Қандастар Ассамблея

Жайлаудағы жазғы демалыс

31.10.2016 9366
Он жылдан соң туған жеріне оралған Жарқынбек Жұмаділдің естеліктері.

Туған жердің табиғаты-ай, шіркін! Алтайдай алып тауда туып, Арқаның ақпа жазығында өмір сүрген азап па дерсің кейде. Бөтенге жорып білместік қылмаңыздар, туған топырақтың тылсымы бөлек қой қашан да. Бүгін сіздерге жайлаудағы жазғы демалыстың екінші бөлімін жария етпекпін. Суреттерді альбом ретінде ақтарсаңыздар қазақы салтымыздан сүйемдей болса да түсінік қалыптастыратындарыңызға кәміл сенемін.

 

Бірінші күн туған жердің ауасын құшырлана жұтып, тәтті ұйқыдан ояндым. Жаздың қысқа таңы ағарып атып, алтын күн сәулесі әлдеқашан көк жиекке көтерлгенімен қою бұлт арасында адасып жүргендей. Көзге тығылған ұйқының көк жайлауда көпке айялдамайтыны анық, сергек оянған мен бірден көрпе құшағынан ажырап тысқа шықтым. 

Аңғарсаңыздар мынау «Борандық шоқысы» деп аталатын биік таудың басына бұлт үйірліп, қара тұман таудан етекке қарай ылдилап келеді. Дәл осы табиғаттың тылсым сәтін тамашалап тұрып, бала кезімізде қара тұманға қарсы айтатын тақпақ есіме оралды. Үлкендерден естіген өлеңімізді ойын балалары қаптаған тұман арасында айғайлап айтатын едік.

Қаптап келе жатқан қою тұманға қарап бір кездегі балалығымды сағындым. Сол бір өлеңді айғайлап айтуды ерсі көрсем де, қара тұманға қарап іштей қайталап тұрдым.

Қара тұман қайт-қайт!

Ойда балаң жылап жатыр,

Тауда түйең құлап жатыр.

Қара тұман қайт-қайт! 

Қасымдағы кішкентайларға әлгі өлеңімді үйреткім келіп еді, өкініштісі құлыншақтар қызықпады, қайталауға да тырыспады. Есесіне суретке түсуге ойланбастан келісті. 

Табиғаттың заңы мен ерекшелігі де сол ғой – жылаған балаша көз жасын төгіп-төгіп алады да, бірден қабағы ашылып, жайраңдай қалады. Жазғы жаңбыр сіркіреп келіп себелеп өтті де, бойындағы шерін босатқандай жадырап сала берді. Ауылдың бір топ баласы жар жағалай жаңбырмен ілесе балалықтың қанбас ойынына қол бұлғап шақырды да, шаба жөнелді. Олардың қол бұлғап алыстап бара жатқан бейнесі балалық шағыммен көз алдымда қоштасқандай әсер етті. «Әдірем қалғыр жауынды күні ит пен бала құтырады! Отырыңдар үйде тапжылмай» деп, - ата-әжелеріміз зекитін еді, біз де осылай ойынға бет алған кезде... 

Қара сиыр қарап тұр,

Қызыл бұзау жалап тұр.

Шешуі: от пен қазан. Бұлда біздің бала кездегі жиі қайталайтын жауыр болған жұмбақтардың бірі. Немерелерін еркіне жіберген әжесі сары сабадағы іркітті қазанға қотарып қайната бастады.

Жерді 20 сантимердей етіп қазып, үш жағынан үш жуан тас қойып жерошақ жасап, қазан толы құртты соған қайнатады. Қазандағы құрт іріп кетпеу үшін, көбігін ыдырату мақсатында көбірек сапырады. Әлі есімде бала кезде бұл міндетті мен өзіме алатынмын. Шөміштің табанына жабысқан тіл үйірер көбікті талай рет тамсана жалаған едік.

Асан қайғының арманына айналған жерұйық мекен – жасыл жайлаудағы алғашқы күнім осылай басталған еді, қызықтың бәрі келер күннің еншісінде екеніне кәміл сендім...

Мақаланың алғашқы бөлімін оқу үшін мына сілтемеге өтіңіз  


Жарқынбек Жұмаділ

Жалғасы бар

Ескерту: Суреттерді автордың рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады!

Ұқсас материалдар