Қандастар Ассамблея

Жарқын Түсіпбекұлы: Әлеуметтік желідегі мәдениет төмен деп айтуға болмайды

27.02.2015 2923
Белсенді интернет-пайдаланушысы, журналист, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері Жарқын Түсіпбекұлымен сұхбат

Белсенді интернет-пайдаланушысы, журналист, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері Жарқын Түсіпбекұлымен Bnews.kz ақпараттық порталында бейне-сұхбат берген болатын, сол сұхбаттың мәтіндік нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

– Блог жазу біздің елде қалай басталды?

Қазақ жастары ең бірінші wordpress.com деген платформада бас қосты. Әркім сол жерде өзінің қандай іспен шұғылданатыны, әуесқойлығы туралы жазып, көпшілікке таныла бастады. Кейіннен бұл сайт Қазақстанда жабылғаннан кейін әртүрлі блог-платформалар қалыптаса бастады, ерікті түрде. Мұнымен көбіне IT-мамандары айналысты. Мен оларды сыйлаймын, өйткені ешқандай қаражатсыз, энтузиазмның арқасында жастарды ары қарай іліп әкетті. Соның арқасында қазақ жастарының азаматтық көзқарастарының қалыптасуында кедергілер азайды. Жыл сайын өтетін блог-құрылтайлар соның нақты жемісі. Қазір қазақ жастары әлеуметтік желілерді белсенді қолданады.

– Блоггерлерге, белсенді интернет-пайдаланушыларға қалай қарайсыз?

Жалпы мұны батыста азаматтық журналистика дейді ғой. Ресейде де бар, бізде де бар. Егер ақпарат оқиға орнында фото-видеосымен беріліп отырса, оған неге сүйенбеске, оны неге пайдаланбасқа. Бұл ақпараттың бірінші жетуі маңызды.

– Біздің елдегі интернет-белсенділік өзге елдермен салыстырғанда қалай?

Мәскеуге барғанда байқағаным, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына 6 ел мүше болса, сол елдердегі жастардың интернетті пайдалану белсенділігі бізден төмен болып тұрды. Әлеуметтік желіде бір тенденция қалыптасты. Қай тұста қате кетсе жастар аямайды. Бұрындары газет-журналдар қалыптастыратын қоғамдық пікірді ақырындап әлеуметтік желілердің өзі қалыптастыра алып жатыр.

– «Жастар саясаты» туралы заңға байланысты қандай көзқарастасыз?

Жастар саясаты туралы 2004 жылғы заң қоғамға өте ебедейсіз заң болды. Сол кезде флеш-моб, түрлі акциялар ұйымдастыру басталды. Иә, ол кезде жастар саясаты туралы мәдениет өзі қалыптасқан жоқ еді. Көшірілген дүниелер өзінің жасандылығын көрсетіп тұрды. Есірткіге қарсы деп алаулатып, жалаулатып өткізеді. Ол біткеннен кейін өздері шайып кетеді, жуып кетеді. Сондай сәттер көбірек болды. Бірақ қазір ондай акциялардың өзектілігі жойылып барады. Себебі бұрындары жастар арасында алкогольге салыну көп болса, ал қазір, керісінше білім алсаң ғана жетістікке жететінін көрген жастар жаман әдеттен барынша аулақ болуды жөн көреді. Енді кейіннен қабылданған жастар туралы заңда көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Белсенді жастарда қолдайтын бізде үкімет. Керек десеңіз, көптеген мемлекетте жастарға арнайы қолдау көрсетпейді. Ендеше жастар мен билік ымыраға келіп біріге жұмыс істеуінің сәті келіп тұрған сияқты.

– Әлеуметтік желілерде мәдениет жоқ деп жатады, қаншалықты рас?

Әлеуметтік желіде мәдениет жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ белгілі бір деңгейде мәдениет әлі төмен.  Расталмаған ақпаратты пайдалану, адамның жеке басына тису көбірек орын алап жатады. Қазіргі жастардың көбі шоу-бизнес төңірегіндегі тақырыптарға белсенділік танытып, ой салар салмақты пікірлерге назар аз аударады. Бұл қызғаныштан туған пікір емес. Бір жолы «Твиттер» микро-блогында айтыскер ақын Әсем Ережеқызы: Сәтбаевтан гөрі Сатжанның оқырмандары көбейіп тұр деп. Расымен де бір уақытша кезең деп есептеймін. Бұл жөнінде елбасының нақты тапсырмалары бар интеллектуалды ұлт қалыптастыру жөнінде. Осы мақсатта қоғамды тәрбиелейтін бұқаралық ақпарат құралдары қорықпай үлкен-үлкен тақырыптарды көтеруі керек деп есептеймін. Пікір білдіру жағы сәл бәсеңдеу, саясатқа пікір білдіру өте төмен деңгейде болып тұр. Жазған күннің өзінде атүсті жазылады. 


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар