Қандастар Ассамблея

Әз Тәуке мен Қожаберген жырау

03.09.2014 2207
Қожаберген жырау 1683­1688 жылдары Әз Тәуке ханның елшілік қызметінде бес жыл басшылық етіпті.

Қожаберген жырау 1683­-1688 жылдары Әз Тәуке ханның елшілік қызметінде бес жыл басшылық етіпті. Сонан кейін немерелес туысы Бөгенбай Маянбайұлы ордабасы ауыр жараланған соң, оның орнына Әз Тәукенің ұсынысы бойынша құрылтайда боз биенің сүтіне шомылдырып, үстіне ақ киім кигізіп, ақ кигізге отырғызып көтеріп, халық 1688 жылы ор­ дабасы сайлайды. Сол күннен бастап Қожаберген жырау өзінің немере ағасы Бөгенбай баһадүрдың қызметін ақсатпай, әрі қарай жалғастырып, үш жүздің жасағына Бас қолбасшы болыпты. Ол қазақ әскеріне қоса Ноғайдың Маңғыт, Қара ағаш руларының, Сібір татарына жататын Ескер, Барабы, Құралаш тайпаларының, Шалабай естектерінің (Челябинск башқұрттарының), Қарақалпақ халқының жасақтарына да ордабасы болған екен.

Толыбай сыншы ұлы ақын әнді домбыраға қосып, күйді сыбызғыға қосып, жырды әнмен айтып, қобызға қосып орындаған екен (шежіре деректері мен ерлік жырлар бойынша).

Толыбай сыншы ұлы сардар – 1688­1710 жылдар бойында Қазақ, Ноғай (Қараағаш, Маңғыт тайпаларының), Қарақалпақ халықтарының біріккен қолына әскербасы болып, екіжақты қалмақ шапқыншылығына қарсы ұзақ жыдарға созылған соғыстарда талай рет үлкен­үлкен жеңістерге жетіп, ордабасы, тархан атағын алған үлкен баһадүр, әскери қайраткер. Оның жиырма үш жыл әскер басқарғанына өзінің «Үш би» атты өлеңіндегі мына шумақ та дәлел бола алады:

 

Басқарып үш жүз қолын жиырма үш жыл,

Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.

Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды

Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын.

 

Жырау 1710 жылы жаздың аяғында өз шәкірттерінің бірі – жас батыр Қанжығалы Арғын Бөгенбай Ақшаұлына ерекше ықыласы түсіп, өзінің орта жасқа таяп қалғанын, ұзақ жылдарға созылған ауыр соғыстарға үздіксіз қатысып, қалжырап­шаршағанын мойындап, Әз Тәуке ханға өзін ордабасы қызметінен босату туралы өтінішін айтады. Әз Тәуке әуелі келісім бермесе де, өз орнына қоятын кісі барын айтқан соң хандықтың астанасы – Түркістан шаһарына үш жүздің шораларын, бектерін, билерін, батырларын арнайы түрде хат жазып, кісілер жіберіп шақыртып алып, ордабасы сайлау үшін Құрылтай өткізеді. Онда уәзірлер, шоралар, билер, бектер, батырлар жыраудың ордабасылықтан кетуін қаламайды. Ақыры олар Әз Тәукеге зорға дегенде келісім береді. Сонда Қожаберген баһадүр ақ батасын беріп, ұсыныс жасап, өз орнына Бөгенбай батыр Ақшаұлын Қазақ, Ноғай, Қарақалпақ жұрттарының біріккен әскерін басқаратын Бас қолбасшы етіп сайлатады. Ол жайында өз ұстазы Толыбай сыншы ұлы батыр­ақынға арнап шығарған «Ғаділ ер» деген өлеңінде әйгілі Бұқар жырау былай дейді:

 

Қожаберген – ғадыл ер,

Қадірін білген қалың ел.

Бөгенбайдай батырға

Билігін берген ардагер.

Қожекеме  Бөгенбай

Шәкірт болған жан еді.

Сайлатқан оны ұстазым

Қарадан шыққан хан еді.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Ұқсас материалдар