Қандастар Ассамблея

Жәрмеңкеде 35-тен астам мекеме жұмыс ұсынды

21.06.2016 2598
Бос орындар жәрмеңкесі

Бүгін Астана қаласының әкімдігі бос орындар жәрмеңкесін өткізді.

Шараға білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау ұйымдары, құрылыс компаниялары, балабақшалар мен тіл курсын үйрететін мекемелер, қонақ үй, өрт сөндіру қызметі және ішкі істер органы секілді 35-тен астам жұмыс беруші қатысты.

Жәрмеңкеге келген жұрттың қарасы қалың. Жасы бар, кәрісі бар, бәрі сабылып жұмыс іздеп жүр. Салтанат есімді келіншек балабақша тәрбиешісі болғысы келетінін айтты. Мұның алдында 4 айдай істеген тәжірибесі бар екен. «Биология пәнінің мұғалімі» мамандығын бітіргенімен, ешқашан мектепте сабақ беріп көрмепті. Бос орындар жәрмесіндегі жұмыс берушілер «мамандығың сәйкес келмейді» деп Салтанаттың өтінішін қабылдамады.  

Ал, Зияден Кенжебаевтың жұмысқа орналасуына оның жасы кедергі болып тұр. Зияден ағаның жасы – 62-де. Кез-келген мекемеде оны «бір жылдан соң зейнетке кетесің» деп жұмысқа алмайды екен.

Зияден Кенжебаев, жұмыс іздеуші:

– Өмір бойы механизатор болып істедім. Мамандық бойынша жұмысқа тұрайын десем, мен барған бірде-бір мекемеде трактор жоқ. Алпысқа келген соң, істен шыққан техника құсап ешкімге керексіз боп қалады екенсің.

Қазір бір жерде күзетші болып істеп жүрмін. Бірақ, дағдарыс кезеңі болғандықтан ба, білмедім, жалақы төленбей жатыр. Бос орындар жәрмеңкесіне бірінші келіп тұрмын. Жаңа ғана бір жұмыс беруші мекеме «банкке күзетші болуға жасыңыз келмейді, ақсақал!» деп шығарып салды.

Гүлшат Ниязова, Астана қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің өкілі:

 – Бос орындар жәрмеңкесіне алғаш рет келіп отырмыз. Біздің мекемемізге терапевт-дәрігер, медбике, фармацевт және фельдшер жетіспейді. Терапевтің жұмыс өтілі бес жылдан кем болмауы тиіс. Ал, медбикелер мұның алдында кемі үш жыл жұмыс істеген болуы қажет. Ал, ең басты қояр талабымыз – жұмысқа тұрам деушілер қарт адамдарға, мүгедек жандарға күтім жасай білуі тиіс. Әзірге жәрмеңкеде бізге келіп жатқан жұмыс іздеушілердің басым көпшілігі – жастар. Оқуды енді ғана бітіргендіктен, көбісінің еңбек өтілі жетпейді.

Бұл –  биыл алтыншы рет өткізіліп отырған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі. Мұның алдында өткізілген жәрмеңкелерден соң, 175 жұмыссыз азамат жұмысқа орналасқан. Жылдың алғашқы алты айында 6 мыңдай жұмыс орны ашылған. Жалпы алғанда, 2016 жылы 12 жәрмеңке өткізілуі тиіс.  

Жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталығының көмегімен 2 858 адам жұмысқа тұрыпты. 998 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Небәрі 411 адам кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына бағытталса, 254 адам жастар практикасына кіріскен. Әлеуметтік жұмыстарға 100 адам атсалысқан. Ал, биыл Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келген жандардың саны – 5 748 адам.

Биыл Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығының ашылғанына бес жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде 36 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 30 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Бес жылда 9,5 мыңнан астам адам кәсіби даярлық және қайта даярлықтан өткен.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар