Қандастар Ассамблея

Жүсіп Баласағұн және «Құтты білік»

18.08.2014 12767
ХІ-ХІІ ғасырлардағы әдеби поэзиялық көрнекті шығармалардың бірі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы.

ХІ-ХІІ ғасырлардағы әдеби поэзиялық көрнекті шығармалардың бірі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы. Ғұлама бұл еңбегінде саясат, мемлекетті басқару әдістері, билеушілердің әдеп ережелері, қоғамдық саяси мәні бар нұсқалар мен ережелер, адамдар арасындағы түрлі деңгейдегі қатынастар мәселесі жан-жақты қарастырылған. Негізгі қағидалар – әділеттілік, ізгілік, парасаттылық, қанағат, бақыт, білімділік және т.б. Шығарма мемлекет қызметкерлерінің өзара әңгімесіне негізделген. Ол Әділдікке «Күнтолды» (Ел басшысы), Бақытқа «Айтолды» (уәзір), Игілікке «Оғдүрмыш» (уәзірдің інісі), Ақылға «Ілдірміш» (уәзірдің баласы) есімдерін береді. Бұл қасиеттерді жеке-жеке сипаттаған автор, олар жеке дара адамды бақытқа жеткізе алмайды, тек бірлік пен ынтымақта болғанда ғана адамдардың бақыты туралы айтуға болатынын дәріптейді. 

Саясат, Баласағұнның айтуынша, мемлекетті басқарудың сан қилы әдістерін игеру, әртүрлі күрделі өмір салаларынан тұратын қоғамды ықпалдан шығармау, тентекті тыйып, әлсізді қорғау, қажетті жағдайда күш те қолдана білу. «Саясатпен жұртын, заңын түзетер,саясатпен елін, жерін күзетер. Бұл саясат бек қақпасын зерлейді, саясатпен бектер елін жөндейді. Ел былығы саясатпен арылар, алаяқтар есебінен жаңылар». Сондықтан, икемді де, ойлы саясат халық мүддесін көздеп мемлекеттің гүлденуіне қызмет етеді. Мемлекетті басқару әдістері мен билеушінің қасиеттері туралы ақыл-кеңестерді Италияның орта ғасырлардағы мемлекет қайраткері, заңгері Николло Макиаваллиден бес жүз жыл бұрын айтқан Жүсіп бабамыз «Саясат – өнер ғана емес, ол – білім мен даналық» - деген қорытынды жасайды. Бірақ оның ел билеу әдісі туралы көзқарасының Макиавеллиден айырмашылығы Жүсіп Баласағұн билеушінің қатыгездігі мен алдап-арбауын сөз етпейді. Ол ел билеуде зорлық тәсілге қарағанда халық жүрегіне жол таба білуді ұсынады.

Әкімдердің ел билеу әдісіне поэмада «Билеушінің міндеттері» деп аталатын тақырыпта оларға арналған нұсқаулар мен ережелер берілген.  «Әлем билеу үшін зерде тірек қой, ел билеуге керек – ақыл, жүрек, ой», «Көп ойнаған әкім елін жеп бітіреді», «Ақымақ әкімнің айналасында жарамсақтар отырады...».

Әлеуметтік күштер, патша, уәзір, әскербасы, қазы, ғалым, қолөнерші, малшы, жұлдызшы т.б. арасындағы қарым-қатынасқа сипаттама берген Жүсіп Баласағұн бабамыз  елде тұрақтылық пен үйлесімділік, молшылық, әділдік, заңдылық үстемдік құруы үшін олардың әрқайсының айналысатын істері мен тарынуы керек келеңсіздіктер жөнінде кеңестер береді. Бабамыздың көптеген өткір ой, пайымдаулары бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ.

 

Ұқсас материалдар