Қандастар Ассамблея

Жаяу Мұса – композитор, ақын әрі публицист

13.10.2015 15193
Жаяу Мұса – саналы өмірін әділет жолындағы табанды күреспен өткізген ірі тұлға.

Тағдыры талай талқыға түскен өнер тарланы, қайыспас ер, қаймықпас әнші, тума талант, дарынды композитор Жаяу Мұса – саналы өмірін әділет жолындағы табанды күреспен өткізген ірі тұлға.

Жаяу Мұса Байжанұлы 1835 жылы Баянауыл ауданында туған. Сүйіндіктен тарайтын Айдаболдың сегіз ұлының біреуі – Малғозы, одан Толыбай батыр туады. Толыбайдың екі ұлы – Олжабай, Орман. Олжабай – халық тарихында аты әйгілі батыр, ол туралы аңыз-әңгімелер де, жыр-дастандар да көп. Оның ұрпағы Өлеңті, Шідерті бойында өсіп өркендеген. Ал Орманға Жасыбай көлінің жағасынан жер беріліпті. Орманнан туған Төбет, Шымыр балалары осы араны мекендеді. Болашақ әншінің анасы Нағыш қайтыс болады да, Мұса жастай жетім қалады. Байжан көп ұзамай Балжан атты қызға үйленеді. Балжан Мұсаға мейірімсіз, қатал болса керек.

Байжанның ағасы Тайжан молда мен әйелі Сәтбала Мұсаны бауырына тартады. Тайжан молда Мұсаны арабша оқытады. Мұса бұл екеуін бірін туған әкем деп, бірін туған анам деп өткен екен. Бала Тайжан молдадан оқығанына, қиссаларды заулатып оқығанына қанағаттанбайды, әлі де оқысам, білсем деген ниетте жүреді. Сол кезде қазақ даласында бірен-саран орысша оқығандар пайда бола бастағанда солардың арасында ерекше көзге түскені Шорман бидің Омбыда орыс оқуын оқыған баласы Мұса Шорманов болатын. Бала Мұса сондай болуды армандайды. «Болса несі бар! Ол да Мұса, мен де Мұса. Оның менен несі артық?!» - деп ойлайды.

Жаяу Мұса туған жылы Шорманның 16 жасар Мұсасы қаржас болысының старшыны болып сайланған екен. Төбет балалары да осы туған нәресте келешекте осындай бір үлкен адам болмас па екен деп дәмеленсе керек. Бірақ екі Мұсаның арасы жер мен көктей еді.

Бірде «бұзау жамырады, тезек су болып қалды» деп, өгей шеше Мұсаны шырылдатып сабайды. Мұса түні бойы үйге кірмей, есік алдында жылап отырады да, таң біліне әкесінің Тауторы деген жалғыз атын мініп алып, тарта жөнеледі. Өзінше Омбыға бармақ болады. Баланың жолы болып, түс кезінде Қоянды жәрмеңкесінен қайтқан татар саудагеріне кездеседі. Сол адамға қой айдауға жалданып, Қызылжарға кетеді. Бұл – Қоянды жәрмеңкесінің ашылған кезі, 1848 жыл екен. Мұса 3-4 жылдай саудагер үйінің шаруасын істей жүріп, орыс, татар балаларымен араласады, екі тілді бірдей үйреніп алады. Балалайка, гармонь, скрипка тәрізді музыка аспаптарында ойнауды үйренеді, саудагер балаларына еріп, медресеге де, орыс мектебіне де барып оқиды. Баланың талпынысын, зеректігін аңғарған саудагердің кісілігі зор болса керек, Мұсаны орыс мектебіне беріп, оқу ақысын төлеп тұрады. Мұсаның алғашқы өлеңдері осы Қызылжарда дүниеге келген. Әкесі Байжан жалғыз атын мініп, жаяу қалдырған соң, баласын «Өмір бақи тақымына ат бітпей, жаяу өткір» - деп қарғаса керек. Соны естіген Мұса:

«Қызылжарда шай қайнатып жатамыз,

Жаяу қал деп қарғапты бізді атамыз.

Тірі болсам, Жаяу жүріп күн көрем,

Қабыл болмай, теріс кетсін батаңыз», - деген өлең жазған екен.

Мұса Байжанұлы 1852 жылы Шоқанға әлде Солтанғазы Абылайхановқа ма, еріп, Омбыға кетеді. Мұнда ол екі ақсүйектің күтушісі есебінде жүреді. Баланың бойындағы қабілетін байқаған Шоқан оны өзіне серік етіп алады да, екі кластық (4 жылдық) шіркеу приход мектебіне оқуға түсіреді. Мектеп басшылары Мұсаның дауысына қызықса керек. Қызылжар мен Омбыда сегіз жыл оқып алған білім ол заман үшін аз дүние емес еді. Мұса орыс тілін меңгерген, ал жазуға келгенде қазақ былай тұрсын, орысша оқығандарының көбінен сауатты болып шыққан. Мұса Байжанұлы 1856 жылы туған ауылына қайтып оралды. Ол тек ән салып қана қоймай, ауылдарда болып жататын түрлі оқиғалар мен дау-жанжалдарға да қызу араласады. Ел билеушілердің парақорлығын, зұлымдығын өткір сынға алып, Омбының газетіне мақала жазады, өлең шығарады. Осыдан кейін Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса мен Мұстафа Шормановтар, өздерімен аттас болмасын деп, Мұсаны «Жаяу», ал інісі Мұстафаны «Жалаң аяқ» атандырып, 1860 жылы жаламенен 12 жылға Тобылға жер аудартады. Осы уақытта Жаяу Мұса «Ақ сиса» әнін шығарған. Бұл ән Мұсаға өлгенше қажымайтындай қайрат бергендей, Мұстафада кеткен кегі қайтқандай әсер етті. Тобылда айдауда болғанда емдеуші фельдшер Меньшиков пен адвокат Рубановтың ақылымен ақ патшаға: «Бұйрығыңның бәрін орындаймын, әскеріңде адал қызмет етемін» деп арыз жазады. Сөйтіп, Жаяу Мұса әскер қатарына алынды. Оны Орта Азия жорығына даярлап, Литвада құрылып жатқан генерал М.Г.Черняевтың отрядына жібереді. 1863-1865 жылдары осы отрядтың құрамында болып, Литва, Латвия, Польша, Украина мен Белоруссияда, Қазақстанның оңтүстігінде, Әулиеата, Шымкент, Верный жорығына қатысты. Ақыры генерал Черняевтың қазақтарға көрсеткен қиянатына шыдай алмай, Мұса туған еліне қашады. Бірақ барған соң да ата жаулары тыныштық бермей, тағы қуғынға салады. Біраз уақыт Қазанда тұрады, сол уақытта «Қазан қыздары» деген әнін шығарады. «Ақ сиса» шырқалып шыққанда-ақ төбесінен жай түскендей болған Мұстафа Шорманов Жаяу Мұсаға неше түрлі жала жауып, Құсайын Боштаевқа Жасыбай көлінің тұсынан жер алып береді. Төбет, Шымыр ауылдарын алды-артына қаратпай, көшіріп жібереді. Жаяу Мұсаның туыстары Далба тауындағы Ақшоқы деген жерге көшіп келеді. Мұсаның:

«Боштаев, бір атаның баласы едің,

Әуелден осы араға талас едің», - деген өлеңі осы кезде туған.

Мұса Есіл бойын жайлайтын Құлбай байдың немересі Сапарға үйленеді. Бірақ ол 37 жасында 1895 жылы қайтыс болады. Соңында Анна, Кәсіп атты екі қыз бен Салық атты ұл қалады. Салықтың қызы Ғазиза Мусина Орал қаласында тұрады.

Жаяу Мұса композитор ғана емес, сонымен бірге, ақын әрі публицист. Жетпіске таяу әнінің барлығының дерлік сөзін өзі жазған. Жаяу Мұса орыс тілін біліп қана қоймай, Л.Толстой, Ф.Достоевский, Н.Гоголь, С.Щедрин, И.Крылов секілді әйгілі көркемсөз шеберлерінің шығармаларымен жете таныс болған. Бірнеше мысалдар, көптеген өлеңдер, әндер, «Данышпан қыз» атты поэма, «Олжабай батыр» дастанын жазған. Абайға өлең арнаған, Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар оқылық» өлеңіне ән шығарған.

Әнші 94 жасында 1929 жылы 31 шілдеде дүниеден өтті. Ақшоқыда жерленді. 1972 жылы тұлғаның басына шағын күмбез орнатылды.


Әзірлеген Құндыз ШОЛАҚОВА,

Жаяу Мұса мұражайының меңгерушісі,

Баянауыл ауданы.

 

Ұқсас материалдар