Қандастар Ассамблея

Жағрапиялық жұмбақ

30.06.2014 3146
Кiм бiледi, жер бетiнде, әлдебiр бойлықтар мен ендiктерде әлi де ашылмай жатқан аралдар бар болар.

Кiм бiледi, жер бетiнде, әлдебiр бойлықтар мен ендiктерде әлi де ашылмай жатқан аралдар бар болар. Бар болса, оларды ашу жаһанкез саяхатшылардың мiндетi. Ал тарих елiнiң өткенiн бiлгiсi келген адамға шешудiң өзгешелеу тәсiлдерiн қажет ететiн жағрапиялық жұмбақтар ұсынбақ. Ол үшiн навигацияны жетiк бiлудiң немесе дауыл аласұртқан мұхитта вахтада түнгi кезекшiлiкте тұрудың қажетi жоқ. Өзiнiң жұмыс үстелiнде, әртүрлi бастаухаттардағы деректердi өзара кiрiктiрiп, хал-қадерi жеткенше олардан шындықтың сұлбасын тани бiлсе болғаны. Тарих ұсынған сондай жұмбақтардың бiрiн мен де шешуге талпындым. Белгiлi тарихшы марқұм С.Ақынжанов «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихындағы қыпшақтар» кiтабында энци­­кло­педист ғұлама әл-Бируниден (973-1050 ж.ж) үзiндi кел­тi­редi: «Қимақтар елiнде (қазiргi Қазақстан территориясы) Манқұр деп аталатын тау кездеседi. Алыстан қарағанда өзi төңкерiлiп жатқан алып қалқанға ұқсайды.Осы жерде тұщы судың сарқылмас бұлақ көзi бар. Тұтас әскери қосын су iшсе де ернеуi бiр елi төмендемейдi. Бұлақ маңында Тәңiрге сыйынып жүгiнген адамның аяқ, қол, тiзесiнiң бедерлерi, сәби iзi мен есек тұяғының таңбалары сақталған. Осы арадан өткен түркi-оғыздар оларға сыйынып, тәуеп етедi» (С.М.Ақынжанов, Кипчаки в истории средневекового Казахстана, Алма-Ата, «Наука», 1989, стр 154).

Автор ғалымдар арасында деректегi таудың қазiргi қай тауға сәйкес келетiндiгi жайлы ортақ ұйғарымның жоқтығына тоқталады. Маркворттың пайымында Манқұр Мыңкөл атауының бұрмаланған түрi болып шықса, Минорскийде Орталық Қазақстандағы Ұлытау жотасымен астастырылады дейдi. Өйткенi қимақтар мен оғыздардың жазғы жайлаулары осы өңiр болған. Қалай дегенмен де, әңгiмеден таудың нақты жағрапиялық орнын анықтау жайлы сауалдың басы ашық қала бергенi байқалады.

Мен жоғарыдағы қос пiкiрдiң екеуiмен де келiспеймiн. Және тау атауына, оның бүгiнгi қай тау екендiгiне қатысты өз жорамалымды ұсынамын. Менiңше, әл-Бируни тау атауын хаттағанда қателiкке ұрынбаған. Манқұр бүгiнгi Қазығұрттың тарихи көне атауы.

ДӘЛЕЛДЕР:

а) Шымкенттен Алматы бағытына шыға берiсте Манкент елдi мекенi бар. Осындағы Ман түбiрi Манқұр атауындағы ман түбiрiмен тамырлас болуы мүмкiн. Әрi Қазығұрт пен Манкенттiң арасы оншалықты алыс та емес.

ә) Қазығұрт маңында Мансары деп аталатын тау бар. Жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов Қазығұрттың басына кеме тоқтарда, осы өңiрдегi үлкендi-кiшiлi таулар арасында болатын тартыс жайлы жергiлiктi аңызды әңгiмелей отырып, Мансары тауына ерекше тоқталады. «... Мансары тауын жергiлiктi тұрғындар осы күнге дейiн Мансар әулие деп құрмет тұтады. Сол жердiң бiр қасиеттi сыры бар деп жаңбырлы-бұлтты күндерi қасына көп жолай да қоймайды. Тiптен, соңғы жылдары бiр жаңбырлы күнi сол таудың бауырына өрмелемек болған әскерилердiң машинасының таңғажайып оқиғаға ұшырағанын әлi айтып жүредi» (Қ.Тұрсынқұлов. Қазығұрт: аңыз бен ақиқат. Алматы, «Тоғанай Т», 1998, 23-бет). Деректегi Манқұр мен осы Мансары атауларының арасында да тарихи байланыс болуы ықтимал. Өйткенi екеуiнiң негiзiнде де ман түбiрi кездеседi.

б) Қазығұрт маңында киелi орындардың көптiгi. Соның бiрi пайғамбар намазға жүгiнгенде сол жердiң тасы балқып кетiп, сонда түскен екен дейтiн тiзе, аяқ, қол iздерiнiң бедерiне ұқ­сас тастар. Жергiлiктi аңыз, тiптi пайғамбардың жайна­ма­зына дейiн тасқа айналып сақталып қалған деп әңгi­­мелейдi. Бируни дерегiнен тек бiр айырмашылығы, пайғамбар бұл өңiрге есек емес, түйе мiнiп келген. Назар аударатын тағы бiр жәйт, әңгiменiң қай пайғамбар туралы екендiгiнiң беймәлiмдiгi.

kz, Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»