Қандастар Ассамблея

Зерделі зергер

06.11.2014 5311
Сержан Мұратұлы Бәшіров 1964 жылы 29 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында туған.

El.kz анықтамасы:

Сержан Мұратұлы Бәшіров 1964 жылы 29 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында туған.

2008 жылдан бері - Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Декоративтік-қолданбалы өнер және дизайн» кафедрасының оқытушысы. «ЮНЕСКО сапа белгісі» конкурсының дипломанты (2004, 2005, 2006).

Хоббиі - этнография бұйымдарын реставрациялау және зерттеу.

Зергер Сержан Бәшіровтың шығармашылығы хақында!

Сержан Бәшіровтың шығармашылығы белгілі бір стильдік бағытқа бағынбайды. Оның еңбектерінен әлемдік авангардтың, тұжырымдамалық өнердің ықпалын және халықтық өнердегі ғарышнамалық абстрактылық идеялардың тереңінен өзгеріске ұшырауын байқауға болады. Бұйымдардың кей кезде тіпті әдейі бұрмаланған, барынша көнелендірілген, дәстүрлі ұлттық символикамен қанықтырылған, сонымен бірге қазіргі заманғы дизайн пішіндері рухында келте қайырылған, көзге қораш көрінетін пішіндері ғасырлар түкпіріне кететін салттар мен қазіргі заманғы пластикалық-музыкалық ырғақтарға байланысты көпқабаттылық сезімін оятады.

Халықтық өнерге тән символизм, бейнелердің абстрактылығы, пішіндерінің монументтендірілуі мен түс қатарының қысқа да нұсқалығы, айқын ырғақты ұйымдастыру – соңғы жылдары автор шығармаларында осы принциптердің барлығы өзгерген.

Бұл еңбектер жай ғана зергерлік өнер аясынан шығып кеткен. Мамандығы бойынша мүсінші болып табылатын Бәшіров әрбір зергерлік бұйымды шағын формалардың пластикасы ретінде қабылдайды, оның бітіруге ұмтылдыратын, сондай-ақ аяқталған материалдық-көркем бейнеге жетектейтін кеңістіктегі өмірі мен даму процесін сезінеді.

Зергерлік бұйымдардың бейнесі өзіндік рольді атқара алатын немесе ортақ идеяға маңызды қосымша болатын дәстүрлі материалдар – ағаштан, киізден, металдан жасалған кеңістіктік инсталляцияларға көшу суретші үшін әбден заңды болып табылады, әсіресе шығармашылық тәжірибе жасауға болмыстың өзі шексіз мүмкіндіктер ұсынып тұрғанда оның шығармашылығы белгілі бір түр немесе жанр аясында қала алмайды.

Осы туындыларында суретші көркемдік инструментарий ретінде үш өлшемді кеңістікті, нысандардың материалдық және заттық сипаттарын, тіпті түйсіну мен жасау кезіндегі шығармашылық процеске маңызды компоненттердің бірі ретінде көрерменді де пайдаланады. Әрбір көрме-акцияда Сержан өзінің перформанстары мен инсталляцияларының көмегі арқылы өз дүниетанымына байланысты жаңа аңыздар жасайды.

Барлық туындыларында суретші үшін өзгеріссіз болып бір нәрсе қалады – ол қарама-қайшы фактуралардың үйлесімі, түрлі техникаларды құрамдастыруға, әртүрлі стилистика мен сарындарды араластыруға, тарихқа дейінгі белгілер-алғашқы элементтер – жарыққа, отқа, жерге, тасқа, адамға, жануарға, жорта жасалмаған нағыз ишаралар түріндегі іс-қимылдарға деген ашық ұмтылысқа негізделген композициялық сүйікті тәсіл.

«Өр Алтай» атты туындысында Сержан ата-бабалар рухын жеке ӘЛЕМ ретінде қабылдайды, ондағы бақсының сиқырлайтын ырғақты пластикасынан көненің энергетикасы көрініс  тапқан. Өзінің туған жері – Шығыс  Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Шілікті қорғанына арналған «Төрткүл дүние» композициясы үлкен және кішкентай бөлшектердің тепе-теңдігі, барлық элементтердің өзара ойластырылған түрде орналасуы мен байланысы принциптері бойынша құрылған, осы композиция жер тартылысының ауыр материалдықтығын сезінуді және сонымен бір уақытта жеңілдікті, ұшуды, биікке, аспанға ұмтылуды бере білген. Табиғат жүйесіндегі космогония, Даланың шартты бейнесі аңызындағы жер мен аспан ретіндегі, көшпенді үшін Планетаның белгісі ретіндегі шаршы мен дөңгелек-Күннің өзара қатынастары айырмашылық белгілері (пайцза) композициялары мен «Үркер» сериясына негіз етіп алынған.

Суретші шығармашылығындағы барлық тақырыптар Ғарыш, Табиғат пен Тарих тәрбиелеген адам дүниетанымы үшін бастапқы негіз, ортақ дүние болып табылатындармен тығыз байланыста. Шығармашылық импульсі өмірге ашық тұратын олар адамның жер бетінде атқаратын нақты маңызын оның есіне салады.

 Баян Алдабергенова, мәдениеттанушы

Суреттер: vkoem.kz сайтынан алынды