Қандастар Ассамблея

«Жаралы періште» енді Римде көрсетіледі

02.09.2016 3686
Қазақ киносының жетістігі

Қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің екінші картинасы – «Жаралы періште» жақында ғана аяқталған «Espoo Ciné» халықаралық кинофестивалінің ресми бағдарламасына енді.

«Espoo Ciné» Финляндия елінде 19-28 тамыз аралығында өткен болатын. Фестиваль аясында заманауи режиссерлердің 100-ден астам фильмі көрсетілді. Байқаудың басты мақсаты – көркемдік деңгейі жоғары жұмыстарымен көзге түскен жаңа таланттарды көпшілікке таныту.

«Жаралы періште» италиялық көрерменге 17 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Рим қаласында өтетін «Asiatica Film Mediale» азиялық фильмдер фестивалінде таныстырылады.

Фильм биыл ақпан айында Берлинде алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Ол қазірдің өзінде Сараевода өткен ХХ халықаралық кинофестивальде «Work in Progress» арнайы бағдарламасының басты сыйлығын жеңіп, Кошицада өткен «Art Film Fest» халықаралық фестивалінің «Ең үздік режиссер» аталымында жеңіске жетті. Сонымен қатар, туынды Тайвань және Оклендте өткен кинофестивальдардың халықаралық байқау бағдарламасында бақ сынады. Трилогияның алғашқы бөлімі – «Асланның сабақтары» осыдан үш жыл бұрын Берлинде таныстырылып, «Күміс аю» сыйлығы мен «Моргенпост» газетінің жүлдесін жеңіп алған болатын.

«Жаралы періште» – жасөспірімдердің басынан өтетін қиындықтар туралы трилогияның екінші бөлімі. Жобаға Қазақстаннан бөлек,  Франция, Швейцария, Голландия, Германия және Біріккен Араб Әмірліктерінің мамандары атсалысқан. Фильм фин суретшісі Хуго Симбергтің әйгілі картинасымен аттас. Мұнда төрт кейіпкердің демалыс кезінде басынан кешкен оқиғалары баяндалады.

Байғазиннің екінші фильмі 11 мамырда Францияда прокатқа шықты. Ал, екі күннен соң Алматыда оның қазақстандық премьерасы өтті. 25 мамырда фильм Сиэтл қаласында америкалық көрермендерге таныстырылды. Фильм Германия кинотеатрларында 3 қарашадан бастап көрсетіле бастайды.


Жансая Төлеген

 

 

 

 

Ұқсас материалдар