Қандастар Ассамблея

Жанқожа батыр мен Кенесары хан!

17.03.2015 5054
Жанқожа батырдың Хан Кенеден құн алуы

"Батбаның дауымен Кене ханға барып келгенін және одан не бітіріп қайтқанын Жанқожа батыр ешкімге тіс жарып айтқан жоқ. Бұл оның бала күннен бергі бойына сіңген әдет еді. Ол келген бойында өз шаруасымен айналысып жүре береді. Ал ауыл адамдары болса батырдың барып келген сапарының нәтижесін білгісі келеді. Бірақ батырдан тікелей сұраудан айбынып, жиналып келіп анығын Бекбауыл биден сұрайды. Оларға Бекбауыл би былай деп жауап береді:

– Біздер алты жүз адам болып Кенесары ханға бардық. Кене хан да Жанқожаның даңқынан сескенді ме, болмаса күйеу екенін ескеріп атасын сыйлайын деді ме, әйтеуір «батыр келе жатыр» дегенді естіп ерекше дайындалған екен. Қара жермен жүрмесін деп, Ордадан бастап ұзындығы бір щақырым жерге дейін кілем жайып тастапты. Бұл сыйлы қонақтарына көрсеткен құрметінің бір түрі болса керек.

Бірақ Жанқожа кілемнің басында күтіп тұрған төлеңгіттерге тоқтамай, атынан да түспей, серіктерін ертіп, кілемді атқа бастырып жүре беріп тікесінен ордаға келіп тоқтады. Мұнда да күтіп тұрған төлеңгіттер қонақтарды арнап тігілген он бес шатырға орналастырды, бәйек болып қызмет көрсетті.

Бұрыннан келе жатқан хан тәртібі бойынша, Ордаға келген қонақтар кім болса, о болсын, ханға барып сәлем беруге міндетті. Ал Жанқожа олай істемеді. «Мен оның атасымын, ол қызымды алған күйеу балам. Оның хан екенінің керегі жоқ, өзі келіп маған сәлем берсін» деп жата берді.

Жанқожаның күтіп тұрған төлеңгіттерге де қарамай, құрмет үшін төсеген кілемді де ат тұяғына бастырып, тікелей көлікпен ордаға келуі ханның өкпесін атпен бастырғаннан кем көрінбеді. Сондай-ақ Ордаға келген соң да ханға барып сәлемдеспеуі ханның да, басқаның да зығырданын қайнатты. Солай болсада Кене хан батырға қаһар көрсете алмады. Тек батырдың Ордаға келуін күтіп отырды. Осыны сезген бір ақылды батыр араға мәміле айтып, хан мен Жанқожаны қауыштырды.

Сырттан ішке кірген Жанқожаға тақта отырған Кене хан екі қолын ұсынып батырға қарсы жүргенде, хан-қарағай, Жанқожа аңға түскен қыран бүркіттей болып көрінді. Кене хан батырды қолтықтап төрге отырғызып, шешіліп тұрып амандықсұрады.

Сонда қасында отырған біздер әншейінде ауылда жүргенде бірге ойнап, бірге өскесін және туысқан болғасын:

– Әй, қойшы осының бізден несі артық, өзіміздей бір Киікбайдың тұқымы ғой, - деп мән бермей қарайтын едік. Онымыз құр күншілдік пен бақталастық екен. «Ер қадірін ер біледі» дегендей батырдың артықшылығы сырт жерде айқын көрінеді.

Оның үстіне батырдың айбаты мен әруағының басым екенін Кене хан мен оның бетпе-бет кездескенінде көрдік. Жек көрсе де, Кене хан батыр не айтса да, «мақұл», «жарайды», «дұрыс» деумен болды. Жанқожаның мынадай басымдылық көрсеткеніне төлеңгіттер наразы болды. Бірақ Кене ханнан асып кете алмай амалы құрыды.

Кене де Жанқожаға іштей ықылассыз болғанымен, ашық жаулық көрсете алмады. Сонымен Кене хан батырдың келу мақсатын жүрерінен бұрын сұрады. Батыр жұмысының бағдарын қысқаша түсіндіріп: «Жазықсыз кесілген Батбаның бұрымы мен танауына құн бересің», - деп ашық айтты. Бұған Кенесары наразылық білдіріп еді, батыр тіктеліп:

– Егер бұған сен қайлы болмасаң, онда әз Тәукенің шығарған «Жеті жарғы» заңында көрсетілген теңдікті аламын, - деп турасына көшті.

Кене хан қарыштай алмай батырдың дегеніне амалсыз көнді. Сонда біздер батырдың жанында отырып, осының арты үлкен дауға айналып, соғысып қалмасақ жарар еді деп уайымдаумен болдық. Ал батыр болса саспай табандап отырып теңдігін алды. Сонда біздердің ойымызға келгені мынау болды: артық қай жерде де артықтығын көрсетеді екен ғой. Абылай тұқымынан теңдік алу оңай ма, оны тек Жанқожа ғана алып отыр. «Бұдан былай батырмен таласқанымызды қояйық» деген пәтуаға келдік,- деп Бекбауыл би ауыл адамдарына батырдың мықтылығын мақтанышпен айтыпты."


"Бабалар сөзі"

Ұқсас материалдар