Қандастар Ассамблея

«Жаралы періште» Чонджу кинофестиваліне жолдама алды

14.04.2016 3948
Қазақ киносының жетістігі

Режиссер Эмир Байғазиннің «Жаралы періште» атты картинасы Оңтүстік Кореяда өтетін Чонджу халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысатын болды. Бұл фильмнің ақпан айында Берлинде өткен әлемдік премьерасынан кейінгі азиялық тұсаукесері болмақ.

«Жаралы періште» фильмінен көріністер

Бағдарламаға қазақстандық картинадан бөлек, Испания, Эфиопия, Грекия, Голландия, АҚШ, Франция, Германия, Чили және Израиль елдерінің режиссерлері түсірген фильмдер енген. Фестивальдің баспасөз баяндамасында «жас режиссерлердің туындыларында батыл интерпреция бар» деп көрсетілген.

«Жаралы періште» – Байғазиннің жасөспірім кезеңдегі қиындықтар тақырыбын көтерген трилогиясының екінші бөлімі. Бұл жоба қазірдің өзінде "Берлин кинонарығы – 2014" байқауында неміс-француз «ARTE» телеарнасының жүлдесін, Сараевода өткен ХХ халықаралық кинофестивальде «Work in Progress» арнайы бағдарламасының басты сыйлығын жеңіп үлгерді. Трилогияның алғашқы бөлімі – «Асланның сабақтары» осыдан үш жыл бұрын Берлинде таныстырылып, «Күміс аю» сыйлығы мен «Моргенпост» газетінің жүлдесін жеңіп алған болатын.

Чонджу халықаралық кинофестивалі 2000 жылы құрылған. Даррен Аронофски, Алехандро Иньяриту, Бела Тарр, Ульрих Зайдль, Лоран Канте секілді талантты режиссерлердің тырнақалды фильмдері кезінде осы шарада көрерменге ұсынылған екен.

Биыл өтетін кезекті фестивальдің қазылар алқасының құрамында француз кинотанушысы Жан-Франсуа Рожер, канадалық режиссер Дени Коте, кореялық актер Чун Чэйоун және сценарийші Ох Сынвоок бар.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас материалдар