерлерінің құжаттарын қабылдау акциясын жария­лап отыр.

Ұлы Жеңіске 70 жыл толу мерекесі қарсаңында Астана қаласының Мем­­лекеттік мұрағаты соғыс ардагерлерінің құжаттарын қабылдау акциясын жария­лап отыр. Бүгінде елордада Ұлы Отан соғысының 200-ден астам майдангері тұрып жатыр. Келер ұрпаққа мұра ретінде олардың қолда бар құжаттары мен фотосуреттері мемле­кеттік сақтауға қабыл­дануы игі шара болары анық.

Өз ретінде мұрағатта жетпіс жылдан бері сақталып келген құжаттардың негізінде Жеңістің 70 жылдығына арналып «Мұрағаттар сөйлейді» деген кітап жазылуда. Оған соғыс жылдары Ақмолада жасақталған 29-шы, 310-шы, 387-ші дивизиялардың және 106-шы ұлттық кавалерияның құжаттары арқау болмақ. Құ­жат болғанда да кешегі қан майданда елі мен жерін жаудан қорғағандардың тізімдері, дерективалар, бұйрықтар, мәліметтер, фотосуреттер, жеке хаттар. Ал, акция аясында майдангерлерге қатысты қандайда бір тарихи құ­жат тапсырушыларға қалалық мұрағаттың есігі ашық. Өйткені, майдангерлердің естеліктері, өмір­баяндары, жауынгерлерді мара­паттаған құжаттар мұрағат қорын толтыруға ғана емес, тарихшылар үшін құнды деректер болуы әбден мүмкін.

Осы орайда мұрағатта сақ­тау­дағы соғысқа қатысты құжат­тардың біразы жөнінде мағлұмат берудің артықтығы болмас. Мәселен, мұнда «Қызыл Армияға жылы киімдер жинау  туралы» хаттама бар. Тұтқиылдан басталған соғысқа Совет Армиясы дайын болмағандықтан, тылдың май­дандағы  солдаттарды керек-жа­рақ­пен қамтығаны жөніндегі құжаттар мұрағатта күні бүгінге дейін сақталған. Сондай-ақ, Астана қаласының мемлекеттік мұрағатынан «Мылтық атып үйрену сабақтары» секілді сол кездегі аса қажетті материалдарды кездестіруге болады. Майданға баратындар ғана емес, соғыс уақытында мылтықты пайдалану кез келген азаматқа тиісті шаруа екені айтпаса түсінікті. Мылтық атып үйрену сабақтарының белгіленген кестесі де көрсетілген екен мұрағат құжатында.

Мұрағат қорындағы майданға қатысты құжаттардың ішінде эвакуа­ция жөнінде біраз дерек бар. Қатал режимді талап еткен шұғыл орналас­тыру, азық-түлікпен қамту, кейбір өнеркәсіп тауарларына карточкалық жүйені енгізу жөніндегі шешімдерді кездестіруге болады. Соғыс бастал­ғанда Ақмола қаласына мина және граната өнімдерін шы­ға­ратын №317 зауыт көшіріліп әкелінген екен. Өз кезінде бұл секілді мәліметтер құпия болған шығар. Ал, қазір мұрағат қорындағы өзге де құжат­тардың қатарынан орын алған сол өнімдердің жоспарлары белгі­ленген жазбалар сақтаулы тұр.

1942 жылы «Казахсельмаш» зауытын салу туралы Ақмола қалалық атқару комитетінің шешімі, Ақмола станциясында эвакуациялық ор­та­лық құру жөніндегі тарихи құжаттар да бар мұнда. Тіпті, олардың ішін­де Қызыл Армия қажетіне жылқы жө­нелту жөніндегі қағаздар тіркелген.

Осылайша, соғыс кезіндегі күнде­лікті қарапайым құжаттар бұл күні мұрағат қорына айналған.

Ақмола облысы бойынша со­ғыстан қайтпағандар саны – 33950 адам. Ал, оның 16641-і хабарсыз, яғни, қай майданда болғандары, қай жерде қаза тапқандары, жерленген жерлері белгісіз қалған жауынгерлер. Хабарсыз кеткен майдангерлерді табу мақсатында «Мемориальная зона» атты іздеу­шілер отрядының тыңғылықты жұмыстарының арқасында 310-шы атқыштар дивизиясына қатысты біраз мәліметтер, бұрын белгісіз болып келген көптеген солдаттар мен командирлердің есімдері анықталды. Қалалық мұра­ғатта сақталған эксгумациялық карталарда ол жауынгердің жеке заттары мен қарулары да сипатталған. Сондай-ақ, хаттамада қайта жер­ленгендердің зираттарының сыз­басы көрсетілген. Мұрағат құ­жаттарынан қазба жұмысының барысында топырақпен көміліп қалған траншеялардан табылған мүрделерді сипаттауға мұқият болғандықтарын байқауға болады. 1991 жылдың 8 мамырында Ресейдің Тортолово-Гайто­лов шатқалындағы Апраксин стансасының маңынан архео­логиялық әдіспен бір траншеядан 1000-нан артық адамның мүрдесі табылғандығы туралы ақпарат (482 қор, 1 тізімдеме) сақталған дәл осы қордағы келесі құжатта.

Астана қалалық мұрағаты жария­лап отырған бұл акция Ұлы Отан соғысы жөніндегі деректердің сәл де болса толығуына үлес қосатыны сөзсіз.


Шара БАТТАЛҒАЗИЕВА,

Астана қаласы мемлекеттік мұрағаты құжаттарды

жариялау және пайдалану бөлімінің қызметкері

Ұқсас материалдар