Қандастар Ассамблея

Жан cырымды жасыруым мүмкін, бірақ өтірік айтпаймын

10.08.2016 4829
Сұхбат

Өмірқұл АЙНИЯЗОВ, Қазақстан Республикасы Мəдениет қайраткері, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері:

Жан cырымды жасыруым мүмкін, бірақ өтірік айтпаймын

– Өмірқұл, бір айдың ішінде екі бірдей марапатқа ие болдыңыз. Құтты болсын!

– Рақмет. Қазақстан Республикасы Мəдениет қайраткері құрметті атағы мен Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығына өзім жұмыс істейтін Сүйінбай Аронұлы атындағы Алматы облыстық филармониясы ұсынған болатын. Өткен жылдың аяғында жəне жыл басында тəлейімізге бұйырып, айналамыздағылар қуанып жатыр. Өнер адамына мұндай марапат сахнаға шығар алдында кім екеніңді көпшілікке хабарлау үшін, көңіліңді бір демдеп қоюға ғана керек. Одан басқа дүниені өзгертіп жіберетін құдіреті жоқ. – Сіз Сыр өңірінің тумасысыз. Облыстық филармония Қызылорда да бар. Жер жəннаты

 – Жетісуда не істеп жүрсіз?

– Сүйінбай атындағы филармонияда 1999 жылдан бері жұмыс жасаймын. Ол кезде Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынбек Қоразбаев басқаратын. Студент кезімде шақыртумен осы өнер ұжымына орналасқанмын. Филармония Алматыдан Талдықорған қаласына ауысқанда бірге көштік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Басымызға баспана берді. Анау айтқандай алшақтап кеткеніміз шамалы. Астымызда көлігіміз бар. Екі қаланың арасында шапқылап жүргенге шаршамасақ, өнеріміз екі жақта да дами береді деген оймен сегіз жыл болды, Жетісу жеріне тұрақтап қалдық.

 – Бір-екі жыл бұрын өнеріңізді жақсы көретін бір ағаңыз «Алматыдан үй сыйлапты» деген əңгіме шығып еді...

– Кішігірім жер сыйлағаны рас, бірақ үй сыйлаған ешкім жоқ. Кішкене əсірелеу болған сияқты. Бұйыртса, сол жерге үй саламын.

– «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, өзіңіз жайлы əсіре əңгіме қозғауға қалайсыз?

– Мен өзін-өзі жарнамалап, түймедейін түйедей қылып, жырлап жүретіндер қатарынан емеспін. Атымды шығару үшін қара пиарды қажет етпеймін. Арнайы пиар-менеджер жалдап көрмеппін. Продюсерім мен əкімшілік қызметкерлерім, стилистер мен имиджмейкерлерім, үйлестірушім жоқ. Бар жұмысымды өзім атқарамын. Хабарласып, телефон шалып, сұхбаттасуға ниет білдіріп жатқан журналистер болса, көңілдерін қалдырмаймын. Сөйлесуден бас тартпаймын. Барлық сұрақтарына жауап беруге тырысамын. Қара пиар жасамақ түгілі, «мен туралы жазшы, менің мынадай жаңалығым бар» деп жүгіре беруге ыңғайсызданатын адаммын. Қарап жүріп, елді дүрліктіру, алыпқашпа əңгіме тарату, менің болмысыма сай келе бермейді.

– Репертуарыңызға зер салып отырсақ, тойға өтімді, жастар іліп əкететін хит əндер жазуға да ұмтылмайтын сияқтысыз...

– Менің орындауымдағы əндер əр көлікте тыңдалып, кез келген бұрышта немесе қара базарда таңертеңнен кешке дейін айналып жатпайтыны жасырын емес. Мені білетіндер Бейбіт Оралұлының «Елім» əнімен, Ақтаңгерейдің термесімен, Жиенбай жыраудың «Қыздар-айы», халық əні «Ақжайнақпен» жақсы таниды. Бұл шығармалардың барлығы ұзаққа шабатын, қай уақытта тыңдасаң да құлағың жалықпайтын, ескірмейтін əндер. Үш-төрт ай хит-парадтан түспей, одан кейін өшіп қалғаннан гөрі, осындай дүниелер Өмірқұлдың бет-бейнесін қалыптастырады, шығармашылық жолын ұзаққа апарады деп ойлаймын. Менің репертуарымдағы əндер солай болуы да тиіс. Сол себептен əн таңдағанда да əуелі өзім талқылап, іштей пісіріп, мəтіні мен əуеніне үлкен мəн беремін. Бұл процесс бір жыл, екі жылға да созылуы мүмкін.

– Кейде екі автордың өсиет-нақылын біріктіріп, бір туынды жасап аласыз. Неге олай?

– Оны бір термені бір термеге қосты деп айтуға болмас. Жыраулық дəстүрдің өзіндік заңдылықтары бар. Мен сол заңдылықтарға сүйенемін. Мəселен, «Сөз анасы – сəлем» дегендей, халықпен амандасып, Базар жыраудың жыр бастауымен бастаймын. Одан кейін барып, негізгі термеге толықтай көшемін. Яғни кіріспе-қорытынды ретінде амандасу-қоштасу дəстүрін жасаймын. Бұрынғы термеші-жыршылар жиырма бес, жастық, кəрілік сияқты тақырыпқа қарай өсиет термелерді бірінен-біріне ауысып, бір-бірінікімен толықтырып отырған. Қосудың жөні екен деп беталды пайдалана беруге жол жоқ, əрине.

– Қай мектептің өкілісіз?

– Төкпе термені төпелеп айтатын Наурызбек жыраудың үлгісін жалғастырушымын. Наурызбек жырау ұзақ жылдар бойы Қарақалпақстанда тұрған. Өмірінің соңында ғана Шамалған ауылына көшіп келді. Менің табиғатым сол кісімен ұқсас. Одан бөлек көңіліме ұнаған Сүгірдің, Нартайдың мұраларын орындаймын. Бала кезімде Досжан Жолдасов өнерге тəрбиелесе, консерваторияға оқуға түскенде, кəсіби түрде Ғарифолла Құрманғалиевтің ізін басқан Сəуле Жанпейісовадан батыс мектебінің тəлімін алдым. Бір қызығы, дəстүрлі əн байқауларына қатыспаппын. Эстрадалық конкурстарда бақ сынағаным болмаса... «Шабытта» өнер көрсетіп, ештеңе ала алмадым. Эстонияда өткен «Успех – 2004» халықаралық əн байқауынан дипломант атандым.

– Нартайша сырнайлата аласыз ба?

– Бала күнімде баян класында оқығанмын. Студент кезімізде бір əжейдің көшуіне көмектескен едік. Сол кісі татардың қазаққа сіңіп кеткен пілтелі сырнайын сыйлаған. Осы сырнаймен дауысыма келетін Жəнібек Кəрменовтің «Өмір термесін», халық əні «Күлəнда», «Гүлдариға», «Балымша» сияқты бес-алты əн үйреніп, үйде айтып отырамын. Талдықорғандағы екі концертімде сахнаға алып шықтым. Бірақ басқа қалаларда, Алматыда сырнаймен əн шырқаған емеспін. Бұйыртса, алдағы уақытта осы қырымнан да танитын боласыздар.

 – Əншілер көп жағдайда бала кезде еліктеп өскен əншілерімен шығармашылық кештерінде дуэт орындағысы келетіні анық. Аттарын айтпасаңыз да, арманыңызды айтарсыз...

– Жасыратыны жоқ, «АБК» тобына қатты еліктедім. Медеу Арынбаевтың «Маңмаңгер», «Гəккуін», Қыдырəлі Болмановтың орындауындағы Сүгірдің, Нұрымның термесін үйреніп, қандай əн шығарса да жаттап алатынмын. Əсіресе, Медеу ағамызды ерекше жақсы көрдім. Сондықтан екеуінің бірі деген жағдайда таңдау Медеу ағама түсуі мүмкін. Əрине, ол кісі келісімін берсе... Əзірге алдынан өткен жоқпын.

– Костюмдеріңізді неше түрлі тастармен көмкеріп, алтын-күміс жіптермен зерлеп, кестелеп, қыздан бетер киінесіз...

 – Бұл – Алматы облысы əкімшілігі мен филармонияның арқасы. Бір ғана костюмім Алматыда тігілген. Қалғанын Талдықорғандағы Атлас Ілиясқызы жетекшілік ететін «Ар» тігін салонына тапсырыс беремін. Дұрыс айтасыз, киімге қатты көңіл бөлемін. Халықтың алдына жарқырап шыққанға не жетсін?! Сегіз жылдың ішінде он төрт костюм тіктіріппін. Жылына кем дегенде екі костюм жаңалаймын.

 – Өнерде дос таба алдыңыз ба?

– Сырымыз бір, жырымыз бір, ерекше сыйлайтын бір-екі досым бар. Екеуі де өнер адамы. Біреуі – қазір басқа салаға кетті. Екіншісі – Есенкелді Ырза өзіммен бірге қызмет жасайды. Кеше ғана менімен қатар қайраткерлік атағын алды. Шоубизнестегі басқа əріптестеріммен сəлемім түзу. Ешкіммен араздығым жоқ. Жора-жолдас ретінде сыйласамын, құрметтеймін, бағалаймын.

 – Сырыңызды көпке аша бермейтін тəріздісіз. Сізден сыр суыртпақтау қиындау екен...

– Мүмкін. Ішіңдегінің бəрін ақтарып, жұртшылыққа жайып тастағаның дұрыс емес шығар. Тілшілерден сырымды жасырсам да өтірік айтпаймын. Сөз арасында көлгірсімеймін. Елге ақыл айтып, басын ауыртпаймын. «Мен қырдым-жойдым» деп ауызбен орақ орып, біраз жерге барып-қайтпаймын. Бəлкім, мінезім қиын болар. Мені бір көргендер түсі суық деп ойлайды. Əйелімнен «Қалай өмір сүресің?» деп сұрайтындар да бар екен. Қарындастарым да осы əңгімені естіпті. Бірақ өзім көңілді жүруге тырысамын. Қатып қалған қағидам жоқ. Отбасында, достарымның арасында жадыраңқы, жайдары азаматпын. Үйдің үлкені болғандықтан, жауапкершілік басым. Екі қарындасым, бір інім бар. Екі қарындасым да өнерлі.

Алтын Айниязова қазір Алтын Орда деген атпен күйеуінің фамилиясымен шығып жүр. «Тамаша» ойын-сауық отауындағы актер Бауыржан Орда күйеу баламыз. Одан кейінгі қарындасым Гауһар Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы театрда жұмыс істейді. Қазір бала тəрбиесімен үйде отыр. Кіші ініміз əкесінің жолын қуамын деп теміржол саласын таңдады.

– «Əкесінің жолын таңдады» деп басқа біреудің əкесін айтқандай болдыңыз ғой...

– Мен кемпір-шалдың баласымын. Сегіз айлығымнан атам мен əжемнің бауырында өскенмін. Кейде менің туған жерім жайлы ауылдастарымның арасында талас туындап қалады. Əке-шешем Қазалыда тұрған. Əли атам мен Зибагүл əжем Арал ауданындағы Шөміш стансасынан. Мектепке барғанша Аралдың суын ішіп, дəмін таттым. Отау көтергенімде де келінді сол киелі қара шаңыраққа түсірдім. Əлі күнге атаанамды «аға-жеңеше» деймін. Əжем ертерек дүние салды. Бала кезді былай қойып, жігіт болғанымша атама еркелейтінмін. Бірақ бұзақы бала болғаным жоқ. Бойымдағы қазақылық, титтей ізгі қасиет болса, ол маған ауылдан дарыған деп айта аламын.

– Өз балаңызға ата-əжесінің тəрбиесін көрсеттіңіз бе?

– Иə, бір жасқа толар-толмасында ауылға жібердік. Содан біз де мектепке баратын жылы қолымызға алдық қой. Студент кезімізде үйленгенбіз. Бізге бағып бергендері қайта жақсы болды. Қазір атасы мен апасын сағынып, ауыл жаққа елеңдеп əрең жүр. Демалысқа қалай шығады, алды-артына қарамай, тартып отырады. Аздап əн айтып, домбыра шертіп жүр. Үйірмелерге қатысады. «Алма ағашынан ұзап түспейді» деген рас екен. Кейде кешке дейін күй тартып, басымызды ауыртады. Болашағы қалай болатынын өзі шешеді. – Сізде не жоқ? – Құдайға шүкір, барлығы бар. Өнерде болдым-толдым деп айтуға болмайды. Ол əншінің «семіргендігінің» белгісі. Мені дəл қазір клиптерімнің таралымы қинап жүр. Өмірдің өтпелі екендігін де ойлап қоясың. Ана жаққа барғанда иманыммен бірге барғым келеді. Алланың бары – ақиқат дүние. Бес уақыт намазға жығылатын кез келген сияқты.

– Кей шешімдер жалғызсыраудан қабылданады...

– Жалғызбын деп айта алмаймын. Жалғыздықтан Құдай сақтасын. Көпшілмін. Жалғыз қалған да емеспін. Айналам толы дос-жаран. Жарым қасымда, балам құшағымда. Əке-шешем көз алдымда. Бай болмасақ та несібемізге қарай, ақша, дүниемүлік бар. Тек жанымызға жетіспей жүргені – сəбидің шат күлкісі. Үлкен ұлымнан кейін тағы бір перзент сүйгіміз келеді. Үміттеніп жүрміз...


Әңгімелескен – Қаншайым Байдәулет

2011 жыл

 

Ұқсас материалдар