Қандастар Ассамблея

Жүкті әйелге қамқорлық

15.10.2014 2588
Жүкті әйелдің толғағы басталған кезде бүкіл ауылдың әйелдері жиналып, оған қамқорлық көрсетеді, қолынан ұстап жүргізеді, жастықтарға сүйеп жатқызады.

Жүкті әйелдің толғағы басталған кезде бүкіл ауылдың әйелдері жиналып, оған қамқорлық көрсетеді, қолынан ұстап жүргізеді, жастықтарға сүйеп жатқызады. Толғағы жиілесімен бақанды шаңыраққа тіреп қойып, одан керегеге жалпақ бауды керіп байлайды да, оны толғақты әйелдің қолына ұстатып қояды. Толғағы жеткен кезде жүкті әйел тізерлеп тұрып осы арқанға асылады; екі әйел оны қолтықтап сүйемелдейді, ал қарулы әйелдердің бірі оны тізесімен тіреп тұрып, қаусыра құшақтап, ішін басады. Босанған әйелдің ішін дәкемен байлап, үстіне көрпе жауып, төсекке жатқызады. Жатқызғаннан кейін оның бас жағына жіп тартып, жын-шайтандардан сақтау үшін киелі кітаптарды іліп қояды. Кедейлердің ондай кітаптары болмағандықтан, бұл әдет-ғұрыпты сақтамаған.

Ауыл әйелдері босанған әйелді жын-періден және аурудан күзету үшін түні бойы балауыз немесе майшам жағып, ошақтағы отты сөндірмей оның жанында болады.

Осы кезде қалжаға қой сойылып, қазанға оның оң санын, бауырын, құйрығын, қабырғасы мен омыртқасын салады, қалған етті шикі күйде алып қойып, босанғаннан кейін үш күннің ішінде жағып жібереді.

Қазанға салынған ет дайын болғанда көрші-көлемді шақырып, нәресте дүниеге келгенін хабарлайды да жиналған әйелдердің бәріне еттен ауыз тигізеді, тек мойын омыртқасын түгелімен баланың кіндік шешесіне береді.

Босанған әйелге бірнеше күн бойына молынан ұнтақталған даршын қосылған жас малдың сорпасын ішкізіп, әл жинатқызады.

Босанғаннан кейінгі күн құтты күн деп саналады. Жиналған әйелдерге күні бойына түрлі тағамдар ұсынылып, ойын-сауық ұйымдастырылады. Үш күн өткен соң жаңа босанған әйел әлі жетсе, қыста моншаға барады, ал жазда киіз үйдің ішінде аршагүл қайнатқан сумен жуынады. Қазақ моншасы деп отырғанымыз киіз үйдің дәл өзі немесе пешке ұқсатуға болатын тас үйіндісі бар ағаш қимасы.

Моншадан кейін оған сорпа ішкізіп, оның төбесіне іліп қойған киелі кітаптарды түсіреді, ендігі уақытта бұл әйел таза болып есептеледі, оның бұрынғысынша күйеуіне тамақ беруіне болады, алғашқы күндері бұған тыйым салынған болатын.

Егер әйел уақытында босана алмай жатса, киіз үйден барлық әйелдерді қуып шығады, өйткені олардың арасына жын-пері қосылып кеткен деген күдік туады. Киіз үйге тек ер адамдар, ал оның айналасына – бүкіл ауыл жиналады. Барлығы улап-шулап, қару-жарақ салдырлатып, мылтық атады, кейде тіпті қамшымен ақырындап әйелді арқадан жанай тартып та жібереді. Бақсылар қобыз алып сарнап, зікір салады. Қауіпті жағдайларда тіпті екі бақсы шақыртылуы мүмкін.

 

"Қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрыптары" /

 құраст. С. Е. Әжіғали;Алматы : Арыс, 2006.

Ұқсас материалдар