Қандастар Ассамблея

Заманауи құрылыс бұйымдарын жасайтын жастар кімдер?

01.02.2015 3603
Заманауи Құрылыс Бұйымдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженер-технологы Дәурен Мамыровпен сұхбат

Құрылыстың қарқынды түрде жүзеге асуы – еліміздегі индустрияландырудың жарқын белгілерінің бірі. Себебі құрылысқа қажетті қосалқы бөлшектер мен өзге де құрылыс материалдарына  сұраныс артып, өндірістің жан-жақты өркендеуіне жол ашылады. Ал құрылыс үлкен көлемде жүру үшін оның бірнеше алғышарты болады. Ең бірінші алғышарт бұл – халық санының көптігі. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің халқы ең тығыз орналасқан өңірі саналатын Оңтүстік Қазақстан облысында алып құрылыс зауыттарының болуы заңды құбылыс. Осындай құрылыс зауыттарының бірі «Заманауи Құрылыс Бұйымдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженер-технологы Дәурен Мамыровпен сұхбат құрып, ондағы жастардың жағдайы турасында әңгімелескен едік, соны сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

– Дәурен,  өзің жайлы қысқаша айтып өтсең…

– Аты-жөнім: Мамыров Дәурен Жақыпұлы. 1989 жылы 6 тамыз күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Ынтымақ ауылында туып-өстім. Осы ауылда 11 жыл оқып, Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына «Құрылыс материалдарын өндіру» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқу бітірген соң қазіргі жұмыс орныма келіп, осында қызмет етудемін.

– Оңтүстік Қазақстан облысында жұмысқа орналасу қиын деп естуші едік, сіз бұл жұмыс орнын қалай таптыңыз, қиын болмады ма?

– Мұнда халық саны өте көп және бір жұмыс орнына өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда көп адам таласады, бәсеке жоғары. Осының бәрі жұмысқа орналасуды қиын етеді. Қиын болғаны сонша кейде адамдар таныстарын қосып жатады. Бір қызығы менің жұмысқа орналасуым осы қатып қалған стеореотипті толықтай бұзды деп айтсам болады. Дипломым қолыма тиген соң түйіндемемді жан-жаққа жібере бастадым. Күндердің күнінде «Заманауи Құрылыс Бұйымдарынан» хабарласып, жұмыс туралы әңгімелесуге шақырды. Бәрі сәтті өтіп, мен жұмысқа қабылдандым.

Айтпақшы, әңгімелесуді мекеме басшысының өзі жүргізді. Бұл әрине мені қуантпай қоймады, басшы қызметкер таңдауға өте ұқыпты қарайды екен. Бұл да жауапкершілікті арттыратын фактор, өйткені саған мекеме басшысының өзі тікелей сенім артып отыр.

– Не себепті дәл осы мамандықты таңдадыңыз? Таңдау ерікті түрде болды ма, әлде өзге факторлар рөл ойнады ма?

– Таңдау ерікті түрде болды. Мен мектеп қабырғасында жүріп-ақ осы мамандықты таңдап қойғанмын. Құрылыс – заманмен бірге дамып отыратын сала және әрдайым жаңашылдықты талап етеді. Жұмысым өзіме ұнайды. Қаланы аралап жүріп өзіміздің зауыттан шыққан бұйымдарды көргенде достарыма айтып мақтанатын жайым бар.

– Өндіретін өнімдерің жайлы айтып өтсең, олар не үшін қажет, кім алады дегендей…

– Негізгі өндіретін өніміміз: құрылыс материалдары, соның ішінде темір-бетонды құрылымдары. Мен сол шығарылған өнімдеріміздің сапасын қадағалаймын.

– Қадағалауға тоқталсақ. Өнімге мән беретініңіз түсінікті. Дегенмен өнімді шығарушы не адам не техника. Қадағалау сөзі қайсысына қатысты?

– Біз негізінен жабдықтарға, яғни темір-бетонды құрылымдарды шығаратын аппараттарға сүйенеміз. Басты сол аппараттың жұмысын бақылау, реттеу, қажет болған жағдайда өзгерістер енгізу. Аппаратты да басқару қажет.

– Жұмыс орныңда жастарға жағдай жасалған ба?

– Менің ойымша жастар ерекше жағдай жасағанды күтпейді, тек жасаған қызметі әділ бағаланып, сәйкесінше жалақы төленіп, қажетті қолдауды білдіріп отырса соның өзі жеткілікті. Біздің мекемеге келсек, осы шарт қатты сақталады. Яғни өз жұмысыңа адал болып, белсене тер төксең, сенің жұмысың жақсы бағаланады. Қажет болса қызмет бойынша да көтеріледі. Бастысы әділетті орта дегенге сүйенемін. Мұндай мүмкіндік неге үлкен адамдарда болмауы керек, оларда да болсын. Мәселе жұмысқа деген әуестіліктің болуында. Осы тұрғыдан алғанда үлкендерде де, жастар да өзіндік артықшылықтар бар.

Үлкен буын бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан жұмыс өтілінің арқасында өте тәжірибелі маман болып қалыптасқан. Бұл жағы құрдастарыма және соның ішінде өзіме де жетпей жататыны бар.

Жастарға келсек, олар тәжірибесіз болғанымен, олардың білуге деген ниеттері мен энергиясы басым. Сондай-ақ заманауи технологиялар мен техникалар күнде өзгеруде, ал жастар болса оларды біршама тез меңгереді. Бұл да бір артықшылық болса керек. 


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар