Қандастар Ассамблея

Үздік студенттік топ анықталды

12.05.2015 5143
«Сұңқар» студенттер кәсіподағы бастамасымен ұйымдастырылып отырған «Үздік студенттік топ» байқауы өз мәресіне жетті.

Үзіктерден үздіктер ғана озады. Ол баршаға мәлім заңдылық. Дәл осы заңдылықты жүзеге асыратын бірден – бір байқау, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі түрде өтетін жылдың ең үздік жобасы – «Үздік студенттік топ» байқауы. Байқаудың басты мақсаты студенттер арасында үздіктерді анықтау, оларды қоғамдық мәні бар іске араластыру, түрлі жобаларда деңгейін көтеру.

Байқау екінші жартыжылдықта өз жұмысын бастаған болатын. Сол уақыттың ішінде үздік топтар түрлі сайыс пен тамаша кездесулерді бастан өткерді. Еліміздің танымал тұлғаларымен өзара әңгіме – дүкен құрып мақсаттарын айқындаған болатын. Алғашқы кезеңде қатысушы факультеттер өздерін байқау шарты бойынша таныстырып, түрлі бейнекөрсетілімдермен  өз факультеттерін де таныстырды. Неонды пайдаланып, ерекше қойылыммен де шыққандар да болды. Факультеттер өздерінің қиялы ұшқыр студенттерден ғана құралған топ екендіктерін осылайша бір мәрте дәлелдеген. Келесі кезеңге өте алмай студенттік топтар да болды.

Байқаудың екінші кезең наурыз айында өтіп, студенттер «Әлемді өзгертуді өзіңнен баста!» атты әлеуметтік бейнекөрсетілімімен  жарысты. Бұл жерде де топтардың үздігі алға шыққан. Соңғы, шешуші кезең мамыр айында өтті. Қатысушылар өздеріне инновациялық жоба жасап, үздік екендіктерін дәлелдеді. Пайдалы, смарт қалашыққа қажет болатын ұсыныстарымен келген жас ғалымдарға көрермен де, әділ қазы алқасы да дән риза болды. 

Ауқымды тың жобалар жарысында үздік топтар өздерінің алғырлығымен білімі мен өнерін, жаңашылдығы мен замануи қасиеттерін игере білген мүмкіндіктерін іс жүзінде көрсете білді. Тың дүниелер сарапқа түскен шарада биыл тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Т.Әбішов, ҚазҰУ технопаркі қызметкері А.Абжанов, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының директоры С.Мұхтарқызы, «Хабар» телеаранасы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интелектуалды-зияткерлік ойынының редакторы Д.Мукаев,  ҚазҰУ магистранты, инновациялық жобалар жеңімпазы А.Сәрсенова, «Сұңқар» студенттер кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Сыдықова және «Үздік студенттік топ» жобасының жетекшісі С.Сандыбаевалар қазылық етіп, жеңімпаз топтарды анықтады.  

Жылдың ең үздік жобасы бойынша «Ең үздік студенттік топ» номинациясын химия және химиялық технологиялар факультеті жеңіске жетіп,  оларға сыйлық ретінде Астананың туылған күніне орай ұйымдастырылып отырған экскурсияға жолдама берілді. Ал, екінші орынды физика-техникалық факультеті (Ыстықкөлге жолдама), үшінші орынға филология, әдебиеттану және әлемтілдері факультеті (Іле- Алатау Ұлттық саябағына жолдама) ие болып, биылғы шараның жеңімпаздары қатарынан көрінді.

«Сұңқар» кәсіподағы бұл бастаманы қолға алғанына біраз уақыт болды. Дәурен Абаев сынды тұлғаның бастамасымен кұрылған ұйымның жүгін арқалап, қиындықтарды еңсере отырып, қаншама студентпен жұмыстар атқарып отырған ұйым төрағасы мен факультеттер төрайымдары арқасында бұл байқау қызық әрі мәнді өтті. Бір ұйымның ішіне сыйып отырған осыншама ұйымдастырулар әр өткен сайын баршаның есінде қалып қояды. Бұл кәсіподақтың еңбегінің еш кетпегендігі. Дәл осындай факультеттерді бір шаңырақ астына топтастырып жүрген «Сұңқар» студенттер кәсіподағының жеңімпаздары әрқашан универсиетет мақтанышына айналып, Отанымыз үшін елеулі, өлшеусіз үлес қосары анық!


Материалды әзірлеген: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,Гүлжанат БЕЛАСАР

Суреттер авторы: Талғатбек Асанов

Ұқсас материалдар