Жәнібек Әлімханұлы vs Энтони Фаулер. Жеңіске кім лайықты?

08.08.2016 2440
Рио-2016

9 тамыз түнгі сағат 03:30 да бокс жанкүйерлері үшін ерекше кездесу өтеді. Шаршы алаңға қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен британдық Энтони Фаулер шығады.

Бразилия астанасы Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бокстен 60 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Берік Әбдірахманов алғашқы айналымда-ақ Америка боксшысына есе жіберіп, жарыстан шығып қалды.

Енді 8-інен 9-тамызға қараған түні шаршы алаңда үш боксшымыз ел намысын қорғайды. Олар 49 келіс салмақта Біржан Жақыпов, 75 келі салмақта өнер көрсететін  Жанібек Әлімханұлы мен 91 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Василий Левит.

Алғашқы айналымда-ақ Қазақстан боксшыларына екі бірдей британдық қарсылас кездесіп отыр. Олардың бірі — 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Энтони Фаулер. Ол 1991 жылы Ливерпуль қаласында дүниеге келген. Ең қызығы, оның ағасы Робби Фаулер Ливерпуль футбол командасында өнер көрсеткен. Спорттық отбасынан шыққан 25 жасар боксшы 2013 жылы Алматыда өткен әлем біріншілігінің қола жүлдегері.

Жәнібек Әлімханұлына келер болсақ, ол 1993 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Бокспен 8 жасынан бастап шұғылданып келеді. Жәнібек 20 жасында ересектер арасында әлем чемпионы атанған. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы.

Жәнібектің қарсыласы Энтони Фаулердің кәсіпқой бокста тәжірибесі бар. Ол «британдық арыстан жүрегі» командасы сапында өнер көрсеткен. Британдықтарға тән мәнерде жұдырықтасып, қарсыласын алғашқы минуттардан-ақ сұлатып салуға тырысады. Бокс мамандарының айтуы бойынша, ол шабуыл барысында фронталды (стойка) тұрып қалады. Жәнібек үшін бұл үлкен мүмкіндік болмақ.

  • Жалпы екі боксшының да дене бітімдері өз салмақтарына ірі көрінеді.
  • Екі боксшының да соққылары мығым.  
  • Энтони алғашқы минуттардан-ақ шабуылдағанды ұнатады. (Осы тұста Жәнібектің бауырдан ұратын тәсілі үлкен пайдасын тигізуі мүмкін).
  • Жәнібек те қорғанып қана жүретін боксшы емес. Дегенмен, қарсыласына қарағанда қорғанысы тас қамал.

Екі боксшы 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жартылай финалында кездесулері керек еді. Алайда британдық боксшы белгісіз себептермен жұдырықтасудан бас тартты. Осы жолы олар Олимпиада ойындарының 1/16 финалында кездеспек. Бұл жолы британдық боксшы кездесуден бас тарта алмайды. Өйткені артында оған сенім артқан дүйім жұрт тұр. Қалай болғанда да кездесу өте тартысты өтетіні сөзсіз. Ал сіз жеңіске кім лайықты деп ойлайсыз?

Айтпақшы,  Энтони Фаулер кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головиннің жанкүйері. 


Рүстем Әлпи 

Ұқсас материалдар