Қандастар Ассамблея

Жүктілік кезінде болатын өзгерістер

22.10.2015 150343
Табиғаттың жаратылысы жүкті әйелдердің ағзасын түрлі өзгерістерге ұшыратады.

Табиғаттың жаратылысы сондай, жүкті әйелдердің ағзасын үнемі түрлі өзгерістерге ұшыратып отырады. Жүкті әйелдердің ағзасында ғана емес психологиялық жағынан да болатын өзгерістер 9 ай 9 күнге дейін жалғасын табады.

Мәселен, бірінші триместр кезінде токсикоз мазалап, жүйке-жүйенің әлсіреуі, құрсақ көтергенге дейін мән бермеген заттарға қатты көңіл бөлуі, тез жылай салуы, яғни көңілшек болуы немесе керісінше ештеңені ойламай «өз әлеміне» кіруі, үнемі жадырап күліп жүруі, сезімтал болуы іспеттес өзгерістер орын алады. Осы кезеңде кейбір әйелдердің бетіне безеу шығып терінің реңін бұзса, кейбірінің бет терісі керісінше тазарып, әдемі қалыпқа келеді. Безеуге өз бетіңізше ем қабылдауға болмайды, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Екінші триместр кезінде кейбір әйелдердің шаштары жұқарып, тырнақтары сынғыш келсе, кейбірінікі керісінше қалыңдап, қатая түседі. Бұлай болуы әр әйелдің ағзасына байланысты, сондықтан кері әсердің пайда болуына жол бермес үшін, дұрыс тамақтанып, ашуланбай, ұйқының тыныш болуын қамтамасыз ету керек. Мұқтаж болмасаңыз да, жақындарыңыздың көмегінен бас тартпаған абзал. Өйткені бұл кезеңде кез-келген әйелзаты қамқорлыққа, мейірбандыққа «шомылуы» тиіс. Үшінші триместр кезінде құрсақтың ұлғаюына байланысты әйелдердің жүруі бәсеңсиді, жүрісі өзгереді. Жүрген сайын алқынып, тез шаршап қалады, аяқ-қолы ісініп, ауырсына бастайды.

Кейбір жүкті нәзік жандылардың бет терісінде қара дақтар пайда болады. Мұндай кезде күн сәулесінің бет терісіне тікелей түсуінен алшақ болған жөн, өйткені ультрасәулелер дақтың қоюлана түсуіне септігін тигізеді. Даққа бола уайымдаудың қажеті жоқ, себебі нәресте туылған соң олар өздігінен кетіп қалады. Сонымен қатар, жүктілік кезінде кіндіктен төмен қарай қоңыр сызық пайда болады. Ол сызықтың да жүктілікке тән құбылыс екенін біліп жүрген абзал. Құрсақтың күн санап өсуіне орай терінің созылуы да заңды құбылыс. Терінің төменгі қабатының қатты созылуына байланысты іште жіңішке қызғылт түсті сызықтар пайда бола бастайды. Тоғыз айдан соң әлгі сызықтар көзге көрінер-көрінбес ақшыл түске айналады, өкінішке орай толығымен жойылып кетпейді. Алдын-алу үшін терінің созылуына қарсы арнайы кремдер мен майларды қолданып, бандаж тағу қажет. Жүктілік кезінде иіс сезу қабілеті артатындықтан иіссіз және табиғи компоненттері көп  крем түрлерін таңдаған жөн. Маңызды: аяғы ауыр әйелдерге моншаға түсіп, ыстық душ қабылдауға болмайды. Бұл теріні құрғатып қана қоймай, іштегі баланың шетінеуіне әкеліп соғуы мүмкін. Жүкті әйелдердің терісі қандай болмасын, олар әлемдегі ең әдемі жандар болып қала бермек.

Бала өмірдің мәні, бала өмірдің жалғасы, бала отбасын біріктіре түсетін бақыт!!!  Әрбір нәзік жандының АНА БАҚЫТЫН сезініп көруін тілейміз.

Дайындаған: Құлжанбай тегі Арайлым 

Суреттер Google-ден алынды

Ұқсас материалдар